ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ – ӘРДАЙЫМ КӨҢІЛ ТӨРІНДЕ
Елімізде бүгіндері үкіметтік емес ұйымдар да, әртүрлі бағыттағы шығармашылық одақтар да аз емес. Алайда «Сегіз ұлым – бір төбе, Ер Төстігім – бір төбе» дегендей, сол қаптаған қоғамдық құрылымдардың ішінде, әрине, Қазақстан Жазушылар одағының орны халқымыз үшін елден ерек, жұрттан бөлек. «Неге?» дейсіз ғой, өйткені қазақ елінің қаламгерлер қауымдастығы – құрылғалы бері халқымыздың ұлттық мүддесіне қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан бірден-бір құрылым.
ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы ақ қашып, қызыл қуған аласапыран заман, аштық, қуғын-сүргін, Екінші дүниежүзілік соғыс, оның бергі жағындағы кеудесінен жаны шығып, мемлекет ретінде жойылғанша Кеңес одағының қазақтың ұлттық құндылықтарына жасаған қисапсыз қиянаттары, мәселен, тың игерудің кесірінен қазақтың өз жерінде азшылыққа ұшырауы, қазақ мектептерінің жаппай жабылуы, халық шаруашылығының әр саласы бойынша ұлтжанды ұлттық мамандардың қызмет бабында өгей баладай үнемі шетқақпай болуы, қазақ спортшыларының халықаралық дәреже-деңгейдегі байрақты бәсекелерден тым жиі шеттетілуі, Желтоқсан оқиғасы… Қайсыбірін айтайын… Міне, осының бәрі – қазақ қаламгерлерінің жүйкесін жұқартып, жүрегін ауыртып, өмірін қысқартқан жайттар. Осынау кесір-кесапаттың бәріне Қазақстан Жазушылар одағы қолдан келгенше қарсылық көрсетіп, қайрат көрсетіп бақты. Сондықтан да Қазақстан Жазушылар одағына қазақы қалың бұқараның құрметі бөлек! Сондықтан да Қазақстан Жазушылар одағы қазақы қалың бұқараның әрдайым көңіл төрінде! Алдағы уақытта да Қазақ елінің қаламгерлер қауымдастығы өзінің халықшыл сыр-сипатынан, ұлтжанды бітім-болмысынан айнымайды деп сенеміз!
Баршаңызды Одағымыздың торқалы 90 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Ұлы Отанымыздың ұлы мәртебелі Тәуелсіздігін нығайту, қазақ елінің мемлекеттігін баянды ету жолындағы қаламдастарымыздың қажырлы еңбегі жемісті болғай!
Қазақ руханиятына һәм қазіргі заманғы қазақ әдебиетіне Тайыр, Хамза, Жұбан, Қадыр, Ақұштап сынды тұлғаларды берген, атыңнан айналайын, Ақ Жайықты жағалай қонған жайсаң елден бәріңізге мерейтойлық-мерекелік сағынышты сәлем! Дендеріңіз сау, төңірегіңіз түгел, айналаңыз аман болсын! Әрқайсымыздың туған үйімізге қоса, туған еліміздің түтіні түзу ұшсын!
Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН
Қазақстан Жазушылар одағының
Батыс Қазақстан облысындағы өкілі