Әлем таныған алыптар
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп…
Ахмет Байтұрсынұлы
Қазақ әдебиеті өзіне дейінгі халық ауыз әдебиетінің бар асыл-жауһары мен үлгілі дәстүрлерін негізге ала отырып, қоғамдық дамудың әр кезеңіндегі тарихи, саяси-әлеуметтік өзгерістерге сай идеялық-тақырыптық, әдеби-көркемдік ізденістер арқылы қалыптасу, даму, жетілу, өсу жолдарынан өтті.
Зерттеушілер қазақ әдебиетінің алтын ғасыры атаған қат-қабат, қым-қиғаш оқиғаларға толы ХХ ғасыр дала өміріне әкелген саяси-әлеуметтік өзгерістер мәніне үңіліп, қоғамдық қайшылықтар тереңіне бойлауға ұмтылған ұлттық жазба әдебиетіміз жаңа сатыға көтерілген кезең болды. Тарихи дәуір толқыны тудырған әдебиеттің көрнекті өкілдерінің шығармаларында өмір шындығын суреттеу сан алуан реңкте көрініс тапты. Он тоғызыншы ғасырдағы ағартушылық бағыттан ХХ ғасырда азатшылдық идеяға ұласқан ұлттық әдебиеттің мұрат-мақсаты – өркениетті замана көріністерімен астасқан қазіргі дәуірде де елдік мүддені көздеген азат сана, озық ой, өрелі өнер.
ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетiнiң абыройын алысқа асырып, мәртебесiн биiктеткен, суреткерлік өнерін туған халқы ғана емес, төрткүл дүние мойындаған қаламгерлеріміз өнегесі көркемсөз әлемінде жаңа мүмкіндіктерді ашты. Жалпы, сөз өнері өлкесіндегі тұлға өнегесі дегенде «Өлең-сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы», – деп ақынға биік талап, үлкен жауапкершілік артқан хакім Абай бірден ойға оралары хақ. «Қазақтың жаңа реалистік жазбаша поэзиясының, әдебиетінің негізін салған» Абай – әлем таныған алыптарымыздың бірегейі. «…Қашанда әділдік жақтаушысы, өзгенің еңбегін бағалауда тура жолдан таймайтын Міржақып «Абай» атты мақаласында («Қазақ», 1914, N67) Абайды алғаш елге танытушы Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов екенін баса айтып, олардың абайтанудағы тұңғыштық орнын нақтылай кетеді. «Тарихы, әдебиеті жоқ халықтың дүниеде өмір сүруі, ұлттығын сақтап, ілгері басуы қиын. Әдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылып, жоқ болады. Қай жұрттың болса да жаны әдебиет. Жансыз тән жасамақ емес», – деп түйеді.Сондықтан да ол Абайды қазақ әдебиетінің көркемдік биікке жету жолындағы адастырмас «Темірқазығына» балап, … қазақ әдебиетінің алтын діңгегі Абайдан көз жазып қалу болашақ ұрпақ алдында кешірілмес күнә екендігін ескертеді. Ақын Міржақып …«әдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш – Абай сөзі, Абай ойы боларға керек. …Бәлки мұнан кейін, Абайдан үздік ақындар, жазушылар шығар, бірақ ең жоғары ардақты орын Абайдікі, қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жұлдыз – Абай», – деп, Абай ақындығының әділ бағасын береді (Әбдиманұлы Ө. ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті).
Халықтың ұлттық рухын жоғары көтерген ұлы тұлға ретінде танымал болған рухани қайнардың бірі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты – Жамбыл Жабаев. Қазақ халық поэзиясының көрнекті өкілі, көркем сөздің шебері, дастаншы Жамбылдың өскен ортасында ән-күй, суырып салма, жыраулық өнер жоғары бағаланды. Кемеңгер жазушы М.Әуезов: «ХІХ ғасырдан бастап қазақ халқында ерекше дамуға ие болған импровизация өнері Қазақстанның барлық жерінде көлеңкеде қала бастады, бірақ Жетісуда, оңтүстік өңірлерде өркендей бастады. Біріншіден, оңтүстік аймақтардан бұрын басқа аймақтарды қамтыған отарлау саясаты өнер дәстүрлерінде өзіндік із қалдырды, Жетісу маңы осы жағымсыз әсерден алшақ тұрды. Екіншіден, импровизация өнерінің осы өңірлерде ежелден қалыптасқан дәстүрлері ХІХ ғасырдан кейін ерекше дамуға ие болды», – деп бекер айтпаған. Осы кезеңде ұлы Абай, Біржан, Шашубай, Балуан Шолақ, Жалайыр Түбек, Майкөт пен Майлықожа, Құрманғазы сияқты біртума дарындардың ел ішінде танылуы Жамбылдың халықтық өнер мектебі жауһарларымен кеңінен танысуына жол ашты. Сол жылдары Жамбыл Жетісудың әйгілі ақыны Сүйінбаймен кездесіп, батасын алады. Осындай өз заманының ірі ақындарымен кездесулер, қырғыздың белгілі ақындарымен айтыстар Жамбылдың ақын ретінде беделінің артуына ықпал етті. Жамбыл халық поэзиясындағы жаңа ағымның жаратушысы болды. «Жамбылдың өлеңдері теңіз түбінде жатқан інжу-маржандай. Оларды жинап, халыққа тапсыру әрқайсымыздың азаматтық парызымыз», – деді ақын С.Сейфуллин.
Жамбылдың шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, таралған.
Әлем таныған алыптар тобындағы заңғардың бірі де бірегейі – ұлы суреткер, қазақ әдебиеті тарихында өшпес із қалдырған классик жазушы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, хакім Абайды күллі әлемге танытқан Мұхтар Әуезов. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп ұлт ертеңін ойлаған кемеңгер жазушы – Алаш әлемі. Халқына сарқылмайтын рухани қазына қалдырған ұлы жазушының әдеби, ғылыми бай мұрасы қазақ әдебиетінің ғана емес, бүкіл адамзат мәдениетінің жетістігі. Қазақ әдебиетін ғаламдық биікке көтерген, Абай әлемі арқылы халық өмірінің тұтас бір ғасырын қайта тірілтіп, ұлт тарихын көз алдымызға әкелген, қазақтың табиғатын ашқан «XX ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі» (Луи Арагон) «Абай жолы» – әлем әдебиетіне көркемдік қуат әкелген энциклопедиялық туынды. Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, дүниежүзі әдебиетінің классигі, жаңа заманғы кәсіби қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі М.Әуезовтың көркем шығармалары, драматургиясы мен әдебиеттану саласындағы зерттеулері, абайтану мен публицистикасы әлемдік әдебиетті, әдебиеттану ғылымын байытқан теңдессіз қазына. Суреткерлік шеберлігі, терең ойшылдығы Әуезов шығармаларын ешқашан ескірмейтін, әркез ойлы оқырман іздеп табар рухани құндылықтар биігіне көтерді. Жазушының «Абай жолы» романы әлем халықтарының 116 тіліне аударылған.
Көркемсөз өнерін әлемдік биікке көтерген, әлем халықтарының көптеген тілдеріне аударылған үздік туындылары арқылы қазақ мәдениетін дүниежүзіне танытқан бәйтеректеріміздің үлкен бір шоғыры – Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Олжас Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Әнуар Әлімжанов, Ілияс Есенберлин, Жұбан Молдағалиев, Бердібек Соқпақбаев, Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков, Оралхан Бөкеев, Герольд Бельгер, Мұхтар Шаханов, Ұлықбек Есдәулетовтер.
Ендігі кезекте халқымыздың жазу өнері заңғарлары туралы ашық ақпарат көздерінде жарияланған зиялы қауым өкілдерінің ой орамдарын оқырман назарына ұсынамыз. Қазақ сөз өнерін әлемдік биікке көтерген сирек талант иесі, халық жазушысы, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Ғабит Мүсірепов туралы сөз: «Ол – тарихымыздағы, ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетіміздегі ХХ ғасыр туғызған аса ірі, алып тұлғалардың бірі. Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов меңгерген тақырыптар, қозғаған әлеуметтік, рухани өмірімізге қатысты мәселелер оның шығармаларында терең көркемдік шешімін тапқандығы ұлттық әдебиетімізде ғана емес, әлемдік әдебиеттің шеңберінде де жоғары бағаланды»,– дейді Зәки Ахметов. «Ғабит Мүсірепов – ардақты ат! Мүсірепов туралы мың сөзден «Мүсірепов» деген бір сөздің мағынасы әлдеқайда бай. Мүсіреповті мақтаудың керегі жоқ, Мүсіреповпен мақтану керек!» деген екен академик Зейнолла Қабдолов. «Қыз Жібек» фильмінің сценариін Ғабит Мүсірепов жазбағанда не болар еді? Соны ойласам кейде зәрем қалмайды. …Ғабең «Қыз Жібек» арқылы қазақтың бостандығын, еркіндігін, сұлулығын және ақсүйектікті сахнаға да, экранға да шығарып кетті», – дейді Дулат Исабеков.
Ел тағдыры талқыға түскен сонау зұлмат жылдарда Ғ.Мүсіреповтің үнсіз қалмағаны, бірнеше рет басын бәйгеге тіккені жөнінде кейінгі ұрпақ біліп өсуге тиіс. 1932 жылы шілде айында ВКП (б) Қазақстан Өлкелік комитетіне «Бесеудің хаты» соның бір дәлелі. «Бейімбет «халық жауы болса, мен де «халық жауымын» деген Ғабит Мүсіреповтің бірауыз сөзі оның бүкіл қайраткерлік, азаматтық болмыс-бітімін айғақтап тұрғандай.
Айта кетейік, «Әлемдік әдебиет кітапханасы» деп аталатын 200 томдыққа Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясы мен Ғабит Мүсіреповтің этнографиялық әңгімесі енген.
ХХ ғасырда қазақ әдебиетінің кемелденуіне зор үлес қосқан Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері Әбдіжәміл Нұрпейісов – көркемсөз өнерінде өзіндік айшықты қолтаңба қалдырған қаламгер. Жазушының «Қан мен тер» трилогиясы, басқа да шығармалары отыз шақты шетел тіліне аударылып, ұлттық әдебиетімізді дүниежүзіне танытты. «Өмірдегі әділетсіздік атаулыға қарсылық білдірген қаламгер қарапайым тілмен үлкен шындықты айта білген. Осынау сөз саптаудағы қатал кірпияздығының арқасында Нұрпейісов өзіне ғана тән таңғаларлық қолтаңбасы бар, заманымыздың ең терең жазушыларының бірі дәрежесіне көтерілген». Жан Монтальбетти (Франция), «Біз, мына батыс оқырмандары, француз тіліне аударылған нағыз қазақ қаламгерлері Мұхтар Әуезов пен Әбдіжәміл Нұрпейісовті мысалға келтіре аламыз. Әуезов жайлы айтқанбыз, енді Нұрпейісовті атап өткім келеді. Иә, Қазақстан мақтана беруіне болады. … Өз халқының қасіреті мен ұлылығын паш еткен нағыз жауһар – шедеврлер бере білген жазушыларымен мақтана беруіне болады. Осының бәрі бір буын ұрпақ жазушыларының маңдайына жазылыпты». Жорж Буйон (Бельгия), «Қазақ даласындағы бір аяулы есім – Әбдіжәміл Нұрпейісов. Франция, Германия, Бельгия, Испания, Болгария, Словакия, Қытай және Ресей жазушылары мен сыншыларының пікірі бір жерде тоғысады – «Қан мен тер» трилогиясы мен «Соңғы парыз» дилогиясының авторы ірі суреткер, мэтр, әлем әдебиетіндегі елеулі құбылыс дегенге саяды». Герольд Бельгер.
Суреткердің 100 жылдығы биыл ЮНЕСКО көлемінде халықаралық деңгейде аталып өтуі де осының бір айғағы болса керек.
Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев туралы білмейтін қазақ кемде-кем. Әлемдік өркениеттің ортақ қазынасына тың көркемдік қуатпен үлес қосқан суреткер туралы: «Әбіш Кекілбаев… XX ғасырдағы қазақ қауымының, түркі әлемінің заңғар жазушысы, кешегі Мұхтар, Сәбит, Ғабит сияқты алдыңғы толқын ағаларымыздың мұрагерлерінің бірі, бұл күнгі қазақ әдебиетінің туын ұстаушылардың бірі де бірегейі». Манаш Қозыбаев. «Оның қасқа маңдайына қазақтың ар-ұяты сыйып тұр. Төле, Қазыбек, Әйтеке тәрізді төбе билердің ақылындай ақылы, даналығы, қамқорлығы, бітіспес дауды бірауыз сөзбен шешер тілмарлығы, сөйлесе сөзге шешендігі, дүниені алдына алып толғанар ой тереңдігі, шебер жазушының ұлы таланты тұла бойында тұнып тұр». Зұлқарнай Алдамжар, Байтұрсын Ілияс, «Қазақ жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Мұнара немесе аңыздың ақыры» (кітаптың немісше аты) романындағы және өзге де прозалық шығармаларындағы алуан бейнелер болмысты өнер арқылы тікелей өзгертуге құлшынады. Жазушы Ә.Кекілбаев материалды дала өмірінен алады да, өз тәжірибесіне сүйене отырып, баллада түрінде өткір драмалық прозаға айналдырады». Неміс сыншысы Зигрид Клайнмихель.
Қазақ әдебиетінің классигі, аса талантты көркемсөз шебері Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» атты туындыларын білмейтін оқырман жоқ шығар-ау.
«Бердібек өзінің еңбегімен халықтың дара жазушысы атанды. Ол тәңірінің тумасынан, жаратылыстың болмысынан, өзінің талантымен де, болмысымен де халықтың нағыз жазушы ұлы болды». Әбдіжәміл Нұрпейісов, «…Бердібек Соқпақбаев кітаптарының соңғы беттерін жапқанда, көркем шығарма оқып шыққандай болмайсың, өзіңнің ең тату-тәтті дос, жолдастарыңды ұзақ сапарға шығарып салғандай боласың. Қимайсың. Көңілің бұзылады. Бердібек Соқпақбаев шығармалары осындай. Жазушы үшін бұдан асқан бақыт болуы мүмкін емес». Мұзафар Әлімбаев, «Көзі тірісінде қазақ балалар прозасының көш басында тұрған қаламгер осы ширек ғасырға жуық уақыттың ішінде әлі де сол биіктігінен тұлғаланып көрінеді. Өйткені балалар жазушыларының арасынан Бердібек ағамыз шыққан көркемдік биіктікті әлі ешкім толық бағындыра қоймапты. …Өз заманында қазақ балаларының арасында Бердібек Соқпақбаевтай кең танылған жазушы сирек болды. Тіліндегі ойнақылық, езу жиғызбас юмор, кейіпкерінің ұшқыр қиялшылдығы, тапқырлығы мен тентектігі, ең бастысы автордың да, кейіпкердің де адамға деген шексіз махаббаты сияқты факторлар – Б.Соқпақбаев шығармашылығының ең ұнамды сипаттары. Нұрдәулет Ақыш.
1967 жылы Канн қаласында өткен Балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің халықаралық фестивалінде арнаулы жүлдеге ие болған Б.Соқпақбаевтың сценарийі бойынша түсірілген «Менің атым Қожа» фильмі күні бүгінге дейін көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп келеді. Жазушының туындылары көптеген шетел тілдеріне аударылған. Биыл Б.Соқпақбаевтың 100 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтіп, Парижде француз тіліндегі «Менің атым Қожа» кітабының тұсауы кесілді.
Дайындаған
Рымтай КӨКЕНАЙҚЫЗЫ