ҚАСТЕРЛІ ҚАЛАМ, ҚАПЫСЫЗ ҒҰМЫР
Сонау елуінші жылдары-ақ тырнақалды туындысының бірі – «Етікшімен» көркемсөз зергері Ғабит Мүсіреповтің назарына ілініп, әдебиет әлеміне аяқ басқан көрнекті жазушы, драматург, сценарист Әкім Таразидің бүгінгі биігі – ұлт әдебиетінің үлкен қазынасы. Ғасырға жуық уақытын сөз өнеріне сарп етіп, сүбелі дүниелерімен оқырманын сүйінткен қаламгердің қапысыз ғұмыры қалам ұстаған
қай жанның болсын үлгі-өнегесі болары анық.
Әдебиетіміздегі санаулы ақсақалдарымыздың бірі, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім Тарази мен жары, жазушы-драматург Роза Мұқанованың екеуара сыр сұхбатын және қаламгер шығармашылығы жайында жазылған мақаланы назарларыңызға ұсындық.
Мынау омикрон деген бәлемен екі аптадай жан таласып, жан беріскен арпалыс сәтті бастан кештік. Әкім Тарази вакцина алмаған еді… Барынша сақтанып, қорғанып-ақ жүрген едік. Вакциналанған менің де халім оңайға соқпады. Бүгін сәл сергігендей болған соң Таразиымды әңгімеге тарттым. Шаршаңқы болса да менің көңілімді қимады. Сүзіліп бір қарады да иегін көтерді. «Не қалайсың, айт!» – деді. Екеуара әңгімеміз жарасып қалғандай, біраз әңгіме-дүкен құрдық. Бірақ жарытып дәм татпады. Ол кісі ауырып жатқанда мүлдем сөйлемей қойған еді. Бүгін менің қойған сұрақтарыма жауап қатып қуантты. Менің мұңайған көңілімді жадыратқысы келді ме екен, әйелдер қауымын мақтаудан жалықпады. Екеуара шай үстіндегі әңгімені қағазға түсіре бердім.
Махаббат – әйелдің тілін таба білу
– Қазақта әйел адам ер азаматын қорған көреді, азаматын өзінен биік қояды. Расында солай ма?.. Еркек пен әйелді салыстырғанда қайсысы мығым?
– Ер азаматтың алдына шықпай өзін төмен ұстауы, құрмет көрсетуі – әйелдің табиғатындағы сыпайылығы ғана. Қазақ әйелі осы мінезімен ұтып келеді.
– Бақыт деген не?
– Татулық!
– Қанша пайыз адам бақытты, тату болады?
– 2-3 % ғана. Басқалары тату сияқты, бақытты сияқты көрінеді.

– Әйелге көзқарасыңыз қалай?
– Ана деп қараймын. Ана билей білген отбасы – бақытты. Еркегі қодаңдаған отбасында бейбіт өмір болмайды. Еркек әйелге өз билігінің 90% беріп қою керек. Бірақ сол 90% бергенін әйеліне білдірмеуі керек.
– Ондай өмір әйелді қажытпай ма?
– Жоқ. Ақылды әйел еркегіне бағынып жүргендей болады, бірақ жаңағы 90%-ы ауыртпалықты өзі ғана көтереді. «Қыздың қырық жаны бар» деп бекер айтпаған.
– Бала тәрбиесінде ер мен әйелдің қайсысының рөлі басым?
– Әкенің беделі, ананың рөлі басым.
– Әйелдерге көзқарасыңыз өте жоғары екен.
– Өте жоғары. Әйел деп емес, ана деп қараймын. Еркек өтірік айтуға, алдауға ыңғайлы. Ал әйел ешуақытта өтірік айтпайды.
– Өтірік айтатын да әйелдер бар ғой?..
– Маскүнем әйел ғана өтірік айтады. Ондай отбасы міндетті түрде күйрейді. Өтірікпен құрылған отбасы да жалған болады.
– Ұл бала мен қыз баланың айырмашылығы қандай?
– Қыз бала – ұтымды. Бәрін ақылмен істейді. Қыз өзіне жар таңдайды, өзі таңдайды. Ұл бала – аңғал. Әйел алыстан ойлайды, еркек бүгінгі күнді ғана ойлайды. Сен де сондайсың, алыстан ойлайсың…
– Жоқ, келіспеймін. Мен, керісінше, алыстан ойлай алмаған адам шығармын. Алыстан ойлаған адам Сіз болып шықтыңыз ба деймін. Себебі менің жастығымнан қорықпай, тәуекелге бел будыңыз. Осының өзін алыстан ойлағандық деп білемін.
– Оның да дұрыс…
– Өмір… Тіршілік дегенге көзқарасыңыз?
– Заман қандай болса, адамы сондай. Билік – адамның өз қолында.
– Бұрынғы адамдар мен қазіргі адамдардың айырмашылығы бар ма?
– Айырмашылық жоқ.
– Әйел қу ма, еркек қу ма?
– Әйел қу… Әйел отбасын ойлайды, еркек қоғамдағы орнын ойлайды.
– Күннің шыққаны жақсы ма, батқаны жақсы ма?
– Адам ретінде күннің шығып келе жатқаны жақсы.
– Ал кеш кіргенде не ойлайсыз?
– Күн батқанда қандай жақсы адам болса да мұңаяды. Кеш мұңайтады.
– Қарттық жайлы не айтасыз?
– Қарттық деген сенің тағдырыңды айқындайды. Бала-шағаңмен, ұрпағыңмен бақытты болдың ба? Ұттың ба?.. Ұтылдың ба?..
– Осы жасқа келгенде үнемі есіңе түсіп қайталана беретін қандай сәт? Ұмытқың келмейтін, ұмыта алмайтын сәтіңізді сұрап отырмын.
– Өзіңді бақытты сезінген сәтің ешқашан ұмытылмайды.
– Саясат туралы айтар ма едіңіз?
– Саясат – ойын.
– Бұл ойын түрі соғысқа да апарады ғой…
– Егер жер шарында әйелдер болмай, тек еркектер ғана өмір сүрсе, адамзат баяғыда құрып кеткен болар еді.
– Қызық пайым… Сенім деген не?
– Отбасының татулығы.
– Сіз отбасы құндылығын бәрінен биік қойып отырсыз.
– Мен сенің тіліңді таптым.
– Қалай таптыңыз?
– Оны өзім білемін, айтуға болмайды. Егер сенің тіліңді таппасам, екі-үш айдан кейін-ақ ажырасып тынатын едік.
– Ажырасу дегенге көзқарасыңыз қалай?
– Иттік! Ақылы жоқ жігіт жар таңдай алмайды. Жар таңдай алмаған жігіттің өмірі қорлықпен өтеді. Махаббат қолдан жасалмайды…
– Махаббат бар ма?..
– Махаббат – әйелдің тілін таба білу. Не болса соны айтып, әр жерде түнеп жүрген еркекте қасиет болмайды.
– Жаман әйелден құтылу керек пе? Әлде онымен өмір сүре беру керек пе?
– Егер оның бала-шағасы көп болса, онда сол жаман әйелдің тобығында тапталып қала береді. Өкініш деген сол…
01.02.2022

Ертең жауап беретін күн келеді…
– Сізбен әңгіме төркінін диалогқа айналдырып алған жеңілдеу болып отыр. Бүгінгі көңіл-қошыңызды пайдаланып сұхбат құрсақ?..
Адам орнықтырған қоғам адамға бақыт әкелмейтіні, заң – адам ақыл-ойының жемісі бола тұра қатыгез-қиянатшылдыққа ұрынуының себебі неде? Адамзат өмір сүрген барлық дәуірде бақытты болудан неге құралақан қала береді?
– Сұрағыңа дәл қазір жауап беруге шамам жоқ. Сұрағың ғажап…
– Осы тұста тағы бір сауал көлбеңдеп, бас көтеріп тұр.
– Иә!
– Аштық, жер ауып көшу, 37-нің ылаңы, соғыс… Біздің ұлт барлық нәубетті бастан кешірді. Осындай азаптан аман қалған ұлт қайсар, жанкешті, тәжірибесі мол, өзінің бақыты жолында бірлікшіл ел болып есейіп, ұйысып, оянатындай еді. Неге біздің ұлт 60-жылдарда да сол баяғы әдетінен танбады? Бір-біріне жауығып, топ құрып, Кремльге топтасып арыз жазуға, сыртқа сыр алдырып, бірінің соңынан бірі шырақ алып түсуге ынталы болды?
– Өзіне-өзі дұшпандық жасау қазақтың қанына сіңіп қалды. Қазақты қазаққа айдап салатын жымысқы саясат та болды. Ол үлкен саясат – сол халықтың басындағы бұғауын сыпырып тастайтын тұлғаның көзін сырт күштер жойып отыруға мүдделі болды. Бірақ өз жақсысын халық алдымен өзі таныды. Өз мықтысын да, көшіне басшы болатынын да, басшыға қосшы болатынын да, адалын да, тұнығын да қазақтың өзі ғана біліп, іші сезіп отырды. Сондықтан аты да, ақылы да озып тұрғанды алдымен өзі құртуға үлес қосты.
– Неге?..
– Қызғаныш… Қызғанышы барлар ешқашан аянып қалмайды. Іші күйіп, ең әуелі таланттысына ауыз салады. Басқаларға бармай-ақ қояйын, Мұхтар Әуезов неге Мәскеуге қашты? Тәкен де (Тәкен Әлімқұлов) Мәскеуге қашты. Мұқағали да жанын сауғалап қалу үшін Мәскеуге қашты. Мені Ғабең (Ғабит Мүсірепов) Мәскеуге аттандырды. Тентек едім, төбелесе кететін басбұзарлығым да жетерлік еді. Түбі сотталып тынар ма едім, соны сезді ме екен… Талай қамаудан құтылуыма Мәлік Ғабдуллин арашашы болып, аман қалып жүргем. Сол Ғабеңдер, Мәлік аға, Кемел аға, Тәкен ағалар кездеспегенде…
– Алпысыншы жылдар біздің толқын үшін бертін ғой. Ел басына күн туып, ойран болмаған Кеңестің мамыражай уақыты емес пе? Айдалатыны айдалып, жайпалатыны жайпалып болғаннан кейінгі кезең ғой.
– Бәрібір… Мысықтабандағандарды ішіміз сезетін. Осы кезеңнің бір ақиқатын айтайын. Жаңағы айтып отырған айдатып, жайпатып жібергендердің кімдер екенін білетінбіз. Ағаларымыз олардың жүзіне түкіргендей айтып салатын. Сонда әлгі кісілер бедірейіп, үнсіз отырып қалатын. Ең қиыны – қиянат жасап, сол қиянатты өмір-бақи көрге басы жеткенше көтеріп жүру. Сондай пенделерді де көзбен көрдік. Олар сол кезде билігі барларға астыртын жұмыс істеді. Соған өздері мәз болды. «Маған тапсырма берді ғой, мені адам санатына қосты, маған сенім артты» деп ойлады. Біреулерге қиянат жасадым деп ойламады. Бәлкім, жастықтары, алаңғасарлығы… Сондайлардың қолына сойыл беріп, әсіресе таланттыларын сұлатты. Карта ойнаған болып, ақша тіккен болып, арақ ішкен болып, ұлтқа танылып үлгерген басшысы болсын, ғалымы, жазушы-ақыны, композиторы болсын, соларға қарсы айдап салу тәсілдері болды. Талантқа талантсызы жамандық жасауға қашанда дайын. Қызғанышы өртеп бара жатса, не істерсің?! Таланттысын талатуға ақша берді, қызмет берді, арыз-шағым ұйымдастырды. Қойнындағы әйелдерінің де доносчик болғандары бар. Кеңес өкіметі әйелдерді қолдау саясатын ұстанып, өз күйеуінің үстінен арыз жазғызып, айдатып жіберетін пәрмені болды.
– Бүгінгі қазақ қоғамы өзгерді ме? Жалпы, ұлтқа қатысты қандай ой айтар едіңіз? Бір ойдан секем аламын. Бұрын өз билігі өзінде болмады деп ұлттың қадірін асыруға, жаман ғадетін жасыруға барымызды салған сияқтымыз. Қазір де ойнаған болып отырып, ұлт тұлғаларын тұқырту кеңінен өріс алды. Әлеуметтік желі тіпті «жақсы» болды. Өтірік пен өсекке желдей есіп, таланттыларының табанын тіліп, маңдайынан ұрып, езіп-жаншып, тулақтай сүйретіп жатырмыз. Мейлі ол саясаткер ме, мемлекет басшысы ма, зиялы ма, ақын ба, жазушы ма, бәрібір. Бәрі жаман! Топшылаған ортақ ой, алабөтен пікір уәделескендей бірімен-бірі жымдасып ықтырып, ышқына сөйлеуге бел байлаған. Тек жамандықпен ауызданып, қапасқа бет түзеп алғандай көрінеді. Бұл не?..
– Қызғаныш… Қызғанышқа құл болып қалғандар көп. Менде неге жоқ, онда неге бар? Менде неге аз, онда неге көп?.. Бұйырмаған талант, бұйырмаған бақ, бұйырмаған тақ, бұйырмаған даңқ қызғыныш пен кекке, өкпе мен өкініш, налаға жол ашып алған. Бірақ бір нәрсені естен шығаруға болмайды. Бүгін оң мен солын айырмай тіл тигізсең, ертең жауап беретін күн келеді. Өзің ғана емес, ұрпағың ұялатындай, кешірілмейтін айыпты арқалайды. Мұндай айыпты заң да емес, билік те емес, Алла арқалатады. Уақыты келгенде жер басып жүргеніне өкінетін болады. Сондай пенделерді көрген соң айтып отырмын. Сөздің де сұрауы болатыны рас.
37-ші жылдарға «үлес» қосқандардың да көзін көрдік, 86-шы жылы да жастарға, ұлтқа жала жапқандар болды. Билік ауыса сала өзгере қалғандар да болды, бола береді. Тұлға бар жерде текешіктер де жүретіні мәңгілік қағида.
– Бірақ қазақ қоғамы жаңару керек, өзгеру керек шығар. Қазіргі кезеңді Ұлт өз пайдасына асыруы керек. Қисық жолды туралық деп бұзақылықпен тура жол жасаймыз дегендер мемлекеттің тәуелсіздігіне тұтқа бола ала ма? Мемлекет басқаруға кез келген қазақ дайын ба? Мемлекетті басқару мектебі біздің қоғамда қалыптасқан ба?… Шенеуік пен Тұлғаны қоғам шатастырып алғандай. Бабалар кейінгіге: «Өзіңді-өзің сыйласаң, жат жаныңнан түңілер» депті. Біз өзімізді, өз мемлекетімізді, өзіміздің басшымызды, біртуар тұлғаларымыздың қадіріне жетпесек, мәңгілік елдің туын тіктей алмасақ, әлем елдері бізді неғылсын.
Мәдениет министрі болған бір жігіт ардың-күрдің етіп, дүние кілтін өз қолына ұстағандай төрде таңқиып отыр екен. Отырған үлкендерді көзге ілгісі жоқ. Сонда әлгі байғұсқа: «Бүгін бар, ертең жоқсың. Сен келгенге дейін алатын үйімді де, атағымызды да алып алғанмын. Кесірткенің айғырындай неменеңе шікірейіп отырсың», – дегенім есіме түсіп кетті.
– Иә, оның өңі бұзылып, орынбасарлары қипақтап кеткені есімде. Бірақ содан кейін сіздің кітабыңыз да, 85 жылдық мерейтойыңыз да, өтуге тиіс театр фестивалі де сол сөзіңізден кейін мүлде тынған.
– Мейлі!
– Бұрынғы дәуірлерде император да, поптар да мемлекет құпияларын қара халыққа білдірте бермеген. Ауруына дейін жасырған. Ұлттың рухы сынады, ұлт әлсірейді, көңілдеріне алаң кіреді, сыртқы жау күшейеді, т.т. Меніңше, соңғы жиырма жылда қазақ қоғамы үшін құпия қалмағандай. Ұлт өзінің болашағына алаңдай бастады, сенбеушілік, өзге елге ағылу күшейді. Ұлттың рухы, сенімі әлсіреген жоқ па? Осы рухсыздық етек алып кете бере ме?
– Рух әлсірегенде барлық жүйе бұзылады, қоғам бұзылады, халық бұзылады. Имансыздық орын алады. Және бұған тосқауыл қою, тойтарыс беру қиын. Заман өзгерді, құндылық өзгерді. Жақсы дегеніміз – жаман, жаман дегеніміз – жақсы болды. Тоқтату мүмкін бе… Бұл сұрағыңа жауап табуым қиын болып отыр.
– Өмірге деген өкініш, өкпе-нала бар ма?
– Жоқ. Біріншіден, мен өзімді үшеуіңнен бөлек қарамадым. Екіншіден, менде біреуге өкпе-нала болған емес, мен негізінен өзіме ғана сын көзбен қараған адаммын.
– Жазылмай, арманда қалған тақырыбыңыз бар ма?
– Жоқ.
– Мұстафа Шоқай романымды жалғастырамын деп едіңіз.
– Енді оған тағдырым мүмкіндік бермеді. Демек, ол менің тағдырым емес. Мұстафаны көркемфильм етіп жаздым, жарыққа шықты, мұнан соң роман жаздым. Ал Мұстафаның романға жүк боларлық екінші кітабын бір суреткер жалғастырар…
– Қазақстан болашағын қалай елестетесіз?
– Болашағы анық. Сәл-пәл қисық кеткен кезеңдері болар. Бірақ Қазақстанның тағдыры жеңеді.
– Ұлтымыздың болашағы қалай болар екен?
– Айқын, жарқын болады деп ойлаймын. Қазақ ешкімге жалынбайды, жалбарынбайды. Қайта қазақтың тағдырына өзгелер қызығып қарайды, іздеп, зерттеп қарайды. Қазақ – бүкіл салтымен, дәстүрімен ерекше халық. Біздің Алпамыс пен Арузаның тағдыры да сондай. Оларды да іздеп тауып, қызығып, қызметке шақырып жүретін болады.
– Сіздің күнделік жазбаларыңызда қазіргі президент Қ.К. Тоқаев есімі кездеседі. 2000 жылдары «Парасат» журналы: «Болашақ мемлекет басшысы кім болады деп ойлайсыз?» деген өткір сауал қойыпты. Сіз: «Кім болатынын сеземін, бірақ атын айта алмаймын. Уақыт көрсетер, ол шын мәніндегі мемлекет қайраткері. Болашақта сол кісі болар деп ойлаймын. Атын айту ол кісінің болашақ тағдыры үшін қауіпті болмақ» депсіз. Ол кісіңіз кім?
– Бүгінгі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.
– Бүгінгі күнде мемлекет басшысына не айтқан болар едіңіз?
– Айтатынымды ол кісі мемлекет басына келмей тұрғанда айтқанмын. Ол кісі түсінген.
– Қ.К. Тоқаевтың жүргізіп отырған саясатына көзқарасыңыз қалай?
– Өте дұрыс. Ұлт мүддесіне, мемлекет болашағына пайдалы саясат жүргізіп отыр. «Біздің жағдайымызды жасауы керек» дегендер қателеседі. Президент жеке адамдарға емес, Мемлекет мүддесіне қызмет етеді. Ол басқа адам, басқаша ойлайды. Ол кісіге жеке адамдардың өкпесі көп болуы мүмкін. Бірақ болашақта Қасым-Жомартқа халқы өкпе артпайды.
Мені танитындар жақсы біледі, ешкімнің бетіне айыбын айтып, айызымды қандырған адам емеспін. Әрқашан өзім жеңілсем, өзім жеңіп жүрдім. Ешкімнің есігін аңдып, атақ-даңқ сұраған емеспін. Тіпті қонаққа шақырылғанда да көбінің үйінің есігін ашпадым. Асабір өзім жақсы көріп, құрметтеген адамым болмаса.
– Әдетіңіз ғой, адамдардан жаман мінез іздемейсіз, ерекшелік іздейсіз.
– Адамда сыр болуы керек.
– Менен жасырған сырыңыз бар ма?
– Есімде жоқ.
– Онда бар болғаны да…
– Мүмкін.
– Ерлі-зайыптылар арасында жасырын сыр болмайды деп айтушы едіңіз?..
– Иә.
– Онда өз пікіріңізге өзіңіз қарсы шығып отырған жоқпысыз?
– Жоқ. Ерлі-зайыптының арасында да, қоғам алдында да не болса соны лақылдап айта беру – әбестік! Сыр болуы керек!
– Екеуара жүргізген осы диалогымызды жария етуіме бола ма?
– Өткенде емханада жатып, көңіл қошым болмаған еді. Ендігісін өзің шешерсің.
– Әлеуметтік желідегі оқырмандар сіздің тезірек жазылып кетуіңізге тілектер айтып жатыр. Парақшадағы бауырлардың тілегін орындап, Сіздің сұхбатыңызды жария етейін. Маған айтқан ақылыңыз оларға да рухани азық болар…
13.02.2022

Жағымпаздықты иттің етінен жек көремін
– Әбдіжәміл туралы не айтасың?
– Он никому не нужен.
– Ол кісі қайтыс болды ғой…
– Ә, кешір… Мейлі ғой, өткен адамды табалау жараспас. Өтіп кеткен екен ғой, жарықтық. Иманды болсын!
– Әбіш қандай еді?
– Әбіш ұялшақ. (таза адам ғана ұялады)
– Фариза қандай еді?
– Фариза жұлып алып жүрді, бәрін…
– Сайын Мұратбеков, Тахаң (Тахауи Ахтанов)…
– Нахал! Әбдіжәміл де, Тахаң да бермесіңді жұлып алатын.
– Олжас?
– Олжас вообще нахал!
– Бәрі нахал болды ғой, өзіңіз ше?
– Өзім де нахал болдым. Өмір деген көкпар, күрес! Мен өзім туралы ойлауды қойғанмын. Сендер туралы ойлаймын.
– Бізге алаңдайсыз ба?
– Жоқ. Сендерге қуанамын.
– Сізде тәжірибе мол, көпті көрдіңіз. Біздің болашағымыздан не көре аласыз?
– Болашақтарың бар! Жәй ғана болашақ емес, үлкен болашақ. Өз болашағыма қалай қараған болсам, сендерге де солай қарадым. Қазақта мақал бар ғой, «Болар бала боғынан» деген (күлді). Адам бірте-бірте ашылуы керек.
– Өмір сүрудің тәртібін айта аласыз ба?
– Жоқ. Мен емес, ұлы ғұламалар да еш уақытта айта алған емес.
– Қайқаустың ұлы Гиланшахқа жазған «Қабуснамасы» ше?
– Ондай батырлыққа бара алмаймын.
– Шаршап жатқан боларсың, сондықтан шығар?
– Мүмкін. Адам өзін-өзі билейді, өзін-өзі басқарады дегенге сенбеймін. Адамды тағдыры билейді.
– Қандай жоспарыңыз бар?
– Өмірбойы жоспарым біреу-ақ. Ол – ұятқа қалмау.
– Қай жағынан?
–Адамдығымды сақтай білу. Қалай болса солай сөйлеп, айқайламайтын жерде айқай салып, аттандап жүретін жігіттерді ұнатпаймын. Шылым шегетін қыздарды ұнатпаймын, оларды иттің етінен жек көремін.
– Жер бетінде бейбітшілік бола ма, әлде адамзат соғыстан қауіптеніп өмір сүретін дәуір жалғаса бере ме?
– Жер бетінде тыныштық болған емес. Себебі мемлекеттерге бөлінеміз, тілге бөлінеміз, руға бөлінеміз. Тыныштық қайдан болсын?!
– Сіз де үлкен қызметте болдыңыз. Қызметке қолы жеткендердің дүрдие қалатыны несі? Аяқасты кісімсіп, тоқмейілсіп, өзгеретіні қалай?
– Осы мінезді мен де түсінбеймін. Мен олай болған емеспін. Менде екі мәшине болатын, кезек-кезек мінетінмін. Бірақ сол мәшиненің қызығын достарым көрді. Мен кейде жаяу қалатынмын. Мәшинеге мініп-түсіп жүргендерін мақтан көргендер де болды. Бірақ өзім ондай болмадым. Әкем мықты тәрбие көрген адам еді, алған тәрбиемнен болар.
– Жағымпаздық жайлы не айтасыз?
– Иттің етінен жек көремін. Иттің еті бар ғой, иттің еті… Содан әрі жек көремін. Өзім бастық болып жүргенде талайына ұрсып тастағанмын. Достарымның жағымпаздана қалғанын көргенде боқтап жіберетінмін.
– Бірақ іштей болса да жақсы көріп отырған боларсыз?
– Жоқ. Қол астымдағы қызметкерімнің еңкейіп кіргенін қалаған емеспін.
– Кейде шын көңіліңдегі пікіріңді айтып қалсаң да қоғам біржақты «жағымпаз» деп қарайтын болған. Сондықтан мақтауға болмайды, тек жамандау керек, сынау керек деген пікір алға озды.
– Бұл жасандылық қой. Сынайтынды сынау керек. Ал қолдан жасап, жасанды мақтауды, кінәсіз сынауды ҰЯТ деп ойлаймын. Сыналатын тұсын сына –қауқарың жетсе. Мақтайтын тұсын мақта – әділін, ақиқатын айта алсаң. Бостан-босқа жарбаңдамай.
– Адамның мұраты не?
– Адамның мұраты – АДАМ болып қалу.
– Асыл анаңыз жайлы айтсаңыз.
– Анам ғажап адам еді. Әбима Егембердіқызы. Ешуақытта ұрсып тәрбиелеген емес. Қате жіберсек, «ой, балам-ай!» деп қана қоятын. Осы сөзден қатты ұялатын едік, естімеуге тырысатынбыз.
– Ана алдындағы парызыңызды орындай алдыңыз ба?
– Баласы ретінде орындадым деп ойлаймын. Анамды ешуақытта ренжіткен емеспін.
08.03.2023
ПІКІРЛЕР3