Мереке Құлкенов: Жазушылар Одағы қоғамдық этиканы қалыптастыру жұмысына белсене қатысады
Жылдам хабар тарататын ақпарат көздерінен білесіздер: Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбына арналды.
Құрылтайға ресми түрде келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиналған қауым алдында сөз сөйлеп, ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын ой-толғамдары мен ұсыныстарын жария етті. Осы құрылтайға арнайы шақырылған және Ұлттық құрылтай мүшесі Қазақстан жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов «Қазақ әдебиетінің» тілшісіне аталған ұлық жиынның қазақ әдебиетіне, қазақ қаламгерлеріне қатысты тұсына тоқталып, пікір білдірді.
«Әділетті Қазақстан – адал азамат» Ұлттық құрылтайының екінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев осынау тарихи даму кезеңіндегі идеологиялық жұмыстардың негізгі бағыттарын атап көрсетті, – деді Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы.
Мемлекет басшысы мәдени мұраны сақтау мен насихаттау, өскелең ұрпақты тәрбиелеу мәселелеріне кеңінен тоқталды. Ұлттық идеологияны қалыптастырудың тиімді құралының бірі – кітап шығару ісімен тығыз байланысты екендігін де баса айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев бізде басқа елдердің шетелдік өнімдері басым екендігіне тоқталды. Рас, бізді әдеби кітаптардың 90 пайызға жуығы сырттан келеді. Бұл үрдістің салдары қандай болатыны айтпаса да түсінікті шығар. Президент: «Ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару өте маңызды. Смартфон баланың қолындағы кітаптың орнын баспауы қажет», – деді. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде еліміздің мектеп кітапханаларында 130 миллион кітап бар. Алайда олардың арасында көркем әдебиеттің үлесі шамалы.
Мен Президенттің: «Кітап оқитын халық – нағыз зиялы халық», – деген пікіріне толық қосыламын. Сондықтан мен және әріптестерім өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын оятуға бар күш-жігерімізді салуымыз керек.
Жазушылар одағы «Балалар кітапханасы» жаңа бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосуға әзір. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдері мен жанрларын қамтитын кітаптардың арнайы тізімін жасауға да атсалысуға дайынбыз.
Мемлекет басшысының тәулік бойы жұмыс істейтін Президенттік кітапхананы салу туралы ұсынысы да жазушылар қауымынан қолдау тапты. Бұл – кітаптарды қолжетімді етеді және қоғамда кітап оқуға деген қызығушылықты оятуға көмектеседі.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Жазушылар одағының ұлттық идеология мен жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру, соның ішінде кітап оқитын ұлтты дамыту сияқты маңызды істерге белсене атсалысуы керектігіне назар аударды.
Бұл мәселелерде біз Мемлекет басшысымен толық ынтымақтасамыз. Қазақ әдебиетінің дамуына ұдайы қолдау көрсетіп жүргені үшін Одақ атынан және жеке өз атымнан Президентке алғыс айтамын.
Заманауи авторлардың шығармалары сұранысқа ие және сұранысқа ие болуы керек, мазмұны бай, жақсы кітаптар шаң басып мұрағаттарда жатпауы керек. Біз бұл мәселе бойынша да жұмыс істейтін боламыз.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы оқырмандарды рухани азық бере алатын тың туындылар күтіп тұрғанын қадап айтты. «Қазақстанның халық жазушысы» атағының қайтарылуы Жазушылар одағының жұмысына жаңа серпін беретініне сенімдімін. Бұл жоғары баға өзекті, қызықты, танымал туындылар жасаған авторларға ғана беріледі.
Президент ұсынған бастамалар – қоғамның барлық күші жұмылдырылуы тиіс үлкен жұмыстың бір парасы деп ойлаймын. Шығармашылық зиялы қауым, жазушы қауым өкілдері болып жатқан тарихи өзгерістерден шет қалмауы керек. Біз Әділетті Қазақстанды құруға қатысу ісіндегі жоғары жауапкершілікті түсінеміз.
Жазушылар одағы жаңа қоғамдық әдеп пен жаңа даму парадигмасын қалыптастыру мәселелерін шешуге белсене атсалысатын болады.