Мәңгі көк аспан еліндегі Кіші құрылтай қандастарымыздың мерейін үстем етті
26.07.2023
666
0

  Көші-қон – менің ең көп қаузаған тақырыбым.
Құдайға шүкір, Нұрсұлтан Назарбаев дәуірінде басталған ұлы көш Қасым-Жомарт Тоқаев дәуірінде де жалғасын тауып жатыр. Саябырлағанымен тоқтаған жоқ.
Дау жоқ, Назарбаев мемлекет басқар­ған кезең – қазақ көшінің «алтын дәуірі» болып тарихта қалды.
Ал Тоқаев дәуірі енді басталды.
Мен осы екі дәурді салыстырып, «анау жақсы», «мынау жаман» деуден аулақпын. Өткен дәуірде де «әттеген-айлар» көп болды. Бірақ, сол тығырықтардың бәрі­нен Тұңғыш Президент өзі араласып, шы­ға­рып отырды.
Бір таң қалатыным, Кәрім Мәсімов Үкімет басы болып тағайындалғаннан бері Қазақ көшіне жабысқан «ұшық» әлі үзілмей келеді.
Өзің білек түріп араласқаннан кейін ұлы көштің бүгесі мен шігесі көз алдыңда тұрады екен. Ұйықтасаң, түсіңе кіреді. Кім қашан, қай жерде не айтты, соның бәрін хаттап-шоттап жүру – менің күнделікті әдетіме айналып кеткен.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Мемлекет басшысы болып келгелі Көші-қон саясатына сегіз мәрте ат басын бұрып, аталған сала бойынша өз ойын ортаға салды, Үкіметке нұсқау, тапсырмалар берді. Мен Қасым-Жомарт Кемелұлының сол сөздерін қалтамнан тастамай, қайда барсам алып жүремін.
Бірінші, Шетелдегі қандастарымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз (02.04.0219 жыл, «Барымыз да, бағымыз да – Тәуелсіздік» атты сұхбаты, «Егемен Қазақстан» және «Айқын» газеті);
Екінші, Үкімет көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауы тиіс (02.09.2019 жыл, «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы);
Үшінші, 1991 жылы 18 қарашада Н.Назарбаевтың бастамасымен шетел­дегі қандастарымызды елге көшіру тура­лы ҚазССР Үкіметінің қаулысы қабылданды. Бұл қандастарымыздың тарихи Отанына оралуына мүмкіндік берген маңызды құжат болды. 1991 жылдан бері Қазақстанға 1 миллионнан астам қазақ көшіп келді (18.11.2020 жыл, Twitter-дегі жазбасы);
Төртінші, Отанына оралған қандас­тарды үймен қамтамасыз ету мәселесі де толық шешімін тапқан жоқ. Олардың тек бір жылға берілетін қандас мәртебесінің мерзімі біткенше ғана үй алуға мүмкіндігі бар. Ал азаматтыққа ие болған соң бұл мәртебесі жойылып, сонымен бірге үй алу құқығынан да бірден айырылады. Осыған орай азаматтық алған қандастарымыз солтүстік өңірге көшсе, Үкімет олардың үй кезегінің сақталуын қамтамасыз етуі керек. Бұл шара қандастардың осындай жұмыс қолы тапшы аймақтарға көшіп баруына қосымша серпін береді (22.10.2020 жыл, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында сөйлеген сөзі);
Бесінші, Ұлы көш 1991 жылы басталды. Бұған Елбасының тапсырмасымен Қазақ КСР Министрлер Кабинеті қабылдаған №711 Қаулы ресми түрде жол ашты. Бұл құжат 1991 жылғы 18 қарашада қабылданды. Көп ұзамай Елбасы «Алыста жүрген ағайынға ақ тілек» атты жолдауын жариялап, шеттегі қандастарымызды елге шақырды. Соның нәтижесінде бір жарым миллионнан астам қазақ Отанына оралды. Бүгінде олар егемен елімізді өркендетуге өз үлесін қосуда. Солардың ішінде Ауыт Мұқибек және тағы басқа қоғам қайраткерлері ұлы көштің тарихи рөлін ескеріп, арнайы күн белгілеу қажеттігін айтып жүр. Үкіметке осы тарихи датаны атаулы күндер тізбесіне қосу мәселесін жан-жақты қарастырып, тиісті ұсыныс енгізуді тапсырамын (16.11.2021 жыл, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысында сөйлеген сөзі);
Алтыншы, Біз қандастарымыздың барлық салада, соның ішінде мемлекеттік қызметте жұмыс істегенін қалаймыз. Олар Жаңа Қазақстанды құруға өз үлесін қосады деп сенемін (14.07.2022 жыл, Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі);
Жетінші, Қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгереді. Бұл орайда, демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керек. Сондай-ақ, жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды (01.09.2022 жыл, «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауы);
Сегізінші: Сондай-ақ шетелдегі қандастарымызбен тығыз қарым-қатынас орнатып, рухани байланысты нығайта береміз. Бұл мәселе – менің жеке назарымда (Түркістанда өткен Ұлттық Құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген сөзі);
Президентіміздің осынау «Қасиетті парыз»-дан «Жеке назарымда»-ға дейінгі тоғыз тапсырма-нұсқауының сегізі негізінен орындалған жоқ. Орындалды дегендерінің өзі шала, шикі дүниелер болып шықты.
Реті келіп тұр екен, соны анықтап айта кеткеніміз артық болмас.
Жалпы, Президент әрбір жиналыста сөйлеген сөзінде, жазған мақалаларында, Жолдауларында еліміздің саяси, экономикалық саласында болып жатқан түйткілдерді дөп басып айтудан танбай келеді.
Ал үкімет соның бірін қалдырмай зерттеп, зерделеп, заңдар мен норматив­тік құжаттар арқылы шегелеп тұрып шешуі тиіс. Тіпті керек болса, жаңа Заң қабылдауы керек!
Мысалы, жоғарыдағы «Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымызды» алайық.
Қасым-Жомарт Кемелұлының осы «Қасиетті парызын» қағаз жүзінде қал­дыр­май, өз деңгейінде орындаудың бір-ақ жолы бар. Және оның бір емес, екі мәрте орайы да келді.
Ол – 2022 жылы «Конституциялық реформа» жасалған кезде, Ата Заңы­мыз­дың 10-бабына «Қазақстан Респу­блика­сының шегінен тыс жерлерде тұратын қазақтар басқа мемлекеттің азаматы болғандығына қарамастан жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құқылы» деген норма енгізу!
Сол мәселе бойынша, осы «Қазақ әдебиеті» газетінен бастап, қаншама басылымға мақала жаздық, сұхбаттар бердік. Ақорда мен Парламентке қаншама хаттар жаздық. Тіпті, Үкімет үйінің алдына екі мәрте барып, ашық үндеу де жасадық. Соның бәрін тыңдаған, назарына алған бір пенде болған жоқ. Президентке жетпеген күйі қалды.
Тыңдау былай тұрсын, аталған мәселенің мәнін, қолданыстағы Конституциямыздың 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Заңның талабына сай келмейтінін түсіндіре алмай қор болдық.
Неге десеңіз, «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Конституциялық Заңның 7-бабында «Қазақстан Республикасының өз азаматтығы бар. Басқа мемлекеттерде тұратын Республика территориясын тастап шығуға мәжбүр болған барлық қазақтардың сол мемлекеттердiң азаматтығымен бiрге, егер бұл олар азаматы болып отырған мемлекеттердің заңдарына қайшы келмейтiн болса, Қазақстан Республикасының азаматтығын алу хұқы танылады» деген норма тұр.
Сондай-ақ, аталған Конституциялық Заңның 18-бабында «Осы Заң Қазақ КСР Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациямен бірге Республиканың жаңа Конституциясын әзірлеуге негіз болады» деп жазылған.
Осы 18-бапқа сай, шекара сыртында қалған этникалық қазақ­тар­ға Конституциялық құқық берген жоғарыдағы норма бір әрібі өзгертілместен сол беті 1993 жылы қабылданған Конституцияға енген еді. Өкінішке қарай, ол норма 1995 жылғы қабылданған жаңа Конституциядан түсіп қалған.
Ал, Қасым-Жомарт Кемелұлының «Үкімет көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауы тиіс» деген 2019 жылғы Жолдауында берген тапсырмасын сол кездегі Үкіметбасы Асқар Мамин мүлде елеусіз қалдырды. 2021 жылғы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында берген Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстанған қандастарымыздың баспана кезегінің сақталуын қамтамасыз ету туралы тапсырмасын Мәмин де, Смайылов та әлі орындаған жоқ. Сол күйі қалды.
Ең жаныма батқаны – Президенттің ұлы көштің тарихи рөлін ескеріп, 18 қарашаны атаулы күндердің тізбесіне енгізу туралы тапсырмасының орындалмай қалғаны болды.
Себеп: Президенттің осы тапсырмасын Үкімет өзінің порталына іліп, халықтың талқысына салған екен, жұрт қолдамапты-мыс!
Егер, Үкімет порталына ілінген жобалардың халық қарсы болғандары шынымен қабылданбайтын болса, онда Қытай мен Қазақстан арасындағы визасыз режимнен бастап, біраз жоба кері қайтарылатын еді ғой.
Жоқ, басқа жобалардың бәрі өтті де, ұлы көшке келгенде Үкімет сараңдық танытты!
Моңғолияда туып, тәуелсіздік жылдары атажұртына оралған үш азамат Мәжілістің VIII шақырылымына депутат болды. Президенттің «Біз қандастарымыздың барлық салада, соның ішінде мемлекеттік қызметте жұмыс істегенін қалаймыз…» деген нұсқауы осы үш депутатпен жабылды.
Жетінші тапсырма – «Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» туралы болатын. Бұл туралы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Бұл орайда, демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керек. Сондай-ақ, жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды!» – деп шегелеп тұрып тапсырған болатын.
Қайдам, «Тұжырымдаманың» алғашқы нұсқасы қандастарымызға төрт жылсыз азаматтық берілмейтін етіліп жасалып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Төбемізден жай түскендей болдық. Шулап жүріп, бетін зорға қайтардық.
Аталған бес жылдық «Тұжырым­даманың» да қолданысқа енгеніне бір жыл толмай жатып, шиі шыға бастады. «Тұжырымдамада» «Жұмыс беруші растаған жұмысқа орналасу фактісі болған кезде қоныс аударушылар үшін жаңа орындағы тұрғын үй құнының 50% мөлшерінде қаржылық көмек алуға құқығы бар экономикалық ұтқырлық сертификаты енгізілетін болады» деген норма бар.
Енді, жергілікті пысықайлар қоныс аударушылармен алдын-ала келісіп, бір миллион теңгеге татымайтын тозығы жеткен ескі үйлерді сегіз-тоғыз миллион теңге көлеміндегі сомаға бағалап, соның 50 пайызын Үкіметтің аталған бес жылдық «Тұжырымдамасына» сүйеніп, бөліп алып жатқан көрінеді. Дәл сондай фактінің біреуі біздің қолымызға түсті.
Осы жерде «Аталған «Көші-қон саясатының 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» жемқорлыққа жол ашу үшін әдейі осылай етіп жасалды ма, әлде білместіктен жасалды ма?!» деген сұрақ туады. Ал оның жауабын бірінші – Құдай, сосын «Тұжырымдаманың» жобасын жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мен осы министрліктің құрамындағы Көші-қон комитетінің төрағасы Ильяс Испанов біледі…
Міне, осындай сорақылықтарды көріп тұрып үнсіз қалу мүмкін емес! Құдайға шүкір, айтуын айтудай-ақ айттық. Жаздық. Әлі де сол бағытымыздан тайған жоқпыз.
Бірақ атқарушы биліктің осындай әрекеті біздің жүрегімізді ауыртып, үмітімізді үзе бастағанын да жасырмаймын. «Күндердің күнінде осылар ұлы көшті тоқтатып тынар ма екен?!» деген күдіктің де ұлғая түскені рас.
Қандастарымыз ең көп қоныстанған екі алып көршідегі жағдай болса, анау! Мені қойып, ұлы көшке мүдделі бүкіл қауымның дегбірі кете бастады…
Әйтпесе, осы орындалмай қалған мәселенің бәрін көтердік, бірақ Президенттің айналасынан бір адам шығып Үкіметке қаузау салған жоқ!
Жоқ! Құдайға тәубе, шеттегі қандастар шынымен де Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке назарында екен. Оны соңғы кезде «Отандастар қоры» КеАҚ-ның ұйымдастыруымен шетелдерде өтіп жатқан «Кіші құрылтайлар» кезінде өз көзімізбен көріп, жанымыз жай тапқандай болды.
Шыны керек, «Отандастар қоры» КеАҚ-ның басшылығымен өткен мамыр айында Германияның Кельн қаласында өткен Еуропа қазақтары кезекті «Кіші құрылтайына» Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевты жіберіп, құттықтауын оқытуы, аталған құттықтауда Қалибек Хәкім, Хасен Оралтай, Халифа Алтай, Мұстафа Өзтүрік, Дәлелхан Жаналтай секілді Алаштың айтулы тұлғаларын еске алып, жылы лебізін, жүрек сөзін арнауы, Әбдірахман Четин ақсақалды «Достық» орденімен марапаттауы – төбемізді көкке жеткізгендей қуантты. Құттықтауындағы «Қазақ елі шет мемлекеттерде тұратын қандастарын жан-жақты қолдауға айрықша көңіл бөледі» деген сөзі көзімізге жас үйірткен болатын.
Жақында өзіміз барып қатысып, куәсі болып қайттық. Сол дәстүр Моңғолиядағы қандастарымыздың «Кіші құрылтайында» да жалғасты.
Жүрген-тұрғанымыздың бәрін тәптіштеп жазу шарт емес шығар. Оған «ҚӘ» берген орын жетпейді. Бір сөзбен айтқанда, ҚР Сыртқы істер министрлігіне қарайтын «Отандастар қоры» КеАҚ-ның ұйымдастырған Моңғолиядағы «Кіші құрылтай» өте жоғары деңгейде өтті.
Байөлкенің қазақтарымен мұндай кездесу өтпегелі оншақты жылдың жүзі болыпты. Ондағы қандастарымыз Атажұртты сағына бастапты.
Бүгінгі Моңғолия біз ойлағаннан әлдеқайда басқаша мемлекет екен. Кеңес одағы ыдыраған сәттен бастап, парламенттік басқару жүйесін таңдаған бұл елдің қазіргі жағдайы, шыны керек, бізді таңғалдырды. Жастары ана тілімен қатар шетінен ағылшын тілінде сөйлейді. Мінгендері кілең Жапонның көлігі. Жергілікті саясатшылардың айтуларына қарағанда Моңғолия Орталық Азиядан гөрі Жапония мен Оңтүстік Кореяға бет бұрған. Барыс-келіс пен алыс-берістің жиілігінің әсері болса керек, Ұланбатырдың осы екі елге еліктей бастағаны көрініп тұр…
«Отандастар қоры» КеАҚ ұйым­дастырған сапардың құрамында Сайлау Батыршаұлы, Марат Тоқашбаев, Әбдіуақап Қара, Кәдірбек Құныпияұлы сынды елге танымал тұлғалармен бірге Моңғолияның тумасы болған Мәжілістің үш депутаты болды. Одан бөлек, Мәжіліс депутаты Болат Керімбек пен Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев та арнайы ұсыныспен шақырылыпты. Бір-екі ЖОО өкілдері де барып, мектеп бітірген қазақ жастарын дайындық курсқа шақырып қайтты. Сондай-ақ, Тәттімбет атындағы Қарағанды академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі де барып, ұлттық өнермен сусындатты…
Бірінші кездесу Ұлан-Батырдың қазақтар шоғырлана орналасқан Налайх ауданынын басталды. Бұл – Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақтың туған мекені.
Аудан әкімі Ч.Раднаабазар ерекше ықыласпен қарсы алды. Кездесуді ұйымдастырудың басы-қасында Моңғолиядағы қандас іні-қарындастарымыз құрған «Ер бірлігі» үкіметтік емес ұйым өкілдері жүргені бізді қатты қуантты.
Келесі кездесу «Қазақстан мен Моңғолия қарым-қатынастарының даму болашағы» деген атпен Ұлан-Батыр қаласында өтті. Оған Моңғол астанасындағы қазақ диаспорасының серкелері қатысты.
Аталған жиналысқа Моңғолияның тұңғыш президенті П.Очирбаттың қатысуы, Мемлекеттік Ұлы Хуралының Төрағасы Г.Занданшатар мырзаның делегация мүшелерін түгел қабылдап, өз кеңсесінде түскі ас беруі, қазақ халқына деген шынайы ізгі тілектерін айтып, екі жақты байланыстарды дамыту бойынша өз ойын бөлісуі – бұл сапардың салмағын тіпті де арттыра түскенін ерекше айта кеткен дұрыс шығар.
Ал Баян-Өлгий аймағында өткен кездесулердің жөні тіптен бөлек болды. Нағыз «Кіші құрылтай» Өлгей қаласында өтті. Аймақ әкімі Камелият Ахмадияұлы, Мәслихат Төрағасы Хабыл Шәривұлы бізді арнайы қабылдап, ізгі тілектерін жеткізді, аймақтың тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Осынау кездесулердің бәрінің беделін асырып, көркін кіргізген – Моңғол елінде тұратын қандастарымыз бен олардың көшін бастап жүрген тұлғаларға жіберген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құттықтау хаты мен орден-медальдары, Төс белгісі мен Алғыс хаты болды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Кеңесшісі Мәлік Отарбаевты бұл жолы Баян-Өлгейге де арнайы жіберіп, өзінің ондағы қандастарына деген жүрекжарды сәлемі мен құттықтауын жеткізді.
Бәделхан Қабдыісләмұлы, Тілейхан Әлмәлікұлы, Зульфикар Сарқытұлы, Әубәкір Тілеуханұлы, Бейсен Бұланұлы бастаған онға жуық ел ағалары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Отан» ордені, «Шапағат» медалімен марапатталды және бірнеше тұлғаларға ҚР Президентінің Төс белгісі мен Алғыс хаты табысталды.
Мұндай кездесулер мен Президенттің марапаты Ресейдің Қосағаш қаласы мен Барнауыл қаласында өткен кездесулерде де жалғасып, өз иелерін тауып жатты.
Қасым-Жомарт Кемелұлы шеттегі қандастарымыздың қаймақтарын осы «Кіші құрылтай» қарсаңында ғана емес, биылғы «Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні» де әлемнің әр шалғайында жүрген қандас қаламгерлердің бір шоғырын марапаттапты.
Ашығын айтайын, шеттегі қандастарымызды Президенттік деңгейде бұлай марапаттау бұрын-соңды болған емес. «Шеттегі қандастар шынымен де Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке назарында екен» деуімнің басты негізі, міне, осы.
«Отандастар қоры» КеАҚ-ның шеттегі қандастарымыздың «Кіші құрылтайларын» жоғары деңгейде өткізуін қамтамасыз ету туралы Қасым-Жомарт Кемелұлына осындай ұсыныс жасаған Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев ініміз болса керек.
Әрине, туған халқының абыройын асқақтататын мұндай жақсы ұсынысты Президенттің бірден қабылдайтынына менің күдігім жоқ. Мәселе – соны Мәлік Нұржанұлы құсап жасай білуде болып тұр ғой.
Әрбір азамат үшін өзіңнің атажұртыңның, туған халқыңның Президентінің марапатынан артық құрмет пен сый болмаса керек. Алыста жүрген ағайынның ел алдында еңсесін көтеру – ол да бір ғанибет екен. Президентіміздің марапаттары мен құттықтауын көріп көңілдері толқыған ақсақалдар: «Бұл «Кіші құрылтай» емес, біз үшін «Ұлы құрылтай» болды» деп, көздеріне жас алып жатты. Моңғолия мен Ресейде тұратын қандастарымыздың мерейін тасытқан, беделін аспандатқан, шеттегі қазақтың арқасүйер иесінің бар екенін білдірген бұл «Кіші құрылтайдың» куәсі болғанымызға біз де қатты қуандық, әрине.
Реті келіп тұрғанда айта кетейін, Моңғолия және Қосағаш пен Барнауылдағы кездесулердің бәрі бір-бірімізге кілең ізгі тілек айту, марапат үлестірумен ғана өткен жоқ. Отырыстардың дені ондағы қандастарымыздың болашақ тағдыры туралы да болды. Бәрінің мәселесі бірдей. Ол – жас ұрпақтың тілден, салт-санадан алыстап бара жатқаны. Ресей қазақтарын қатты алаңдатып отырған жағдай – соғыс!
Моңғолия конституциясының 7-бабының бірінші тармағында «Моңғолиядағы мемлекеттік тіл – моңғол тілі» деп жазылған. Ал екінші тармағында өзге ұлттардың өз тілінде қарым-қатынас жасауына, жиналыстар өткізуіне 7-баптың бірінші тармағы шектеу қоймайды» дегенге саятын норма енгізілген.
Бұл норманы кезінде Моңғолия конституциясы қабылданғанда сол кездегі Моңғолия парламентінің депутаты болған Зардыхан Қинаят, Қаржаубай Сартқожа, Бәделхан Қабдыісләмұлы қатарлы тұлғалар табандап отырып енгізген екен.
Біз бұл әңгімені Тілейхан Әлмәлікұлы ағамыздың аузынан естіп, ағаларының осынау күрескерлігі мен көрегендігі өз тумалары болған біздің үш депутатқа да жұғысты болса екен деп тіледік ішімізден.
Демек, бүгінде Моңғолиядағы қазақтардың сүйеніп отырғаны – осы норма болса керек.
Моңғол үкіметінің өз саясатының етек-жеңін ертерек жиып алғанын ескерсек, бұл норма да жайына қалар ма екен деген ойға қаласың. Себебі, ондағы қандастарымыздың да үлкен жиналыстарының бәрі мемлекеттік тілде өтеді екен. Біз оларды аударма арқылы түсіндік… Жағдай солай.
Осы жерде, «Елдестірмек елшіден» деген қасиетті ұғымнан аттап өту – ауыр күнә деп білдім. Осынау кездесулердің осындай деңгейде өтуіне Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы төтенше және өкілетті Елшісі Ғабит Қойшыбаев пен консул Шынар Жұматаеваның атын ерекше атап өткім келеді. Екеуі де осы сапардың басынан аяғына дейін бізбен бірге болып, барлық іс-шараға қатысты. Менің риза болғаным, қай қалаға, қай аудан, ауылға барсақ та, ондағы қандастарымыз Ғабит пен Шынарды құшақ жая қарсы алып, өз тумаларындай амандасады екен. Екеуінің де ондағы қазақтармен біте қайнасып кеткені әр кездесу сайын көзге ұрып тұрды. Мен олардың бұл бауырмалдығын дипломатиялық біліктілікпен қоса, атадан дарыған тектілік деп бағаладым. Әрбір елші осы ініміз бен қарындасымыздай болса, біздің шеттегі ағайынның да еңсесі әрқашан биік болар еді.
Ал «Отандастар қоры» КеАҚ-ның президенті Абзал Сапарбекұлы бауы­рымыздың іскерлігі мен қандастарына деген мейірімі туралы жүрекжарды әңгімені келесі – үшінші «Кіші құрылтайдан» кейін арнайы айтатын боламыз.
Осылайша мәңгі көк аспан еліндегі «Кіші құрылтай» қандастарымыздың мерейін үстем етті.
Жаратқан Ием дүниежүзіндегі қазақтың басын қасиетті Қазақстанда қосуды нәсіп етсін деп тілеймін!

Ауыт МҰҚИБЕК
«Құрмет» орденінің иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір