ҰЛТ ӘДЕБИЕТІ ЖӘНЕ ҮШ КІТАПТЫҢ ЖҮГІ
26.11.2024
169
0

Қазақ әдебиетінде толассыз ағылып жатқан сан түрлі бұлақ бар. Бірі – еркелей келіп, бірі – мінез танытып, енді бірі – елеу­сіз келіп қосылады. Ал биыл жастары отыз-қырықтың айналасындағы үш жазушының кітабы тіпті де еленбей қалған жоқ. Қанат Әбілқайырдың – «Ағыраптағы аты жоқ адам», Мақсат Мәліктің – «Абыл мен Қабыл», Әлібек Байболдың «Мұтылған» романдары қазір әдебиетшілер аузында, әдебиетсүйер қауымның назарында жүр. Шынын айт­қанда, ке­йінгі жылдары сәл қасаң тартып, әркім өз арнасын өзі аршып жатқан заманда әдебиет әлемінің осынша дүр сілкінгеніне сүйсінесің.
Ең бастысы, үш романды да оқырман жылы қабылдады. Бұл романдар неге жұрт назарын аударт­ты? Ең алдымен, ескертеріміз, біз оқырмандық көзбен қараймыз. Осы үш туынды жарыққа шыққалы қарапайым оқырман да, әдебиет­танушы-ғалымдар да, әріптес қаламгерлер де түрлі пікір білдірді. Бірі аңғармағанды екіншісі нұсқап жат­ты. Сондықтан осы сөзімізде соларды қайталасақ немесе тіпті қиғаш тартсақ, түсіністікпен қарарсыздар деп сенеміз.
Әлібек Байболдың «Мұтылған» романын «метароман» деген жанры ақтап тұр. Біз Әлібекті шұқынып көп оқитын, көп ізденетін, түрлі жанрларда қалам тартуға қорықпайтын еңбекқор қаламгер ретінде білеміз. Кейде осындай жазушылардың жазған-сызғанын қарап жүріп, мейлінше түйсінуге тырысып жүріп, әйтеуір бір күні олардың қаламынан сәл бөлектеу, жалпы қалыптасқан дәстүрден тыс дүние тууы тиіс екенін сезінесің. «Мұтылған» – сондай дүние. Ол стандарт қалыптарды қажет етпейтін, өзі қаласа – шығандап кете беретін, қажет етсе – дереу қайырылып, оқиғаны дереу тұжыра қоятын, сөйтіп, оқырманға «арғы жағын өзің таны» деп сыр жасыратын дүние болып шығыпты. Ең бастысы, мұндағы кейіпкер тым еркін. Бір қарағанда, Мұтылған Т. ауылының тар атмосферасында аса қиналып, өзін-өзі жеп, айнала қаптаған надандықтан түңіліп, өрісінің бәрі тарылып жүргендей көрінеді. Бірақ тіршілік қамытын мойнына іліп жүрсе де, Мұтылған кеңістігі шексіз. Ол ойының еркіндігімен, санасының шексіздікке құмарлығымен Т. ауылынан баяғыда биіктеп кеткен. Әлібек роман ішінде Мұтылған образын Абайдың өлеңдерімен аша түседі. Бұл екінің бірінің аузындағы жат­танды жолдар емес. Кейіпкер аузына өлеңдерін сала отырып, жазушы Абайдың да зау биікте, тым асқақ, тым аспани екенін аңғартады. Осылайша, құрсауда жүрсе де Мұтылғанның жаны азат. Айнала мешеу адамдардың бір сәт ойын кеңістікке жіберуге әлде санасы мен өресі жетпейтінін, әлде тіпті ұмтылудың қажеті жоқ деп қарайтынын ол түсіне алмайды. Адамға осынша жазира беріп тұрғанда, күйкі ойдан аса алмау – Мұтылған үшін сор.
Осы тұрғыдан келгенде, яғни кейіпкердің жаны азат екенін ұқтыру мәселесінде Әлібек әдемі эксперимент­терге барады. Метароман дейтіні де содан болар. Бір қарағанда, бұл шығармадағы оқиғалар бір-бірімен еш байланыссыз сияқты. Бірақ әр тарау сайын бір оқиғаны баяндай отырып, Әлібек зор аллегориялар, метафоралар жасайды. Мешеу кейіпкерлер галереясын түзеді. Романда автордың да қатысы байқалады, бірақ ол кейде кейіпкердің өзіне бағынбай кететінін де ескертіп қояды. Ал оқырманды әрі-сәрі күйге бөлейтін сәт­тері жетіп-артылады. Мысалы, өз басым соңғы парағын аударғанда «Мұрат кім? Мұтылған кім?» деген ойдан арыла алмадым. Шындығында, ол екеуі – бір адам. Бірі – балалы-шағалы, бірі – өмірді енді бастағысы келетін қиялшыл жаратылыс. Сана жолымен кеткен Мұтылған өзін азат адам ретінде көре алады, шындығында, оның да бейнет­тен арылмаған Мұрат екенін тани бересіз. Мұтылған Т. ауылында бірде – қаһарман, бірде – арашашы, бірде – қияли болып жүріп, жан дүниесі қасаңданып кеткен адамдарға сана сергектігімен өмір сүруге болатынын аздап болса да аңғартады, яғни ол оқырманды ойлануға итермелейді. Қазақ қоғамында адамдардың барлығы сәтсіздігі үшін өзгені, тіпті мемлекет­ті бірінші кінәлауға бар. Ал қазіргі заманның Мұтылғаны, яғни Әлібектің кейіпкері оқырманына «ең алдымен, кінәні өзіңнен ізде, сен қоғамның масылысың ба, асылысың ба?» деп сұрақ қояды.
Жаңа сөз басында Әлібек қаламынан осындай дүние тууы тиіс болды дегенді айт­тық. Оскар Уайльдтің «Дориан Грейдің портреті» романында өмір жайлы түйдек-түйдек ой айтып, сананы сан бұрышқа тықсыратын граф Генри Уот­тон есімді кейіпкер бар. Әлібектің Мұтылғаны қазақ әдебиетіндегі ізгі Уот­тон сияқты. Уайльд романында Уот­тон жасөспірім Грейді нарциссизмге итермелесе, бүкіл оғаш ойларымен оның санасын шегендесе, Әлібектің Мұтылғаны, керісінше, құрсаудағы қазақ санасын азат етуге талпынатын сияқты. Мен Мұтылған өмірінің әлде трагедиямен аяқталуы, әлде Пегас-пыраққа мініп, миғраж жаққа ұшып кетуі турасында төрелік айтпақ емеспін. Оны оқырманның өзі шамалап алады. Бірақ Мағжанша термелесек, Мұтылған «ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» деген танымды тереңдете түседі. Ой ғана адамзат­ты сана биігіне шығара алатынын, бірақ оған үнемі жем салып, яғни білім арнасын ашып отыру қажет екенін меңзейді. Шын мәнінде, Мұтылған өлген жоқ. Ол Мұрат болып тіршілікке шырмалып ғұмыр кеше береді. Бірақ қоғамдағы ой еркіндігі бар санаулы адамның сансыз кедергілерге тап болып, ақыры адам ішіндегі саналы адамның жаназасы шығарылатыны қорқынышты. Мұрат-Мұтылған осында кейіпкер болуымен де құнды.
Мақсат Мәліктің «Абыл мен Қабыл» романының идеясы ұнады. Әдет­те, қазақ әдебиетінің әлеумет­тік сарыны басым. «Әдебиет­те санаулы ғана тақырып бар» дейтін ғалымдарға дау айт­қымыз келеді, бірақ көтерген тақырып, айтылған идеяға қарап отырып, қазақ әдебиеті өз қазанында өзі қайнап жатқандай көрініп кететіні рас еді. Мақсат әдбен айтылған, жазылған, түрлі интерпретация жасалған Абыл мен Қабыл оқиғасына жаңаша келіпті. Жоғарыда айт­қанымызды мұнда да ескертіп өтсек артық болмайды. Мақсат­тың бұл туындысы – ізгілік іздеген дүние. Діни баяндарда Абыл мен Қабыл оқиғасына қатысы бар қара қарға – Мақсат­тың романында, керісінше, ізгілік іздеуші.
Қабыл Абылды өлтірді. Ол қызғаныштан қолын қанға малды. Сөйтіп, адамзат тарихы бірден ізгілік арнасынан бұрылып кет­ті. Шет кет­ті. Содан бері адамзат баласы Абылдың бойында қалған, бірақ ұрпағы арқылы тарай алмаған ізгілікті іздеп келеді. Әрине, ізгілік Қабылдың қанында жоқ еді дей алмаймыз. Бірақ Адам Ата мен Хауа Анадан тараған қос перзент­тің ұрпағы қатыгез Қабыл арқылы ғана тарағаны да заңдылық сияқты көрініп кетеді.
Кейіпкерлері – барлық дәуірдікі. Басты ерекшелігі де осында. Желтоқсан қасіреті кезінде ары тапталған Бекторы – қаншама ғасыр басынан қасірет арылмаған әйелдің, әсіресе қазақ әйелінің түпкі бейнесі. Ол қай заманда да мұң мен қайғы мелдектеген тіршілік азабынан арылған емес. Оны азаптаған, тәніне жауыздық таңбасын салған қараңғылық әлі сейілген жоқ. Автордың қараңғылық категориясын елеусіз, дегенмен өте орнықты кіріктіргені байқалады. Қара қарғаның өзі – қараңғылық. Ол қараңғы түнде ғана байыз табады. Дәруіш қараңғы түскенде жоқ болып кетеді, не істейтінін ешкім де, тіпті өзі де білмейді. Оның кешкен мыңжылдық ғұмыры түгелдей қараңғы. Қабыл мен Абыл қараңғы түскенде қосүрей кейіпке ауысады. Біреуі – (Қабыл) қараңғыдан рақат табады, біреуі – (Абыл) жарықты аңсайды.
Бекторы неге егіз баланы бес жыл көтерді? Оған Дәруіш те жауап бере алмайды. Автордың бұл шешімінің тылсымын шешу қиын. Мүмкін, желтоқсан қасіретінде бойға біткен қос перзент ұлы дәуірдің туындауын күтіп жатқан болар. Жауыздық пен озбырлыққа құрылған қоғамның күйреуін күтіп, сәтін тосып жат­ты ма, әлде? Бірақ олар дүниеге қосақталып келгенде, бәрібір адамзат ғұмырының экпериментіне айналып кет­ті ғой, сонда баяны қайсы? Шынында да, Қабыл мен Абыл дүниеге келген сәт ұлы дәуірдің басы ма? Жоқ, отыз жыл елді омалтқан, сүйегіне тектілік бітіп көрмеген жартыкештердің жалауы желбіреген кезең болды да шықты. Қаны таза қазақ Мақсат­тың кейіпкерлеріндей қосақталып қалды. Абыл ізгілікті аңсаса, Қабыл тәннің қалауына ғана құмартып тұрды.
Ескі замандардан аңыз болып жеткен Қабыл мен Абыл екі бөлек жаратылыс болатын. Мақсат осы таптаурын ізге түсіп алып тарта бермепті. Оның Қабылы мен Абылы – қоғамның бар құбылысын екі сана, бірақ бір жүрекпен қабылдайтын ерекше кейіпкерлер, яғни біздің өзіміз. Қабыл кімнен туғанына, өмірге неге келгеніне, миссиясы неде екеніне бас қатырмайды. Ол – тән ғана. Ал Абыл – жан. Ол жербетілік тірліктің тұрлаусыздығын бірден сезінген. Абылға мейірім керек. Атын білмейтін Бекторы ананың жетіспей қалғанын мейірімінен бастап, интернат­тағы балалардың әлімжет­тігі арасынан, дәрігердің құпиясынан, Құйынның алаөкпе шабысынан, ақыр аяғы, өздерін экспериментке айналдырған қоғамнан іздейтін шуақ тапшы оған.
Иә, қай заманда да адам мейірімнің жеткіліксіздігінен жапа шегеді. Бала күніндегі аста-төк шуақты ол өле-өлгенше Қабыл тектес адамдардан іздеп өтеді. Қабыл мен Абыл аман болса, Дәруіш не істер еді? Неге ол уақытың тууын күт­ті? Сөйтсек, оның уақыты – ажалы жетпеген пендені, яки өзін қара қарға шоқып өлтіргенше екен. Баяғы ескі аңыздағы қара қарға Қабылға өлген адамды қалай көмуді көрсетсе, Мақсат­тың қара қарғасы мына заманда сол айыбын жуу үшін жанталасады. Шынында да, ала жіпті алып кетсе, Қабыл мен Абыл ғұмыры үзілмес пе еді?
Автор жүлгесі сандаған ғасыр бойы анық таныс оқиғадан бөлек арна іздейді. Мақсат­тың «Абыл мен Қабылында» қатыгез Қабыл Абылды өлтірмейді, бірақ өлімнің жолын нұсқайды. Ізгіліктен жалтара берген адамның жаны қиналып, тыныштық іздейді. Табар дауасы, медеуі не болмақ? Осы түйінде де зілбатпан ой жатыр. Абыл өз ғұмырына нүкте қойы­латын тұсқа жеткенін сезсе де, жалғыз жүректің Қабылға бұйыратынына қуанышты. Бұл неткен, қайдан шыққан кеңдік?! Жоқ, астар терең: жүрек бәрібір ізгілік іздемей қоймайды. Ертең ол қатыгез Қабылдың тәнінде соғып тұрса да, Абылдық болмыстан алыстамайды. Бірақ ала жіп бәрін тоқтат­ты. Бұл жолы да терең ойлануға тура келеді: неге қос мұңлықтың тағдыры осылай шешілді? Неге дәрігер миссиясын аяқтамады? Сонда дәуірлерді алмастыруға келген егіз жалғыз орнын кімге қалдырып кет­ті? Құйын – алақұйын уақыт­тың өзі. Министр – заман адамы. Аудан әкімі – орындаушы. Көзге түсу, тындырымды болып көріне білу дәуірінде оның эксперимент жасайтын адамы – сиам егіздері ме, мүгедек пе, бәрібір. Автор сюжет­ті, негізінен, Абылдың танымына үңіле отырып өргенімен, заман адамдарының бейнесін тікелей де, астарлай да аша білетін желіні еркін қолданады. Шын мәнінде, жоғарыда біз атап өткен кейіпкердің бәрі – жанама.
«Абыл мен Қабыл» қазақ жазушыла­рының ой кеңістігі кең екенін айқын көрсетеді. Мұнда киіз үйге ғана қамалып қалған мұң жоқ. Мұнда қазақы киіз үйдің түндігінен шыққан ой ағысы әлемнің бар атырабын оңай кезіп кетеді. Адамзат жаралғалы бергі Қабыл мен Абылдан қалған тіршілік мұрасы сол адамзатпен мәңгі бірге жасаса беретінін ұқтырады.
Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам» романы – қазақ әдебиетінің тақырыптық жағынан тың тынысы. Қазіргі әдебиет­тің даму тұрғысына көз салсақ, әлеумет­тік тақырып әдебиет­тен алыстауға тиіс сияқты көрініп кетеді. «Тарих жеңімпаздардың көзімен жазылады» дейді дәуір, яки қазақтың Тәуелсіздік дәуіріндегі тағдыры тарих ғылымының пафосты-асқақ көзқарасынан аса салқынқанды, тіпті кейде өкініш аралас сарынына ауысқанын көзімізбен көріп жүрміз.
Демек, дәуірдің айнасы не болады – жазушының шығармасы болады. Ендеше, қазақ әдебиетіне де дәуір шындығын сипат­тайтын шығармалар керек. Біз кешегі Жаңаөзен, Шаңырақ оқиғаларын, тіпті бір белестің артында қалған қасірет­ті Қаңтар оқиғасын тарихтан ертең-ақ әдебиет арқылы іздейміз.
«Ағыраптағы аты жоқ адам» осы ізденістерімізді айтарлықтай қанағат­тандырады. Бұл роман – Шаңырақ қасіретінің айқын бейнесі.
Қанат романындағы ең ұнаған нәрсе – кез келген кейіпкер жүлгесін тарқатып отырып, олардың бірде-біреуінің бос кеңістікте қалмағанын аңғарасыз. Аты жоқ адам Әлімбаев та, оған пойызда жолығатын қызылшаш апа да, Әлия да, одан ке­йін танысатын түрлі кейіпкердің қай-қайсысы да үлкен жүк көтеріп тұр, яғни Әния десе де, Әлия десе де, Елдес десе де, қос мұңлықтың әкесі, әлде анасы десе де – бәрі келіп, «Аты жоқ адам» деген образдың арнасына құйылып жатыр. Әуелі, бас кейіпкердің аты жоқ. Ара-тұра ғана Әлімбаев екені айтылады. Ең қызығы, шығармаға дендеп енген сайын сіз оның атын керек етпейсіз, өйткені оқиға әлемінде соның көзімен өзіңіз жүрсіз. Ол бет алған қаланың атауы – Ағырап. Арғы жағында Алматының құлағы қылтиып тұрса да, сіз бас кейіпкердің де, аяулы Алматының да тағдыры ағыраптық екенін жазбай танып отырасыз, яғни Алматы – жұмақ пен тамұқ арасындағы мекен. Сұмдық түйін, иә! Бұл шаһар осы қасіретімен, осы трагедиясымен әлемнің ең тағдырлы қалаларының қатарына оп-оңай қосыла алады.
Алматы-Ағыраптың атын астарлап отырып-ақ жазушы бас-аяғы он бес жыл ішіндегі сүйекті оқиғаларды сипат­тап шығуға тамаша форма табады. Аты жоқ адамның әкесі Кенен – дәуір ауысқан тұстағы құрбан тұлға. Ол бақыт іздеп нән шаһарға келді, сөйтіп, сол бақытын таппай, ақыры өзіне бір әлем тауып алды. Дін деген. Оған енді бала-шаға қамы қызық емес. Идея бар, сол үшін өмір сүреді. Өте ауыр шешім. Тіршіліктен тайсақтағандардың, десі қайт­қандардың жиі жүгінетін шешімі. Ең бастысы, айналамыздан күнде көріп жүрген кейіпкер ол.
Мыңқыстақтан жазасын өтеп шыққан аты жоқ адамға Әлия неге кезікті? Әлия – бас кейіпкер үшін Әнияның елесі, бірақ шығарма соңында сол Әлия өзінше бір тұлғаға айналады. Сіз оны пойызда қылымсыған ұрғашы кейпінен өзіңіз-ақ арашалап аласыз. Демек, Әлия – адам.
Елдес… Аты жоқ адамның туған інісі Елдес өзін сатып жіберді деген ойға берік бекіген. «Екеуміз жолыққанда, көзіме қалай тура қарар екен?» деген ой жанын жегідей жейді. Сөйтсе, жан бауыры Елдес жынданып кетіпті. Қайран Елдес жалғыз бауырына қарап: «Қисық мылтықты қисайтып тұрып, өз-өзімді ата салғым келеді», – дей береді. Оның санасында өткен күндер осындай ауыр оқиғалармен ғана қалған. Ол туған бауырын Ібіліс деп санайды. Мыңқыстақтан бекініп жеткен аты жоқ адам – енді, осы кетілген адамның жалғыз қамқоршысы. Елдес арқылы біз пәтер беруші ұйғыр шалды, басынан соры арылмаған әке мен ананы, үйі күрелгенде әлгі сөзді ішінен толғап шығаратын көрші ақсақалды тани түсеміз.
Әния… Қай заманда да әйел тағдыры – ауыр. Аты жоқ адам мен Әния арасындағы сезімді оқырман ретінде өзіңіз де түптеп танып үлгермейсіз. Махаббат па? Құштарлық па? Бір сәт­тік әлсіздік пе? Бәрібір Әнияның бойында аты жоқ адамға деген сенім бар еді ғой… Сол сенімді жас жігіт­тің қырық күндікке қашып кеткендегі әлсіздігі қат­ты сетінетіпті. Әния әкесі Қабылды сот­тан құтқарып алу үшін зор тәуекелге барған, өмірін құрбандыққа шалған. Аты жоқ адам оны Бокин көшесіне іздеп барғанда өтірік орысша сөйлеп, танымайтын кейіп көрсеткенде, қыздың бойындағы қайсарлық пен сүйгеніне деген өшпенділік қандай?! Қайран Әния… Гүлдей солған жас ғұмыр. Он төрт жылдан ке­йін ғашығы «қате байламдарының» бәрінің шындығын біртіндеп ашып, ақыры Әнияға келіп жеткенде де ол қайырылмайды. Қалған көңіл – шыққан жан. Бірақ дәл сол қасіретке аты жоқ адам кінәлі ме? Үлкен сұрақ. Әния образы арқылы автор әке – бала, қыз – жігіт, қыз – тағдыр, қыз – кішкентай нәресте линияларын сәт­ті өріп шығады. Бәрінің артында ауыр тағдыр тұр. Ең бастысы, әкесін құтқарып алу үшін арын саудалаған Әния өзі ауруға душар болса да, сол кез­де қандай тәуекелмен тиын тапқанын әкесіне де айтпаған! Оны аты жоқ адам Бокин көшесінен көріп қалмаса, жақын адамдарының ешқайсысы да білмес еді. Мұны қайсарлық дейміз бе, есіл ғұмыр дейміз бе? Түйіні қиын.
Шаңырақ оқиғасының бағасы осылай көркем шындыққа айналғаны да өте дұрыс. Бұл қазақтың өз қолымен жасаған құлдық жүйесінің бұлқынысы іспет­ті. Биліктен кетуін кетіп, «халқым мені неге ардақтамайды осы күні?» деп өтірік ақымақ болып отырғандардың тізгіндегі ғұмырына берілген баға бұл. Қырғын болған ықшамаудан атауы кітапта Нұршық деп алыныпты. Несі бар, «Нұр, шық!» (кет!) – ке­йін Қаңтар қасіретіне ұласқан ұрпақ күресінің анық үні, дәл атауы. Ал өртеніп кеткен полицейдің Кеңесов аталуы да – тым қатал. Сол кез­дегі билік бұрынғы кеңес әдісінен басқаны білмейді, соларша жаншиды, азаптайды, Ұлы даланы толық түрме ете салуға бар. Өз ұлдарын халқына айдап салып отыра бермек.
Кейіпкер Әниясынан айырылды, Елдестен айырылатыны хақ. Сирияға жиһадқа кетіп, ақыры «тақсыр» кейпінде Қазақ­стан түрмесінен бір-ақ шыққан Кенен әкені жары кешіре ме, оны біз білмейміз. Оған бас ауыртпаймыз да. Екеуінің арасындағы әңгіме үлкендердің шаруа­сы дей салайық. Бірақ енді аты жоқ адамның бойында Әния рухы мен елесі мәңгі өмір сүреді. Өйткені Германияға сатылып кеткен Нұрсұлтан есімді бала бар.
Қорыта келгенде, үш туынды да маған оқырман ретінде ұнады. Мақсат пен Әлібек ке­йін осы шығармаларды қайта шығарғанда немесе жақсы сөйлейік, таңдамалы жинақтарына қосқанда, қат­ты сүзіп, әрбір сөзге қайта үңіліп қарайтын шығар деп үміт­тенемін. Өйткені журнализм көріністері бар. Бұл кемшілік емес, бірақ ескере жүруге тиіс нәрсе деп санаймын.

Есей Жеңісұлы,
ақын,
«Ақ желкен» журналының
бас редакторы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір