ӘЛЕМ ӘНШІСІН ӘСПЕТТЕЙІК
22.08.2023
292
0

Өзінің әлсіздігін, талантсыздығын жанында жүрген талантты досынан көретін жандар бар. Ондай пұшайман жандардан бәрін күтуге болады. Қатар жатсаң, досының жатысының өзін қызғанатын ондай жандар алғанын да, бергенін де қызғанады. «Қазақ әдебиеті» газетінің
28 шілдедегі санында қоғам қайраткері Камал Әбдірахмановтың «Димаш Құдайбергенді мемлекет қамқорлығына алуы тиіс» мақаласына ой қосқанды жөн көрдік.

Жұрттың бәрі бірдей бақытты емес. Ал бақытқа қол жеткізген адам айналасындағы достарынан, туыстарынан, таныстарынан белгілі бір дәрежеде оқ бойы озық тұрады. Әдетте қатарынан оза шапқан адамдар қиянатқа көп ілігеді. Бүгінде «Қастандық индустриясы» деген пәлекет дамып барады. Оның қырық тісі, отыз айласы бар. Соның бірі – қошемет көрсету арқылы өзгелер құрмет көретін жанды жайратып салу. Ондай адамдар қиянатты жанында жүрген «достарынан» көп шегіп жатады. Оның астарында «менен неге озып кетті?» деген ой жатады. Мұндай қызғаныштар әр елде, әр дінде, әр ұлтта да бар.
Бүгінде Димашты жақсы көретіндер көп. Онымен суретке түсіп қалуға, қолынан сипап қалуға тырысатындардың қарасы нөпір. Кім білген, олардың арасында бір саусағы бүгулі жандардың да болуы мүмкін ғой. Соңғы бірер жылда футбол фанаттарының тәртіпсіздігінен спорт алаңдарында адамдар бірін-бірі таптап өтіп, одан жүздеген адамның өлімі орын алған оқиғалар да орын алғанын ұмытпауымыз керек. Жалпы, өнер, спорт, қызметтестер арасындағы бақталастықтардың да бар екенін көріп жүрміз. Бір мысал: Пушкиннің «Моцарт пен Сальери» деп аталатын трагедиясында Сальери өзінің ең жақын досы, тәңіріндей табынған ұстазы – Моцартты өлердей күндейтіні бар. Сальери ұлы ұстазының бойындағы Құдайдың өзі берген табиғи дарынын өзегі өртене қызғанады. Досының шын мәніндегі бақытты жан екенін Сальери кешіре алмайды. Яғни кешіру қолынан келмейді. Пьесада Моцартқа көбірек дарын бергені байқалады, бірақ «әділетсіз» тәңірге Сальери сес көрсетіп өктем сөйлейді. Ал өмірде оның соңы трагедиямен аяқталады.
Қазір тым қатыгез болып барамыз. Ашу-ыза, өшпенділік, тәкаппарлық зұлымдық бойымызды жаулап алған. Одан рахаттанатын болдық. Қазір сахнадағы кәсіби әртістерден гөрі өмірдегі қарапайым «әртістер» өз рөлдерін жақсырақ ойнап жүр. Өткен өмірімізде халық алдында жүрген өнер адамдары мен атақты спортшыларымыздың көпшілігі қызғаныштың қызыл итіне жем болған. Олар туралы көп жазылды. Мәселе – халық алдында жүрген ардақтыларымызды қалай сақтау, көздің сұғы мен батыраштың шоқпарынан қалай қорғауда жатыр. Камал мырза, оны дер кезінде көтеріп отыр. Мемлекет басшысына жазған назариясында осы мәселенің шешім табуына назар аударуын сұрауы өте орынды.
Кезінде Халық қаһармандары Қасым Қайсенов, Роза Бағланова, Нұрғиса Тілендиев ағаларымызға үкіметтік тұрғыдан көмекшілер тағайын­далып, қамқорлыққа алынғанын білеміз. Олардан кейін осы әдемі үрдіс үзіліп қалған іспетті. Осы әдемі үрдісті жалғастыруымыз керек. Біз көппіз, ал Димаш жалғыз. Әлемде белгілі адамдарды мемлекет қамқорлығына алып отырған елдер де бар. Бұл мәселе Италия, Франция, Португалия елдерінде жақсы жолға қойылған.
Тарихта мұндай шараларды ерте қолға алған елдер де болған. Кезінде ежелгі грек қоғамында қызғаншақтыққа, қаскүнемдікке қарсы қолданылатын заңдар болған. Ол заңдарда қастандық жасау мен күншілдік жайында арнайы баптар болған. Күншілдіктің қастандық тудыратыны белгілі. Сондықтан елдің таңдаулы азаматтарын, мемлекет қайраткерлерін, даңқы алысқа жайылған спортшылар мен өнер адамдарын тілден, көзден, кісі қолынан сақтау мақсатында арнайы шаралар қабылдаған. Ондай адамдарды қорғаудың арнаулы шаралары болған. Мәселен, айтулы өнер жарыстарында сахна саңлақтарын және спорт жарыстары кезінде үздік танылған спортшыларды арнаулы қызмет орындары сахнаға, спорт алаңдарына шыққанға дейін қорғайтын болған. Мұндай тәжірибе Афина қаласында кең тараған. Ол туралы жазушы П.Уолкоттың «Күншілдік және ежелгі гректер» кітабында жан-жақты жазылған. Грек қоғамы осыған орай, «Острокизм» деген заң да қабылдаған. Заң бойынша, күншілдіктен көз тиіп қалуы немесе қастандық жасалуы мүмкін-ау, деген оймен белгілі тұлғаларды жұрт көзінен тасада, қала сыртындағы арнаулы қауіпсіз ортада ұстайтын болған. Қауіпсіздік қызметі олардың мал-мүлкі мен қаржы-қаражаттарын да қорғаған. Денсаулығын клиникалық жағдайда да, үй жағдайында бақылап отырған. Белгілі бір шараға қатысу кезінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті жүктелген. Бүгінде Ресей осы дәстүрді жалғастырып келеді. Бұл шара қамқорлыққа зәруліктен емес, айтып келмейтін кез келген оқыс жәйттерге дайын болуды міндеттейді. Ондай адамдар біздің қоғамымызда көп емес, демек, заң талаптары қажет-ақ.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір