РЕЙХСТАГҚА ТУ ТІККЕН ҚАЗАҚ
18.12.2024
80
0

Қазақтан шыққан батырлардың батыры, Қазақстанның Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Екінші дүниежізілік соғыста ерен ерлік көрсетіп, Рейхстагқа ту тіккендігі туралы осыдан тура 66 жыл бұрын қайраткер-қаламгер Кәкімжан ағамыз сенсациялық мақала жариялаған еді. Кезінде Қазақстанның бүкіл идеология саласының тізгінін ұстаған Кәкімжан Қазыбаевтың туғанына биыл 95 жыл толды. Осы мерейлі даталарға байланысты қос ағамызды ерекше құрметпен еске ала отырып, «Лениншіл жас» газетінде жарияланған сол бір мақаланы жаңғырта жариялауды жөн көрдік.
                   Редакциядан

Қазақстан Жазушылар одағы дегеніміз – кешегі заманның дауылдары мен жауындарына төтеп берген, алдағы уақыт­тың қандай тосын сыйы болса да қасқайып қарсы алатын алып шынар, самұрық құстың салмағын қиналмай көтеретін алтын бәйтерек. Ол – қасиет­ті сөз бен қастерлі қаламнан сомдалған бәйтерек. Иә, ол күндердің ізі өше ме? Ешқашан да өшпек емес! Майданда болғанның да, болмағанның да есінде. Қандай қиын жылдар болды, қаншама қан төгілді. Аласұрып аптыққан жаумен табаны күректей төрт жыл алыстық. Талай тарлан, небір боздақтар ел үшін, халық үшін құрбан болды. Сол күндерде бетін от-жалын шарпыған ерлердің қайсысымен әңгімелессеңіз де жүрегіңіз елжіреп, аузынан шыққан әрбір сөзін түсіріп алмауға тырысасыз. Солардың көбі өзі туралы, «мен сөйт­тім, мен бүйт­тім» деп айтпайды. Ер жолдасы, қимас қыран досы туралы сөйлейді. Рақымжан Қошқарбаевпен әңгімелескенде де, сөз жүйесі осы желіге қарай бұрылып бара жат­ты. Біраз тыңдағаннан ке­йін:
– Тоқтаңыз, Реке! Бізге өзіңіз туралы айтыңыз.
– Өзім туралы не керек, көптің бірі болып соғыстық, әйтеуір, аман қалдық, – деп күрсінді де, манадан ақжарқын отырған жігітіміз тырс үндемей қалды. Жауынгер достары есіне түсіп кет­ті ме, әлде бір қиын кезең, қатал көрініс көз алдынан өт­ті ме, кім білсін?!
Қиыла тағы сұрадық. Бұлай сұрауымыздың реті де бар еді. Оған мына бір жай түрткі болған-ды.
Жақындап қалған үлкен мереке қарсаңында – Совет армиясы мен Соғыс-Теңіз флотының 40 жылдығы алдында кітапханада әдейі сарыла отырған бір күн. Газет, кітап, журналдардың қызығы бас көтертпейді. Ұлы Отан соғысы кезіндегі талай ерліктерге сүйсіндік. Бәрін де есте сақтағың келеді.
Мына бір мақаладағы екі-ақ ауыз сөз магнитше тартып, жібермей қойды. «…Біздің жауынгерлерді қыранмен, бүркітпен теңеуді қоятын кез жет­ті. Қазақ жігіті Қошқарбаев менің көз алдымда өз жолдастарымен Рейхстагқа Ту тікті. Жанған от ішінде, ажал аузында жүріп ерлік көрсеткен болар.
Осындай ердің образын беру үшін бөлекше теңеу, бөлек поэзия, социалистік реализм поэзиясы керек…» бұл сөзді айт­қан көрнекті совет жазушысы, марқұм Борис Горбатов («Литературная газетінің» 13 декабрь, 1948 жыл, 101- санында).
Осы адам жөнінде жазылған не бар екен? Тағы қандай деректерді таба алар екенбіз. Бұл сұрақ кітап, газет, журнал қойнын кеңірек аштыра түсті. Міне, тағы бір дерек. 1949 жылдың 8 май күнгі нөміріндегі белгілі кинооператор Карменмен «Казахстанская правда» газеті тілшісінің әңгімесі.
«… Біз бұрынғы жауынгерлердің бүгінгі еңбектегі ерлігіне айрықша тоқталамыз. Сондай жауынгерлердің бірі – Қошқарбаевпен мен тағы да кез­дессем, шіркін! Қайда екен ол кәзір? Қаһарман жас жігіт­ті Рейхстагқа Ту тігіп жатқан кез­де түсірген кинокадрларым бар еді. Бұл 1945 жылдың естен кетпес бір күні еді».
Біз қолқалап болмадық.
– Иә, ол естен кетпес күн еді. Өзің туралы айт деп қоймайсыздар, қысқа айтамын, өкпелемеңіздер, – деп бастады сөзін Рақымжан.
Аспан жанып, жер солқылдап тұр. Ұрыс Берлиннің қақ ортасында. Айнала шаң-топырақ, қою иісті түтін араласқан бірдеңе. Әр үй, әр көше, тіпті әр баспалдақ үшін қырғын соғыс. Гитлершілдердің жаны мұрнының ұшына келіп, ақырғы демі тамағының астында тұр. Жан тапсырар алдындағы тұяқ серпері.
Ал біздің солдат­тардың зығырданы әбден қайнаған. Бұрын да талай қырғын, қиын айқастар болды ғой. Дәл Берлиннің ішіндегі совет жауынгерлерінің ұмтылысына, екпініне теңеу табу қиын. Ауызбен айтып жеткізе алмайсың. Қандай бөгет­ті болса да тып-типыл етерлік, кемерінен аса шірене тасыған мұхит толқынындай.
Ширыққан жауынгерлердің ерлігі, қимылы бірінен-бірі өтеді. Зеңбірек, миномет оқтары қарсы маңдайдан ұрса да шегінер еш адам жоқ. Сүйем болса да ілгері жылжу.
Немістің баскесерлері ін түбіне тығылған аңша ығысып барады. Бірақ азуын ырситып, тісін ақситып қапқысы келеді. Қасарыса қарсылық көрсетеді.
28 апрель. Біздің полк Ішкі істер министрлігінің үнін – «Гитлердің үйі» деп аталатын үйді алуға тапсырма алды. Бұл үй бүкіл кварталға көсіліп жатыр. Таң қылаң бере біздің артиллерия оқ нөсерін құйып берді. Әлемдегі бар планета осы маңға жанып түсіп жатқандай. Айнала ұлып, күңіреніп кет­ті. Біз де қара құрым болып қаптап жан-жақтан лап қойдық. Ең алдыда аға лейтенант тәжік жігіті Атаевтың ротасы.
Шашы қалың, қап-қара әдемі жігіт еді. Сан ағалық ақылдары, бауырмашылық сыпайы сөздерімен мені әбден баурап алған болатын. Көрген сайын өз ағамдай еміреніп, еркелеп тұрушы едім. Өзі де бір сымбат­ты, тұлғалы офицер еді. Көзім шалып қалды, жігіт­терін алға ұмтылдырып, даусы өктем шығып, ерлерінің алдында өзі кетіп бара жатыр екен.
Осы ротаның соңынан өкшелеп біз де келе жатырмыз. Үлкен айқас, қыруар шығынмен үйдің ішіне кірдік. Жау төменнен қашып, жоғарыға қарай қусырылып барады. Әр қабат­та, әр бөлмеде қырғын соғыс. Ұрыстың соншама қат­ты болғанын қараңыз: таң қылаң бере үйге кіргеннен кешкі сағат төрт мөлшерінде төртінші қабатқа әрең іліктік.
– Анау Рейхстаг болар-ау, – деді қасымдағы бір жауынгер. Төртінші қабат­тың дал-дұл болған терезесінен тасалай келіп, қырындай қарадық. Қою түтіннің арасынан үлкен үй еміс-еміс көрінеді. Қашықтығы шамамен екі жүз, үш жүз метрдей. Үйдің қаңқасы ғана қалған. Төбесінде күмбезі бар. Ішіне тығылып алған неміс зеңбіректері біз тұрған үйге қарай от құсып тұр. Оның үстіне жоғары қабатқа тығылған құзғындар да жан ұшырып, айбат жасауда.
Рейхстагтың ар жағынан парк көрінді. Ке­йіннен білдік, Тиргартен паркі деп атайды екен. Ол парктың әрбір бұтасы, әрбір ағашы оқ атып тұрғандай. Біздің мазамызды алған да сол төңіректен көрсетілген неміс қарсылығы.
Рейхстагтың бергі аузы жап-жалаңаш, ашық алаң, оның бер жағында канал. Каналдан өтетін көпірдің де құр тұлдыры.
Әлгі ашық алаңда трансформатордың жәрдемімен немістің өздігінен ататын зеңбірегі дүркін-дүркін біз жаққа лап қойып, лап қойып тұрды. Расчетының, адамдарының қайда екені белгісіз, көрінбейді. Неміс жендет­терінің әр үйде қаруланғаны соншама, алған қабатымыздың бәрінде үйінді-
үйінді фаустпатрондарды кез­дестірдік.
Жігіт­тер бұл құралды қалай атуды да дем арада біліп алыпты. Енді Рейхстаг жаққа қарай немістің өз оқтарын зулат­ты. Үш-төрт фаустпатронды иығыма салып алып, мен де құр қалмадым. Әлгі алаңдағы зеңбірек немістің өз оғымен істен шықты. Бірақ басқа жердегілердің аптығы әлі басылар емес. Үйдің ішінде жүрсек те әрбір қадам қауіпті.
Терезеден, қабырғаларды тесіп оқ зу-зу етеді. Жеңіс шыңына қол созым жерде тұрып талай тарландар өліп кет­ті. Қандай аянышты. Кеше ғана, тіпті жаңа ғана «жауды жеңдік қой енді, қанша тырбаңдар дейсің, жеңіс туын Рейхстагқа де­йін апардық деп айтамыз сүйген жарға» деп тұрған жалындар жан тапсырып жатыр. Оларға деген аяныш, жауға деген ыза жүрегіңді тырнайды. Қайтесің, соғыстың аты – соғыс. Құрбандықсыз болған ба! Тістенесің де оқ атасың. Әрбір жауынгер бұл сәт­те өлім мен өмір арасындағы қыл үстінде. Күрестің отша қайнаған ортасында. Сөйтіп, қат­ты шайқас жүріп жат­ты.
…30 апрель, түс кезі.
– Батальон командирі, капитан Давыдов шақырады, – деді. Төртінші қабат­тан подвалға жүгіріп түстім. Терезесі Рейхстаг жаққа қараған бөлмеде тұр екен. Қасында политрук Васильченко, тағы бір топ жігіт. Терезеден бәрі көрініп тұр. Лағнет ұрыстың өңеші өлімге әлі толмағандай. Қан иісі сынық терезеден кеп мұрныңа ұрады. Сәл толастайды да оқ бұршағы ұлып үдеп береді. Зеңбірек зіркілдейді, снаряд ышқынады. Осы бір қасірет музыкасының ойнағанына неше күн. Әлгі біз тұрған бөлменің терезесінен тап соның алдында тұрып біреу бүркіп тұрғандай оқ құйылады. Бұрышқа қарай ығыса түсеміз.
– Лейтенант Қошқарбаев, саған жауынгерлік тапсырма, – деді Давыдов.
– Орындауға әзірмін.
Қастарына шақырып, Васильченко екеуі ортаға алды.
– Көріп тұрсың ба анау үйді?
Рейхстаг деген – сол. Ендігі қалған жау ұясы.
– Көріп тұрмын.
– Қызыл жалау апарып тігу керек! Полктан әдейі лейтенант Сорокин басқарған барлаушылар взводын жіберіпті, – деді қасындағы жігіт­терді нұсқап, – бұлар да сенімен бірге ат­танады. Бүкіл батальон болып қолдаймыз.
– Құп, жолдас капитан! Сол арада жалау да дайын болды. Ұзындығы біржарым метрдей ағашқа (терезенің жақтауы) бір метрдей қызыл шүберекті байлап алдық. Туды ресми түрде маған Васильченко тапсырды.
«Бұл Туды елден ерек маған неге тапсырады? Сондай сенімге ие боларлық көзге түсе қойдым ба? Рас, Одерден өткенде взводымның жігіт­терін ол кез­дегі комбат – марқұм Твердохлебов мақтаған болатын. Сол арадағы ұрыс үшін «Бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденін мен де алдым.
Ал Берлинге кіргелі алдамыз. Бүкіл батальон, полк алда келе жатыр. Онда тұрған не бар. Әркімнің-ақ Рейхстагқа Ту тіккісі келеді. Барлық жауынгерлер де бұған жұлқынып тұр. Ап десең, лап беруге әзір».
Бір сәт көз алдымнан взвод жауынгерлері өт­ті. Одерда ерлікпен қаза болған қайран Попов! Қыран еді-ау, шіркін! Жау бас көтертпей жатқан шақта топ бастаған серкедей жүріп беруші еді! Қазір төртінші қабат­та ұрыс жүргізіп жүрген Гончаренко ше? Нағыз жүректінің өзі. Жауынгерлерімнің бәрі де тізіліп өтіп жатыр. Қимаймын, бауыр басып кеткен ерлерім. Жаман айтпай, жақсы жоқ, мерт болып кетсем ше? Бірақ олар «тәуекел, барыңыз, жолдас лейтенант» деп тұрғандай. Ойымда:
– Аман бол бауырым! – деген Васильченконың батасы ойымды бөліп кет­ті. Бел бекем буылды. «Басқадан жаным әулие ме, тәуекел!» дедім ішімнен. Туды сабына орап, қойныма тығып алдым. Қайрат­тандым…
Оқ бүркесіні бөлме ішіне тағы бір сау ете қалған кез­де, терезеден шыбын жанымды қолыма алып ытқи жөнелдім. Ұмар-жұмар үйдің сыртындағы бір шұңқырға кеп құладым. Көріп қалды ма, әлде осы бір үңгірден (әлгі бөлменің терезесі) сезіктеніп әдейі атып тұр ма, оқты тағы да сеуіп жіберді. Бас көтеруге мұрша жоқ. Бір уақыт­та қолтығымның астынан артыма бұрылып қарасам, доп-домалақ бір жас жігіт өкшелей кеп құлапты.
– Амансыз ба, жолдас лейтенант!
– Өзің ше?
– Мен де аманмын-ау деймін. Бірақ арт­тағылар шыға алмай қалды.
Сәл күт­тік. Жау біз шыққан терезеге бұрынғыдан бетер қат­ты шүйілді.
– Тәуекел, жылжиық! Тудың сабы жаңа ғана алған партбилетіме жанай бауырымда жатыр. Партияға өтерде
«Рейхстагқа шабуыл жасағанда коммунист болсам» деген арызым есіме түсті. Бұл мені жігерлендірді. Айтпақшы, жаңағы жігіт – Григорий Булатов. Жастайынан полктың өзінде тәрбиеленген қолбала. Өте шапшаң, жүгіргенде құйындай ұшады.
Көп кідіруге болмайды. Алда отыз метрдей жерде үлкен бір үйінді тұр. Ең болмаса соған жетейік. Оқ сәл толастағандай болса, біз ұша жөнелеміз. Әлгі үйіндінің түбіне де жет­тік. Бірақ бұл арада ұзақ жатуға болмайды. Жау сені қазір-ақ қағып түсіреді. Жан-жағың ашық.
– Жолдас лейтенант, анау трансформаторды қалқаласақ қайтеді, – деді Булатов. Аузын жиғанша болған жоқ, бір снаряд дәл жанымызға келіп гүрс ет­ті. Не болса о болсын, түтін жамылып трансформаторға қарай ұша жөнелдік. Айналаға қарасаң, жаның түршігеді. Бұл дүниеде екеніңді сезбегендейсің. Осындай әлдебір қорқыныш сезімдері билегенде қойнымдағы Ту есіме түседі де қайта жігерленем.
Аспан от боп жанып, жер балқып тұрғанда трансформатор қалқа болушы ма еді. Ендігі жан сақтар жер – көпірдің асты. Тағы бір толаста ыта жөнелдім. Булатов та өкшелеп келеді. Елу метр жердегі канал көпірі осы сәт елу шақырымдай болып көрінді. Әлгі транс­форматордың түбінде, көпірге жете берер жерде Атаев ротасының түсі таныс жігіт­тері сұлап жатыр. «Ех, бауырларым, мейірімсіз жау қыршындарыңнан қиды-ау, топырағың торқа болсын» дегеннен басқа қолымнан еш нәрсе келмеді.
Көпірдің өзіміз жақ жағасында көп отыру аса қауіпті. Өйткені бірден-бір өтер жері деп бұл нүктеге жау ерекше шүйіліп тұр. Қадалардан ұстап, жылжи-жылжи жау жақ жағасын кеп паналадық. Рейхстаг кем дегенде жүз метрдей жерде әлі. Паналайтын ешбір бұта жоқ, жап-жалаңаш. Көрінсең, болды қағып түсіреді.
Булатов екеуміз шыға алмай отырып қалдық. Туды алып жайдық та, бұрышына полктың номерін, өзіміздің аты-жөнімізді сиялы карандашпен жаздық. Кім біледі, бұл Туды тіге аламыз ба, жоқ па?!
Күн бат­ты. Кешкі сағат 7 шамасы. Бір кез­де біздің артиллерия аспанды айқыштап Рейхстагты үсті-үстіне ұрмасы барма. Снарядтар жігердің, айбынның айғағындай үстімізден зымырап өтіп, жаудың соңғы ұясын мылжалап жатыр.
– Григорий, ең қолайлы сәт, ал жүгірейік! Зытып келеміз, зытып келеміз. Бір абыройы екеуміз қатар келе жатырмыз. Алғашқы баспалдаққа аяғымыз ілінгенде, екеуміз бірімізді-біріміз жетектеп алдық. Жоғары өрлеп келеміз. Қаңғыған оқтар жан-жағымыздан зу-зу етеді. Әлден уақыт­та үлкен баспалдақтың қанатына мініп алып жоғары қарай жорғалай жылжыдым. Григорий қатарлас баспалдақпен келеді.
– Тоқта, әкел қолыңды! Бас-аяғы бір тұтам кішкентай жігіт­ті балаша көтеріп алдым. – Сал аяғыңды иығыма! Ол ыршып менің иығыма шықты. Қойнымдағы жалауды суырып алып, қолына бердім.
– Іл! Байла!
Мөлшері екінші қабат­тың терезесі болу керек. Қараңғыда қалай желбірегенін де анық көре алмадық. Жүгірген бойы төмен қарай зыт­тық. Осы сәт­те бір жарық ракета аспанды шарлай жөнелді. Біздің жауынгерлерге шабуылға шығуға берілген белгі екен. Ракета жарығымен өз Туымыз өзімізге көрінді. Қаншама азамат­тың ерлікпен төгілген қанына боялғандай қызара шалқып, шабуылға шығушыларға қол бұлғайды.
– Жарайсың азамат­тарым! Біз бұрын жет­тік пе десек, сендер де келіп қалған екенсіңдер ғой, – деді біреу. Жалт қарасақ, байланыс бөлімшесінің адамдары.
– Қай батальоннансыздар?
– Давыдовтың батальонынанбыз.
Әлгі лейтенант­тың сол арада атын сұрау да есімізде болмапты. Ол бізге: «Жарайсыңдар, ерлерім!» деп бірнеше қайталады да, өздері алып келген телефонның құлағына жармасты.
– Зинченко жолдас! Біз Рейхстагтан.
Бұл жігіт­тердің көршілес Зикченко полкінен екенін білдік. Булатов күлімсіреп маған қарайды, мен оған қараймын. Бірімізді-біріміз құшақтай алдық. Ілезде Зинченконың полкіндегі Неустроевтың батальоны да жет­ті. Жауынгерлердің қанша күн бойғы көрмеген ұйқысы мен тартқан азабынан көздері кілгіріп тұрса да, ар жағындағы жеңіс қуанышын аңғару қиын емес. Уралап ілгері ұмтылып барады. Рейхстагқа сүңгіп кірді де кет­ті.
Міне, біздің батальонның да алды көпірден асты. Мен жауынгерлік тапсырманы орындағанымызды айтуға қайтып келемін. Рейхстагқа бара жатқандар танымаса да қолын бұлғап, күле қарайды. Дәл бағанағы бөлменің терезесінен қайта қарғып түскенде еш нәрсе айт­қызбастан Васильченко мені балаша көтеріп алды да бетімнен сүйді …
Бұдан ке­йін Рақымжан бірінші май күнгі болған ұрысты, Рейхстагтың ішінде өздері қолдан өткерген екінші май күнгі айқасты айтуға көшті.
– Біздің істегеніміз, үлкен ұлы жеңіске қосылған бір кішкене бөлшек, – деп бітірді әңгімесін.
Иә, сіз бір кішкене бөлшек дейсіз ғой. Бірақ бұл ерліктеріңіздің қандай рөл атқарғанын халық бағаласын. Марқұм Борис Горбатовтың мұндай ерлерді бүркітпен, қыранмен теңеу кезеңі өт­ті деген пікірімен келіспеске болмайды. Жанған от, жарылған снаряд, аузын арандай ашқан ажал алдында қай қыран ұшып, қандай бүркіт самғай алады?! Ал бұлар жау ұясының үстіне еліміздің Туын тікті. Шынында, оны сурет­теу, жазу үшін бөлек шабыт, бөлек тіл, бөлек теңеу керек.

Кәкімжан ҚАЗЫБАЕВ,
«ЛЕНИНШІЛ ЖАС»,
20 февраль 1958 жыл.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір