МЕН ТАНЫҒАН РАСУЛ!
22.04.2025
89
0

Кейде маған қайтпай қалған майданнан,
Қайран ерлер – ерте үзілген гүлдердей.
Қабірде емес, сонау биік заңғарда,
Аппақ-аппақ құс боп ұшып жүргендей.
Расул Ғамзатов

Алматы. Алатау

1966 жылдың күзі болатын. Жаз бойы елінде демалған студент­тер Алматыдағы Орталық стадионға енді ғана жиналып жатқан. Институт­та алғашқы лекциялар да басталып кетіп еді.
«Жалпы геологиядан» сабақ беретін ұлы геолог, ұлы ұстаз Георгий Медоев алғашқы лекцияға кешігіп жеткен біздерге, кең құшағын ашып: «Жас дарындар, жас геологтер, төрлетіңдер! Оқуға ешқашан кеш емес!» – деп бізді көтере сөйлеп қарсы алатын. Георгий ағайдың лекцияларына кешігу күнә еді. Біз жорғалап барып орнымызға жайғаса бастайтынбыз. Ол кісі келістіріп лекция оқитын. Мен өмірімде көп лекция тыңдадым. Дәл Георгий ағайдай лекция оқитындар Кеңес Одағында аз еді. Телегей теңіз білім, қуақы тіл, ашық, адал ой, біздей жасты баурап алып кетуші еді-ау. Өмірімде ғұлама ғалымдардан алған тәрбие мен білім, маған Алланың сыйы болып көрінеді.
Лекциядан соң, дене шынықтыру кафедрасының бастығына жолықтым.
– Дағыстанда еркін күрестен студент­тер арасында Кеңестер Одағының біріншілігі өтеді. Сен барамысың?
– Білмеймін. Әбілсейіт аға Айханов рұқсат берсе, баруға болады.
– Онда Әбекеңмен сөйлес.
– Көрейін, – дедім, – ол кісінің мінезі ауыр ғой. Амангелді Ғабсат­таров болса, еркін айтуға болар еді.
– Амангелді ағай әлі бір жыл спорт ротада болады.
– Білемін, – дедім, – бүгін жат­тығуға келмек.
– Екеуімен де сөйлес. Сенің барғаның дұрыс, – деді кафедра меңгерушісі.
Кешкі жат­тығуға Орталық стадион­дағы залға бардым. Жастар арасындағы құрама команда үлкендермен бір залда жат­тыға беретін кез.
Менің жас көңілім залда емес, Дағыстанды шарлап кеткен. Дағыстандағы ұлы ақын Расул Ғамзатов пен бес дүркін Әлем чемпионы Әли Әлиевпен кездесуді армандағалы қашан!
– О, Дағыстан! О, Кавказ таулары! О, Каспий теңізі! – деп дауыстап-дауыстап аламын. Көшедегі жұрт маған аңтарыла қарап қояды. Мына бала «Есінен адасқаннан сау ма?..» деп ойлайтын болса керек.
Ал мен Расулдың өлеңдерін дауыстап Алматының көшесінде оқып келе жатырмын.
…Өзге бір тіл емдер басқаларыңды,
Мен онымен айта алмаймын әнімді.
Егер тілім ертең болса құрымақ,
Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ.
Мен жаныммен сүйем осы тілімді,
Кедей деп-ақ айта берсін білімді.
Ассамблеяда естілмесін сөзі де,
Ана тілім – ұлы менің өзіме.
Махмұд жырын оқу үшін жас қауым,
Күте ме әлде аударуын басқаның?
Мен болдым ба ең соңғы ақын бүгінде,
Өлеңдерін жазар авар тілінде.
Қазақ тілі де орыстың айдауында қуғынға түсіп жатқан. Орыс империясы өзінің қанқұйлы саясатынан тайған емес. Совет Одағы деген мемлекет бар, ал оның басты – мақсаты орыстандыру саясаты, өзге ұлт­тарды тізерлету саясаты. Орыстарда одан өзге саясат та жоқ, тәрбие де жоқ. Біздің бабаларымыз, «орыспен дос болсаң, айбалтаң қасыңда болсын» деген. Бұл ойды қазақ қана емес, орыстың боданында күн кешкен бар халық айтады. Дауыс көтеруге шама жоқ. Қарсы шығуға қайрат жоқ. Қару орыстарда. Билік те орыстарда.
Қазақстан елінің еркін күрестен құрама командасы залға енді ғана жиналып жатыр екен. Мен бірден Әбілсейіт ағама жақын барып, Махачкалада өтетін жарыс туралы айт­тым.
– Білем, – деді асып-саспайтын Әбіл ағам, – сен ол жарыста не істемексің?..
– Күресем.
– Екі ай бойы кілем көрмей, Семейді таптауырын қылған бозбала, сен қалай күреспексің?..
– Жарысқа әлі жиырма күн бар ғой, Әбіл аға. Дайындаламын.
– Сенің тынысың-дыхалкаң бір белдесуге де жетпейді.
– Бестікке кіре алам деп ойлаймын.
– Бүкіл Кеңес Одағының жарысында үштікке кіру керек. Ол үшін арнайы, тиянақты жат­тығу керек. Бар, шешін! – деді Әбіл аға.
Менің жат­тығудағы қимыл-қозғалы­сымды Әбіл ағаның ерекше байқап отырғанын сездім. Әрине, тыныс жоқ еді. Бұлшық ет­тердің қатайып қалғанын өзім де сезгем. «Бұлшық ет­тер ойнамаса, жас шіліктің талындай иілмесе, бойда кең тыныс болмаса, күресіп қарық қыла алмайсың» деген ой мені де іштей қинап жатқан. Бірақ жүректі тулатқан ұлы Дағыстан көз алдымнан кетпей тұрып алған. Авардың ұлы ақыны Расул Ғамзатовтың өлеңдері де көңіл есігін тоқпақтап жатқан болатын.
Жат­тығудың соңында Әбіл ағама теңдессіз палуан, менің досым Аманжол Бұғыбаев тақап барды.
– Әбіл аға, мен білсем, Ролланды Махачкалаға жіберген дұрыс болады. Расул Ғамзатовтың бар өлеңін жатқа біледі. Оны өзіңіз де білесіз, – деп майдалап сөйлеп берген, – Кавказда ақын ағасымен кездессін…
Әбіл аға үндеген жоқ. Тек Аманжолға қабағын түйіп жалт қарады. Аманжол артқа сальто жасап, кілемнің сыртына қарай ойыса берді. Батыр ағам енді менің көзіме туралай қарап бөгелді.
– Расулдың бір өлеңін оқы! – деді бұйыра сөйлеп.
Қаптаған сөздің ішінен,
Аламын сөзді бір өрт­тей.
Арнап бір келген кісіге,
Таңдап бір салған сүр ерт­тей.
Мықтырақ шығар өзгелер,
Барым да осы бір менің.
Жет­тің бе жерге көздеген,
Жетпедім бе, оны білмедім.
Өлеңнің Әбіл ағаға ұнағанын сездім. Енді мен де батыр ағамның көзіне тіктей қарап қалдым.
– Осы сен әдебиет­ті ұнатасың. Түбі жазушы болмақсың ғой, а?..
– Әбіл аға, ондай ойым бары рас. Бірақ оны Алла ғана біледі ғой, – дедім.
– Дағыстанға барғың келсе, бар. Қарсы емеспін. Үштікке кіре алмассың. Бестікке кіруге тырыс. Сен өзі қалай-қалай сөйлейсің?!. Аллаға табынғансың-ау осы.
– Табынғам аға!..
Әбіл аға түк айта алмай тұрып қалды. Қазақстан құрама командасының бас жат­тықтырушысы Федор Матушак:
– Бала саған не айт­ты? Үндей алмай қалдың ғой, – деді.
– Ол баланың не айтқанын менің өзім де ұқпай тұрмын, – деді Айханов.
Мен залдан далаға шыққанда, қарсы алдымда көкпеңбек ұлы Алатау тұр еді…

Дағыстан. Теңіз

Түнде Маңғыстаудан Махачкалаға дейін Каспий теңізінің үстімен ұштық. Мен иллюминатордан көз алмаймын. Бірақ көретінім, Каспий теңізі ғана. Қап-қараңғы түнек. Сол кезде есіме «Ахвахта» деген Расул ағамның өлеңі түсті.
… Жанымды бұл ән жайлы ет­ті,
Білмедім бірақ нені ұқты.
Жігіт­тер көздеп әйнекті,
Жіберді қызға бөрікті.

Қыз бірақ мені жұбатып:
– Тоқтай тұр – деді алайда –
Ертерек кепсің ұнатып,
Кейін кел, қалқам, жарай ма?

Бөріктер іске кірісті,
Мен де оған үміт артамын.
Әйнекке қарай тік ұшты,
Менің де сәнді қалпағым.

Бір кезде өзім байқадым,
Бәрінен асып әр қарай.
Жалп ете қалды қалпағым,
Жаралы болған қарғадай.

Көңілге медеу бергелі,
Көзіме қарап ол менің:
– Кешігіп қалдың сен, – деді –
Ертерек неге келмедің?

Осылай ылғи өмірде,
Арманды қуам көсіліп.
Ертерек келіп мен бірде,
Қаламын бірде кешігіп.

Махачкаланың от­тары көрінді-ау ақыры!.. О, Дағыстан! О, Расул аға! Таң енді ғана ата бастаған. Ұшақ қонды. Ел орындарынан тұра бастады. Мен ғана тұрғам жоқ. Елдің соңынан бір-ақ шығайын деп ойладым. Мен ұшақтан шыққан кезде, көз алдымда Дағыстанның көкшіл Тарки тауы көлбеңдеп тұр еді. О, сұлулық деп осыны айт!..

Махачкала.
Дағыстан шалдары

Қонақүйде жатып демалдым да, Махачкаланың базары қайда екенін портьеден сұрадым. Батыр тұлғалы жігіт:
– Такси шақыртайын, – деді.
– Жоқ, жаяу жетемін, – дедім.
– Онда біз саған жас жігіт­ті қоса­йық, апарып салады. Сіз палуандардың ортасынансыз ғой.
– Иә, – дедім, – бүгін Дағыстанның жазушылар үйін, содан соң, Әли Әлиевтің күрес мектебін, содан соң, Махачкаланың базарын көргім келген.
Батыр тұлғалы жігіт күркіреген дауысымен:
– Магомед, – деп дауыстады.
Жап-жас жігіт бөлмеден атып шықты.
– Мына жігіт Қазақстаннан келген палуан екен, көретін жері бар, соның бәрін көрсет, – деді. Бұйырып айт­ты. Маған күлімсіреді, – сізге демалу керек еді.
– Расул ағамды, Әли Әлиевті, Дағыстанның шалдарын көрсем, мен бақыт­ты боламын, – дедім, – атың кім, батыр аға?
– Магомед!..
– Бүкіл Дағыстан Магомед екен ғой, – деп күлімсіредім.
– Махмуд бар, Расул бар, Шамиль бар, біз Магомедтер де бармыз, – деп ол күлімсірей қолын созды, – мына Магомед сізге бәрін көрсетіп, қонақүйге алып келеді.
Расул аға да, Әли Әлиев те Мәскеуде екен, біз базарды бетке ұстадық.
Магомед үнсіз, мен де үнсізбін. Күн ыстық еді. Базарға келгенімізде Дағыстанның ақсақалдары қаз-қатар отыр екен.
– Ассалаумағалейкум! – деп сәлем бердім.
– Уағалейкумассалам, – деп, олар менің сәлемімді қабыл алды.
Мен қастарына жайғастым.
– Базарға кір, – деді олар.
– Менің сіздердің қастарыңызда отыра тұрғым келеді.
– Қайдансың?
– Қазақстаннанмын.
– Дешті-Қыпшақтан ғой, баламыз, – деді біреуі.
– Қашан келдің?
– Таңертең.
– Ұшақпен келдің бе?
– Иә, ұшақпен.
– Каспийді Маңғыстаудан ассаң, бізге тура жетесің.
– Не қылып жүрсің?
– Кеңес Одағының студент­терінің чемпионатына келіп едім. Әуелі, сіздерге сәлем берейін, – дедім.
– Аллаху әкбар!.. Келуің жарассын!
– Сіздердің отырыстарыңыз да жарассын!
– Расул Ғамзатовқа сәлем берейін деп едім, таппадым. Ол кісі Мәскеуде екен.
– Расул ылғи Мәскеуде.
– Оның жұмысы көп.
– Ол Дағыстанның елшісі ғой.
– Ұлы елшісі, – деп мен сөзге араластым.
– Оны өзі біледі. Біз білмейміз, – деді бір папахалы-бөрік киген ақсақал. Ақсақалдардың бәрінің басында елтірі бөрік бар еді. Ақ, көк, сарғыш, қоңыр – бәрі де сұлу болатын.
– Әли Әлиевтің күрес мектебіне де бардым. Әли ағам да Мәскеуде екен.
– Ұлы дағыстандардың бәрі де Мәскеуде, – деді бір ақсақал.
– Ал Дағыстанда кім бар? – дедім күліп.
– Дағыстанда ар-ұят бар, намыс бар, сауап бар, борыш бар, Шәмілдің рухы бар.
– Қажымұрат­тың рухы ше?
– Ол да бар. Мынау сөйлегіш жігіт екен. Шарап ұсынайық.
– Дұрыс айтасың, – деді тағы бірі.
Шалдар мүйіз құтыға таласып шарап құйды.
– Мен Расулдың бір өлеңін оқиын, – дедім.
– Сен аварша білемісің?
– Орысша оқимын.
– Оқы! – деді көк бөрікті шал, – оқы.
Мен Расулдың бірнеше өлеңін оқыдым. Шалдар үнсіз тыңдады.
– Қалай екен? – деді Магомед.
– Аваршасы керемет қой. Орыс­шасына біздің өреміз жетпейді, – деді көк бөрікті ақсақал.
– Дағыстанда он төрт тіл бар. Сол он төрт тілде Дағыстанның ақындары өлең жазады. Орыстың тілі болмаса, біз бір-бірімізді түсіне алмаймыз, – деді сары бөрікті қағілез шал.
– Оу, ақсақалдар, қазақ палуаны Расул ағамыздың өлеңдерін орыс тілінде керемет оқыды ғой, – деді Магомед.
– Келісті оқыды.
– Сөз жоқ.
– Орысша ырғағын келтірді.
– Қол соқпайсыздар ма? – деді Магомед, – қол соғу керек.
– Қол соғатын бұл саған театр емес, – деді көк папахалы шал, – қазақ пал­уаны Расулдың өлеңдерін жақсы көреді екен. Жарап тұр!..
– Жарасып тұр! – деп қостады шалдар.
– Өлең үшін шарап көтерейік! – деді Магомед.
Бәрі бірдей мүйіз құтыларын тік көтерді. Әркім өз тілінде бір-бір ауыз сөз айт­ты. Мен олардың не айтқанын түсінгем жоқ. Түсініп керегі де жоқ еді. Бәрін жайдары жүздері анық аңғартып тұрған.
Бір мезгілде шалдар бірін-бірі бұза жарып сөз жарыстырып кет­ті. Маған күлімсірей қараған Магомед екі иығын көтерді.
– Мен аварша ғана білемін, – деді.
– Оқа емес, сөйлей берсін.
– Жүр, базарды бір айналып келейік. Шалдар поэзия туралы дауласа берсін, – деп күлді Магомед.
Біз бір сағат­тан кейін шалдарға қайтып оралсақ, олар бірталай қызып қалғанға ұқсады. Бәрінің де жүзі жайдары еді.
Кең кеуделі, ірі тұлғалы, жасыл бөрікті шал маған бұрыла қарап сөйлеп кет­ті. Мен аузымды ашып, сілейіп тұрып қалыппын. Кең кеуделі, ірі тұлғалы шал таза қазақша сөйлеп тұр еді.
– Балам, таңданба, мен құмық тілінде сөйлеп тұрмын. Біздің тіліміз қазаққа, қазақ тілі құмық тіліне жақын. Өте бауырлас тілдер. Құмықтан оқымыстылар көп шыққан. Олар қазақты өздеріне жақын көреді. Туыс, тектес, тілеулес халықтармыз. Мына шалдардың бәрі өз халықтарының текті адамдары. Осыларды үйіме шақыра алмай жүр едім, сен жақсы келдің. Сені Құдай тағала маған арнайы жіберсе керек, – деп барып, дос-жар шалдарға тіл қат­ты, – шалдар, жүріңдер, мына палуан баланы ортамызға алып біздің үйге барайық. Қазақ жұртына арнап қой соямын. Менің жақсы шарабымнан дәм татасыңдар.
Шалдар орындарынан асықпай тұрды. Жеңіл шапандарын қақты.
– Ақсақалдардың артынан ілесейік, – деді Магомед.
Біз Дағыстанның қайсар, ақылды, кемеңгер ақсақалдарының соңына ердік.
Құмық ақсақалдың ауласы ақсақал­дарға толды. Қара қойды құрбандыққа шалдық. Бәрі мәре-сәре болды. Бәрі көңілді. Бәрінен көңілді құмық шал болатын.
– Мен бақыт­тымын! – деді ақсақал, – алыстан қазақ бауырым келді. Дағыстанның асыл көш басшылары да осында. Аман болайық!..
Бұл керемет тост еді. Достық, бауыр­мал­дық, туыстық тост болатын.
Астан соң, мен Әли Әлиевтің күрес мек­тебіне баратынымды айт­тым. Ақса­қалдар гуілдесіп баталарын беріп жат­ты. Таудың тасындай гүрілдеген Дағыстан ақсақалдарының дауысы ерек­ше еді-ау! Кей-кейде сол аяулы ақ­сақал­дар түсіме енеді. Өздерін көріп, гүріл­деген дауыстарын естіп қалатыным бар.
– Қазақ туған, біз сенің күресіңе барамыз. Сен үшін жанкүйер боламыз. Қорықпа! – десті олар, – шабуылың жемісті болсын. – олар Магомед екеумізді қақпаның алдына дейін шығарып салды. Шеп құрып тұрып алып қолдарын соза көтерген Дағыстан ақсақалдарының мейірбан жүздері, мен тіріде ұмытылмас.
Ал еңгезердей құмық ақсақалы қақпасының есігін кең алақанымен басып тұрып, Расул Ғамзатовтың бір ауыз өлеңін құмық тілінде оқыды. Маған тесіле қарап айтқан өлең сөздері жойқын ойға толы еді.
Ей, жолаушы, біздің үйге соқпасаң,
Сені қара басқаны!
Ей, жолаушы, сені сыйлап бақпасам,
Мені қара басқаны!
О, ұлы Расул ағам, о, Дағыстанның жүректерін жыр күмбірлеткен шалдары, сендерді қалай ұмытарсың?!. Сендер тірі болыңдар, әйтпесе пендешілікке бой алдырған біз бұ дүниеден адасып та, алжасып та жоғалып тынармыз.

Әли Әлиевтің күрес залы

Бес рет Әлем чемпионы болған ұлы палуан Әли Әлиев ерекше адам болатын. Мен көп жыл өткен соң, Мәскеуде Әли Әлиевпен талай рет кездестім. Ол дәрігер, ғалым, асыл азамат еді. Өмірден ерте озды. Өкінішті.
– Мен бес рет Әлем чемпионы болдым, бірақ бірде-бір рет Олимпиада чемпионы бола алмадым. Өкінбейтін адам болмайды. Мен де өкінемін. Мен кімнің қашан, қайда чемпион болатыны да Аспанда жазылып қояды деп ойлаймын. Бәрі Алланың қолында!
Ағынан жарылып айтқан Әли ағам­ның сөздері естен кетпейді.
Әли Әлиевтің залы жақсы жабдық­тал­ған күрес мектебі екен. Палуан болуға тырысқан жастар өте көп. Дағыстанда екі ұлы адам бар.
Біреуі – әрине, ұлы ақын Расул Ғамзатов. Екіншісі – ұлы палуан Әли Әлиев. «Дағыстанның жартысы ақындар, жартысы палуандар-ау» деп ойладым.
Күрес залында мен қысқа жат­тығу өткіздім. Кеңес Одағының чемпионы Аслан Зәуірбеков мені танып, құшағын ашып сәлем берді. Новосибирскіде болған үлкен жарыста танысқанбыз. Ол маған Ресей палуандарына қарсы қоятын екі мықты әдісті көрсет­ті. Бауырмалдық таныт­ты. Жарыс басталуға үш күн бар еді.
– Күнде кешке келіп, бізбен бірге жат­тығу жасауыңа болады, – деді Аслан, – жігіт­терге өзім тапсырамын. Қонақүйің қолайлы ма? Қаласаң, менің үйімде бол.
– Рақмет. Қонақүй ыңғайлы екен.
Спорт­тық достық – өзгеше әлем. Өзгеше тамырлық. Өзгеше таным. Өзгеше түсінік.

Каспий теңізі. «Волна» рестораны

Таңғы алтыда тұрып алып, Каспий теңізінің құмдауыт жағалауымен жарты сағат жүгірдім. Онан көпке шама жоқ болатын. Әбілсейіт ағамның айтқан тыныс-дыхалка проблемасы алдымнан көлденең шыға берген. Көкпеңбек теңіз суына сүңгіп кетіп ақырын жүздім.
Содан кейін құмдауыт жағалауда шалқамнан жатып алып, көк аспанға телмірдім. Құм салқын, ал көкте бір шөкім бұлт жоқ еді. Күн енді ғана көкжиектен көтеріле берген. Осыдан екі күн бұрын ғана Алатаудың бауырында жүр едім, кешеден бері Дағыстанның көгілдір аспанының астында, құдірет­ті Каспий теңізінің жағасында отырмын. Мен жарысты ойлағам жоқ, Дағыстанды ойлап кетіп едім. Дағыстанның шалдары да жүрегімді баурап алған. Дағыстанның шалдары бір бөлек еді. Бірақ бұлардың қайсысы болса да мейірімге кең, достыққа берік жандар болатын. Ғайыптан ойыма Расулдың тағы бір өлеңі оралып, тілімді қышыт­ты.
Елім жайлы мынау жалпақ әлемге
Бір дұрыстап айта алмадым,
Не керек?!

Өз тілімде әнімді бар әлемге
Шырқап, мауқым баса алмадым,
Не керек…

Бар еді бір сыр сандығым әуелде,
Сыр-сандығымды аша алмадым,
Не керек?!
Отаны бар, сол Отанның жан жүрек соғысын әлемге паш ете алмай қиналыс­қа түскен ақын жаны жылап тұр еді. Қайран ақындар-ай, сендер болмасаң­дар, елімізді жанымыздан артық қадірлеуге бізді кім баулыр еді?!. Бұл тірлікте ақындардан басқа ешкім де үйрете ал­мас. Ал ол дүниеде біздің кім болатыны­мыз белгісіз. Тән өліп қара жерге кіреді, ал жан шетсіз де шексіз кеңістікте ағып жүре береді.
Ғұмыр – қысқа, ой – шексіз, жан – мәңгі.
Каспийдің жағасында бой көтерген «Волна» рестораны көз тартады. Сол ресто­раннан таңғы асымды іштім. Екін­ші қабат­тан шексіз Каспий теңізі күн астында манаурап жатыр еді. Таңғы толқындары баяу тыныстап, жағалауды аялай соғады. Теңізде де жан жоқ. «Волна» ресторанында да менен басқа жан жоқ болатын.
Ал Дағыстан таңғы ауада емін-еркін талықсып жатыр.
Менің махаббатым да – қос бұтақты
шынардай,
Бірі – жаңа көктеген, бірі – шіріп
сынардай.
Менің махаббатым да – қос қанат­ты
қырандай,
Бірі – көкке құмартып, бірі – жатыр
тұра алмай.
Кетпей жүрген қашаннан қос жара
бар жанымда,
Бірі – бітіп келеді, біреуі – жүр
қанымда.
Дәл осылай әрдайым: бір-біріне жалғасып,
Қуаныш пен қайғы да тұрады ылғи алмасып.

Махачкала
Жазушылар одағы

Махачкаладағы Бүкілодақтық студенттер турнирі аяқталды. Мен бестікке кірдім. Бұл үлкен жетістік болатын. Әбілсейіт Айхановқа телеграмма салдым. Бүкілодақтық студенттердің құрама командасына кіргенімді, жиырма күн Махачкалада жаттығу жасайтынымызды айттым. Әбіл ағадан телеграмма алдым. «Тәубә. Айханов» деген екі ғана сөз. Бұл Әбекеңе тән стилі еді. Махачкаланың почтальондары «Тәубә» деген не сөз?» деп екі күн есімді шығарғандары бар.
Расул Ғамзатов Махачкалаға келді. Ертең жұмыста болады деген хабар алдым. Менің қуанышымда шек жоқ еді. Алматыдан алған «Четкий лет» деген Расулдың Мәскеуде шыққан кітабын қолтығыма қысып, Жазушылар одағына шауып бардым.
Қабылдау бөлмесінде адам көп екен. Хатшы әйелге кім екенімді айттым. «Автограф алайын деп Алматыдан келдім. Студентпін», – дедім. Хатшы әйел кітабымды алып ішке кіріп кетті де, лезде қайта шықты.
– Күте тұр, – деді.
– Күтемін, – дедім.
Расулдың кабинетіне біреу кіріп, біреу шығып жатыр.
Түске таман ғана мені шақыртты-ау ақыры. Расул Ғамзатов төрде жалғыз отыр екен. Қолында мен беріп жіберген кітап.
– Қай баласың? – деді.
– Қазақпын.
– Мұнда неғып жүрсің?
– Палуандардың жарысына келдім.
– Қалай болды?
– Бесінші орын алдым.
– Өте жақсы. Дағыстанда аварларды, Ресейде орыстарды ешкім жеңе алмайды, – деп күлді.
– Атың кім?
– Роллан.
– Оу, сен Ромен Роллан екенсің ғой. Жарадың! Мұхтар Әуезовті білемісің?
– Өзін көргем жоқ. Кітаптарын оқыдым.
Расул Ғамзатов бір сәт ойланып үнсіз қалды да, қайта тіл қатты:
– Жазушыларға жақын болудың керегі жоқ. Кітаптарын оқысаң да жетеді.
– Сіздің барлық кітаптарыңызды оқығам.
– Сен өзі мықты жігіт екенсің ғой. Өлеңді жатқа оқи аласың ба?
– Оқимын. Сіздің өлеңдеріңізді оқиын.
Расул Ғамзатов таң-тамаша болып маған күлімсірей қарап алып, хатшы әйелді шақырды.
– Біздің жігіттерді жина, – деді.
Бірнеше жігіт кабинетке кірді де, не тұрарын, не отырарын білмей тұрып қалды.
– Мына жігіт – студент. Палуан. Осында өткен жарыстан бесінші орын алыпты.
– Жақсы күресті. Тынысы жетпеді, әйтпесе үшінші орынға көтеріліп кетуге мүмкіндігі болды, – деді бір жасы үлкендеу адам.
– Менің өлеңімді жатқа оқимын дейді.
– Қай тілде? – деп сұрады біреуі.
– Қазақша да оқимын. Орысша да оқимын.
– Мен марқұм Мұхтар Әуезовке өз өлеңімді Алматыдағы үйінде аварша оқып едім, – деді Расул Ғамзатов.

Тау шыңдары жап-жақын боп көрінер,
Етегіне созсаң қолың жеткендей.
Өрмелесең, жете алмассың шегіне,
Жер түбіне бір-ақ көшіп кеткендей.
Өлең жазу әншейін-ақ шығардай,
Жазған кезде, жан терің де төгілер.
Екі сөздің басын дұрыс құраудан
Шыңға шығу оңайырақ көрінер.

Жұрт таңғалды. Мен енді Расул ағамның орыс тіліндегі өлеңін оқып кеттім. Артынша Расул да, жазушы жігіттері де қол соқты.
Расул мені бауырына тартып құшақтады. Үстелінің тартпасынан әдемі қалам алып шықты.
– Сенің атың Роллан. Француздың аты. Кезінде маған Луи Арагон мына бір қаламды сыйға тартып еді. Енді осыны мен саған сыйладым. Бақдәулет, сендер мына жас жігітті тамақтандырыңдар, құрмет көрсетіңдер, Луи Арагонның қаламына жақсы сия құйып беріңдер! – деп бұйырды. Артынша:
– Сен Алматыға барғанда, Мұхтар Әуезовтің музейіне менен сәлем айт. Ол ұлы адам еді ғой. Рухына бас ій, жас досым.
Мен ол кезде он тоғыз жаста едім. Ал Расул Ғамзатов қырық екі жаста болыпты.

Ресей. «Москва» қонақүйі 

Әнуар Әлімжановты «Домодедово» аэропортынан қарсы алып, «Москва» қонақүйіне орналастыруға алып келдім. Фойеде кісі жоқ екен. Әнекең депутаттық куәлігін беріп, бөлменің кілтін алған кезде, қонақүйден Расул Ғамзатов екі авар жігітімен фойеге шыға келді. Әнуарды көрген Расул, күлімсіреп, Әнуар ағамызды құшақтап, бауырына басты.
– Қазақтың ұлы жазушысын қай қабатқа орналастырдыңдар? – деп сұрады Расул, – менің бөлмеме жақын жерден орын табыңдар.
Кезекші әйелдер Расулдың сөзін бірден ұғып, Әнекеңнің құжаттарын қайтадан тіркеді.
– Әнуар, мені «Молодая гвардия» баспасының директоры тосып отыр. Мен жылдам ораламын. Келген соң бірге тамақ ішейік, – деді, – ресторанға барма. Біз жүрген жерде сөз көп болады. Менің бөлмемде кездесейік.
– Расул Ғамзатович, кездесу менің бөлмемде өтсін. Аз ғана гонорар алған едім. Сізбен бөлісейін.
– «Молодая гвардия» маған гонорар беруі керек. Ақшаны бірге жұмсаймыз, – деп күлді.
Әнекең бөлмесіне үлкен дастарқан жасатты.
– Расулды Алматыға шақыртқам, келе алмады. Ыңғайы Мәскеуде келді. Дұрыс дастарқан жасатайық, Роллан.
Бір сағаттан соң, Расул Ғамзатов Әнекеңнің бөлмесіне кірді де, сәл тоқтап қалып барып, қасындағы екі авар жігітіне қарады:
– Үлкен халыққа, үлкен бөлме береді, – деп жымиды. Сендер менің бөлмемнен Дағыстанның бір бөшке коньягын әкеліңдер, – деп бұйрық берді.
Екі авар азаматы асықпай бөлмеден шығып, бір емес, екі бөшке коньяк әкелді.
Расул Ғамзатов үстелге қойылған екі бөшке коньякқа күлімсіреп қарап алып, Әнекеңе бұрылды:
– Әнуар, Мәскеуде қанша күн болмақсың?
– Он күн шамасындай.
– Жиырма күндей болсайшы. Кей кейде Алматыдағы жазушылардан да, Жазушылар одағынан да демалу керек. Сен демалуды білмейсің. Ал бүгін Жоғарғы Кеңестің жиналысы бітті. Мен боспын. Дағыстанда арақ іше алмайсың. «Москва» қонақүйінде тығылып арақ ішуге болады. Ақшаң жетпей қалып жүрмесін?!
– Қорықпаңыз. Ақша жетеді. «Литературная газетаның», «Советский писательдің» баспаларының директорлары да келеді. Бізбен бірге кең отырыңыз.
– Менің тілегенім де осы ғой, – деп Расул Ғамзатов Әнуарды өзімсіне құшақтады, – қазақтардай қонақжай халықты мен көрген емеспін, – деді Расул Дағыстан бауырларына бұрыла қарап, – «Менің Дағыстаным» кітабын мына Әнуар Әлімжанов қазақша шығарды. Шын жүрегімнен алғыс айтамын. Шарап құйылды ма?..
– Құйылды…
– Олай болса, «Менің Дағыстаным» үшін емес, Менің Қазақстаным үшін осы шарапты ішіп қоялық, – деді Расул.
– Бұл керемет сөз болды! – деді Расулдың досы, ақын Омаргаджи Шахтаманов.
– Керемет ішу бар, – деп жымиды Расул.
– «Менің Дағыстанымды» қазақтың атақты ақыны Ғафу Қайырбеков тамаша аударды. Қазақ елі сіздің кітабыңызды сүйсіне оқуда. «Жұлдыз» журналына арнайы басылды. Журналдың тиражы 265 000.
– О-о-о! Бұл тираж-ақ, – деді Расул. – Ғафуға рақметімді жеткіз.
– Қазақстанға шақырдым, келмедіңіз.
– Әнуар досым, менің екі Құдайым бар ғой. Біреуі – Совет Одағының Жоғарғы Кеңесі. Екіншісі – Патимат. Біздің үйдегі жеңгең. Бұлар өте қатал. Адам жанын түсінбейді. Ақын жанын жандарына жолатпайды. Ақынға қарсы шабады немесе тіксініп тұрып алады. Ал көктегі Құдай мені түсінеді, тіптен жақсы көреді. Коньяк ішіп отырғанымда маған көзін қысатыны да бар. Осы «Москва» қонақүйінде «Менің Дағыстанымның» жарты қолжазбасы жанып кетті. Қонақтардың бірінің темекі қалдығынан от алса керек. «Менің Дағыстаным» жанып жатқанда, мен ұйықтап жатқам. Таңертең күл болып жатқан қолжазбамның бір бөлігін көргенде есім ауысып кете жаздады. Бар күшімді жинап, қайтадан жазуға отырдым. Далаға да шықпадым, серуенге де шықпадым, Дағыстанның тауларында тығылып жатып, қайтадан «Менің Дағыстанымды» жаздым. Намысымды шақырдым. Рухымды тіктедім. Енді ойласам, маған Кавказ таулары, Дағыстанның әулиелері көмектесіпті. Олар болмаса 600 беттік кітапты Ғамзат Цадасаның баласы Расулдың қайта жазып шығуы мүмкін емес еді. Әнуар, сен қайда барасың? Отыр…
– Балконда темекі тартайын.
– Әнуар, сен – ұлы азаматсың, Сендей ұлы түркі жігіті жоқ, оны бәрі біледі. Бірақ ешқайсысы сені мақтап сөз айтпайды. Біздің жігіттердің іші тар, көңілдері қараңғы, шексіз эгоизм ауруына шалдыққандар. Сен оларға қарама. Сен – өте жоғары мәдениетті адамсың, орысшаласақ интеллигентсің, өз үйіңде отырсың, өз үйіңде сөйле, темекіңді тарт, бәрі жарасымды. Сен сөз сөйле, Әнуар, сен темекі тарт, Әнуар. Дәл бүгінгідей кеш қайтып келмейді!
Сол кеште Әнекеңнің бөлмесіндегі дастарқанды Расул Ғамзатов басқарды, сөз сөйледі, ән айтты, әзіл айтты. Түнгі бірде ол бәрімізді Мәскеудегі үйіне шақырды.
– Патимат Махачкалада. Еркін отырыңдар, – деді Расул.
Сол түні, өз үйінде Расул Ғамзатов грузиннің «Арагви» ресторанынан тамақ алдырып, үлкен дастарқан жасатты.
– Әнуар, сенің бөлмеңде мен қожайын болдым, ал менің үйімде дастарқанды Дешті Қыпшақтың асыл ұлы сен басқар, – деді.
Біз таңды атырғанша отырдық. Қандай әңгімелер айтылды, қандай тарих беттері шуылдап, күңіреніп, жылап ашылып, жылап жабылып жатты. Сол кеш пен сол түн менің есімде мәңгі қалды.
Енді қарасам, сол отырыстан тірі қалған мен ғана екенмін.
Сол аяулы ағаларымды еске түсірген сайын көзіме жас келеді.
Дүниеден ұшты-күйлі жоғалып бара жатқан ар-ождан арқырап айбат шегеді. Енді не істейін?!.

Переделкино

Күз еді. Жазушылардың Переделкинодағы творчестволық санаторийі сап-сары алтын жапырақтардың құшағында көміліп қалыпты. Шың еткен дыбыс жоқ. Манаураған тыныштық. Жазушының жанын рақатқа бөлейтін тылсым кез. Сап-сары жапырақтарды жапырып ақырын қозғалып келе жатқан егде адамды көрдім. Алыстан кім екенін шырамыта алмадым. Егде адам маған жақындап келгенде ғана таныдым.
Ол ұлы ақын Расул Ғамзатов еді. Екі қолымды бірдей көтеріп, қадірлі адамға қарсы жүрдім.
– Расул Ғамзатович! – дедім дауыстап. Өз ойымен өзі болып, көзін төмен салып келе жатқан қарт адам лезде басын көтеріп алып, маған тура қарады.
Бұл егде адам, Махачкалада мен көрген қырық екі жастағы жарқылдаған жарық жұлдыз Расул Ғамзатов емес еді, «Москва» қонақүйінде бізді ыстық, бауырмал құшағына қысқан асқар ойлы, ақылды Расул Ғамзатов та емес еді, бұл егде адам бойына қарттық қонған Расул Ғамзатов болатын. Қартайған Расул Ғамзатовты көру маған ауыр тисе де, сыр білдірмей күлімсіреп келіп, төсіне төсімді тигізіп амандастым.
Бұл 2002 жыл болатын.
– Қазақстан аман ба?– деп сұрады Расул ағам, – өзіңнің халың қалай?
– Рақмет, Қазақстан аман, хәлім жаман емес.
– Керемет де! Бізді жамандайтындар көп.
– Хәлім керемет, Расул аға!
– Бұл дұрыс жауап. Енді ылғи «Керемет!» – деп жүр. Оны маған Олжас Сүлейменов үйретті. Ол қашан да «Керемет!» деп жауап қатады.
– Өз халыңыз қалай, Расул Ғамзатович?!.
– Керемет! Бірақ қарттық қақпасын ашты. Аздаған ауру-сырқау бар. Оған да көнбей жүр едім, асыл Патимат дүниеден озды. Енді жалғызбын, – деп ойланып тұрып қалды, – жалғыздық деген жалмауызбен жалғыз шайқасып жүрмін. Сен мұнда қашан келдің?
– Түнде.
– Бәсе, сені тамақ ішкенде көрмедім. Менің келгеніме де үш күн болды. Наум Гребневпен үлкен біртомдық орысша кітабымды қарап жатырмыз. Жазу үстелінде ұзақ отыра алмаймын. Біраз жүруге шықтым. «Серуендеу керек» дейді дәрігерлер. Олардың айтқанының бәрін орындауға тырыспа. Сен қаншаға келдің, Роллан?..
– Елу алтыға кеше келдім.
– Мықтап жуатын жас екен. Ертең өзің білетін Магомед Ахметов келеді. Мені Дағыстанға алып кетпек. Қазір Дағыстан Жазушылар одағының бастығы сол Магомед інің. Сені жақсы көреді, сыйлайды. Сені Махачкалаға шақырам деп өзеуреп еді, сені таба алмады. Сен Лондон асып кетіпсің. Ал мен енді үйге кірейін. Сәл шаршадым. Кешке кездесейік. Мені Наум досым тосып қалған болар.
Расул ағамды шипажайға кіргізіп салдым да, есік алдында бөгеліп темекі тарттым.
Расул Ғамзатовтың қартайған шағын көру ауыр еді. Кезінде қарттыққа бой берген ұлы Бауыржан Момышұлын көргенде де бір түн ұйықтай алмай қатты қиналғаным бар. Әулие адамдардың қартайған шағын енді қайтып көрсетпесін деген едім. Жаңа ғана қартайып, күйзеліп күн кешіп жүрген Расулды көру азап болатын. Адам қанша туласа да уақыттың құлы. Бірақ адам өзін қартаймайтындай, өлмейтіндей көреді ғой.
Адам өмірі – өлшеулі, уақыт – мәңгі.
Мен қайтадан сап-сары жапырақтарды жапырып, қалың тоғайдың ішіне еніп кеттім. Серуенге шығарда Переделкинода тұратын асыл достарым Анатолий Ким мен Владимир Личутинге жолығуды ойлағам.
Расул Ғамзатовты көрген соң, көңілге көлеңке түсіп, жабырқаған жаным жалғыздық тіледі.
Орыстың қалың орманына енген сайын, жалмауыз жалғыздық мені түпсіз тереңіне тартып әкетіп бара жатыр еді.
Алыстан жалғыз иттің үргені естілді. Содан соң тыныштық орнады. Ал мен қайтадан темекі тарттым. Бірақ жалғыздық мені тегеуірінді құшағынан босатқан жоқ.

 

Переделкино.
Екінші күн. Кеш

Батыр тұлғалы Магомед Ахметов есігімді алдымен тоқылдатып алып, ке­йін бөлмеге жарқырай жымиып кіріп келді:
– О, Роллан Шакенович, сізді де көретін күн бар екен-ау! – Магомед мені құшақтап тұрып барып, – сіз екеуміз осы Переделкинода қаншама рет кез­дестік, қаншама рет арақ іштік десеңізші!
– Қаншама жазу жаздық, Магомед!..
– Сіз маған қаншама ақыл бердіңіз. «Үлкендерді құрмет­те, жастарды сыйла, Магомед!» деуші едіңіз. «Аспа, саспа, кеудеңді көтерме, бос мақтанға еріп, лағып кетпе» деген сөздеріңізді де ұмытқаным жоқ. Бәрі есімде. Сізге мың да бір рақмет!
– Ақылымды алған саған рақмет, Магомед.
– Расул бөлмеде тосып отыр. Сізді жылдам жеткізуімді тапсырды. «Мені тастап өздерің жеке ішіп кетіп жүрмеңдер», – деді.
– Расул айтады ғой! – дедім күліп.
– Сәл шаршап отыр, былайша келісті қалыбын бұзған жоқ.
Расул Ғамзатовтың бөлмесінде бізді жаюлы ғажап дастарқан тосып тұр еді. Аппақ дастарқанда Дағыстанның дәмдері, орыстың балығы, сәбізі, жуасы, ұзын мойынды коньяк бөтелкелері әзер сыйып тұрған.
– Жоғарыла Роллан, жайғасып отыр. Мен баяғыдай іше алмаймын. Магомед, сен маған стаканға толтырып Дағыстанның коньягын құй, – деді Расул.
Жүзінде шаршау болғанымен, Расул ағамыздың көңілі жайдары еді.
– Наум саған сәлем айт­ты. Шешесі ауырып үйіне кет­ті. Сен Наумның Жүсіп Баласағұнды орысшаға аударған кітабын «Абай кітапханасымен» шығарыпсың. Рақмет айтып жатыр. Ертең көрісесіңдер. Ал мынаның бір жұтымын үнсіз ішіп жіберейік. Тост алдындағы дайындық-разминка болсын.
Біз үнсіз ішіп салдық. Расул екі ұрт­тап стаканын үстелге қойды.
– Мен осылай, ұрт­тап ішетін халге түскем, Роллан.
– Алла тағала, бізді де ұрт­тап ішуге жеткізсін, – дедім.
– Оның бетін ары қылсын де, Роллан. Ішкен соң бұл коньякты ұрт­тап емес, тостағандап ішу керек, – деп күлді Расул, – жарықтық Патимат ханум «Расул, абайлап іш», – деуші» еді. Ал мен оған «Патимат, мен үш-ақ ұрт­тадым ғой» дейтінмін. Сонда Патимат, «Сенің бір ұрт­тағаның бір тостаған» деуші еді. Ал енді ішпе дейтін Патимат о дүниеге кет­ті, мен ішуге шамам болмай орталарыңда отырмын. Маған ұқсаймын деп мына Магомед інің де көп ішті. Қазір татып алмайды. Қуат­таймын. Бұ арақты аристократ­тар сияқты жүз грамм ғана ішу керек. Ал кавказдықтар бөшкенің түбін көрмей тоқтамайды.
– Қазақтар да солай, – дедім.
Расул ағамыздың сөзін тыңдап отырып, не күлеріңді, не жыларыңды білмейтінсің.
Ол кісінің әзілі от еді ғой. Тауып сөйлейтін, лезде тауып айтатын. Қартайса да жатып атар сөздері сол баяғыдай, қалжыңға толы болатын.
– Магомед, мына Роллан ағаң палуандықты тастап жазушылыққа ауысқаны дұрыс болды. Әдебиет әлемі – күресі бітпейтін айқас қой. Демалыс жоқ. Ес жиып үлгермейсің, өйткені тоқтау да жоқ, тоқырау да жоқ. Әдебиет әлемінің күресі сені көрге де­йін сүйреп апарады. Ол – сайқал күрес, сенің тәніңді құрт-құмырсқа жеп болған соң да тоқтамайды. Әдебиет әлеміндегі күрес қалғымайтын бақталастыққа толы. Өнерді таңдаған пенде, өлімге бір табан жақын тұрады, – деп Расул қарқылдап күлді, – қазір айтуға оңай. Кезінде қиын болған. Мына Магомед сол әдебиет күресінің бел ортасында отыр. Шашы да ағарып кет­ті.
– Шаштың ағарғаны түк емес, Расул аға, жанның күңіренетінін қайтесіз?!. Роллан Шакеновичтің елі үш жүзге бөлініп күреседі. Ал Дағыстанда отыз ұлт бар. Отыз ұлт­тың жазушылары бар. Отыз тіл бар. Осылардың бәрі бірігіп бір қазанның ішінде қайнағанда, небір сұмдықтар шығып жатады ғой. Құдай оның бетін ары қылсын!..
– Қазақтың үш жүзге бөлінген күресі, біздің отыз ұлт­тың соғысынан асып түседі, – деп жымиды Расул аға, бұның бәрі өз арамыздағы қалжың. Қалжыңның ортасында шыңғырған шындық та бар, әрине.
– Расул аға, Роллан Шакенович үшін ішейік.
– Өте дұрыс. Бұл – алыста жүрген жалғыз қасқыр. Жортқанда жолың болсын, жас қазақ, – деп Расул коньяктан тағы да екі ұрт­тады.
– Сіз ұрт­тауды көбейтпеңіз, ертең ауырлап қаласыз, – деді Магомед.
– Ертеде мен бұларға байқап ішіңдер деуші едім, енді бұлар маған байқап іш дейді. Дүние-кезек деген – осы. Саған ерегескенде мен тағы бір ұрт­тайын да, тоқтайын, – деді Расул.
Әзіл-қалжың бас көтерген әдемі кеш еді. Расул Магомедке өлең оқыт­ты. Наум Гребнев орысшаға аударған өзінің соңғы өлеңдерін де оқып, сәл дамылдап үнсіз отырды.
– Сендер дәлізге шығып темекі тартып қайтыңдар. Мен сәл жата тұра­йын. Бел қинап тұр, – деді Расул.
Біз темекі тартып бөлмеге енгенде, Расул әлі төсекте жатыр еді.
– Мен қайтайын. Сіз демалыңыз, Расул Ғамзатович, – дедім.
– Роллан, кештің шырқын бұзба, отыр. Демал. Магомед, сен қонақты ренжітсең де, қонақтың стаканын ренжітпе.
Магомед стаканға ашылған Дағыстан коньягын құйды.
Расул ағам көзін жұмып, үнсіз қалды. Аздан соң барып, көзін ашпастан сөз бастады.
– Мен Мұхтар Омарханұлы Әуе­зов­ті соңғы кез­дері жиі есіме аламын. Неге екенін білмеймін, Мұхтар ағам ойға орала береді.
Сәл үнсіз жат­ты. Ақырын жөтелді.
– Магомед, аяғымды одеялмен жап­шы, – деп сұрады.
Магомед шапшаң орнынан атып тұрып, Расулдың аяғын қымтап жапты.
– Роллан маған бекер кез­деспеген болар, мен сендерге Мұхтар ағам туралы бір әңгіме айтайын. Роллан, сен тыңда. Ал сен, Магомед, менің сөздерімді түртіп алып отыр.
Расул тағы да үнсіз қалды. Магомед ағасына су ұсынды.
– Сен әуелі коньяктан бір ұрт­тат та, соңынан суық су бер, – деді Расул.
– Коньякты қайтесіз. Су ішіңіз.
– Су ғана ішетін кезім жақындап келе жатқанын, Магомед, мен сенсіз де білемін. Айт­қанды мұқият орындап отырсаң, адам боласың!
Расул коньягын да ұрт­тады, суық суын да ішті. Жүзі жылыды, көзі жайнап шыға келді. Бірақ орнынан тұрмады.
– Мұхтар Омарханұлы – аңыз адам, жаңа заманның көшбасшысы, ақылгөйі, данасы еді. Ол кез­де біз жас болатынбыз. 1960 жылы Кеңес жазушыларының алды болып Ленин сыйлығын алды. Ұлы «Абай жолы» деген романы үшін алды. Мен осыдан үш жыл бұрын Роллан жіберген Абайдың «Книга слов» деген кітабын оқып шықтым. Сол кітапта қырық-ақ өлең бар. Екінші бөлімі – «Қара сөз». Өлеңдерді Юрий Кузнецов аударыпты. Юрий – орыстың ең ірі ақыны. Үлкен ақыны десек дұрыс болар. «Қара сөзін» орыс тіліне аударған мына отырған Роллан мен жан жары Клара Серікбаева. Клара ханум – арабша, парсыша, түрікше, ағылшынша терең білетін адам. Құранды қазақшаға аударған. Мен осы кітап арқылы Абайдың кемеңгер ақын екеніне көзім жет­ті. Абай қазақ халқының көшбасшысы, рухани қолбасшысы, қазақ үшін туған теңдессіз тұлға екенін ұқтым. Абайды ұққан соң, Әуезовтің Кеңес заманының данышпаны болғанына тағы да көз жеткіздім. Сүйсіндім. Аруағына бас идім.
Ұзақ үнсіз жатып барып, тағы сөйледі.
– Бүкілодақтық Ленин сыйлығы комитетінің ең белді мүшесі ретінде Мұхтар Омарханұлының еңбегі ересен болды ғой, несін айтасың. Бірді айтып бірге кете бересің. Бұл – қарт­тықтың тұсауы. Елуінші жылдардың соңында, қай жылы екені есімде жоқ, Әуезов Кеңестер Одағының көпұлт­ты халықтарының әдебиеті туралы үлкен кеңесте ме, әлде съезде ме, сөз сөйледі. Соғыс біткен, ел есін енді ғана жиып, етек-жеңін түзеген кез.
Халықтар әдебиеті де бойын тіктеп, рухын қомдаған тұс. Мұхтар Омарханұлы ұлт­тар әдебиеті туралы баян­дама жасады. Телегей теңіз білім, теңдессіз эрудиция баяндамашының данышпан адам екенін айқындап тұрған. Жазушылар – бірін-бірі тыңдамайтын, өзім білемі көп эгоист адамдар. Әуезовтің сөзін зал ұйып тыңдады. Ұлт­тар әдебиеті өз халықтарының киелі бесігінде, адам тіріде түгесілмейтін ұлы фольклорына да жан шақырып, биік әдебиет туындыларын өмірге әкеліп жатқанын шешен тілмен, образды сөздермен айызыңды қаңдырып айтып жат­ты. Кремльде ұлт­тар әдебиеті, өнері, қасиеті, болашағы туралы тереңнен толғанған сөздер бұрын-соңды айтылмаған. Кеңестер Одағындағы ұлт­тардың намысы үшін арпалысқан қуат­ты сөздер теңіздің толқынындай буырқанып, адам санасын нұрға бөлеген. Ұлт рухы әр жазушының бойында көкке шапшыған. Әуезовтің сол жан қинаған жанашыр сөздері, әдебиет­тің ақсақалдарын да, әдебиетке енді келген жастардың да санасын оятқан.
Ұлт­тың орыс империясында тобыр болып қалмайтынын, әр ұлт өз еркіндігін, өз мәдениетін аспандату керегін алғаш рет Кремльде Әуезов айт­қан. Содан да ұлт жазушылары Әуезовті ардақ тұтқан. Әт­тең, Мұхтар Омарханұлы дүниеден ерте озды. Бұл өлім ұлт­тар әдебиетінің тамырына найзағай түсіргенмен бірдей болды.
Расул сәл жөткірініп, ақырын тыншып, сәл үнсіз қалды. Төсекте қозғалақтап, тұруға әрекет жасады. Магомед көмек көрсеткісі келіп еді, қолын ақырын итеріп тастады.
– Өзім тұрамын, – деді.
Төсектен өзі тұрып, дастарқан басына келіп отырды.
– Магомед, үстелдің тартпасында жасыл дәптер бар. Соны әперші, кәні…
Жасыл дәптерді алақанымен сипап алып, бет­терін парақтады.
– Әуезовтің керемет адам екенін Үкімет білді, бірақ ол кісінің қасиетін айқындаған тебіреністі сөздер жазылмады. «Әуезов кім сонша, өзіміз де кереметпіз», – деп кеуде соққандар көбейді. Патимат дүниеден озды, мен жалғыз қалдым. Қарт­тық та қол байлау бола береді. Ертеде кеуде қаққандар заман бәйгесінде шаң қауып қалып қойды. Бүгін олардың аты да, заты да жоқ. Құдай сүйген талант­тар қартайса да, қолдарынан киелі қаламын тастаған жоқ. Ол – жазушының құдіреті емес, Құдайдың құдіреті. Әуезов туралы бір үлкен мақала бастағам, соны тірі тұрғанымда келістіріп жазғым келеді. Жаза алмай кетсем, менің айт­қаным сендердің естеріңде болсын деген үміт-әңгімем. Магомед, коньягыңнан тағы бір тамыз, – деді.
Магомед еш қарсылық көрсетпестен Расулдың екі жүз грамдық стаканына аздап коньяк құйды. Әңгіме құдіреті екеумізді де баурап әкетіп еді. Бірақ Расул ағамыз стаканға қарағанымен, қолына алған жоқ.
– Мұхтар Омарханұлы үш мұсылман жазушыға Лениндік сыйлық әперіп кет­ті. Әуезовтің Ленин сыйлығы комитетінде сөйлеген сөздері данышпанның өсиетіндей болатын. Роллан, қазақтар сол сөздерді мұқият жиып, жеке кітап қылып шығарулары керек. Бұл – парыз. Бұл – борыш. Әуезовке қазір түк керегі жоқ. Ол адамның ұлы ойлары қазақтарға керек. Біз жақсы ақын болған болармыз, бірақ Әуезовтей ойшыл-данышпан болған жоқпыз. Біздің ұрпақ Әуезовтен бір саты төмен тұр. Сендер бізден бір саты төмен боласыңдар. Заман желі солай соғады. Бұл арада ешкімнің кінәсі жоқ. Бұны да жасап отырған Құдай. Сендер ренжімеңдер, түсінуге тырысыңдар.
Ленин сыйлығына Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан татар ақыны Мұса Жәлел ұсынылды. «Өлген адамға Ленин сыйлығы не керек? Бит­тің қабығындай «Моабит дәптері» кімге дәрі?!. Одан да талант­ты орыс жазушысына сыйлық жақсы жарасатын болады» деген сөздер Мәскеу көшелерін аралап, ақырын аяңдап жүріп кет­ті. Тек Мұхтар Омарханұлы Әуезов қана олай ойлаған жоқ. Комитет отырысында Әуезов сөйледі. Әуезовтің әдебиет­тегі тазалықты, асқан дарынды, бір ұлт­ты ғана емес, бүкіл адамзат­ты қадірлейтін қасиетін комитет мүшелері жақсы білетін. Сол сөзден шағын үзінді оқиын.
Расул ағамыз жасыл дәптердің бетін ашты. Көзілдірігін тақты. Тамағын кенеп алды.
«…Этот человек (Мұса Жәлел) представляется мне сердцем-факелом, это – Данко, который пронес сквозь все ужасы войны и плена свое горящее серд­це. И в этом смысле его мужественные песни, песни человека, приговоренного к смерти, не только у нас сегодня, кто судит о его произведениях, но и у всякого, в будущем, всегда будут вызывать эти благородные ассоциации… Он пишет с печалью, но мужество никогда не покидает его. Говоря о дочери, он говорит о Родине, говоря о возлюбленной, он говорит о Родине. И еще говорит он о том, что под топором палача будет думать о Родине. Он мужает и растет и становится великим патриотом, человеком подлинно высокого назначения… Если премии окажется достойным только одно имя, то это должно быть имя Мусы Джалиля. Это не важно, что он умер. Он живет и, как все герои войны, будет жить с нами. Он немногословен, он не риторичен, он искрений и пламенный, он все творит на острие меча, и правда сквозит во всем, как дымящаяся алая кровь на снегу…»
Бұндай жанкешті терең сөзді Кеңестер Одағында Әуезовтен басқа кім айта алушы еді? Ешкім де. Орысың да, еврейің де, басқа ұлт­тардың тұлғалары да өрелері жетпей өрекпіп барып тоқтайтын. Ал Әуезов Дешті-Қыпшақ даласында талмай шауып келе жатқан дауылпаз арғымақ еді ғой! Несін айтасыз!..
Расул ағам от­ты сөздерден соң от­ты коньяк құйылған стаканды қолына алды. Алақан арасында домалат­ты.
– Жас авар ақыны Расул Ғамзатов пен жас қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовқа Лениндік сыйлық әперген де Әуезов болатын. Бізде ұлт­тық таным бар, адамзат­тық таным жоқ. Әуезов – ұлт­тық танымын адамзат­тық таныммен аспандата көтерген, көркейткен Шығыстың ғұламасы, дұрысы, Адамзат­тың ғұлама ұлы! Бұны мимен де, жүрекпен де ұғу керек. Өткенге тас лақтыруға болмайды. Өсер елдің адамдары өткенін қорғаштап, аялап, уақыт өткен сайын қасиет­теп отырады. Кәне, тұрайық, жас достарым. Әулие қазақ үшін ішейік. Жатқан жері жарық болсын!
Расул орнынан қинала көтеріліп коньякты тауысып ішті.
– Біз көп нәрсеге мән бермейтін эгоист пендеміз ғой. Мен қазақ көрсем басымды ием. Өйткені олар Абай мен Әуезовтің туғандары.
– Мен де авар көрсем қуанам, өйткені олар Расул Ғамзатовтың туғандары, – дедім мен.
Расул Ғамзатов үндеген жоқ. Аздан соң, Магомедке бұрылып:
– Мына маған қарсы отырған Роллан Сейсенбаевтан үйренер, тәлім алар дүние көп. Роллан ағаңа жақын бол. Не істесең де, ақылдасып істеңдер. Ролланның бойындағы ең үлкен қасиеті – әулиелерге жұмыс істеуінде. Бір қазақтың емес, бүкіл адамзат баласының әулиелеріне. Роллан Абайдың, Әуе­зовтің, әл-Фарабидің, Баласағұнның, Шекспирдің, Дантенің, Руставелидің, Гетенің бұл тізімді айтып тауыса алмайсың, – ол кітаптарын шығарды. – Это – подвиг, – деді орысшалап, – Магомед, сен менің өлеңімді жатқа білесің. Ал Роллан менің өлеңдерімді жатқа біле ме? – деп сұрады.
Магомед сасқалақтап маған қарай берді.
– Ертеде Алматыда Әуезовтің үйінде болдым. Сонда Мұхтар Омарханұлының алдында авар тілінде өлең оқыдым. Ұнат­ты. Өлеңнің ішкі тынысын аңғарды, – деп маған бұрыла қарап алды. – Әуезовке арнаған өлеңімді ұмытқан жоқсың ба?..
– Ұмытудан Құдай сақтасын!
– Онда қазақша оқып көрші!
– Көре­йін, – дедім.
Көргенмін құрмет-сыйыңды,
Қонақ боп, аға, үйіңде.
Бір кез­де саған жырымды,
Оқығам авар тілінде.

Түсіндің жанын жырымның,
Қарадың үнсіз асқарға,
«Ұқсайды, – дедің, – тілің бір,
Күңгірлеп жатқан тастарға».

Дедім мен: «Теңеу жоқ асқан!
Ұқсайды сондай мүсінге.
Өйткені бұл да о бастан,
Жаралған тастың ішінде.

Даусы бар мұнда ежелгі,
Таудағы қалың тұманның.
Сарқырап аққан өзеннің,
Шаңқылдап жатқан қыранның.

Тағы да үнсіз тоқталдың…
Өзіңе біткен әдеппен:
«Ұлы ғой Кавказ… – деп қалдың, –
Кеңістік жоқ-ау… тек әт­тең…»
Қараймын көкшіл далаға,
Толқимын іштей, ойланам.
Ұлы ғой Кавказ, жан-аға,
Өзіңе жету қайда оған!
Расул ағам үндеген жоқ. Басын көтергенде көз қиығынан мөлтілдеген жасты көрдім. Біз сәл үнсіз отырдық. Расул ағам көз қиығындағы жасты сау­сағымен қағып тастады.
– Еркектің көзіне де жас үйіріледі. Ол кінә де, күнә да емес, – деді Расул ағам. Дауысы сылбыр естілді. Жүзі ағарып, көз алды ісіңкіреп тұр еді. Шаршаса да, бізге шаршағанын көрсетпеуге тырысты.
– Расул Ғамзатович, дастарқанға бата жасаңыз, – деп сұрадым.
Ол үндемей терең тыныстап алып, алақанын жайды.
– Бізді Ана-Жерде қолдайтын айналайын Көк Аспанда екі тылсым күш бар. Оның бірі – Алла тағала, екіншісі – әулиелер. Сол киелі қасиет­терге адал болайық, әумин!
Расул ағам орнынан ақырын тұрды. Мені бауырына басып құшақтады.
– Қош бол, жақсы інім, – деді Расул Ғамзатов.
– Көріскенше күн жақсы болсын, Расул Ғамзатович!
Расул Ғамзатов үндеген жоқ. Қос жұдырығын түйіп, қос қолын жоғары көтерді.

Переделкино. Түн.

Маужыраған тыныштық. Лүп еткен жел де жоқ. Қалың орман да үнсіз. Тек аяғымыздың астындағы сары жапырақтар ғана сыбдыр-сыбдыр етеді. Магомед те үнсіз. Мен де үнсізбін. Бұндай түнде сөзді қор қылып не керек? Тылсым тыныштық қойнауында сөз де әлсіз бе деп қалдым.
Көк Аспанда бұлт астынан толық ай толқып шыға берді.
Көк Аспанда Алла тағала мен Әулиелер бізді қорып тұрғандай болып көрінді.
Көк Аспан үнсіз еді. Біз де үнсіз ғана сары жапырақтарды таптап қалың орманды бетке алдық.
Көк Аспанның астында үнсіз келе жатқан маған, Расул Ғамзатов та болашақ әулиелердің біріне айналып бара жатқандай боп елестеді.
Түн жылы. Ай жарық. Батыстан жеңіл жел-бауырымыз көтеріліп жүре берді.
Дәл қазір Жер-жаһан күнәсіз тазалыққа толып тұр еді.
Әр қадамымды авардың арыстан жүректі ақыны бағып тұрғанын абайламай, түпсіз ойға түсіп кет­тім.

Дешті-Қыпшақ даласы,
Жидебай

 

Роллан Сейсенбаев

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір