«Ай» сәулесіне бөленген ЖЫР- ӘЛЕМ!
Ескі жазбаларды ақтаратын кезіміз болады. Өткенді санада жаңғыртып, бір сергіп қаламыз ондайда. Көне қағаздарымның бірінде жазылуы ұзақтау Айбергенов есімін қысқартып «Ай» деп жазыппын! Ол – шынында дарынды ақынның әдебиеттегі культі қалыптаса бастаған, жарқыраған Айдай кезі еді. Айбергенов әдебиетке жарқ етіп келіп, өмірден ерте кетті. Алқара аспан төріндегі жарқыраған Ай сияқты еді, шіркін!
Сол шамадағы ой-сананың сергектігі де таңғалдырады. 1966 жылы қарапайым ауыл мұғалімі – Қаппас деген ұстазымыз «әдебиетке Айбергенов деген өте талантты ақын келді» дегенді жиі айтатын. Әдеби ортаның өзі әзірге Айбергенов қабілетін ашық мойындай қоймаған кездегі ауыл мұғалімінің теңдессіз қабілетті танып, білуі де – ғажап жағдай, енді.
Ол кезде қазақ ән әлемін әуенін Шәмші жазған «Ақ ерке ақ Жайық» жаңғыртып тұрды. Ән мәтіні де керемет болатын. 1967 жылы ұлттық поэзияның теңдессіз шедеврі – «Құмдағы мұнаралар» жарық көрді. Айбергеновтің өмірі де үзілген.
Алайда ақынның соңынан жаңғырығы бүгінгі күнге дейін жеткен «Ай» сәулесіне бөленген жыр әлемі қалыптасты! Рас, «оған көлеңке түсіру әрекеттері болмады» деп те айта алмаймыз. Қашанда жақсының жауы көп, ол заңды да еді. Әсіресе қазақы қоғам жағдайында…
Көп ұзамай Алматыға да келдік. Әдеби ортаның есігінен енді ғана сығалаған балауса шағымыз. Жетпісінші жылдардың басында қазақ поэзиясының культі күшті, қауқарлы болатын. Халық жаппай өлең оқитын. Алқалы тойлардың төрі де алдымен ақындыкі еді.
Ауылдан кеше келген бізді әдеби ортаның кейбір қылығының таңғалдырғаны да рас. «Құмдағы мұнаралардан» соң поэзияда «Айбергеновше жазу» үрдісі басталды. Әдебиетке Айбергенов мәнеріндегі Меңдекеш Сатыбалдиев, Фариза Оңғарсынова сынды жас дарындар келді.
Қазақ поэзиясының Жазушылар одағын тарсынып, жарым жартылай Алматының сыраханаларына ауған шағы болатын… «Мұқағалидың сыраханасы», «Жарасқанның сыраханасы», «Кеңшіліктің сыраханасы» сияқты тоталитарлық жүйе мен оның цензурасын мойындамайтын еркін ойлы әдеби орталар, қауымдастықтар қалыптасқан. Әрі ол – ыңғайсыздау болса да, прогресс болатын.
Өрімдей жас біздің міндет – ағаларымызға сыра тасу, кешкісін қызыңқырап қалғандарын таксимен үйіне жеткізіп салу. Алабұртып тұрған Жарасқан ағам: «Әй, бала! Ертең ағаңның басын жазасың!..» – дейді әмірлі дауыспен.
– «Ләппай!».
Ертесіне тағы да Алматы сыраханалары дүрілдетіп өлең оқып тұрады. Солардың бәрінде де «Ай» поэзиясының ықпалы, әсері болатын. Бірақ бір ғажабы Айбергеновке еліктеушілердің көбі «Айды» ашық мойындамайтын. «Айбергенов – менің ұстазым» дегенді ашық айтуға жарамайтын.
Дәл осы жерде санаға «ұлттық этнобрэндтер» қағидасы оралады. Кеңестік дәуірде Қазақстанның бір брэнді бальзамымен бірге қара фильтрлі «Қазақстан» сигареті болды. Тіпті ол кеңестік элитаның ең сыйлы темекісі «Ява» сигаретінен де жоғары бағаланатын.
Ел арасында айтылып жүрген бір тәмсіл бар. Бірде КСРО Жеңілөнеркәсіп министрі Одақтағы барлық темекі комбинаттарының директорларын жиып алып, жиналыс өткізеді. Тбилиси, Баку, Украина темекі комбинаттарының басшыларының әрқайсысы өз өнімін мақтап, аспанға көтереді. Ал Алматы темекі комбинатының директоры жақ ашпайды. Басқалар сияқты өз өнімін мақтамайды.
Оған таңғалған министр біздің директорға: «Сіз неге өз өніміңізді мақтамайсыз?» – дейді. Сонда алматылық директор: «Менде бір ғана өтініш бар, директор жолдастар. Бәріңіз де қалталарыңыздағы сигареттеріңізді үстел үстіне қойыңыздаршы!..» – депті. Директорлардың бірде-бірі оның бұл ұсынысын орындамапты. Сонда министр алматылық директордың ұсынысын орындауды талап етеді. Басқалар оған амалсыз көнеді. Сөйтсе, мақтаншақ директорлардың бәрінің қалтасынан қара фильтрлі «Қазақстан» сигареті шығыпты!..
Міне, «Ай» поэзиясының культі де сондай болатын. Ашық мойындалмайды, бірақ бәрі де оны іштей мойындап, сол сияқты жазуға тырысады. Көп ақын Айбергеновше жазуға тырысатын. Бірақ оның есімін айта қоймайтын…
Бізге салса, оның бір ғана себебі бар. «Ай» ұлттық поэзияға ерекше, тың қарқынмен, қабілетімен келді. Яғни қазақ өлеңіне революциялық деңгейдегі жаңалық әкелді. Әлбетте, ол пендешілік, іштарлық туғызатын…
Төлеген сонау ноғайлы дәуірінен келе жатқан төкпе жыр жанрын Бердақ сарынымен толықтырды, жаңғыртты. Шын мәнісінде поэзия әлеміндегі айрықша құбылыс болды.
Осы арада әдеби ортада қалыптасқан бір постулатты айта кету парыз. Қазақ поэзиясында тәржімеге көнбейтін, өзгенің ықпалына түспейтін бірден-бір ақын да – осы «Ай!». Әлбетте, шығармашылығының басты лейтмотиві – сағыныш. «Мен сені сенде тұрып сағынамын», яғни өзі бел ортасында жүрген ақиқат өмірді сағыну, оны ләззатты сағынышпен, махаббатпен жазу.
Демек, «Ай» ағымдағы тіршілікті біз білмейтін, мүлдем басқа қырынан көрген, басқаша қабылдаған деуге толық негіз бар. Оның ерекше спецификасы да сонда!
Дәл осы жерде табиғаттың таңғажайып бір тылсымын айта кету керек. Әлемді әркім өзінше көріп, өзінше қабылдайды. Мәселен, басқа тіршілік иесіндей емес, қыран құстың көзі – басының екі қапталында. Сондықтан ол дүниені басқа қырынан, басқа қиылысынан көреді. Яғни тіршілікті қабылдауы бөлек.
Жазуы, дүниетанымы ерекше «Ай» да сондай бір артықшылық болуы мүмкін сияқты.
Өлеңді жазу және жасау деген түсінік бар. Қазір «қолдан жасалған» өлеңсымақтың астында қалдық. Оқисың – бірақ ләззат, қанағат алмайсың. Ішегің шұрылдап, қарының ашып тұрғанда біреу күштеп бір шелек су ішкізгендей жағдайға түсесің.
Вознесенский деген ақын «Өлең жазылмайды, туады» дейді. Қазіргі өлеңде қолдан жасалған, «клондалған қозы» сияқты нәрсе көп. Бір қарасаң – міні жоқ, бірақ іліп алар дымы жоқ.
«Айдың» ескі жазбаларында «кейде не жазғаныңды өзің де білмей жазып, өзіңе-өзің таңғалып отыратын кездер болады» деген жолдар бар. Демек, өлең – табиғаттың, жоғарғы күштің өнімі, мейірімін түсіріп, нұрын түсіруі.
Ал, Айбергенов өлеңдері – шын мәнісінде жазылу дегеннен гөрі туған дегенге келетін туындылар. Оған әсте күмән болуға тиісті емес!
Өмірзақ МҰҚАЙ