Төлеужар тағылымы
(Жазушы, абайтанушы Т.Ибрагимовтің туғанына 85 жыл)
Ә, дегенде «әдебиет» деп сөз бастап, артынша «Абай» деп атойлап атқа қонған, «өнер» деп парасат-пайымын танытып, өршіл рухы мұқалмай өмір кешкен Төкен Ибрагимов – мұқым мейір-махаббатымен, шабыт-шапағатымен барша қазақ баласының бас тірейтін танымал тұлғасы. Жалған-кеңістікті тік тұрып, тірі басып жүрмесе де, қазақ ғылымындағы, айталық, әдебиеттану, өнертану, абайтану, театртану салаларында сара жолы сайрап жатыр.
Өзі ғұмыр кешкен 79 жыл ғұмырында қазақ руханиятының қазынасын толтырып, Алаш болмысты жандардың білімін байытып кеткен айтулы жандардың бірі болатын. Ол араласқан тірлік – толымды, айтқан сөзі – қонымды, алдын көріп, тәлімін алған шәкірті болымды екені біз сөз сатпасақ та, бізге дейін сапталып қойған сөз ләмі болып шықпақ.
Көсемсөз көрігі (І)
Төкен Ибрагимов – өнер өлкесіне қаламы жүрдек журналист, тілі шешен тілші болып келді. Алғашқы мақалалары, көсемсөзден тұратын көлдей еңбектері студенттік жылдары-ақ «Лениншіл жас» газеті мен «Жұлдыз» журналында жарияға шықты. Жұртшылықтың жақсы ықыласына кенеліп, көпшіліктің көңілінен орын алды. Алматыны қимаса да, жүрегіндегі арман-аңсары қинаса да, ауылына ат басын бұрды. Бірақ жүрек отын маздатып, көңіл қылын шерткен, сезімін қытықтап маза бермеген сөз-сиқырға, өлең дейтін құдіретке дуаланып, дауасын іздеді.
1964 жылы Алматыдағы ҚазПИ-дің тарих-филология факультетін бітіріп, 1971-1975 жылдары аспирантураны аяқтағаннан кейін еңбек жолын ауыл жұмысшысы ретінде бастады. Кіндік қаны тамған мекендегі сегіз жылдық мектепте тәрбиеші, қазақ тілі мен әдебиет және тарих пәндерінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет етті. Бес жыл бойы өз бойындағы қажыр-қайратын безбенге салып бала оқытты, сом тұлғаларды тоқытты. Шығармашылық шыңына мойын созып, қайтадан қаламына жармасты. Қалам-қуаты алға сүйреп, Семейге – ұлт қайнарының қазаны болған қалаға қарай ойысты. Семей облыстық телеарнасында әдебиет-драма, музыкалық ақпараттар редакциясының редакторы, аға редакторы қызметтерін атқара жүріп өнер өлкесінде өзгеше қалыптанған, аймаққа мәлім мәдениет пен әдебиет саласындағы аймаңдай ардагерлерді насихат етті.
Оның зер салып, зейін қойған әр хабары, қысқа қалыптағы репортаждары реңін жоғалтпай, өзіне тән мазмұн-мағына үстеп, күн сайын көп көңілдің пернесін басып, жыл сайын жұртқа жаға берді. Міне, осы кезеңдерден бастап талай жылғы оқу мен ізденіс ізгі жолға бастады. Ғылымға біржола бет бұрып әдебиеттану дейтін асыл өнердің өзегіне, «әдебиет сыны» аталатын салмақты саланың саңлағы болуға талпынды. Сын-садағын қолына алғанда шекті уақытта тыныштық тауып дамылдамай, көсемсөздің көрігін қыздыра беріпті, сөз иесіне қызыға беріпті.
Сана сөзі (ІІ)
Төкен Ибрагимовтің әдебиетте елең еткізген елеулі дүниесі 1979 жылы басылған «Өлең өрісі» кітабы. Алғашқы бөлімі – жанр мәселесін нысанаға алған Қалижан Бекхожин шығармашылығы. Мұнда қазақ өлеңіне тән ерекшеліктерді, дәстүр мен жаңашыл идеяны және көркемдік шешімдерді талқыға салады. «Дәуір және дәстүр», «Жаңа лек – соны леп», «Эпикадан – лирикаға», «Сезім мен серпіліс» аталатын тарауларда Бекхожин бағындырған белестерді бағдар етіп бағамдап береді.
Осы кітаптың «Сырласу» деп аталатын екінші бөлімінде тұстастарының әдеби порттертерін жасауға зер салды. «Табысу» деп мақала жазып Сағи Жиенбаев сезімінің буырқанысын сезіндірсе, «Жыр мен сыр» деп Т.Молдағалиев туындылары мен тағдыр сырына үңілді. «Ой мен образ» деп Қ.Мырзалиев жырларының қуатын өлшеп, ойлы сөзге ерік берді. «Жұмекеннің көзімен» деген зерттеуінде ақын Ж.Нәжімеденовтің «Өз көзіммен» деп аталатын жинағын талдап, «Өлең өрісінде» ақын Ө.Нұрғалиевтің өлең-өлкесіне еніп, балладалары арқылы жаңа тыныс тапқан туындыгердің әлеміне бойлады.
Бұл еңбегі қатарластарын бастан-аяқ мақтау-мадақтау емес, қатарының алды болғандарға өзінше баға берумен бірге, ақыл сөзін алға тартып, әдебиет зерделеуші, сыншы ретінде санасында туған сөзін осылай паш етіп, өз көкжиек кеңістігінен хабар берді. Оның сыртында қаншама әдебиетке қатысты пікірлері әдеби ортаны елеңдетіп қойды.
Төкен Ибрагимовтің өнертанушы қатарындағы еңбегі – 2000 жылы жарық көрген «Толқын толғау» аллитерациялық эсселер жинағы. Жұртшылыққа Абай мұрасы, жалпы қазақ поэзиясы, мәдениеті жайында зерттеу еңбектері арқылы кеңінен танылған, белгілі әдебиетшінің «Күй әлемі», «Ән өлкесі» дейтін қос бөлімнен тұратын кітабы халқымыздың кешегі мен бүгінгі ән-күй қазынасы мен күйшілік, әншілік орындаушылық шеберлікті сөз етті. Күй өнерінің корифейлері Нұрғиса Тілендиев, Төлеген Момбеков, Мағауия Хамзин, әнші-музыканттар Теміржан Базарбаев, Тұрсынғазы Рахимов туралы толғанды.
Автор өзі зерделеп, қағыс қалдырмай қадағалап, бойына сіңірген бірқатар өнер иелері мен өнерпаз тұлғалардың ерекшеліктерін, халықтық қайнар бастау-бұлақтарын жүрек сүзгісінен өткізді. Мұны ән асылы мен күй парқын біліп, сезіне білетін жанның тебіреніс-толғанысы десе де болғандай. Т.Ибрагимов – әдебиеттанушы, сыншы, өнертанушы ғана емес өзі де ақын-жазушы. Бұл сөзімізге оның «Оймен оңаша» кітабын оқыған әрбір жанның куә боларына сенгіміз келеді. Жинақта автордың әр кезде туындаған өлеңдері мен орайлы ой-толғаныстары орын алған. Уақыт, орта, адамдар көңіл күйі мен сезім сәттері туралы оқырманмен сыр бөліседі. Ол сырларда өзіндік және замандас, тұтас тұрғыластарының жан толқыныс қалпы, бейне-кескіні көрініс тартады. «Оймен оңаша» еңбегі сөз зергері болып қалыптасқан ақын Төкеннің тағы бір қырын ашты.
Ұлағат ұясы (ІІІ)
Қазақ мәдениетінің ауыспалы да тура мағынасындағы да қара нары болған Төкен аға тәлімі, өнегесі ерекше еске алатын тұс. Оның қамқорлығын көріп, әкелік әлпештеуі мен ағалық аялы алақанының лебін сезінген қаншама тау тұлғаларды атап шығуға болады. Бұл – тізім толтыру емес, шын мәнінде, бүгінде толысып, өздері де қарасаң көз сүйсінетін, кісілік келбет-кейпі келіскен аяулы жандар. Абай десе арқаланып, өнерге бейім Төкен Ибрагимов өзінен кейінгі буынға бар ықылас-пейілін, шуақ-мейірін аямай төкті.
Алдыңғы буын ағалары Қайым
Мұхамедханов, Кәмен Оразалиннің алдына түспей барынша інілік ізет танытып, ақылшы тұтты. Өз тұрғыластары Асқар Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Зейнолла Серікқалиев, Фариза Оңғарсынова, Ақселеу Сейдімбек, Қабдеш Жұмаділов пен Мұхтар Мағауин, Өтежан Нұрғалиев, Мұрат Әуезов сияқты ақын-жазушылармен қарым-қатынасын үзбей, достық-жолдастық желісін жалғады. Олар да ескі қала Семейдің илеуінде қалған «провинциядағы» парасат-пошымы бөлек Төкенмен санасып, ішкі сарайын ашып, төбесіне көтермесе де көңіл төрінен орын сайлады. «Ой-ниет жарастығы үшін, мақсат-мұраттың бір жерден табылғаны үшін рақмет. Сіз бастаған соны үн, салмақты еңбек», – депті Ақселеу Сейдімбек Т.Ибрагимовтің кезекті бір кітабын оқып болып «Келiсу бар, кетiсу бар. Жаным шықсын, келiскен жерiм жоқ. Жаным екi рет шығып кетсiн, кетiскен де кезiм жоқ. Сөз тануда, әуен ұғуда, әуезге сiңуде сендей кiсi болмасына өз басым кәмiл сенемiн», – депті Асқар Сүлейменов Төкен досына жүрегін ұсынып.
Төкен Смайылұлы тарихи қалада тірлік жалғаған замандастары Мәдениет Ешекеев, Болат Сыбанов, Санақ Әбеуов, Мұрат Сұлтанбеков, Сейітжан Тәбәріков, Ақылбек Манабаев, Ырысқан Мұсаұлы, Мерғали Ыбыраев, Дауыл Хайруллин, Теміржан Базарбаев, театр мен тарихи сөздің тарланы қос Бекен – Бекен Имаханов, Бекен Исабаев сынды сырбаз өнер иелерінің жоғын жоқтап, барын түгендеуге жанын салды.
Кейінгі толқында ән дүлдүлдері, талант-танымы терең Тұрсынғазы Рахимов, әнге салсаң әріден сөз қаузайтын кеудесі кен Келденбай Өлмесеков, баянды бақытын әннен тапқан Баян Сағымбаева, сол кездегі поэзияның жас перілері Айбек Сапышев, ғалым-зерттеуші Амантай Исин, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Әбубәкір Қайран, Еділ Асылбеков, Алмақан Мұхаметқалиқызы, мүмкіндігі жеткенше еркелеп, айтқанын істетіп, дегеніне көндірген, қолынан келсе жұмсаған Тұрсын Жұртбай да Төкен шайырдың шарапатын сезініп, мейіріне молынан мелдектеді. Жастық жалыны жүрек өртеген кенжелеу буында Толғанбай Сембаев, Қайрат Қамидолдин, Нұриден Иманбаев, Берік Омаров, Еркін Шүкіман қатарлы жандар Төкен ақсақал тіктеген ұлағат ордасының оғыландары болып орын сайлады.
Төкен Ибрагимов өзі қызметке араласып жүргенде Семей қаласында құрылған мәдениет және өнер мекемелерінің басы-қасында жүрді. Театр саласына араласып, Абайдың жұмбақ-сырына «Жаза-Наза» деп үңілді. Жаңадан тұсауы кесілетін пьесалардың премьерасынан қалыс қалмай пайымын білдірді. Театр шебері Дариға Тұранқұлова мен режиссер Акбарәлі Айтибаевтармен де тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеді. Елімізде тұңғыш құрылған «Дариға-ай» жастар театрын да бірінші күннен қамқорлығына алды. Театр алғашқы баспалдағын осы Төкен аға басқаратын музейден бастады. Сол руханият ордасынан өнер өлкесіне сенімді түрде нық қадам басты.
Бұлар, бір қарағанда, ағасына еркелеп жүретіндей көрінгенімен, ақиқатында ағасының алқауына зәру болғандар деуге де болатын еді. Өйткені оны-мұныға елпілдей жөнелмейтін жөні бөлек Төкен аға сыны, соны бағасы соңында тұратын. Бос мақтау емес, көбіне даттау болмаса да осы ағасынан барлығы дерлік бірі кісідей именетін-ді. Бұл білместікке салынған санасыздық емес, қайта ағасын одан әрі аспандата түсетін биік талғам мен жоғары бағалаудан құралған дүние деп ұқсақ жарар. Бір-бір өнер майталманына айналған осынау жандар қай кезде де өзіне ізгілік-ілтипатын арнаған ағаға қарыздар екенін естен еш уақытта шығарған емес. Өзі тізбелеп, тұғырға қондырып кеткен өнер адамдары ретінде қазақ мәдениеті мен әдебиетіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан жолында Төкен Ибрагимов сыналаған сорап айқын аңдалады.
Абай арқауы (ІV)
Өзі айтпақшы, оның жұмысы – таңертеңнен кешке дейін болмағанда Абайдың бір сөзін оқып қалу. Сол жалғыз сөзге басын иіп қызмет жасау. Сол жалғыз сөздің ығымен жұмыс жүргізу. «Абайды оқығаннан кейін маймыл болмасаң бір нәрсе ұғасың емес пе?!» – деген ол Абай сөзін жай ғана ұғып қойған жоқ, ұқтыруға да күш салды. Күнін батырып, таңын атырып, қала шетіндегі саяжайында Абайын айналдырып, өзіне керегін, сөз сөйлеп айтар дерегін іздей берді.
Қазақ болып қалыптанған соң, айналдырғаның ала кешке дейін ала қағаз болған соң кез келген сөз иесі Абайға соқпай өтпес. Осы тұрғыдан алғанда Төкен Смайылұлының шығармашылық арқауы Абайдан басталғанын бағамдаған жөн. «Махаббатсыз дүние – дос» деп Абаймен мұңдасып, «ойы мен жүрегінде имани махаббаты жоқ адамның дүниеге дос болатынын айтқанда бүгін тоқтап-тосырқамасы кәміл еді. «Қазақтың өзінен сөзі ұзын» ғадетіне құмарлық емес, сенің қауашағыңды ашып, соның ішіне Абай сәулесін шашуы екенін еріксіз екшейсің.
Төкен ақсақал ұзын сөзден іске бейім болды. Абай оның бар өмірінің мәні мен мағынасы, сәнін кіргізіп сорабынан адастырмас даңғыл жолы еді. Әр сөзін әспеттеп, Абайдың «адамды тірідей өлтіретінін, жаның шықпай тұрып жүрегіңді суырып аларын» алдыңызға тосса, «Абайды оқи-оқи кәдімгідей уланып қалған пенденің» пошымын көз алдыңызға елестетеді. Бәлкім, Абайға деген құштарлық, Абайды ардақтау тек тамсанудан тұрмасын да ісімен жалғады. Жазып қалдырған Абайға қатысты ғылыми-зерттеу еңбектері мен мақалалары «жұмбақ Абай» сырына бастайды. «Жер әңгімеші» деп кітап басып шығарып, Абайдың немесе оның туыстық айналасына қатысты тарихи-деректі нысандарды ғана таныстыру емес, қастерлі мекеннің туризм саласына да жан бітіру, Абай арқылы адамзат баласының ортақ қазынасын түгендегені сол. Абайтану шеңберін шиырлағандай болып Шәкәрім, Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, Мұхтар жайындағы мағлұматтарды назарына іліктірді. Сол үшін де біз оны абайтану ғылымының асқан білгіріне, асқар биігіне баласақ балалық деп қабылдай көрмеңіз.
Абайтану ғылымы оның жолын ашты: «Мен – жолды жанмын. Жол басында Ахат бата берді. Ниязбек, Қабыш қол жайып тілек етті. Сәбилік тазалыққа иек сүйеген еркелікке қақылы «балағатының» өзі балдай тәтті Шәкір дос-құрдастай шындықтың шынайы шежіресі, ғұламам еді», – деп ішкі жан-дүниесіне үңілсең сөйлей жөнеледі.
Оған Әнет баба, Кеңгірбай, Мамай, Тоқтамыс, Қараменде, Ағашаяқ, Шәкәрім, Көкбайлар сыр-қақпасын ашты, тарихат үн қатты. Қабыш Керімқұлов пен Ниязбек Алдажаров бағыттаған, бас болып көрсеткен: Шыңғыстағы жондар мен жолдар, Доғалаң, Шұнай, Орда, Өртең, Ақшоқы – оның өмір сапарында бел шешіп, аяқ суытар тарихқа құлаш сермейтін қастерлі мекеніндей жүрегінде сақтады. Тауын асып, тасын табанына басып, аралап жүріп оқыды. Аққан қан, төгілген жас, күрестер мен күрсіністер құлағына сыбырлады, кеудесінде күмбірледі.
Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Мұқа, Әлмағамбет, Мұқаметжан мен Тұрағұл, Зере мен Ұлжан, Ағашаяқ пен мұхит Мұхтар, Мекайыл мен Ізкайыл, Гүллар (Шәкәрімнің қызы. Өте зерделі болған жан – Қ.Қ) мен Қабыш, Зият пен Ғапур, Базаралы мен Қиясбай санатындағы көп-көп аяулы, ардақты есімдер мен жандар бір өзекте туған өзектес асылдарына айналды.
Музей мехнаты (V)
Ибрагимов Төкен Смайылұлының 1976 жылдан 2010 жылға дейінгі өмірі музей ісімен, музейтану саласымен тікелей байланысты. Соның ішінде Абай музейі тарихынан оның алар орны орасан. Ұлт руханиятының аяулылары іргетасын қалап, қабырғасын тұрғызған Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығының сексен төрт жылдық тарихының отыз төрт жылының жылнамасында Төкен аға қолтаңбасы қалды. «Директор» деп доқ көрсетіп, «басшы» деп бас әріппен жазылатыны болмаса, бізге – белгілі, басқаға белгісіз сөзден ұққанымыз оның осы жолда жан аямай жанкештілікпен қызмет еткені мәлім. «Абай» деп сөйлеу бар да – оған терең үңілу бар, «бастықпын» деп бәлсіну бар да, шынтуайтында, қол астындағыларды жұмылдыру бар емес пе? Қай істі қалай, неден бастау керек екенін бағдарлау басты міндет қой.
Музей қонақты қабылдап, жәдігер тарихын айтумен ғана шектелмейді. Оның өзіне тән методикасы, педагогикасы бар. Бұл – ең алдымен, ғылым ордасы. Ал жасы өсіп, санасы толысқан сәтте Төкен Ибрагимовтің музей саласына араласуы – болат-темірдің қызған дер шағы. Бойындағы білімі алға сүйреп, қайраткерлік күш-жігерін жұмсап, музей ісін жандандыруда жан аяған жоқ.
Қазақстанда ашылған алғашқы әдеби-мемориалдық музейді Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейіне айналдыру ісінде, Абай
Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойын атап өту барысында Төкен Ибрагимов тұлғасы анық айшықтала түсті. Бұл ел азаттық алып, елдің еңсе тіктеген сәтіндегі алғашқы айтулы той еді. Мұнда да Алматы мен Алаш қаласы арасын жалғаған ақ жағалылар басқосуында білікті басшы білгенінен жаңылмай, керекті дүниенің барлығын жіпке тізіп, есеп-қисаптың барлығына басын қатырды. Сондағы мақсат-міндеті – музей ісін ілгерілету мен Абайды айдай әлемге таныту машақаты.
Абай музейінде Төкен Ибрагимов басшылық еткен жылдары Бас ғимарат Семейдегі орталық төрт көшенің қиылысында орнын ұлғайтып, 1997 жылы Семейде «Алаш арыстары – Мұхтар
Әуезов» музейінің, Абай білім алған Ахмет Риза мешіт-медресесінің, Жидебайдағы – Абайдың, Мақаншыдағы – Әсет Найманбайұлының, Бөрілідегі – Мұхтар Әуезовтің, Тақыр өзенінің бойындағы – Көкбай
Жанатайұлының, Құндызды елдімекеніндегі Шәкір Әбенұлының музей-үйлерін, Жидебайдағы – «Шәкәрімнің саят қорасы» экспозициясының жасалу-жаңаруына жанталасты.
Шетелдердің ірі мұрағаттарындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының көлемі ұлғайып, үлкен ауқымда жұмыс істеді. Тікелей жетекшілігімен музей қызметкері Б.Исабайұлының «Ұлылар мекені», зерттеуші С.Тәбәріковтың «Тауқымет» кітаптары жарық көрді. 2008 жылы Парижде Шәкәрім Құдайбердіұлының 150 жылдығына арналған «Шәкәрім әлемі» көрмесі өтті. Музей ісінің дамуына қосқан үлесі үшін Төкен Смайылұлы 1996 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері» атанды.
Түйін – толғаныс (VI)
Ата мен бала, уақыт-мезгіл талаптарына сай ұрпақ буындарын тілдестіріп, сөйлестіріп, сырластыратын «Индираға хат» кітабы – ес байытып, болмыс бекитін дүние. Шығыстан жол салған эпистолярлық жанрлы жыр, әңгіме, сұхбат кітаптары аз емес. Автордың еңбегі де қазақ әдебиетінде жаңа бір қырымен – оқушыларымен сырласар хаттық үлгідегі тыңнан түрен салған бітімдісі. «Кітап арналған Индира – деректі есім» делік, алайда қазақ хат үлгісіндегі жаңаша түрленген оқшау шығарма. Ата ақылы мен өсиеті, кеңесінің мұраты келер буындармен сыр ақтарады. Өткен елес күннен естелік, үміті басым келешекке кеңес. Өмір-ғұмырдан ғибрат тартып, уысыңа қайта айналып түспес уақыт бедерінде Индираға бағытталған хаты – барша оқырманын ойландырып, қалам иесінің биігіне бас қоятын, тұңғиық-тереңіндегі қайнарынан қанып ішуге талпындырар туынды.
Сөзден дауасын тауып, дуалы сөзге душар болған шығармашылық адамына өмірлік серік болатын жары қай кезде де қолдаушы болуға керек. Олай болмағанда тұяғы кетілген тұлпардай тұралап, қанаты қайырылған құстай жер сабауы кәдік. Бейнелемей, бейім сөзін айтсақ, қос қапталынан жел саулап, тұл жетімдей зар-күйін шертері хақ. Аяулы жары Нұрила Садуақасқызымен, қызы Айман апаймен аға өмірден озғаннан кейін оны-мұны кітаптарын баспаға әзірлеу, ағаны еске алуға арналған кештер барысында етене-жақын аралас болдық. Сондағы бажайлағанымыз Нүкен апамыз өте көшелі кісінің бірі болатын, әр сөзін тиянақтап тапсырғанда ағамыздың деңгейде еді. Ағамыз бақи кешкеннен кейін артындағы біраз дүниесін басып шығарсақ деген асыл арманына жетпей кетті. Жалғанның жазмышына бой ұсындық. Нүкен апаның қазасы әлемді шарпыған тәжтажалмен қатар келді. Енді еңсе тіктегенде ұлы Руслан қайтты…
Бірақ артында бар оңалардың кебімен жақын-жуығы Төкен Ибрагимов мұрасын мансұқ етпей, насихаттауға ниеттеніп келеді. Лайым шырағы сөнбей, сәуле шашуын жалғасын деген тілектеміз.
Төкен ағамыздың қаладағы қауырт тірлігі түгесілгенде саяжайына жылыстай жөнелетіні бар-ды. Сол бекер емес. Қамыс-қурай шауып, бау-бақшасына бағбандық қылғаннан кейін көп еңбек еткені кәміл. Демек, сая болған саяжайында әлі де біз ашпаған, сөз ұстаған қауымды ынтықтырар, қолға ұстап, көзбен көргенше асық қылар қаншама дүние бары анық. Соны жарыққа, жарияға шығарып, мерзімді баспасөз бетінде басылған еңбектерінің бас-аяғын жинастыру, көптомдық шығармалар жинағын басу – келер күннің еншісі.
Мен – бақытты пендемін – депті «Индираға хат» кітабының қорытынды сөзінде, – …Абай шарапатының сыйы. Бақытым жүрегіме ұйыған Абайлық рух, ең зор атақ – Абай, абайтану шырақшысымын. Абай әлемінен жұққан нұр жұқанасы, үн күбірі, сезім жарықтың аз сәулесі… Абай – әлем тауыспас мол теңіз-дүние. …Мен біраз бірдеңелер білгендей болсам: даналығым, данышпандығым емес, әлгі аруақтар жолы мен ізінен кезіктіргенім».
Абайды ұғып, ұлағатын бар жұлын-жүйкесімен сезінген бақытты адамның өткенін шолып, бүгінге жалғадық. Тұлға тағылымын танып, таныта берсек болғаны. «Семей – бар ойдың, ойлының ұлы ұясы», – деп Төлеужар (Т.Ибрагимовтің азан шақырып қойған аты) ойлана тіл қатып тұрғандай.
Қуат ҚИЫҚБАЙ,
жазушы,
Абай облысы,
Семей қаласы
ПІКІРЛЕР4