ӘЛЕМ МОЙЫНДАҒАН ҚОЛБАСШЫ
24.12.2023
459
0

Қазақ әскери ғылымының атасы Бауыржан Момышұлының ешкімге ұқсамайтын әскери өнері мен соғыс жүргізудің теңдессіз тактикасын төрткүл әлемнің әскери мамандары түгелдей мойындады. Оның «Мәскеу үшін шайқас», «Қан мен жазылған кітап» (Соғыс психологиясы) деген еңбектері әскери ғылымның алтын қазынасына айналды. Оларда ұрыс тактикалары, қорғаныс шептері, тосын шабуыл жасау, әскери айла-тәсіл, темірдей тәртіп, патриоттық тәрбие, соғыс психологиясы түгелдей қамтылған. Куба, Никарагуа, Израиль, Польша, Болгария, Венгрия, Чехия мен Словакия мемлекеттері батырдың еңбектерін мемлекеттік оқу бағдарламасына енгізіп, әскери пән ретінде оқытып, сарбаздармен жұмыс жүргізуде тәрбие құралы ретінде пайдаланып келеді.

Израильдегі әскери училищеде «Соғыс психологиясы» – әскери-теориялық пән. Офицер шенін алатындар осы пән бойынша сынақ тапсырады. Қазақтың қаһарман ұлы: «Өз елін мақтаныш етпеу – сатқындықпен тең» деген. Ал біз қашан Момышұлының еңбектерін әскери оқу құралы ретінде мемлекеттік бағдарламаға енгіземіз?!
Қазақ – жылқы үстінде өмір сүріп, жорыққа шығып, ат жалында ұйықтаған ұлы даланың ұрпағы. Осы өр мінезінің арқасында бізге ұлан-байтақ жерді аманат етіп, мұраға қалдырды. Қазанатты қанат қылып, дүниені дүр сілкіндірген бабаларымыздың жауынгерлік сантүрлі тактикалары мен айла-тәсілдеріне төтеп бере алатын жау болмаған. Оның ішінде біздің білетініміз де, білмейтініміз де көп. Жаратылысынан дара туған, бойында сан өнердің ұшқыны бар, баба жолын өзіне мұрат еткен Ұлы қолбасшы Бауыржан Момышұлы екінші дүниежүзілік соғыста тек қана қару-жарақпен қаруланбай, осы ата жолының жауынгерлік тактикасын тиімді қолдана білді. Бауыржан Момыш­ұлы­­ның еңбектерін оқып отырып, оның бабаларымыздың «көз алдау», «ай қораланды», «қоян қашты», «тұлма», «мон­ғол диірмені» сынды сантүрлі тәсіл­дерді еркін меңгергенін анық көруге болады. Ол шайқас алаңында майдангерлерге ұрыс өнері тек қана атыс-шабыстан ғана тұрмайтынын талай мәрте дәлелдеп берді. Жауды жеңу үшін үлкен әдіс-амал керек. Бұл әрекет – әскерді шығынға ұшыратпай, аман алып шығудың ғажап тәсілі. Осы әскери өнердің арқасында бабаларымыз алып зеңбірекпен, мұздай қарумен, мылтықпен жасақтанған жоңғарларды найзаның ұшы, қылыштың жүзі, дойыр қамшымен, шойын бас шоқпармен ұлы жеңістерге жеткізіп, көзіне қан толған дұшпанын жер бетінен жойып жіберді. Қазақ халқының ерлік пен батырлыққа толы тарихын білетін батальон командирі жетік стратег, асқан тактик, тамаша психолог болғандықтан, шайқас алаңында бетпе-бет келген талай ажалдың бетін қайтарып, кезіккен қиындықты асқан шеберлікпен, үлкен даналықпен шешіп, талай рет жауынгерлерін жау шебінен аман-есен алып шықты. Халық қаһарманы 1941 жылдың қыркүйек айынан бастап, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, генерал-майор И.В. Панфилов басқарған әйгілі дивизиясының құрамында ба­тальон командирі болды. Аға лейтенант Бауыржан Момышұлы Мәскеу үшін шайқаста 207 рет ұрысқа қатысты. 1941 жылдың 16-18 қараша күндері вермахтың Мәскеу бағытында екінші мәрте жасаған жорығы кезінде аға лейтенант Момышұлы басқарған батальон дивизиядан қашықта, Матронино деревнясының жанында Волоколамск тас жолында асқан ерлік­пен ұрыс жүргізді. Білікті комбаттың басшы­лығы арқасында 3 күн бойы фашистер шабуылын тойтарып, батальон толықтай, ұрысқа қабілетті жағдайда қоршауды бұзып, Кеңес Одағының барша әскер басшыларын таңдай қақтырды.
Бауыржан Момышұлы – әскери педагогика мен әскери психология ғылы­мына баға жетпес мұра қалдырған дара тұлға. Ерлік пен өрлікке толы А.Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабы неміс, чех, еврей, ағылшын, француз тілдеріне аударылды. Бұл шығарманы сарбаздарының бойына патриоттық рух дарытатын жалын десек болады. Батырдың әскери өнері – сонау ғұн, сақ, түркі тайпаларының келе жатқан әскери тәсілдерінің жиынтығы. Ежелден аттың құлағында ойнап, ұлы даланың қыр-сырын меңгерген бабалардың жолымен жүрген шебер қолбасшының ақылы мен тапқырлығына ұрыс алаңында генерал-майор Иван Васильевич Панфилов та талай мәрте таңғалып, ризашылығын білдірген еді. Моисей ұлдары Израиль мемлекетін құрарда қазақ ұлының әскери тактикасын ұстануға белді бекем буды. Мұны израиль­дік тарихшы Арон Ильич Шнеер Ресей президенті Владимир Путиннің Кремльде бүкілресейлік конференцияға қатысушылармен кездесуінде үлкен мақ­танышпен айтқанын барша әлем жұрты көрді. Ол:
– 1946 жылы Александр Бектің «Воло­кола­мск тас жолы» кітабы иврит тіліне ауда­рылды. Жаңа Израиль мемлекеті құрылуда бұл кітап Израиль армиясының әрбір офицеріне қару-жарақпен бірге беріледі. Бұл тек оқу құралы ғана емес, сонымен қатар іс-әрекетке нұсқау бол­ды. Израиль армиясы бас штабының бас­шысы болған генерал Мота Гур рота командирі болған кезіндегі бір оқи­ғаны былайша сипаттайды: «Мен бойла­рын үрей мен қорқыныш билеп, ұрыстан қашып кеткен сарбаздарды шеру алаңында сапқа тұрғызып: ««Воло­коламск тас жолы» кітабының бір тарауын оқуға кірістім. Онда «Жас сарбаз, сіз өзіңізді ұрыс позицияларын тастап кетіп барамын деп ойлайсыз ба, жоқ, сіз Отаныңызды, Мәскеуді жау қолы­на тапсырып кетіп барасыз!» деген жеріне келгенде тоқтап, жауынгерлердің жүзіне үңілгенде, олар бойларындағы қорқыныш сезімін жеңгенін байқадым. Міне, тарих тағылымы. Бұл – нағыз ерлік пен қаһармандық үлгісі. Ұлы қолбасшы Бауыржан Момышұлының патриоттық рухымен сол кездегі жас Израиль әскері тәрбиеленді», – деп, генерал үлкен мақтанышпен естелік қалдырған. Осыдан артық қандай бағалау болмақ?!
Екінші дүниежүзілік соғыс жеңіспен жалауын желбіреткеннен кейін де ұлт батырының даңқы мұхит асып, сонау Кубаға дейін жетті. 1492 жылы Христофор Колумбтың ашқан Куба аралының батыр ұлдары азаттық жолында күресіп, Испаниядан тәуелсіздігін алған елдің бірі екенін тарихтан білеміз. Міне, осы Куба мемлекетінің басшылары
Бауыр­жан Момышұлын офицерлерге дәріс беру үшін өз еліне шақыртып, әскери такти­каларын күшейтіп алды. Бұл жайында біз ғалым, бауыржантанушы Мамытбек Қалдыбайұлының жазып қалдырғанын жақсы білеміз. Онда ұлт батыры өзінің Кубадағы сапары жайында былайша баяндайды:
«Кубалықтар мені Кубаның мем­лекет­тік әнұранымен қарсы алды. «Совет Одағының батыры – Бауыржан Момышұлына жалынды сәлем!» деген қызыл матаны көзге түсер жерге іліп қойып­ты. Түрлі әсери бөлімдерде кез­десуде болдым. Куба офицерлеріне дәріс оқып, олардың сұрақтарына жауап бердім. Оңаша сөйлесіп отырғанымызда, Куба Қорғаныс министрі Рауль Кастро­ның: «Қымбатты Бауыржан, өзіңізді үйіңіздегідей сезініңіз», – деген лебізін естісімен мен галстугымды шешіп, талтаң-талтаң басып, бір креслоға ілдім. Костюмімді шешіп келесі креслоға ілдім де көзімнің қиығымен Рауль Кастроға қарадым. Ол қабағын шытып жақтырмай қалды.
Мен бірден: «Сіз маған өзіңізді үйіңіз­дегідей сезініңіз» дедіңіз ғой. Мен өзімді үйімдегідей сезініп едім, жақтырмай қалдыңыз. Жоқ мен өзімді қонақ ретінде сезінемін», – деп галстугымды мойныма тағып, костюмімді қайта үстіме кигенімде Рауль Кастро ақтарыла күліп:
– Сіз аудиторияны бірден баурап алады екенсіз, мұныңыздың қандай құпия сыры бар?» – деді.
– Мені сынамақ ойдасыз ғой. Сына­саңыз сынаңыз! Сөйлеуші кісі көкейкесті мәселеден ауытқып, маңызсыз ұсақ, бұрыннан жұртқа белгілі жайларды сөз етіп, тыңдаушысын жалықтырып алмауы керек. Мен өз тәжірибемде адамдар сезіміне ұмытылмас әсер етіп, ойына ой қосатын ең маңызды детальдарға, эпизодтарға ерекше көңіл бөлемін. Меніңше тыңдаушы жүрегін жаулап алудағы ескерер ең басты мәселе – шабыттана, рухтана білу. Ақын шабыттанбай, рухтанбай ел жүрегін елжіретер жыр жаза алмайды. Шешен шабыттанбай, рухтанбай тапқыр, шешен сөйлей алмайды, – деп жауап бердім. Ол жауабыма риза болды-ау деймін қолымды құшырлана қысты. Кубаға турист ретінде 10 күнге бардым. Рауль Кастро Совет Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Никита Сергейұлы Хрущевке телефон соғып, Куба әскерилеріне дәріс оқу үшін тағы бір айға қалдыруын өтініп, рұқсат алды. Мен бір айдың көп екенін, дәрісімді 20 күнде оқып үлгеретінімді айтып, 20 күнге қалуға келісім бердім».
Бұл әңгімеден кубалықтардың Бауыр­жан батырға деген қимастық сезімдерін көруге болады.
Осы сапар жайында Мамытбек Қал­дыбай­­ұлы Куба газеттерінде, жур­нал­да­рында батырдың фотосуреттері, сөйлеген сөздері жарияланғанын жазады. Бауыржан атамыздың соғыс тактикалары Куба, Израильде ғана емес, басқа да елдердің әскери оқу құралдарына енгізілді. Бұл тарихи деректер Бауыржан батырдың өткен тарихымыздағы әлемді аузына қаратқан Аттила, Шыңғыс хан сияқты қолбасшы болғанын айғақтайды. Ал қазіргі біздің әскер әлі күнге қолда бар асыл қазынамызды халық игілігіне айналдыра алмай отырғаны – елдігімізге үлкен сын. Бауыржан Момышұлы Совет Армиясы Бас штабының Жоғары әскери академиясын бітіріп, Әскери-педагогикалық жұмыспен айналасып, Совет Армиясы әскери академиясында сабақ береді. Міне, жер-жаһанды дүр сілкіндірген алып империяны өзінің ақыл-парасатымен мойындатқан батырымызды біз әлі күнге өз деңгейінде бағалай алмай келеміз.
Бауыржан Момышұлы шығармалары – жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің тамаша үлгісі. Оның әр қанатты сөзі адамды рухтандырады, бойыңа алаулаған жалын береді.
«Өмірде жалтақ болмаңдар, біреудің аузына қарайлап, соның айтқанына көніп, айдауында жүруді ізеттілік екен деп жаңсақ түсінбеңдер. Үлкеннің айтқанын екі етпеу, сөзге тоқтау, сыйластықтың, әдептіліктің әліппесі екені рас. Бірақ тек сонымен шектеліп қалушылық жас адамға пайда бермейді. Оған қосымша өзіңнің кісілігің, жол білер азаматтығың болу керек. Әйтпесе біреудің айтқанына көніп, айдауымен жүру немесе «барып кел, алып келдің» адамы ретіндегі қолбала болу жасқаншақтыққа, кіріптарлыққа ұшыратады».
«Ашу-ызамен емес, ақыл-парасатпен үйрет, мейірімділікпен, ынта-ықыласпен үйрет, бірақ жөнсіз мақтама, орынсыз жекіп-сөгіп, бекер даттама, қояншығы ұстаған адамдай құр босқа айқайлап, бақырма. Орынды жерде қатал бол. Қаталдық әділ болсын, еш уақытта сарбаздың бойындағы адамгершілік сезіміне, намысына тиіп қорламайтындай бол!».
«Мен Отанымды сүйемін, ол үшін жанымды беремін», – деген жай күмпілдеген сөз емес. Өз жерін сүю нақты іспен дәлелденеді. Менің өмірден тоқыға­ным: Отанға деген сүйіспеншілік ата-анаңа, бауырыңа, туып-өскен ауылыңа, қалаңа, өз ұлтыңа деген махаббаттан басталады. Өз ауылының тасын қадірле­меген басқа ауылдың тауын да сыйлай алмайды. Халықтар арасындағы қасиетті достық осы сезімнен басталады».
Қазақта «Әскері мықтының сағы сынбайды» дейді. Сондықтан еліміздегі жастардың бойына патриоттық сезім ұялатуда Отанымыздың абыройлы ұлдары жайында кештер, шаралар өткізуді халықтық деңгейге көтеруіміз керек.
Бауыржан Момышұлы қорқыныш пен қорқақтық жайында былай дейді: «Нағыз қорқақтық – өлімнен қорқу емес, сол сағатта болып жатқан қиындықты, шындықты жасырмай айтудан тайсақтау, жауапкершілікті өзіне алмай басқа біреуге аудару. Соғыста одан өткен қауіпті, одан өткен қатерлі нәрсе жоқ. Мұндай қорқақтықтың арты біреудің қымбат өмірін қиюмен, құрбандыққа жол берумен аяқталады».
Қорыққанға қос көрінеді дегендей-ақ қорыққан сарбаз өз ажалына себепкер болатыны анық. Ел қорғаны, жер қорғаны мықты болуы үшін өжет, батыл, батыр, ержүрек ұрпақ тәрбиелеу басты міндет.

Алма СЕРІКҚАЛИ,
Қазақстан журналистер
одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір