Айтарын айтып өткен, абайламай…
17.12.2024
304
0

«Өнер алды қызыл тіл» деп, сөз өнерін өзге құндылықтардан жоғары қоятын халқымыз қай-қашанда ақындарын ардақ тұтып, құрмет­теп өткені анық. Сұлу сөзден сарай тұрғызып қана қоймай, халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын шайырлар ел басына қиындық туған сәт­те суырылып алға шығып, көптің көке­йіндегісін қаймықпай айта білгені де тарихтан мәлім.
Сонау зар замандарда жұртына жайлы жер іздеп, желмаясымен дала кезген Асан қайғыны, «Елім-айлап» ақтабан шұбырынды қасіретіне өлеңмен өшпес із қалдырған Қожаберген жырауды, «Хан емессің, қасқырсың!» деп қасқайып тұрып ханның мінін бетіне басқан Махамбет­ті, «Ей, Абылай, Абылай…» деп асқақтап кеткен ханды сабасына түсірген Бұқар жырауды, «Оян, қазақ!» деп Алты алашқа ұран тастаған Міржақыпты, қазағының мінін ашына айтып, білім-ғылымға үндеген Абайды айтсақ, жеткілікті болар.
Бұл асыл үрдіс өткен күндермен шектелмей, тарихымыздың өнебойында жалғасып келе жатқаны аян. Ұлтымыздың ары мен ұяты, болашаққа деген үміті болған Алаш арыстарының түгелге дерлігі қызыл империяның қанды қасабына түскеннен ке­йін, басшысыз қалған жұрт, аздаған уақыт алаға­й да бұлаға­й күн кешкенімен, тектілік тамырын үзбеген күйі тіршілігін жалғастырған болатын. КСРО деп аталатын алып державада сәл ғана тыныштық орнап, көкейіңдегіні айтуға мүмкіндік туысымен азат саналы азамат­тар қайта бас көтеріп, елінің еркіндігі мен тілінің тұғырға қонуын қолға алғаны аян.
Соның қарлығашы ретінде өткен ғасырдың 70-жылдары Алматыда қазақ мектептерін ашу жолындағы қаламгерлердің ерлікпен пара-пар еңбегін айтуға болады. Еліміздің бас қаласында сол кез­дері малшылардың балаларына арналған №12 мектеп-интернат­тан басқа бірде-бір қазақ мектебі болмағаны намысты азамат­тарды бей-жай қалдырмағаны анық. Бұл шаруаға ақын-сатирик Шона Смаханұлының қосқан үлесі ерен екені дау туғызбайды. СОКП билігіне М.Горбачевтің келуімен «қайта құру» науқанының басталуын сәт­ті пайдаланған Шона Смаханұлы Қазақ­стан Жазушылар одағының хатшысы Олжас Сүлейменовпен келісіп, Одақ жанынан «Мектеп кеңесін» ашуға қол жеткізеді. Ақынның жанына одақтың басқа да мүшелерімен бірге Марат Тоқашбаев, Мұхтар Қазыбек, Сәуле Ілімтанова, Роза Бағланова, Медет Қайырғалиев, Марат Әбдіқалықов сынды бір топ зиялы қауым өкілдері топтасқан еді.
Бұл бастаманы қолдағандармен бірге, қолдарынан келгенше кедергі жасағандардың болғаны белгілі. Ондай адамдар Қазақ­стан Компартиясы Орталық комитетінде, барлық деңгейдегі білім мекемелерінде, тіпті Жазушылар одағының өзінде де болғанын несіне жасырамыз. Бірақ қадам басқан сайын кез­десіп отырған қиындықтарға қарамастан, мүдделі топ қайсарлана еңбек еткен болатын. Алматының әр аудандарында жаңадан ашылатын мектептерді анықтап, балаларын қазақ мектептеріне бергісі келетін ата-аналармен жұмыс жүргізу, олардың арызын жинап, құзырлы мекемелерге жеткізу, биліктің тиісті шешімдерін шығарту оңай жасалатын жұмыс емес еді. Алайда ана тілі мен ата-баба дәстүрінен мақұрым қалып бара жатқан ұрпақты үйіріне қайтару жолында олар ештеңеден тайынбағаны анық. Міне, осындай жанқиярлық жұмыстың нәтижесінде, Алматыда қазақ тілінде дәріс беретін №62, №82 мектептер бой көтеріп, сондай-ақ №45 мектепте қазақ сыныптары ашылған болатын. Көп ұзамай бастамашыл топтың талап етуімен №337 балабақша да жұмыс жасай бастады. Осылайша, сең қозғалып, қазақ мектептері мен балабақшалар еліміздің әр шалғайында ашыла бастаған. Бұл жайлы айтыскер ақын Ерік Асқаров Әселханмен айтысында:
Аз мектеп бар демейміз қалада біз,
Әрқайсын бір жеңіске балағанбыз.
Жиырма бес мектеп ашты Алматыда,
Топырағың торқа болғыр Шона ағамыз, – деуі шындыққа жанасады.
Бүгіндері тәуелсіз Қазақ­стан жағдайында айтуға оңай болғанымен, сол кез­де қаламгерлер бостандығы мен өмірін бәске қойып, елге қызмет жасағанын айтуымыз керек.
Қазақ тарихындағы сандаған қаралы уақиғалардың қатарына 1986 жылғы 17–18 желтоқсанда Алматыда болған толқуларды қосуға әбден болады. Ширек ғасыр бойы Қазақ­стан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған Дінмұхамед Қонаевты бар-жоғы 17 минут­тық пленумда орнынан алып, басшылыққа Ресейдің Ульянов облысын басқарған Колбин деген әлдебіреуді отырғызуға наразы болған жұмысшы жастар мен студент­тердің бейбіт шеруі қанды қырғын мен қуғын-сүргінге ұласады деп ешкім ойламаған еді. Әрине, бұл толқулар тақыр жерден туындамағаны да шындық. Бұл – ұзақ жылдардан бері қазақ халқына жасалып келген қиянат пен мәскеулік биліктің әділетсіз саясатына қарсы жинақталған ашу-ызаның ақтарылуы десе де болады.
Нәтижесінде, әртүрлі деректер бойынша, 170-ке жуық адам қайтыс болып, 2 мыңға жуығы зардап шеккен, 8,5 мың адам тұтқындалып, 900-ге жуығы әкімшілік жауапкершілікке, ал 99 адам түрлі мерзімге бас бостандығынан айы­рылған. Желтоқсан оқиғасына қатысы бар 600 студент оқудан шығарылып, тағдыр тауқыметін тартқаны анықталып отыр. 20 жастағы Қайрат Рысқұлбеков, алдымен, өлім жазасына кесіліп, ке­йіннен ол үкім өзгертілгенімен, жас қыршын жұмбақ жағдайда түрмеде қайтыс болған.
1986 жылдың 31 желтоқсанында Қазақ­стан Жазушылар одағына Колбиннің келгені белгілі. Өте қатал іріктеуден ке­йін биліктің сөзін сөйлейді дегендерді ғана енгізіп, одақтың ғимаратын жіті бақылауға алған болатын. Олжас Сүлейменовтің төрағалығымен жиын да басталған. Осы жиында Жұбан Молдағалиев мінберге көтеріліп: «Мен кешегі қанқұйлы соғыста кеудемді оққа тосып, совет­тік Отанымды қорғадым. Сіз неге менің қаршадай ұл-қыздарымды қорғамадыңыз?!» – деген еді. Ол: «Қақаған аязда балаларды көк мұзға жатқызып, үстінен суық су құйған не деген сұмдық! Осыны көргенше, сол соғыста неге өліп кетпедім!» – деген еді түтігіп.
Ал кезегі келгенде сөз алған Сафуан Шаймерденов: «Осы Хайдер деген Ақ үйдің алдында үш ай бойы аштық жариялағанда, бір полицей қолының ұшын да тигізбеді!» – дегені жұрт­тың жадында. Бұл жиында жазушылар Дмитрий Снегин мен Қалмұхан Исабаевтар да империялық жазалау саясаты мен өктемдік пиғылына тойтарыс берген болатын. Ке­йіннен 1987 жылдың 23 мамырында Колбиннің қатысуымен өткен Қазақ­стан Жазушылар одағының пленумында 38 минутқа созылған баяндама жасап, желтоқсан оқиғасы жайлы барлық шындықты шырқырай айт­қан да Сафуан Шаймерденов болатын. Бұл кез­де КОКП-ның бастауымен бүтіндей бір халыққа «қазақ ұлтшылдығы» деген айып тағылып, қара күйе жағылғаны жұртшылық жадында болар.
1989 жыл. Мәскеу. Съездер сарайы. Бұл күндері онда КСРО Жоғарғы Кеңесінің кезекті съезі өтіп жатқан. Барша қазақ жұрты депутат­тардан 1986 жылғы халыққа жасалған опасыздықты кім айтар екен деп күткен. Міне, осы кез­де ақын Мұхтар Шаханов мінберге көтеріліп, желтоқсан оқиғасы жайлы бар шындықты шырқырай айт­қан еді. Қазақ­стандық делегат­тарға сөз бермей қойған Горбачевты қалай алдағаны, Назарбаев бастаған билік өкілдерінің оған жасаған қысастығы бөлек әңгіме. Мәселе, әлем жұрты жоғары мінберден КСРО-дағы бейбастықты естіп-білген болатын.
Осыдан ке­йін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен желтоқсан оқиғасын зерт­теу жөнінде комиссия құрылып, Мұхтар Шаханов төраға болып сайланған. Осы істі аяғына де­йін жеткізіп, жазықсыз жазаланғандарды ақтау жұмысын жүргізген Мұхтар Шахановтың еңбегін ешкім жоққа шығара алмасы анық.
Кеңес империясының қазақтарға жасаған аса ірі опасыздығының бірі – Семей полигоны екенін жасырудың қажеті шамалы. Қазақтың рухани астанасы болып саналатын қасиет­ті топырақта 1949 жылдан 1989 жылға де­йін 456 жарылыс болса, оның 116-сы жер үстінде жасалынған. Қазақ даласы, осылайша, 40 жыл бойы қасірет шеккен еді. Қырғиқабақ соғыс жағдайында оны жабу, тіпті мүмкін еместей көрінген. Алайда 1989 жылы ақын Олжас Сүлейменовтің бастамасымен Невада-Семей халықаралық антиядролық қозғалысы құрылып, ол халықаралық деңгейде қолдау тапқан болатын. Бұл бастаманы қолдау шаралары Қазақ­стан, Ресей, Америка Құрама Штат­тары мен Жапонияда жалғасып, жер-жерлерде жұртшылық қолдау көрсет­ті. Осылайша, Қазақ­стан өз тәуелсіздігін жария еткен 1991 жылдың тамыз айында Қазақ­стан Республикасы Үкіметінің қаулысы және президент­тің Жарлығымен Семей полигоны жабылып, 1993 жылы Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің шешімі бойынша полигон өз жұмысын толық тоқтат­ты. Қазақ даласына 40 жыл бойы өлім сепкен тажал, осылайша, қаламгерлердің қайрат­ты қимылының нәтижесінде келмеске кеткен.
Еліміздегі апат­тар жайлы айт­қан кез­де, Арал мәселесінен сырт айналып кете алмасымыз түсінікті. 1987 жылы Қазақ­стан Жазушылар одағының жанынан ақын Мұхтар Шахановтың бастамасымен Арал, Балқаш және Қазақ­стандағы экологиялық мәселелерді шешуге қатысты қоғамдық комитет құрылып, жұмыс жасағанын жұртшылық жақсы білетін болар. Ке­йіннен «Арал-Азия-Қазақ­стан» халықаралық комитеті деген айдармен белгілі болған ұйым бұл бағыт­та көптеген шаруаларды атқарғаны мәлім. Иә, бүгіндері Арал мәселесіне бүкіл әлем көз тігіп, қолдау көрсетіп отыр. Ал оның бастауында тағы да қазақ қаламгерлері тұрғанын ұмыта бастаған сыңайлымыз.
Тәуелсіздігімізді жария етіп, дербес мемлекет­тің іргетасын қалай бастаған сәт­тен бері кедергілер мен тосқауылдар аз кез­деспегені анық. Елімізде қазақ тілімен қатар, орыс тілін де мемлекет­тік тіл деп жариялау, жерді шетел азамат­тарына сату, төлқұжатымызға ұлт­тық бірегейлігімізді көрсетпей, «Қазақ­стан азаматы» деп қана жазу жайлы бастамалар көтерілгенде өре түрегеліп, аталған заңдардың қабылдануына қарсы шыққан да ақын-жазушылар болғанын ұмытпағанымыз жөн. Бір ғана Мұхтар Шахановтың жоғары мінберден айт­қан ащы шындығы, жұртшылықты митингіге шақырып, аштық жариялауы, ұлтымызға қарсы әрекет­тердің біршамасына тосқауыл болғаны шындық емес пе?! Ал сол Парламент­те отырып, рухани құндылықтарымыздың жандануына көп еңбек сіңірген Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова сынды ақын-жазушыларымыздың еңбегін неге айтпасқа?! Ал бүгіндері Парламент­тің қос палатасынан билікке халық үнін, жұртшылықтың жанайқайын жеткізіп отырған қаламгерлеріміздің ерлікке тең еңбегін көріп жүрген жоқпыз ба?!
Тау да топырақтан құралады. Аталған айтулы тұлғаларымызбен бірге күнделікті өмірде мемлекетіміздің гүлденуіне, тәуелсіздігіміздің тұғырлануына, тіліміздің өркендеп, ұлт­тық құндылықтарымыздың тамыр жаюына атсалысып жүрген жазармандар қаншама.
Қазақ халқы сөз өнерін бәрінен биік қоятынын басында айт­тық. Өздеріне жүктелген жауапкершілік пен тарихи міндетін түсінетін бүгінгі қаламгер де осы сенім үддесінен шығу жолында еңбек етуде. Қалың елі – қазағының қолдауын көрсе, алынар биік алдыда дейміз де!..

Қуат Қайранбаев

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір