ЕКІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫС және ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ
Әлемді дүр сілкіндірген, әлемнің геосаяси картасын қайта жасақтауға алып келген Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихында терең із қалдырды.
1941–1945 жылдар арасында бес жылға созылған, миллиондаған адамдардың тағдырына әсер еткен, жазықсыз ажал құшқан, өмірмен ерте қоштасқан қаншама жандардың осынау әлемдік катастрофадан сырт қалғаны некен-саяқ.
Әлемнің алты бірдей құрлығы араласуға мәжбүр болған осынау алапат соғыстың тарихы, міне, сексен жыл болды, әлі де зерттелу, жазылу үстінде.
Адамзатқа қанқұйлы соғысты бастап берген, ұлы герман халқының күллі Еуразия кеңістігінде ұлы империясын құрып, әлемді аузына қарататын үшінші Рейхтың туын көтеремін деп ақылынан адасып, жанталасқан Адольф Гитлерге байланысты тарихи, саяси көзқарас та бүгінгі күні ешкім күтпеген басқа бағытқа бұрылды. Гитлерді ақтап алғысы келетін саяси күштер, саяси партиялар да әлемдік аренада бас көтере бастады…
Екінші дүниежүзілік соғыстың ащы шындығын, оның алып келген алапат азабы мен қасіретін, сол жылдардағы қазақ солдатының көрген мехнаты мен бастан кешірген қатерлі күндерін көркем шығармаларына арқау еткен қазақ қаламгерлері аз болған жоқ.
Бұл қаламгерлердің барлығы да соғыс жылдарын басынан өткізген, оқ пен оттың ортасынан аман оралған майдангерлер еді. Олар соғыстың күллі шындығын өз көзімен көрді, окопта бірге жатқан құрдастарының оққа ұшып, қыршынынан қиылған тағдырын жүрегінен өткізіп келгендіктен бірден қаламға отырды.
Соғыс күнделігін күнбе-күн ақ қағазға түсіріп, болашақ шығармаларының алғашқы беттерін окопта жатып жаза бастаған Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Қасым Қайсенов, Әзілхан Нұршайықов, Әбу Сәрсенбаев, Қасым Аманжолов сияқты қаламгерлер қазақ әдебиетіне бәсі биік туындылар сыйлады.
Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына қалам тербеген үлкен классик қаламгерлеріміз де болды. Осынау тақырыпты әр жанрда терең бейнелеп, Отан қорғау, туған ел, туған жер үшін күрес үстінде көрінетін кейіпкерлер шоғыры Мұхтар Әуезовтің, Ғабит Мүсіреповтің, Жамбыл Жабаевтың, Асқар Тоқмағанбетовтің, Әбділдә Тәжібаевтың және т.б. қаламгерлер туындыларында көрініс берді.
Т.Ахтанов, Ә.Сәрсенбаев,
Д. Әбілев, А.Жұмағалиев, Қ.Аманжолов, Т.Жароков, К.Тоқаев, Б.Соқпақбаев,
Ж.Саин, Қ.Әбдіқадыров, Қ.Бекхожин,
Б.Бұлқышев, С. Омаров, Қ. Шаңғытбаев, Қ.Исабаев сынды ақын-жазушылар бірден майдан даласына аттанды. Арасында қаншама қазақ қаламгерлері майданнан оралмады. Ауыр жараланып, мүгедек болып, мерзімінен бұрын майданнан оралғандар қатары да аз болған жоқ.
Сонымен бірге жоғарыда атап өткеніміздей, майдан газеттерінің беттерінде өзінің отты, рухты, жауынгерлік жырларымен танылып үлгерген жас ақындар легінен Қасым Аманжолов, Сырбай Мәуленов, Жұмағали Саин, Хамит Ерғалиев, Жұбан Молдағалиев, Сағынғали Сейітов сынды қаламгерлер соғыс тақырыбына жаңа леп, жаңа поэтикалық ізденістер арнасында құнарлы, тың шығармаларымен бірден көзге түсті.
Сол жылдардағы соғыс тақырыбын кең қамтып, халықтық поэзия тілінде, дәстүрлі жыраулық, жыршылық өнердің көркемдік бояуымен астастыра толғаған, жырлаған халық ақындары Жамбыл Жабаев, Нұрпейіс Байғанин, Кенен Әзірбаев, Шашубай Қошқарбаев, Нұрлыбек Баймұратов, Нартай Бекежанов, Доскей Әлімбаев т.б. қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасымен келіп қосылды. Жамбыл Жабаевтың әйгілі «Ленинградтық өренім» және соғыста мерт болған перзенті Алғадайға арнап жазған цикл өлеңдері Кеңес Одағы көлемінде миллиондаған оқырманға жетіп жатты.
Жалпыұлттық, жалпыхалықтық мәнге, мазмұнға ие болған осынау қасиетті тақырыпқа ат басын бұрмаған, шығарма жазбаған қазақ қаламгерлері өте аз екен. Керек болса, 60–70 жылдары әдебиет көшіне келіп қосылған жас қаламгерлердің өзі тікелей соғыс шындығын суреттемесе де, сонау соғыс жылдарындағы ауыл өмірін, соғыстың кесірінен жастай жесір қалған аналар мен жетім балалар тағдырын, солардың басына түскен соғыс тауқыметін тереңнен толғайтын тартымды туындыларымен таныла бастады.
Сайын Мұратбеков, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржеке, Оралхан Бөкей, т.б. жас дарындар осынау тақырыптағы алғашқы повестерімен-ақ оқырман назарын өзіне аударды. Өртеңге шыққан ұрпақтың буыны ретінде әдебиет айдынында жарқ етіп көрінген осынау бір шоғыр жас жазушылар кейіннен, сексенінші жылдары туған әдебиетіміздің негізгі жүгін арқалаған тегеурінді топқа айналды.
Майдангер қаламгерлер Бауыржан Момышұлының, Қасым Қайсеновтің, Әди Шәріповтің, Әзілхан Нұршайықовтың, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шынайы дерекке құрылған, соғыс шындығын нақты тарихи оқиғалар мен нақты қалалар, нақты мекендерде өткен соғыс көріністерін кең қамтып, нақты әскери қолбасшылардың өмірбаянын, қатардағы қазақ солдатының ерлік істерін баяндайтын көпқырлы сюжеттік арналарды бір шығарманың бойына сыйғыза жазған туындылары оқырман ықыласына бөленді.
Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді», Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз», Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Күткен күн» романдары жанрға тың серпін әкеліп, тосын сюжет, композициялық құрылым жаңалығымен, құнарлы тілімен, майдан шындығын кең қамтып, қайталанбас кейіпкерлер бейнесін сомдаған жаңалығымен келді.
Бауыржан Момышұлының, Мәлік Ғабдулиннің әскери прозасы, Қасым Қайсеновтің, Әди Шәріповтің партизандар өміріне арнаған шығармалары соғыс тақырыбының жаңа беттерін ашты.
Соғыс шындығын терең психологиялық талдауларға арқа сүйеп отырып, әрбір кейіпкердің ішкі жан дүниесіне терең үңілетін суреткер қаламгер Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндер», «Боран», «Шырағың сөнбесін» романдары өзінің сан қырлы көркемдік бояуымен әдебиетіміздің төріне көтерілді. Соғыс шындығы мен сол тұстағы қоғамдық-саяси, әлеуметтік құбылыстарды терең сабақтастырып қалам тербеген жазушының тың, тосын ізденістері қазақ прозасының жаңа белесі ретінде бағаланды.
Түйіндей айтқанда, соғыс тақырыбы қазақ әдебиетінің барлық жанрда жаңа белеске көтерілуіне жол ашқан үлкен арнаның бірі болды. Арқалы ақын Қасым Аманжоловтың «Дариға, сол қыз», «Ақын өлімі туралы аңыз» атты лирикалық өлеңі мен әйгілі поэмасынан бастап, роман жанрындағы Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты», Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндер», «Боран», «Шырағың сөнбесін» туындыларына дейінгі шығармалардың барлығы қазақ әдебиетінің жарты ғасырға жуық ең бір елеулі көркем мұрасын дүниеге әкелген кезең ретінде тарихта қалды.
Сапырды дауыл,
Тебіренді теңіз,
Тулады толқын,
Шайқалды шың-құз…
Қып-қызыл өрттің ішінде жүрміз…
Келмейді өлгім,
Келмейді өлгім.
Қайратым қайда,
Келші осындайда! –
Дедім де тұрдым,
Жүгіре бердім.
Қолымда найза, шағылып айға, – деп Қасым ақынның қолына қалам ұстаған замандастарының барлығы бір кез назар аударып, ат басын бұрып, жүрек қанымен жазған ұмытылмас жылдар шежіресі қымбат рухани мұрамыз ретінде қасиетті әдебиетімізде қалды.
Қансейіт Әбдезұлы
филология ғылымының
докторы, профессор,
Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы,
Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері
ПІКІРЛЕР1