Тарихшы ТАҒЫЛЫМЫ
15.09.2023
397
0

А.Байтұрсынұлының «Түзу тарих түзу жазылуы керек» деген атақты сөзі бар ғой. Өз басым тарихшылар ішінен Ахаң айтқан түзу тарихты Әлімғазы Дәулетхан зерттеулерінен көре алатынымды жасыра алмаймын. Сөзіміз дәлелді болу үшін тарихшының бірнеше тағылымдық мақалаларына назар аударып көрейік.

Ғалым өзінің «Жаужүрек Ертұғрыл» тағылымы немесе «мәдениеттер қақтығысы» деген не нәрсе?» деген мақаласында ең алдымен «31» телеарнадан көрсетілген «Жаужүрек Ертұғрыл» телехикаясы түрік киногерлері мен мемлекеттік саясатты айқындаушы отаншыл қайраткерлердің ХХІ ғасырдағы «өркениеттер қақтығысын» қолдан қоздырушы христиандық «крест жорығына» төтеп берер рухани таяныш іздеп тарихқа – 400 үйлік кайылардан әлемдік держава пайда қылған даңқты ата-баба аруағына тәу ету арқылы бүгінгі азып-тозған, 40 руға бөлініп, қырық пышақ болған мұсылман арабтар мен түріктерді ауызбірлікке діни, мәдени-рухани бірлікке шақыру мақсатынан туған шығармашылық еңбек деп түсіндік» деп баға береді.
Тарихи тұлға ретінде танылған «Ертұғрыл» атауының түрікше мағынасы – ер-азамат-батыр, «тұғрыл» – сұңқар дегенді білдіретіндігін атап көрсетеді. Бұлар осыдан 2800 жыл бұрын тарихқа белгілі болған Алыб Ертоңа–Апрасияб жөнінде М.Қашқари сөздігінде жазылған «аса күшті, пілден де зор, яғни «батыр, ержүрек, алып» сияқты Ертұғырылдың да шыққан тегінің «Ер Сұңқарға» лайық екендігіне ашалап талдау жасайды. Ал біз Алып Ер Тоңаны  Фирдоусидің «Шаһнамасы» (XI ғ.) арқылы жақсы білеміз. Тарихшы Алып Ер Тоңа заманынан бергі атақты батырларды санамалай келіп, Ертұғрылдың «Оғұз хан» деп атаған Метенің 46-ұрпағы екендігін, оның Осман қазыдан тарайтынын, Метемен Осман қазы арасында шамамен 1500 жыл жатқандығын, Метенің туылған жылы анық болмағанымен, қайтыс болған жылы жаңа эраға дейінгі 174-жылы екені анықтығын жазады. Сонда Ертұғрыл шамамен бұдан 1200-1300 жыл бұрын өмір сүрген болып шығады. Ертұғрылдың әкесі Гүндіз Алыб қайтыс болғанда 39 жастағы Ертұғрыл тайпа көсемі болады. Ертұғрыл 1191 жылы туылып, 1281 жылы (50 жыл ішінде) 90 жасында қайтыс болған делінеді.
Ал Мете қаған құрған ұлы Хұн империясының негізгі халқы Қытай қорғанының терістігіндегі аса жауынгер 24 тайпадан құралған екен. «24 тайпаның құрамындағы Каиылар Мете қаған тұсында Уссури – Қара айдаһар дариясы жағалауында, оңтүстігінде, корей телесериалында сөз болатын Жумон ханзадамен соқтығысып тұратын бөгде тайпалардың бірі ретінде айтылатыны назарда боларға керек», – дейді ғалым. Мете қағанның тақ мұрагері – Білге қағанның негізгі таянышы Шығыстағы Қайы тайпасы екенін қытай Орда жазбаларына негізделген атақты синолог Чаванн «Қытайдың Солтүстік көршілері» деген кітабында атап өтіпті. Ұлы Хұн империясының Қытай патшалығымен болған ғасырларға созылған қанды соғыстары туралы айта келіп, тарихшы Ертұғрыл қазының (ғазы, қазы – сол кездегі жоғары атақ, дәреже) Сирия жерінде қалған «Түрік мазарына» жерленгенін айтады. Көптеген түркі батырлары жатқан бұл мазар Түркия жамағатына тиесілі жер ретінде мойындалып, түрік әскері тұруға, түрік жалауы қадалуға рұқсат етіліпті.
Автор «Біз бұларды неге көбірек сөз еттік?» – деп сұрақ қоя отырып, оны былайша түсіндіреді:
«Біріншіден, түрік тарихшылары да Ертұғрыл Ғазы негізін қалаған Османлы мемлекеті қалайша, қандай құдіретті күштің арқасында әлемдік державаға айналды деген сұраққа жауап іздеп, алуан себептерді тілге тиек етеді.
Екіншіден, «Жаужүрек Ертұғрыл» телехикаясында сөз болған тарихи тұлғалар мен тарихи оқиғалардың тарихи шындыққа қаншалық сай келетінін салыстырып барып, телехикая ұсынған басты-өзекті идеялар мен бүгінгі күннің шындығы арасынан қазақ көрермендері алар тағылым-сабақ бар ма, бар болса қандай дегендерді саралау қажеттілігі, нақтылай айтқанда ХХІ ғасыр басталмай жатып әлемді дүрліктірген Збигнев Бжезинскийдің «Великая шахматная доска» мен Семуэл Хантингтонның «Мәдениеттер қақтығысы» атты кітаптарында сөз болған ислам мен христиандық мәдениет дегендердің бітіспес қақтығысы жөніндегі арандатушы идеялардың үстіміздегі ширек ғасырда көз алдымызда болып жатқан ғаламдық қанды қақтығыстарға апарар жолды нұсқап, нақты бағыт-бағдар бергенін атап көрсету керек болды», – дей келе «мәдениет», «культура» сөздерінің анықтамаларға сараптама жасап, кейінгі кезде «рухани мәдениет» пен «заттық мәдениетті» біріктіретін «дала өркениеті» деген жаңа атау кеңінен қолданыла бастағанына қолдау білдіреді.
Әлімғазы Дәулетхан өзінің осынау тарихи маңыздылығы жоғары еңбегінде бұл мәселеге орай тарихшы әлемдік цивилизацияға қарсы сұрақ қояды? Айталық: «цивилизация – мәдениет-өркениеттері ХХІ ғасырда неліктен «Қақтығыспаса» болмай қалды? Өркениеттер-мәдениеттер неге қақтығысады, қалай қақтығысады? Ол қақтығыстар неліктен мұсылмандар мен христиандар арасында болмай қоймайды? Адамзат тарихында бұған дейін болған барлық қақтығыстар – соғыстар ұқсамаған мәдениеттер арасында болған деп дәлелдегісі келген С.Хантингтонға: Арғы есте жоқ ескі заман архивін шаңдатпай-ақ, ХХ ғасырдағы екі реткі дүниежүзілік соғыстың бір мәдениет категориясына жататын еуропалықтар арасында жүзбергенін немен түсіндіруге болады? Кеше ғана антикоммунистік идеологияны қатаң ұстанып келген Англия мен Америка бастаған Батыс елдері 1948 жылы сионизмдік бағыттағы Израил тәуелсіздігін жариялағанда бірден қолдау білдіргенде, капиталистік жүйені басты жауы санайтын атеистік Кеңес Одағы да іле-шала Израил мемлекетін танитындығын мәлімдеді. Таяу Шығыста Израилдей бір Сионистер мемлекетін қолдауда осы екі лагерьліктер қалайша бір майданнан табыла кетті? Солай бола тұра славян мәдениетіне, оның ішінде христиан дінінің православиялық Шығыс Еуропа мен кешегі Кеңес Одағы құрамындағы біраз елдің НАТО-мен ынтымақтастық ұйымына мүше болып Ресейге қарсы әскери, саяси майдан шебінен табылуын қалай түсінуге болады? Мәдениеттер қақтығысы туралы том-том кітап жазған білгіштер біздің осынау қарапайым болса да аса өзекті сұрақтарымыздың боларын білмей қалды ма екен?» – дейді.
Кейде тарих та саясаттың жетегінде кететіні рас. Ал ақиқатшыл тарихшы Ә.Дәулетхан да қашанда шындықты бұрмалауға, өтірікті жүндей сабауға төзбейді және төзгісі де келмейді.
Бұл мақалада автор негізінен «Әлемдік шахмат тақтасын» бізше айтқанда «сая­си ойын» тақтасын ұсынған ниет-пейілі дұрыс емес, арам пиғылды сұғанақ адамдар пікіріне қатаң қарсы шығып отыр және оны барынша кеңінен, әрбір талшығына шейін талдап, алдымызға жайып салады.
Иә, ғалым Әлімғазы Дәулетханның мына бір озық ойына қалай келіспейсіз?! «Адамзат тарихында мәдениеттің алуан түрлі көріністері болғанын ешкім жоққа шығармайды. Кезінде Арнольд Тойнби мәдениеттің 21 түрін типін атаса, Хантингтон оны 7-8 типке айыра қарастырады. Қалай қарастырғанда да олар батыстық ойлау жүйесіне және Батыстың алысты көздеген стратегиялық мақсат-мүддесіне көбірек көңіл бөліп отыратыны аян. Сондықтан мәдениеттер қақтығысы дегеннің сол мәдениеттің негізі болған идеологияның мүддесіне қызмет етуге арнап дайындаған саяси, экономикалық, әскери және аймақтық мүдделердің жиынтығы екенін көре аламыз, – дейді ғалым. Яғни «мәдениеттер қақтығысын» жүзеге асырудың стратегиясы мен тактикасын шоғырландырған «Әлемдік шахмат тақтасы» дегендердің шынайы кеп-кеспірі «мәдениеттер қақтығысы» емес, «әлемдік тәртіптің қайта орнатылуы» жөнінде болып отырғанын ашып шығады. Оған дәлел ретінде «Шахмат тақтасын» ұсынған З.Бжезинский мен С.Хантингтонның «Мәдениеттер қақтығысы» еңбектерінен нақтылы мысал келтіреді.
Бірақ тарихшы ғұламалығы мұнда емес, тамыры тым тереңде жатқандығын мынадан көреміз: «Л.Н. Гумилев әділін айтқандай, Еуропа мен әлем халқы Қытайдың жойқын әскери қуатына сүйенген Таң патшалығының агрессиялық жорықтарының жолын тосып, көлденең жатып алған хұн-көктүрік-түркеш-қарлұқ-қарахандықтары мен Шыңғыс хан моңғолдарының күш-қуаты ХVІІ-ХVІІІ ғасырда-ақ сарқылып қалған болатын. Еуропа мен қара Африканы, кіші Азия мен Кавказды тұтастай билеп-төстеген Осман халифатының тағдыры ХХ ғасыр басында-ақ шешіліп қойылғаны белгілі. Ендеше, әлемдік шахмат тақтасындағы ойыншылардың ХХІ ғасырдың екінші ширегінде толығымен жаңаланып кетуі әбден мүмкін.
Бұл жерде автордың айтпағы – «Мәдениеттер қақтығысын» қоздыру арқылы әлемге жаңа тәртіп орнату қиялымен әуре болып жүрген Еуропа мен Америка құрылығы ХХІ ғасырда тым алыс түпкір емес, алып айдаһардың ендігі жүрісі жер бауырламайды, атомдық қуатқа ие құрлықаралық, космостық, Мұхит астылық жойқын қару арқылы ұшатын айдаһардың демін сезе алмау ХХІ ғасырдың соры болмаса еді?! – деген ой.
Ал «Қазақстанды Шыңғыс хан елесі кезіп жүр…» деген мақаласында «Темучинді тарих сахнасына алып шыққан моңғолдар, ал көкке көтерген – түркі халықтары» деген ой негізгі кредоға айналған. Одан кейінгі «Тағы да Қазақстанды Шыңғыс хан елесі кезіп жүргені жөнінде…» деген мақаласында жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының «Жас Алаш» газетінде (1 шілде) жарияланған «Шыңғыс хан құрған мемлекет қайда?» деген көлемді мақаласы бойынша ой өрбітеді. «Шыңғыс ханға қатысты әлемдік тарихи деректермен танымал зерттеулерді мүмкіндігінше зерделеп көрген ерте заман тарихшысы болсам да профессор З.Қинаят пен Қ.Сартқожадан артық ешнәрсе айта алмаспын деп білгендіктен, сөзді сол екі профессорға бергенді жөн көрдім. Қадірлі Беке, замандасымсыз ғой, әулиелердің шимай-шатпағына елеңдемей, осы екі профессордың балталасаң да бұзылмас қисынға негізделген, алтын әріппен жазылған еңбектеріне неге назар аудармайсыз, олар келтірген дерек-дәлелдерге қарсы бір ауыз сөз айта алмайтындарыңыз қалай?», – деген мағынада дерек-дәлелдер келтіреді.
Автор профессор З.Қинаятұлының мына уәжіне ерекше назар аударады: «Неге екені белгісіз, біздің қазақ тарихшылары және өзін тарихшымын деп жүрген авторлар қарапайым этимологияға аса құмар болып алған. Егер басқа бір бөтен тілден қазақ тіліне ұқсас 2-3 сөз тапса болғаны сол жұрттың өң-келбетін айналдырып, қолдан «қазақ» жасай салуға дайын тұрады… Сөйтіп, 2-3 ауыз атаудан «ұлт» жасаймыз деп ұлтымызды, оның тарихын карикатураға айналдырып алуымыз мүмкін». «Тәуелсіздікті, демократияны аузына не келсе соны айтып жазу еркіндігі деп ұғынатын тарихшысымақ «шала шекспирлер мен толмаған толстойлар» ұлтымызды да, тарихымызды да әбден былғап, карикатураға айналдырып жібергенінің куәсі болып, ұятқа қалып отырмыз», – дейді ғалым.
Әбу Әли ибн Сина (Авиценна): Фараби жайында: «Мен метафизика ғылымы жөнінде ізденуді доғарып, үмітімді үзген кезде Әбу Насырдың бір кітабын тауып алдым. Соның арқасында үмітім қайта оянды. Сол үшін шүкір қылып, шама-шарқымша садақа бердім». «Бұрын еш түсіне алмай жүрген грек метафизикасын толығымен осы әл-Фарабидің кітабын оқып түсіндім» деген сөзіне жүгінсек, Шыңғыс туралы нақтылы деректерге сүйенген жоғарыдағы ғалымдар еңбегін бір сүзіп шығуға кеңес береміз.
Әлемге әйгілі «Манас» эпосы мен М.Әуезовке табынған Шыңғыс Айтматовқа шетелдіктер: «Сен өзі қырғызсың ба қазақсың ба?» дегенде «Бұл менің халқымның символы және мен осы арқылы халқымды басқаға ұялмай таныта алам» дейді екен. Бұл жерде әңгіме «Абай жолы» романы туралы. Ш.Айтматовтың «Жан пидасына» табынған Ә.Дәулетханға «Сен өзі қазақсың ба, қырғызсың ба?» деген сұрақ қойғың келеді екен. Бірақ біз тарихшының 1943 жылы ҚХР-ның Іле облысына қарасты Күнес ауданында қазақ отбасында туғандығын, 1966 жылы басталған Қытайдағы «мәдени революция» азабына шарпылғанын, атамекенге тек 1969 жылы ғана біржола ат басын тірегенін, 1969-1986 жылдар аралығында 17 жыл бойы қызыл паспорт ала алмағандығын, соның бәріне шыдағанын, 1996 жылдан бүгінгі күнге дейін Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында жұмыс істейтінін жақсы білеміз. Әңгіме жан үндестігінде, көтерген тақырыптың ортақтығында деп түсіну керек.
Шотландия жазушысы Вальтер Скоттың «қарттық ақымақ үшін – ауыр, надан үшін – қыс, ал ғалым үшін – алтын күз» деп келтірген сөзін ғұлама ғалымның өзіне де қаратып айтқымыз келеді. 80 жасты алқымдаған осы бір қажырлы қартты мерейтойымен құттықтай отырып, оның «Түркеш қағанаты», «Өмірімнің төрлері: Ел мен ерлер тарихы», «Шығыс Түркістан халқының ұлт-азаттық дәуірі» (1679 жылдан бүгінге дейін) тағы басқа да ғылыми еңбектері қандай сыйлыққа да лайық дүние деп танимыз.

Руда Зайкенова,
филология ғылымының докторы,
профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір