МЕРЕКЕ ҚҰЛКЕНОВ ҮЗДІК ДЕП ТАНЫҒАН 10 КІТАБЫН ҰСЫНДЫ

Елімізде отандық әдебиеттің ең үздік 100 шығармасын анықтау мақсатында жалпыхалықтық онлайн сауалнама басталған болатын. Бұл бастама – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамытуға арналған Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда көтерген маңызды ұсынысының жалғасы.
ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің айтуынша, Мемлекет басшысының бастамасы негізінде биыл алғаш рет Ұлттық кітап күні аталып өтіп отыр. Осы айтулы күн аясында оқырмандар арасында кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, әдеби мұраны ұлықтау мақсатында әр азамат eGov порталы арқылы өзі сүйіп оқитын 10 отандық шығарманы ұсынуға мүмкіндік алды.
«Қазақ әдебиеті» газеті алдағы уақытта (жоба қорытындысы жарияланғанға дейін) қазақ қаламгерлері үздік деп тапқан 10 кітапты газет бетінде тұрақты түрде жариялап отыратын болады.
Аталған бастамаға алғашқылардың бірі болып қолдау білдірген – Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов. Ол eGov порталында өзінің сүйікті 10 кітабын ұсынып, барлық қаламгерлер мен оқырмандарды бұл игі іске белсенді қатысуға шақырды.
Мереке Құлкенов үздік деп тапқан 10 туынды:
1. Қазақ ертегілері;
2. Батырлар жыры;
3. «Бес ғасыр жырлайды»;
4. Абай Құнанбаевтың өлеңдері мен қарасөздері;
5. Махамбет Өтемісұлының өлеңдері;
6. Шәкәрім Құдайбердіұлының өлеңдері;
7. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы;
8. Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» трилогиясы;
9. Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау», «Күй», «Аңыздың ақыры» шығармалары;
10. Қалмұқан Исабаевтың «Қаныш аға осындай еді» кітабы.