АРҚАДАҒЫ АРДАҚТЫ ҚАЛАМГЕР
05.12.2025
170
0

Қазақ прозасының көрнек­ті өкілі Өмір Кәріпұлы 85 жасқа толған мерейтойын Арқа жұртының арасында атап өтті. Өз шығармашылығымен оқырман қауымының ыстық ықыласына бөленген қаламгер Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданына қарасты Ақадыр кентінде тұрады.

Ол – көркем прозада Қалихан Ысқақ, Әкім Тарази секілді тұстастарының ортасынан ойып орын алған қаламгер. Туған жердің тау-тасын аялап, мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған еңбектердің авторы, астанаға ат басын бұрмай, ауылда қалған жазушы. Қолтаңбасы өзгелерден бөлекше оның шығармаларынан ауылдың иісі бұрқырап тұрады. Соның бір дәлелі – сексеннің сеңгіріне шыққанда жариялаған «Бастау» романы. Оқырман қызығушылығын туғызған жазушының жаңа туындысы
әдебиет сыншылары тарапынан да әділ бағасын алуда. Өмір Кәріпұлының жаңа туындысы мен жалпы шығармашылығына қатысты айтылған осындай ой-пікірлер қаламгердің Қарағанды қаласында өткен 85 жылдық мерейтойлық кешінде оқырмандар мен жазушы талантын мойындау­шылардың ақжарма тілектерінің өзегіне айналды.
Мерейтой кешінде Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма мүшесі, проза кеңесінің төрағасы Қуандық Түменбай қаламгердің кеудесіне Қазақстанның құрметті жазушысы медалін тағып, Қазақ­стан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтау хатын тапсырды. Кеш төрінен сөз алған көрнекті қаламгерлер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары Серік Ақсұңқар, Ғалым Жайлыбай, белгілі әдебиеттанушы Раушан Әбдіқұлова, ақын Қайырбек Шағыр қаламгер шығармашылығына кеңінен тоқталып, өлеңдерін оқыды.

Диана НҰРХАНАТ,
Абылай хан атындағы ҚХҚжӘТУ
журналистика мамандығының 2-курс студенті

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір