
Әр халықтың өзіне тән ерекшеліктерін, ұлттық құндылықтарын сақтап, жер бетінде атын ғасырдан ғасырға өшірмей сақтаудың негізгі жолы – келешек ұрпақты лайықты тәрбиелеу.
Ежелгі кезеңдерде жас ұрпақты тәрбиелеу ісі бесік жырларынан бастау алып, баланың әрбір жас ерекшелігіне қарай ойын жырларында, санамақтар, аңыз әңгімелер, мақал-мәтел, жаӊылтпаш сынды ауыз әдебиеті шығармаларының үлгілері арқылы ауызекі түрде дүние, өмір, табиғат туралы түсініктері мен ұлттық танымын қалыптастырған болса, бертін келе жазба әдебиет тұсында бұл міндетті балалар әдебиеті өзінің қастерлі жауапкершілігі ретінде арқалады.
«Жазып та көрдім мен де өлең,
Жазып та көрдім, қара сөз.
Ерте ме, кеш пе, мен де өлем,
Өлмейтін тек дана сөз»
– деп өз шығармашылығында сөзді кие тұтып, сөздің құдыретін асқақтату, жас ұрпақты сырлы сөз арқылы тәрбиелеуді өзінің өмірлік парыз ретінде ұстану Бердібек Соқпақбаевты дарын ретінде даралап тұрды. Ол ғасырлар бойы ауыздан-ауызға, ұрпақтан-ұрпаққа өтіп, бізге дейін жеткен халық шығармашылығындағы тағылымдық ойларды, дидактикалық идеяларды өз шығармашалығында одан әрі дамыта отырып, жыр жинақтарын, әӊгіме, повестерін жиі-жиі жариялап тұрды. Жұмыс өтілін мектеп қабырғасында мұғалімдіктен бастап, жас буынға білім мен тәрбие беру ісінің бел ортасында жүруі қаламгерді осы бағыттағы шығармалар жазуға түрткі болғандай.
Алғаш балаларға арналған өлеңдер жазып, олар «Лениншіл жас», «Қазақ пионері», «Пионер» журналдарында басылып, көп ұзамай «Бұлақ» атты жыр жинағы (1952) жарық көрді. Тіпті танымдық мәні жоғары кейбір шумақтары мектеп оқулықтарына да енді. Бертін келе, дәлірек айтқанда 1952-жылдан бастап қара сөзде де бақ сынап, 20 дан астам әӊгіме, повесть, роман («Бақыт жолы» 1952, «Алыстағы ауылда» 1953, «Жолда» 1955, «Менің атым Қожа», 1957, «Балалық шаққа саяхат» 1965, «Дала жұлдызы» 1963, «Аяжан» 1965, «Өлгендер қайтып келмейді» 1-томы 1967, 2-томы 1974 жж., «Қайдасыӊ Гаухар?») жарыққа әкелді.
Бұл мезгілде қазақ балалар әдебиеті жанр тұрғысынан текшеленіп, тақырыптық ауқымы кеңейіп, проблематикасы байып, идеялық-эстетикалық тәжірибесі толыға бастаған, ең негізгісі, поэзия да, проза да даму жолына түскен шақ болатын. Екіншіден, республиканың балалар әдебиеті негізгі тармақтары бойынша, мысалы, мектепке дейінгі жастағы балалар, бастауыш мектеп оқушылары, өтпелі шақтағы балалар, жасөспірімдер және жастардың әдебиеті деп нақты адресаттарға жіктеліп, осы принциппен жарық көре бастады. Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылық дәуірі осындай қалыптасу кезеңімен тұспа-тұс келіп, туындылары да соған лайықталып балалардың жас ерекшелігіне де, шығармашылықтың жанрлық мүмкіндіктеріне де ыңғайланғанын көреміз.
Автордың балаларға арналған шығармаларының деӊгейі жоғарғы болғанының бір дәлелі — «Менің атым Қожа» повесті қазақ тілінде жазыла сала, көп ұзамай-ақ Мәскеуде «Детская литература» баспасынан жарық көріп, іле-шала француз тіліне аударылып, одан соң дүниенің 30 дан астам тілінде әлемге тарады. Осы шығарманың негізінде киносценарий жазылып, керемет көркем фильм түсірілген. Бұның өзі автордың бала психологиясын жақсы меңгеріп, оған өзінің дара дарынын қосып жазғанынан хабар береді. «Менің атым Қожа» повесті ғана емес, басқа туындыларын алсақ та, психологиялық толқыныстарға бай қызықты сюжеті, көркемдігінің биіктігі, тілінің жатықтығы және түрлі жағдаяттарда сатиралық, юморлық компоненттерді мақсатына орайластырып сәтті қолдана алған суреттеулері, шебер түзілген композициялық құрылымы арқылы бүтіндей қазақтың балалар жазушысына айланған.
Балалар әдебиетінің негізгі назарға алынатын мәселелер аз емес. Солардың біріншісі – өсіп келе жатқан жас оқырманның жас ерекшелігін ескеру болып саналады. Б.Соқпақбаевтың шығармашылығында мектеп жасына дейінгі балалар, бастауыш мектеп оқушылары, жасөспірімдер үшін әр жас кезеңіндегі балалардың барлығына арналған шығармалар кездеседі. Жеткіншектерге арналған танымдық мәні мықты өлеңдер, жасөспірімдерге арналған әӊгімелерді, жастарға арналған повесттерді де қазақ әдебиетінің қоржынына салды. Бұл Бердібек Соқпақбаевтың тек балалар жазушысы ғана емес, сонымен қатар балалар ақыны, қара сөздің шебері, мықты сценарист екенін растап, шығармашылығы жанрлық жақтан сан алуан екендігін дәлелдеп тұр.
Екіншіден, балалар әдебиеті – жазушыдан немесе ақыннан өсіп келе жатқан ұрпақтың психологиясын жақсы игеріп, олар қабылдай алатын көркем шығармалар жазуды талап қылатын өзгеше шығармашылық әлем. Осы тұрғыдан алғанда Бердібек Соқпақбаев сәбилерге арналған өлеңдерінде сәби деӊгейіндегі ой айтады. Балаларға арналған өлеңдер негізінен еңбек пен кәсіп туралы, табиғат туралы т. б. болып бірнеше тақырыпқа бөлінеді. Бұлардың ішінен балалар арасында кең таралған өлеңдердің қатарына ойын өлеңдері кіреді. Ойын өлеңдерінің көпшілігін балалар екі-үш топқа бөлініп айтады. Мысалы,
Жүріңдер, балалар!
Сырғанақ тебеміз!
Құрыспай, құрышпай,
Шынықсын денеміз!
Жақсылап байқашы,
Аяғың тоңбай ма?
Жел үріп, қар кіріп,
Қоншыңа толмай ма?
Үшіншіден, балаларға арналған шығармалардың тілі қарапайым, түсінікті, құнарлы және бай болуы керек. Балалар әдебиетінің тілі туралы Л.Толстойдың кітаптарындағы «…Балалар әдебиетінің тілі азап, себебі бәрі тең сырлы, қысқа, қарапайым, ең негізгісі – түсінікті болуы керек» [1] – дегеніне ден қойсақ, Б.Соқпақбаевтың балаларға арналған шығармалары осы талап үдесінен шығады. Мейлі ол лирикалық жырлар болсын, ойын өлеңдері болсын немесе қара сөзбен жазылған прозалық шығармалар болсын, барлығы да жас буынның қабылдауына жеңіл, тілі татымды, бай және жеткілікті. Қай жастағы балаға арналса да осы балалардың тілдік мүмкіншілігін ескеріп, әрі жас оқырманына сый-құрметпен мәміле қылып, балалар әдебиетінің спецификалық өзгешеліктеріне сай етіп алады. Мысалыға жоғарыдағы 8 тармақ өлеңге зер салсақ, ритм-рифмалық жағынан толыққанды, еӊ бастысы балалардың жас ерекшелігі басты назарға алынып, тиісті лексикалық құрамда түзілгенін көреміз.
Ол автордың «Қой өӊерген», «Гүлбаршын», «Жол», «Бурыл ат», «Аяқталмаған жиын» ж.б. әңгімелерін алсақ, сюжеттік мазмұнның ашықтығы, қызықтығы, оқиғалардың динамикалығы, тілдің жатықтығы, нақтылығы бұл шығармаларға тән. Кішкентай қаһармандардың мінез-құлқын, таным-түсінігін, ойлау деңгейін, талабын, ол түгілі психологиялық күйін көрсетіп суреттеп беруге келгенде де автор мақтауға тұрарлық еңбек еткен. Демек, Бердібек Соқпақбаевты расында балалар әдебиетінің маӊызын терең түсінген суреткер ретінде бағалауға болады.
Төртіншіден, балаларға арналған шығармалардың тәлім-тәрбиелік, өнегелік, танымдық сипаты биік болуы тиіс. Кішкентай балалар – келешек тұлғалар. Оларға эстетикалық, моралдық тәрбие беру – үлкендердің қастерлі міндеті. Балаға сәби кезінен қаншалық тура тәрбие берілсе, оның мінезінің қалыптасуы соншалық ерте жетіліп, айналасындағы жақсы мен жаманды оңай сезе бастайды.
Көпшілік балалар жазушыларындай Бердібек Соқпақбаев та «Балапан торғай», «Ағаштар неге ашуланады?», «Әріппай мен көкжал қасқыр» т.б. шығармаларында оқырман көңілін хайуанаттар әлеміне (құлын, қозы, лақ, бұзау, тайлақ және әртүрлі құстар) және өсімдіктер дүниесіне бұрады. Рас, бөбектердің жас өзгешеліге байланысты мұндай тематикадан қия салып өту де мүмкін емес. Автордың бұндай тақырыпқа қалам тербеуі жалпы балалар әдебиетіндегі типтік тенденциядан бастау алған десе де болады. Осылай болса дағы жазушының «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Алыстағы ауылда» т.б. шығармалары оқиғаға бай, қызықты, жас балалардың түсінуіне жеңіл және идеялық мазмұны терең көркем мәнді шығармалар ретінде бұған дейін де өз бағасын алып келген.
Кішкентай балалар әсершіл болатыны аян. Олар қиял ғажайып ертегіні тыңдағанда жеті басты жалмауыз бен алысқан адамды аяп, оған көмектескісі келеді. Не болмаса айлакер, қу түлкінің мақсатын біліп қойып, осы ертегі оқиғасына өзі қатысып жүргендей амалын тауып, түлкіге алдатпаудың жолын іздейді. Кейбір қаһармандардың әрекет-қылығына қатты риза болып ынта-шынтасымен күледі. Тіпті олар ертегі кейіпкерлерін өмірде шын болғандай елестетіп, олардың сырт келбетін, мінез-құлықтарын, тіпті жүрген-тұрғандарына дейін көз алдарына есестетеді. Ал енді жалқау, сотқарлар жайлы ертегі тыңдағанда олар өз бойындағы жағымсыз мінезді жойып, өздерін ондайлардан аулақтату, теріс ойдан арылуға ұмтылады.
Жеткіншектер көркем дүниеде болып жатқан қызықтардың арасында өзі өмір сүріп, оларды терең меңгеруге тырысады. Ол ғана емес, жаратылыста жоқ нәрсені жасауға ұмтылып, өссем осылай жасар ем деп қиялдайды. Қысқасы, бала сәби қиялымен, сәби фантазиясымен өседі. «Балаларда табиғатты сүю сезімі мықты дамыған болады. Оларға самал соққандағы бақтың шуылдағаны, бір тегіс өскен шөптің бірде артқа, бірде алға толқындай тербеліп жапырылғаны, құстардың сайрағаны, сайдағы тастардың текшеленіп орналасуы сияқты басқа да көріністердің барлығы да қызық. Осы қызығушылықтың әсерінен балаларда «Не үшін?», «Неге?» – деген сұрақтар туындайды. «Не үшін бұлттар жылжып жүреді? Не үшін құмырсқалар суға түспейді?» – деген сарындағы бірінен-бірі алшақ сұрақтар қоя бастайды. Ол сұрақтарына нақты жауап алмайынша тынымсыз «Неге олай?», «Ондан кейін не болады?» – деген сұрақтар береді. Бізде балалардың жоғарыдағыдай сұрақтарына жауап табатын бірден-бір құрал болып балалар әдебиеті саналады» [2, 142]. Бердібек Соқпақбаевтың «Дала жұлдызы», «Бурыл ат», «Ағаштар неге ашуланады?» т.б. әӊгімелерін оқыған бала табиғаттың сырларын ашып, өз бетінше ой жүгіртіп, сұрақтарына мүмкін болғанынша өзі жауап таба ала қояды. Балаларға арнап жазып жатқанда автор балалық қиялдың әлеміне еніп, Горький айтқандай, балаларға үйретпей, керісінше, балалардан үйренуі керек. Балалықты қадірлеп, сүйіп және өзінің балалық кезін көз алдына келтіре білуінің маңыздылығын әрдайым есте тұтуы керек.
Балалар әдебиетінде кездесетін кейбір кемшіліктер бірқатар лирикалық жырларды, прозалық шығармаларды тудырған Бердібек Соқпақбаевтың қаламынан төгілген әдеби шығармаларда кезіктіре бермейміз. Осыдан да болса керек, автор қазақ балалар әдебиетінің классигі атанып, шығармалары қай дәуір болса да, қанша мезгіл өтсе де өз өзектілігін жоғалтпай, бүгінгі күнге дейін оқылып келе жатыр.
Әдебиеттер:
1. Байзаков Т., Абдыкеримов К. балалар әдебиеті учурдун талабына жооп бергендей болсо балалар әдебиеті // Классикалык изилдөөлөр жана тексттер. 8-китеп. балалар әдебиеты. Түзгөн: АЖакыпбекова – Бишкек, 2018
2. Жапиев Ж. Кичинекейлерге да чындык керек.// Ала-Тоо. – 1970, – № 10. – 137-142-беттер.
3. Классикалык изилдөөлөр жана тексттер. 8-китеп. балалар әдебиеты. Түзгөн: АЖакыпбекова – Бишкек, 2018
4. Сокпакбаев Бердибек // https://adebiportal.kz/ru/authors/view/320
5. Бердибек Ыдырысович Сокпакбаев https://ru.wikipedia.org/wiki/%D0%A1%D0%BE%D0%BA%D0%BF%D0%B0%D0%BA%D0%B1%D0%B0%D0%B5%D0%B2,_%D0%91%D0%B5%D1%80%D0%B4%D0%B8%D0%B1%D0%B5%D0%BA_%D0%AB%D0%B4%D1%8B%D1%80%D1%8B%D1%81%D0%BE%D0%B2%D0%B8%D1%87
6. Сокпакбаев Бердибек // https://www.zharar.com/index.php?do=shorttexts&action=author&id=583&category_id=10
Көлбаева Мээрим Курманбеккызы
филология ғылымдарының докторы, Қырғыз ұлттық ғылымдар академиясының, Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының «Манас», фольклор, ақындар шығармашылғы бөлімінің басшысы
Аударған:
Қожабаева Динара Абылайқызы