ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ ЗЕРТ­ТЕУ
25.01.2024
1009
0

Біз, заңгер ғалым И.М.Рагимовтың «Дін және жаза» кітабымен кеңінен таныстық. Монографияда дін туралы түсінікке сәт­ті көзқарас тұжырымдалған. Әрі дін туралы тарихилық та, заңнамалық та, жайлар да дәлелді деректерге негізделген. Қайсыбір тұстарда кей ұлт­тардың заманауи тарихы қозғалады. 

Біз кітапты оқу барысында бұл монография қазақ тілінде дүниеге келген еңбек деп қабылдадық. Өйткені, тілінде тит­тей де бір мүдіріс жоқ. Ал ақтарыстыра отырып байқасақ, профессор И.М.Рагимовтың орыс тілінде жазылған әрі зерт­теу, әрі талдамалық монографиясы екен. Оны қазақ тілінде мүлтіксіз сөйлеткен – заңгер-ғалым, Қазақстанның Халықаралық криминологиялық клубының президенті, жазушы Есберген Алауханов. Аудармашының қайсыбір ұзақ-сонар баяндауларды қазақы ұғымға иліктіру шеберлігіне риза болдық.
Зерт­теу еңбегінде барлық діндердің мойындар түп қазығы – мұсылман (ислам) діні екені, Құдай сөзін бұлжытпай жазып алған Алла Тағаланың елшісі, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) екені бүкпесіз зерделенген. Яхве құдайы Мұсаның көмегімен Деколог арқылы іске асырмақ әрекет­тері де, оның түп нәтижесі де егжей-тегжейлі сөз болады. «Тұтастай алғанда Деколог мазмұны Жаратушының нандыруымен рух бостандығына емес, өсиет­тердің мәжбүрлеу әрекетіне сенетіні анық» , – деген түйін ді ой айтады автор.
Монографияда қылмыскерді жазаға бұйыруда басқа діндерге қарағанда ислам дінінде имандылық басымдығы дәлелді айғақталады. «Тіске – тіс, көзге – көз» қағидасы үзілді-кесілді қабылданбаған. Дәрігерлік емдеу, қолымен істеген қылмысынан ұялта жиіркендіру, оңашалау сияқты басқа да шектен шықпаған әдіс-тәсілдер арқылы қателік жасаған адамды дұрыс жолға салу, яғни түзету әрекет­тері негізге алынады. Қылмысқа ұрынбаудың басты мәселесі – Құран қағидаларын бұлжытпай орындау екенін ашық айтады.
Зерт­теу еңбегінде қылмыстық әрекет­тер мен жазалау мәселелері заңнамалық құжат­тарда Құдайдың түсірген жазбаларына негізделетінін айрықша еске салады. Солай дей отырып, «Қазіргі уақыт­та заңгерлердің діни және моральдық-өнегелік тұрғыда қарастыруын және баға беруін қажет ететін заманауи проблема әлі де көп» екенін растайды. Кейде діннің негіздеріне қайшы келетін тіршіліктің ең жиіркенішті, әдеп-тағылымды белінен басқан қиянат­тарын да (жынысын өзгерту, бір жынысты неке сияқты, т.б.) ұшырастырасыз.
Бұл кітапты өмірдің бұрынғы бұралаңдарын білмейтін, бастарынан ондай жайларды кешірмеген жас өскіндерге діни және заңнамалық оқу құралы ретінде пайдалану – еңбек құндылығын арт­тыра түсер еді.
«Тоғанай-Т» баспасынан 2023 жылы жарық көрген И.М.Рагимовтың бұл монографиясының қылмыс пен жаза туралы ұстанымдары құқық, құқықтану және криминология салаларына да қосар үлесі мол.
Аудармашы Есберген Алауханов тәржімешілік тәжірибесі барысында белгілі заңгер-ғалым Ильгам Рагимовтың «Дін және жаза» еңбегін дұрыс таңдай білген. Әрі қазақ оқырмандарының ұғымына лайық көркем тілмен аударған. Расында, бұл монографияның жұртшылыққа берер тағылымы баршылық.

Еркін ЖАППАСҰЛЫ,
Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының иегері 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір