Иесіз қалған раушан гүл мен жапон жаулығы
Сұлтан Раев
Жазушы туындысын оқып шығуды қалай таразылап, немен салыстырса болар екен? Қай туынды болмасын, жақсы яки нашарлығына қарамай, шалқып жатқан теңіз емес пе? Бәлки, мұхит па екен? Әйтеуір, ұлы су. Шығарманың басталу кезі қайыққа отырып жағадан енді ұзай берген сәт шығар. Арыны қатты асау ағыс, жан-жақтан қаумалаған жал толқындар үйіре соғып, қақпақылдап қиян түкпірге қарай лезде алып кетеді. Жақсы шығарма да солай. Қалай соңына жеткеніңді байқамай да қаласың. Одан да асып түсер ләззаты, артықшылығы – шап-шағын ғана шығарманың басынан аяғына дейін созылып ұлы өмір, тіршіліктің сан алуан кезеңдері, қасіреті ғасырға жүк болатын жылдар жатады. Айналасы 4-5 бетке бүтін бір өмірдің дүрк еткен тақсіреті мен жылт еткен қуанышын тастай салуды шеберлік демегенде не демекпіз?!
Жағалаудан баяғыда аттанып кеткеніне қарамастан, әлі сол маңайды шиырлап, ұзай алмай, кібіртіктеп жүрген қайықтың күйі – нобайы көз алдыңда да, көңіл таразыңда да сол күйі нақтыланбай, бұлдыр тартқан әңгімені оқып отырған оқырманның шалдыққан ахуалымен біп-бірдей емес пе?!
Нұрғали Ораз
Қазақ жазушысы Нұрғали Ораз бен қырғыздың танымал қаламгері Сұлтан Раевтың туындылары шымырлап қана ағып жататын жұп-жуас теңіз сынды. Бір қарағанда, тіпті ағып жатқаны да аңғарылмайды. Су беті білінер-білінбес қана әнтек дірілдейді. Ал теңіздің іші бұрқ-сарқ қайнап жатады. Сүлесоқ кіріп, сілкініп шығасың. Қос жазушыны салыстыруды ойлап та отырғанымыз жоқ. Әркім өз биігінде екені әмбеге аян. Бізді қызықтырғаны, тәнті еткені – бірегей талант қос жазушының қанаттас, рухтас екені. Жүрегінің түкпірінен үзіліп түскен мөлдір туындылары, өмірдің өзінен ойып алынған жанды мысалдары жаныңды әлдилеп, бойыңдағы әр клеткаңа кіріп шыққандай болатынын қайтерсің. Сөз Нұрғали Ораздың «Аяқталмаған ертегі» әңгімесі мен Сұлтан Раевтың «Қар» әңгімесі жайында.
Екі әңгімеде де әлдеқашан-ақ тіршіліктің тынымсыз дөңгелегіне айналып кеткен екі адамды әлдебір хабарлама маңдайынан ұрғандай мең-зең етіп тастайды. Лезде есін жиғызады. Екеуі де бір сәтке күнделікті өміріне бақыт, табыс әкеліп тұрған зымырандай жүйткіген тіршілік пойызынан сытылып түсіп қалады. Алды-артын бажайлап, өткенге көз жібереді. Бақыттымын деп жүрген тіршілігінің асты-үстіне үңіледі. Көңілін әлдебір түсініксіз мұң жайлап, өкініш уы басынан бақайшағына дейін тарап жүре береді.
«Өмiр – ертегi емес,
Ертегi – өмiр емес…
Сөйте тұра жер бетiндегi миллиардтаған адамдар мынау өмiрдің ертегiге айналғанын қалайды», – деп бастайды Нұрғали Ораз әңгімесін.
Бала кездегі махаббаты Раушан кенеттен телефон соққанда кіші ғылыми қызметкер болып істейтін, үлгілі отбасының иесі, ісіне бекем, пайдасына мығым, бүгінде жігіт ағасына айналған Сағындық ә дегенде абдырап қалады. Бірақ тез қалпына келеді.
«– Әлеу, әлеу… Бұл – Сағындық па екен?! – ар жақтағы әйелдiң даусы бұдан да өткен қазақы боп шықты», – дегенінің өзі-ақ Сағындық пен Раушанның арасын хат-хабарсыз томсарған жылдар бөліп жатқанын сездіре қояды.
Балдәурен балаң шағы, түбіт мұрт бозбала кезі, Раушанмен бірге кешкен көңілді дәурені көз алдына тұра қалады. Айна-қатесіз. Сенсорлы смартфонның мөлдіреген шынысынан көрінгендей өткен кезеңнің ұңғыл-шұңғылы түгел төгіліп түседі алдына.
Апыр-ай, сондағы нәп-нәзік, мөп-мөлдір Раушанды айтсаңшы. Бір-бірінің қолынан имене ұстап, сенімсіздігі күрт жойылып, сосын кенет серпіліп, аялай сүйіскен сәті ше…
«Мәңгiлiк өмiрдiң тұтқасы өз қолдарында тұрғандай соншалықты сенiмдi едi-ау сонда», – дейді жазушы. Сосын: «Бәлкiм, сол Балалық деген аңқау ұғым Мәңгiлiк деген ұғымнан әлдеқайда биiк шығар?» – деп топшылайды.
Раушанға деген сағынышы кенет ояна кеткен Сағындық бала махаббатымен кездесе ме? Әрине. Кездеспекке қам жасайды. Бәрін алдын ала ойластырып, қолайлы кафемен келіседі. Тап-тұйнақтай киініп, айтылған уақытта межелі мекеннен табылады. Бірақ Раушан кешігіп жатыр. Өзі іздеп, кездесуге алдымен өзінің көңілі соққан Раушан келер емес… Сол маңайдағы сатушы қыздың көңілін қимай үш тал раушан гүлді де сатып алады. Қыстың сызы біліне бастаған қара суық күздің күні де тоңдырып, үстіндегі жұқалтаң киімі қам-сау болар түрі жоқ. Ақыры Сағындық жылыстап кете барады.
Бірақ бағанадан бері Раушанның мұның ту сыртынан қарап, ауыр тұрмыс пен қара жұмыс қажытып, торсиып iсiнiп кеткен қолдарын қайда сыйғызарын бiлмей, онсыз да тырсылдап әрең сыйып тұрған сұр плащының жеңiн тартқылай бергенін еркек тіпті де байқаған жоқ-ты. «Ол берi қарай бұрылғанда тiптi сасып, қалың бөкебай орамалын көзiне түсiрiп алғаны» алау-далау балаң махаббаттан тіпті де белгі жоқтығын байқатып өтпей ме.
Шерхан Мұртазаның «Жүрекке әжім түспейдісінде» Сағын аға ғұмыр бойғы ғашығы Энжемен хат жазысып жүріп, оны көргісі келгенін жолдағанда Энже сұлу, Энже әжей не деуші еді: «Сіз мені шын жақсы көрсеңіз, сол балғын бойжеткен қыз кезімді жақсы көріңіз. Сол бейнені басқа ештеңемен былғамай, таза сақтаңыз. Он сегіздегі қыз бенен жетпіс сегіздегі қаусаған кемпірдің суретін салыстырып не береке табасыз, не мұратқа жетесіз? Обал емес пе?» – деуші еді ғой? Раушандыкі де сол кеп. Сол тағдыр. Үш тал раушан бір кездегі сәмбі талдай майысқан Раушанға сол күйі жеткен жоқ…
«Қар» әңгімесінің қызығы сонда, мұнда да қызметіне құлай берілген, біртоға, тәртіпті Марат Әлиев ойда-жоқта бала махаббатынан хат алады. Мұнда әйелдің өзі келіп хабарласпайды әрі хат та әйел атынан жазылған хат емес. Мараттың алаңсыз ойнап-күліп, арсың-гүрсің жүрген кездегі ғашығына жазған хаты. Шын сүйіп, шын ауырып жазған сөзі.
Мұның қабылдауына ұяла кірген әдемі, ақша жүзді, көздері мойылдай қап-қара Айшолпан анасы Алшаның аманатын жеткізеді. Қыздың жүзінен баяғы сұлу Алшаны көреді. Қызбен емес, Алшамен сөйлесіп отырғандай болады.
«Мынаны сізге апарып бер деген», – деп, қыз папканы ұсынады. Тымпиып жатқан жұмбақ папканың ішінде Мараттың бір кездері Алшаға берген «Советский экран», «Корея» деген журналдары, өлең жазылған шақпақ дәптері, «С Новым годом» деген открыткасы бар еді. «Қайран, Алшаның аманаты, – дейді Марат толқып, – осы кезге дейін сақтап келгенін қарасаңшы…»
Бала кезінде Алша сұлу еді. Сұлу еді де, ерке еді. Бірақ шолжаң емес-ті. Тіке айтып салып, турасынан тартатыны өзіне ғажап жарасатын. Оны жазушы екеуара мына диалогпен-ақ жеткізе салады.
– Әнеугүні жаныма отыршы дегенімде, не үшін келіспей қойдың?! Сапаргүл сары батпақтың жанынан шықпай?..
– Қашан? – деп аңқауланды бұл.
– Әнеугүні ше?.. – Алша аузын бұртитты. – Завуч апай көзін алайтқан күні…
– Аа… анау ма? Жай отырғанмын… Диктант көшіргенмін… Сен де мен секілді нашар оқисың ғой…
– Ой, сүмелек! Бәлесің, ә!.. Диктантта Сапаргүлмен, диктант жоқта менімен…
– Онда тұрған не бар?.. Екеуміз де «екі» алсақ жақсы ма?.. Саған да көшіруге бердім ғой? – деді ол ақтала.
– Ал екінші сағатта ше? – деп бастырмалатты Алша. – Сол кезде де отырмай қойдың ғой?
– Сапаргүлде өріктің қағы бар екен… Әкесі Оштан алып келіпті.
Содан Марат: «Сапаркүлді сүймеймін, сүю былай тұрсын, жек көремін сол қызды», – деп ант-су ішкеннен кейін екеуі татуласып, келешекті ойлап, тіпті балалы болса, есімдерін не деп қоятынын армандап кетеді.
«Сен маған жапон жаулық алып бересің бе, сонда?» – дейді Алша күлімдеп. Өйткені шешесі де Алшадан солай сұрай беретін көрінеді. Енді Алша соны Мараттан сұрап тұр. «Алып беремін, – дейді бұл, – Біреу емес, екеуін! Болды ма?».
Марат: «Біреу емес, екеуін! Болды ма?» – деп міндетсініп тұрғанында жапон жаулығын былай қоя тұрып, есейер-есейместен Алшаның өзін де тарс есінен шығарып аларын сезді ме екен? Әй, сезбеді. Сезсе, өз ойынан өзі шошынып, өз тілегінен өзі жерініп, Алшадан алыстамаудың қамын қылмас па еді?..
Мында Марат пен Алша, анда Сағындық пен Раушан соңғы қоңырау біте салысымен жұрттан бөлініп, жеке-дара кетеді. Төртеуіне жұлдызы жымың қаққан түн тілекші. Ынтызар көңіл, ыстық ерін, батылсыз сүйіс… қос жазушы ойласып алғандай-ақ жазады осы тұстарын. Тіпті Сағындық пен Мараттың көңілдері алаңдап, дегбір таппай, түнімен көз ілмей, таңға жуық маңдайдан ұрған ұйқының қақпанына ілініп қалатындары да қандай ұқсас. Алайда содан олқы соғып тұрған туынды бар ма? Әлбетте, жоқ. Мұндай сырлы әуен тек Сағындықтың пешенесіне жазылған дейсіз бе, әлде мұндай сәулелі мұңды тек Марат қана кешуі керек пе?
Марат ертесіне-ақ жылдам әрекетке көшеді. Асығыс Айшолпанға қоңырау соғады. Айшолпан ауылға шұғыл аттанып барады екен… «Апаң Алшаға менен дұғай сәлем айт! Кластасыңыз сізді үнемі ойлап жүреді екен де… Апаңа жас кезінде жапон жаулығын алып беремін дегенмін. Қа-ап, сенің ауылға баратыныңды білгенімде, апаңа жапон жаулық беріп жіберетін едім», – дейді Марат Әлиев. Сонда тұтқаның арғы жағындағы нәзік дауыс: «Апам енді сіздің жаулығыңызды сала алмайды… Апамнан айырылып қалдым…» – дейді. Солай дейді де, өксіп-өксіп жылап жібереді…
Егер осыншалықты ұқсас уақиғаны екі бөлек жазып шығуды міндеттеген бәйге болып, сол бәйгенің финалына осы екі әңгіме шықса, онда қазылар бас жүлдені қайсына тартарын білмей қиналар еді. Сөз жоқ, қиналар еді.
Нұрғали Ораздың бойыңа шуақ дарытып қойып, қуаныш пен қасірет табы алма-кезек тербейтін туындыларына тән нәзік иірім мұнда да бар. Жәй иірім емес, қайратты ағыс сезіледі. Шығармашылығында батыл тәуекелдерге бара білген Сұлтан Раевтың бұл әшейін сипай соққаны ғой. Соның өзі сансыратып, теңселтіп жіберуге жетіп жатыр…
Сөзді ұзаққа созудың қажеті қанша. Сұлтан Раев: «Сыртта қақаған қара суық. Кеше жауған түбіттей жұмсақ қардың үстіңгі қабаты мұз болып қатып қалыпты… Оның көкірегінде қатып қалған осы мұздай сезімді Алша жұдырықтай жүрегіне түйіп алып алысқа… алысқа… қайтып келмес жаққа алып кетіпті», – дейді.
Нұрғали Ораз: «Бiрте-бiрте өзi де күдерiн үзiп, күз бен қыстың аралығындағы мынау ызғарлы кешпен бiрге көңiлi суи бастады… Батқан күнмен бiрге көңiлiндегi шуақ та сөндi. Сәлден соң аяғын сылбыр басып, жiңiшке тротуардың бойымен қаланың орталық жағын бетке ала асықпай аяңдап кетiп бара жатты», – дейді.
Аманаттасқан, серттескен аяулы махаббаттың ұмытылуы, сосын оның мәңгіге жанның бір түкпірінде үнсіз ғана өмір сүруі бар мұнда…
Тіршілік тегершігін тоқтатпай, үнсіз отырған жаралы сезімді оятып алмайын деп аяғын еппен басып, үнін құмыға шығарып, абайлап тіршілік кешу бар мұнда… Үлде мен бүлдеге орамаса да, жан түкпіріне жасырынған сол аяулы сезіммен сырласпау, бір уақ соның хәлін білмей, қатыгездену бар мұнда… Һәм әйелдің сезімге адалдығы, сонымен бірге өзін жазғырған, сол күйі кешіре алмаған бір күйі бар мұнда…
Иесіз қалған, жетім қалған сезімдер… Иесіз қалған раушан гүл… Иесіз қалған жапон жаулығы…
Абай АЙМАҒАМБЕТ