«БҰЛ НЕ АЙТЫП ТҰР?..»
04.05.2023
521
0

1973 жылы жиырма жасында «Жалын» журналында жарық көрген «Жалғасым менің – жалғасым» ат­ты тұңғыш хикаятынан бастап, «Алтай асу» романына дейін шығармашылық үдерісте үздіксіз өсіп келген А.Байтұрсынұлы атындағы сыйлықтың және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Байхоновтың баспагерлік жұмыстары, журналистік қызметі, саяхатшылық ғұмыры секілді санқыры жайында сыр шертер болсақ, әңгімеміздің тізгініне ие бола алмай қаламыз. Мерейлі 70 жасқа толып отырған оның жарты ғасырдан астам уақыт ішінде жасаған ерен еңбегі мен қаламының қарымын, сөз киесін сезетін талғампаздығын танытқан көркем туындыларын талдау және лайықты бағасын беріп әдебиет­тегі орнын белгілеу – сыншылар қауымының парызы деп білемін. Ал Серіктің қағазға шұқшиып, қаламға сүйен­бей-ақ ауызекі айтқан әңгімелері мен айтқыштық қасиеті оны жақын танып білетіндердің жадында ұзақ сақталатынын айтсақ та, талант­ты туындыгердің тағы бір қыры таныла түсер еді. Оқырмандар назарына ұсынылып отырған бұл естеліктер мерейлі жасқа келіп отырған қаламгер досымыздың сондай бір қырын аңғартады деп ойлаймын. Университет қабырғасынан етене араласып өскен екеуміз, Серіктің өз сөзімен айтсам, жыл сайын төрт күн құрдас боламыз. Өйткені ит көйлекті бұрын тоздырған оның менен жылға толмайтын 361 күндік үлкендігі бар. Қалған төрт күнгі құрдастығымыздың өзі Серікпен қалжыңдасуға біраз мүмкіндік және әжептеуір құқық береді. Оның қаламынан туған тартымды туындыларына тәнті бола тұрып, әр кезде ауызекі айтқан әңгімелерін айта жүретін себебіміз де сол.

«Is she a girl or a woman?»

Біз университетке түскен кезімізде журналистика факультетінде ағылшын, араб, неміс, француз тілдері шет тілі ретінде оқытылатын. Өз қалауымыз бойынша осы тілдердің бірін таңдауға тиіс екенбіз. Мен ойланбастан-ақ ағылшын тілін оқитын топқа жазылдым. Өйткені жоғары сыныптарда оқып жүрген шағымызда біздің мектепке бір топ жас мұғалімдер келіп, ағылшын тілінен сабақ берген-ді. Мектеп бітірген кезімізде ағылшын алфабитін танып, грамматикасымен танысып, бірлі-жарым сөздің басын құрастырып сөйлеуге үйреніп қалғанбыз. Бірақ бағдарламаға сай шет тілінің толық курсын оқу біздің талабымызға жазылмаған екен. Ат­тестатымызға оның бағасы да қойылған жоқ-тын.
Шет тілінің алғашқы сабақтары өткен соң-ақ топқа жазылған қыз-жігіт­тердің деңгейі шамалас екені байқалды. Ағылшын алфабитінен бейхабар бірнеше студент қана бар еді. Ал басқасының бәрі мектепте екі-үш жыл ағылшын тілін оқыған болып шықты. Топтың тілді үйрену деңгейімен танысып шыққан оқытушымыз Омаров Тәуке Рахымұлы бәрібір бәріміздің де «әліпбиден» бастағанымызды жөн деп шешті. Ағылшын тілін алфабит­тен бастаған курстастарымыз келесі жылы-ақ біздің қатарымызға қосылып кет­ті.

Екінші курста оқып жүрген кезімізде бізге ағылшын тілінен дәріс оқыған оқытушымыздың орнына бір жас келіншек (аты-жөні Роза Абдиевна – Әбді Тұрсынбаев деген ғалымның қызы, ақын Тайыр Жароковтың келіні болатын) келіп сабақ бере бастады. Жас мөлшерінің бізден бірер жас қана айырмашылығы бар екенін аңғарамыз. Ол біздің бір-бірімізге сұрақ қойып, жауап беруіміз арқылы білім деңгейімізді бағаламақшы болса керек. Біріміз қойған: «Мынау қарындаш па әлде қаламсап па?» (Is it a pen or a pencile?), «Мынау дәптер ме әлде кітап па?» (Is it a notbook or a book?), «Мынау парта ма әлде үстел ме?» (Is it a desk or a table?) деген сияқты сұрақтарға келесіміз: «Бұл қарындаш» (It is a pen) не «Бұл қалам» (It is a pencile), «Бұл дәптер» (It is a notebook) яки «Бұл кітап» (It is a book), «Бұл парта» (It is a desk) немесе «Бұл үстел» (It is a table) деген тәрізді нақты жауап беруіміз керектігін түсіндірді де, біздің жамыраса кеткен сұрақ-жауаптарымызға ден қойды. Соңғы қатардағы бір партада отырған Серік Байхонов пен Жайберген Болатовтың дауыстары өзгелерден гөрі өктемірек естіле бастады. Серіктің: «Is she a girl or a woman?« («Мынау қыз ба әлде әйел ме?» – деген сұрағына Жайберген: «She is a girl» («Ол қыз»),– деп жауап берсе, Серік оның жауабын теріске шығарып: «No, no! She is a woman» («Жо-жоқ! Ол әйел»),– деп «өжеңдесіп» жатыр екен. Оқытушы келіншек аудиториядан жылап шығып кет­ті. Бұл әңгіме факультет деканы Темірбек Қожакеевтің құлағына тиіп, Серік пен Жайберген екеуінің жазатайым оқудан шығып қала жаздағаны да бар еді… 


Екі Социалистік Еңбек Ерінің «бірі»

 

Л.И.Брежневтің тұсында Кеңес өкіметін анархия жайлады. Жұрт бетімен ауа жайылып кет­ті. Бұл жағдай мемлекет­тік жүйеден ғана емес, кішігірім мекемелерден де айқын көрінетін-ді. Халықтың көпшілігі жаппай арақ ішетін. «Екі адам арақ ішпейді: біреуі – ауру адам, біреуі – қу, қарақан басын ғана ойлайтын пысық» дейтін сөзді екінің бірі айтатын. Әрине, ауру болмаған жақсы, ал арақ ішпей, «қу, қарақан басын ғана ойлайтын пысық» атанғың келмейтіні болса-болмаса белгілі.
1982 жылғы қарашаның 10-ы күні «жұрт­тың бәріне жайлы болған» мемлекет басшысы, «Лениннің ұлы ісін адал жалғастырушы, жалынды патриот, аса көрнекті революционер және бейбітшілік жолындағы, коммунизм жолындағы күрескер, заманымыздың аса ірі саяси және мемлекет қайраткері» СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы Л.И.Брежнев қайтыс болып, барлық баспасөз бетінде СОКП Орталық Комитетінің, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының, КСРО Министрлер Кеңесінің Кеңес халқына арнаған үндеуі жарияланды. Ел қара жамылды. Барлық жерде қаралы митинг ұйымдастырылды.
Мен ол кезде «Жалын» баспасында қызмет істейтінмін. Мұнда да коммунистік партияның жетекшісінен айырылып қалған мекеме басшылары аза тұтып, күңірене сөз сөйледі. Баспада Светлана Галиева дейтін бір бойжеткен бар еді. Орыс тілді татар қызы болатын. Сол қыз бала күнінде «Артекке» барғанында Л.И.Брежневті көріпті. Менің есімде әсіресе қат­ты қалғаны сол: Света өзінің маңдайынан сипаған Леонид Ильичті есіне алып, естелік айтып тұрып ағыл-тегіл жылады. Оны тыңдаған кейбіреулер көзіне жас алды.
Үш күннен кейін, яғни қарашаның 12-сі күні Л.И.Брежневтің орнына бұрын СОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, СОКП Орталық Комитетінің хатшысы болған Ю.В.Андропов келді. Ол келген соң елдегі тәртіп күрт өзгерді. Бетімен ауа жайылған қызметкерлердің бәрі сағат 9.00-де қызмет орнында отыруға тиісті болды. Қоғамдық көліктерде жолаушылардың құжатын тексеруге арнайы рұқсаты бар адамдар жүреді. Жұмыстан бес минут кешіккендердің аты-жөнін жазып алып, тиісті мекемелерге хабарлайды. Ал «Жалын» баспасында дирекцияның тапсыруымен арнайы журнал ашылған. Сыртқы есіктен кіре берісте кәсіподақ комитетінің төрағасы білегіне бір қарап, неше сағат, неше минут­та жұмысқа келгеніңді көрсетіп қол қойғызады. Таңертеңгі сағат 8.30-дан бастап жұмыс орнымызға кіру үшін кезекке тұрамыз. Сағат 9.00-ден бес-он минут кешігіп қалғандар әкімшілік жазаға тартылады, яки тоқсан сайын берілетін сыйақыдан қағылады.
Күні кеше ғана мекемені брежневшілеп басқаратын басшы біткеннің бәрі аяқастынан кішкентай андроповқа айналып шыға келді. Жиналыс сайын күн тәртібіндегі мәселенің бірі – тәртіп. Егер біреудің тәртіп бұзғанын мойнына қойып берсе болды, оның мәселесі партия жиналыстарында қаралып, міндет­ті түрде шара қолданылады.
Қандай қызық-шыжығы мол келеңсіз кезеңдер өткен десеңші!
Бір күні «Жалын» баспасының мәжіліс залында ашық партия жиналысы өтіп жат­ты. Мұндай жиынға тек партия қатарындағылар ғана емес, ұжымның барлық мүшесі түгел қатысады.
Күн тәртібіндегі мәселенің бірі – тағы да тәртіп екен. Бас редактордың орынбасары Болат Бабақов сөз алды. Ол салған бет­тен баспадағы редакторлардың жұмыс тәртібін жиі бұзатынын, оларға аяусыз шара қолдану керектігін айта бастады.
– Мәселен,– деді ол,– мен қашан коридорға шықсам, редактор Серік Байхонов темекі шегіп тұрады. Сонда ол қай уақыт­та жұмыс істейді?!
Жиналысты жүргізіп отырған президиум мүшелері Болат Бабақовты бас шұлғып, қош­тады. Іле-шала оның мінберден түскенін күтіп отырған Серік Байхонов сөз сұрады.
– Мен қашан темекі шегуге шықсам, бас редактордың орынбасары Болат Бабақов кабинет­терді жағалай аралап, тексеріп жүреді. Сонда ол қай уақыт­та жұмыс істейді?– деп бастады ол сөзін.
Мәжіліс залын күлкі кернеп, Болат Бабақов қып-қызыл болып кет­ті. Не дерін білмей, булыққан күйі орнында омпиып отырып қалды.
Жиналыс біткен соң бір топ жігіт Серіктің әлгі уәжіне ризашылық айт­тық.
– Мен саған бір нәрсе айтып қояйын,– деді Серік маған бұрылып.– Ешқашан да өзіңнен кейінгі буындағы біреулермен айтысушы болма. Оның саған залалы болады. Айтыссаң, өзіңнен ілгері буындағы адамдармен айтыс.
– Болат Бабақов маған бірдеңе істей алады дейсің бе?– деді сосын қызбалана.– Артына қарасын. Бас редактордың орынбасары шығар. Ну, что? Редакциялаған қолжазбамды жарамсыз деп қайтарып берер. Ну, что? Сыйақыдан қағар. Ну, что? Өзіме кедергі жасағысы келер. Ну, что? Арызымды жазамын да, ауылға кетемін. «Авангардқа» барып, күріш егемін. Онда неше Социалистік Еңбек Ері бар екенін білесің бе? Олардың қалай Социалистік Еңбек Ері болғанын мен білмей ме екенмін? Аудандық партия комитетіндегі жігіт­терді, облыстық партия комитетіндегілерді танимын. Олар да менің фамилиямды біледі. Редакциядағы жігіт­тердің атынан өзімді-өзім насихат­тап, очерктер жазамын. Өзімді Социалистік Еңбек Ері атағына ұсындырамын. Он жылдан соң Социалистік Еңбек Ері атанып, Алматыға қайтып ораламын. Қазақ­станда Социалистік Еңбек Ері атағын алған екі-ақ жазушы болады. Бірі – Ғабит Мүсірепов, бірі – мен. Ол кезде Болат Бабақов не пенсияға шығады, не дүниеден өтіп кетеді. Мен Алматыға қайта келіп, жұмысымды жалғастырамын.
Әңгімесін аяқтап, сабасына түскен Серіктің қолын алдым. Ол жымыңдап, қуа­нып қалды.
Аз уақыт билік басында болған Ю.В.Андропов та дүниеден өт­ті. Жұрт «уһ» деп демін бір алды. Ол қайтыс болған соң КСРО тізгінін ұстаған К.У.Черненко 1985 жылғы наурыздың 13-і күні Қызыл Алаңға жерленді. Ел қаралы митингіге үйреніп алды. К.У.Черненконың қазасынан кейін КСРО билігі 1931 жылы Ставрополь өлкесінде дүниеге келген М.С.Горбачевтің қолына көшті. Қайта құру басталды. Мемлекет басшысы өзгерген сайын кішкентай бастықтардың мінез-құлқы да мың құбылды. Сол күндердің бәрі де қазір күлкімен еске алынады.

«Асекеңдікі дұрыс!» 

Жазушы Серік Байхонов Қазақ телевидениесінде қызмет істеп жүрген кезінде диктор Әбдірәлі Бөлебаевпен араласып тұрды. Олардың өздері ғана емес, отбасы мүшелері де жақын қарым-қатынаста болды.
Бірде Серіктің шаңырағында Әбдірәлі отбасымен, біз үй ішімізбен қонақта отырмыз. Өткен-кеткенді еске алып, басымыздан кешкен түрлі қызықтарды әңгіме қылып жатырмыз. Әбдірәлі өзінің Театр және өнер институтында режиссер Асқар Тоқпановтан тәлім алғанын еске түсірді.
– Асқар Тоқпанов қатал кісі еді,– дейді ол басын шайқап.– «Еңлік–Кебек» спектаклін сахналауға дайындық жасап жатқанбыз. Бұл – біздің диплом жұмысымыз болатын. Мен – Кебекпін. Қасымда Еңлік бар, екеу­міз сахнаға әндетіп шығып келе жатамыз. Асқар Тоқпанов «Тоқта!» деп айқай салады. Артынша қолындағы таяғын зың еткізіп бізге қарай лақтырып жібереді. Бұғып қаламыз…
– Асекеңдікі дұрыс!– деді Серік оның әңгімесін бөліп.
– …«Тоқта!» деп айқай салады. Тоқтай қаламыз. Артынша зың еткізіп лақтырып жіберген таяғы бізге қарай ұшып келе жатады. Біз бұғып қаламыз…
– Асекеңдікі дұрыс! – дейді Серік Әбдірәлінің әңгімесін тағы да бөліп жіберіп.
– Көрермендер залының алдыңғы қатарында отырып алып, қолындағы дәу аса таяғын бізге қарай лақтырып жібереді… Оның несі дұрыс? – деді Әбдірәлі Бөлебаев әңгімесінің бөліне бергеніне күйініп кетіп.
– Асекеңдікі дұрыс! – деді Серік баяғы бір сөзін тағы да қайталап. – Асқар Тоқпанов Қазақ телевидениесінің дикторын дайындап жатқан жоқ қой…
«Бұл не айтып тұр?» дегендей Әбдірәлі Серік Байхоновқа аңтарылып қарап қалыпты.
– Асекеңдікі дұрыс! – деді Серік Байхонов тағы да…

Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір