ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ – ҰЛТ­тЫҚ МЕМЛЕКЕТ­ТІҢ БАСТЫ БАҒДАРЫ
09.12.2024
157
0

«Су басынан тұниды»
(Халық мақалы)

Идеологиялық қызмет түйіні – рухани өркениет. Рухани өркениет – адам идеологиясының ұйытқысы, жүрек кілті, адам ділінің тілі, рухының шипасы!
«Қазақ әдебиеті» газетінің 2023 жылы, 15 қыркүйектегі санының үшінші, сегізінші, тоғызыншы бет­терінде: «Креативті индустрия» «Әдебиет және өнер» деген мақала жарияланған еді. Мен осы мақаладан алған түсінігімді көппен бірге талқылағым келеді. Мақаланың рухына қарағанда, біз баспасөзді, баспадан кітап шығару, оны таратумен ұлт­тық әдебиет, көркемөнерді ақпарат­ты, тұтас идеология саласын үкімет­тің қызмет күнтәртібіне шынайы енгізбеген екенбіз. Бұлай дегенім, біз ұлт­тық идеологияға тән баспасөз сынды ауқымды жұмыстарды кім үшін істеп отырмыз? Бұған «Құмырсқа­дан Құдайға де­йін» дегендей, әрбір қазақ­стандықтар терең ойлануы керек. Президент өз міндетін өтепті, дұрыс бағыт-бағдар сілтепті ал басқалар ше? Президент нұсқаған саяси бағыт-бағдарды алдымен, билік басындағылар қалай атқарып отыр? Міне, бұл – олардың алдындағы халыққа жауап берерлік салмақты сұрақ. Бұл сұрақтың жауабын сұлу сөздерді сапырсақ, көкейімізде сайрап-ақ тұр. Халқымыздың рухани өмірін жандандыру үшін, ұлт­тық сананы жоғарылату үшін, ұлт сапасын өсіру үшін т.б. Ал бұл үшін газет-журнал шығарып, кітап жазып, ұлт­тың зиялы қауымы құлшына еңбек етеп келеді. Мұнда бұлардан басқалардың еш қатысы жоқ па? Әрине, бар. Тіпті кімде-кім Қазақ­стан азаматы екен, бұл салаға еселі үлесін қосуға міндет­ті. «Кітап оқымайды», «Газет-журналға қинап жаздыра алмаймыз» деген сылтауларды айтушылар мен соны жақтаушылар – бүкіл елдің ертеңімен санаспайтын тоғышар дүмшелер! Мемлекет сеніп, халық үміт артып, олардың басқаруына халықты берді. Қарауыңыздағы мыңдаған қараша халықты жас оқушылардың идеологиялық руханиятпен жұмысы болмауын дәріптесеңіз, оларды надандыққа итермелегеніңіз, қайта, рухани өркениет пен зат­тық өркенитеті (экономикалық құрылысты) қатар ұстауға, қатар дамытуға халықтың ұлт­тық болмысын қалпына келтіруге күш салу – міндет­ті борышыңыз. Егер олай істей алмасаңыз?.. Міне, осы арадан сұрауымыз тағы да орталық биліктегілерге барып тіреледі. Тегі, қос өркениет­ті қатар дамыту, әсіресе рухани өркениет­ті жетекші ету керек деген бағыт-бағдар күн тәртібімізде бар ма, жоқ па?! 
Біз, алдымен, осы идеологиялық қызметке қатысты танымды айқындап, идея­ны бірлікке келтіруіміз керек. Идеялық таным бірлікке келсе, үкімет пен халық бір нысанада, бірыңғай қимылға келсек, мұндай келелі түйіндерді шешуіміз оңайласады. Біз адам болғандықтан, істейтініміз адамдар қызметі, адамды адамдық идея басқарады. Адам идеясыз құлтемір емес. Сондықтан бұл қызмет­ті орталық үкіметпен әр сала билік иелерінен күтеміз. Қос өркениет­ті қатар дамыту, Үкімет жоспарларына толық алынуы шарт. Өйткені «Су басынан тұниды», «Кілт басшылықта» деген халқымыздың философиялық, ғылыми қағидалы ғақлиясы осыны үйретеді. Өйтпегенде, мемлекет­тің қимыл-қарекеті бірыңғайласпайды. «Аққу көкке, шаян жерге, шортан көлге…» тартатын жағдайда тұрғанымызды қалай жасыра аламыз?!
«Қазақ әдебиеті» осы санының үшінші бетінде Президент Түркістанда өткен Ұлт­тық құрылтайдағы сөзінде: «Креативті индустрияны жаңа деңгейге көтеру керек. Қазір медиа саласы біртұтас жүйеге айналды. Бұл жүйе озық құндылықтар мен қасиет­терді қалыптастыруға ықпал етеді. Біздің бұл саладағы әлеуетіміз орасан зор. Оны толыққанды жүзеге асыру үшін, нақты шаралар қабылдау керек», – деп көрсет­ті делінген. Президент­тің бұл нұсқауларында рухани өркениет саласына шешімді нұсқау бергені анық. Ендігіміз, билік басындағылардың идеялық танымымызды айқындауға, пәрменді іс-шаралар тауып, ауыр жүкті жұмыла көтеруімізге қалып тұрғаны…
Мақалада «Креативті индустрия» дегеніміз – қаламгерлердің кітап жазу, оны баспадан шығару немесе бұрынғы жарық көрген шығармаларды қайта бастыру. Сосын, ол кітапты кітапханаларға тарату, не сатуға шығару» деген мағынаны білдіреді дейді. Осы санның сезгізінші, тоғызыншы бет­терінде, Сұлтанәлі Балғабаевтың «Креативті индустрия – әдебиет және өнер» деген мақаласы бар. Онда жоғарыдағы президент­тің нұсқаулары соқырға таяқ ұстатқандай. Белгілі іс-шаралар да алға қойылған.
Креативті индустрия дегеніміз не? Алды елдің оқу-ағарту, мәдениет, ақпарат, барлық рухани өркениетін қай жолмен, қалай дамытуымыз керек дегенді ойлануға бағытталған. Өз идеялық танымымыздағы түсінікті ғылыми түрде жоғарылап отырып, тұжырымды назариялық ой жүйесіне көтерілуіміз керек. Сосын, Президент­тің осы тапсырмаларын орындауымызға белсенуіміз, пәрменді іс-шаралар жасауымыз, дұрыс жолмен дамытуға жол ашуымыз керек екенін танимыз. Бұлай деуім – дүниедегі істердің бәрі табиғи түрде жаратылысындағы заңдылық бойынша қос қанат­ты болады. Рухани өркениет пен зат­тық өркениет те – еліміздің жаңа Қазақ­стан құру жолындағы халықтың жұдырықтай жұмылуындағы қос қанаты. Қос өркениет құрылысы болып табылады. Егер біз қос өркениет­ті қатар дамытпасақ, сыңар қанат­ты құс, сыңар аяқты адам іспет­ті болып қаламыз. Онда елімізде жаңа Қазақ­стан құру деуден ауыз ашу қиын. Жаңа Қазақ­стан құру дегеніміз – еліміздің рухани өркениеті мен зат­тық өркениеті қатар дамыған ұлт­тық индустрияны елге айналдыру деген сөз болуға тиіс. Ол үшін, бұрынғы кеңестік тозық жүйе қалыптастырып кеткен сыңаржақты даму жолынан ат басын кері бұруымыз керек. Сыңаржақты даму жолы – тек өндірісті ғана дамыту, ал идеологияны өздерінің социализм, коммунизм сынды бұлдыр елестері үшін қызмет ет­тіру, тұйық жолға бастап тығырыққа тірейді. Ол сондықтан да құлады. Ал біз идеологияға қатысты барлық қызмет­ті бас бағыт-бағдар етіп, шынайы қолға алуымыз керек. Халықтың рухани өркениетін шынайы дамытуды үкімет пен халық болып бір мақсатпен құлшына істеуіміз қажет. Халықты рухани жақтан қаруландыру, халықтың рухани азат­тығын жөнге келтіру үшін болады. Халықты коммунистік жүйе ой санасына сіңірген рухани бұғаудан құлдыққа, бодандыққа көнбіс болған өлі сүйек, надандық санадан, уланған идеологиялық бұғаудан арылтып, өзінің нұрлы болашағын айқын танып жетуге бастауымыз керек. Халық не үшін, кім үшін істеуі керек? Оған өзінің қандай қатысы бар деген мәселені идеялық жақтан анық тануы керек. Ол ұлт­тық сананың жоғарылауына жетелейді. Ұлт санасының жоғарылауы – ұлт сапасының жоғарылауы болып табылады. Бұл тек экономикалық құрылысты дамытып, халық тұрмысын жақсартумен ғана шешілмейді. Бұл түйінді шешу үшін халықтың көкірек көзін ашып, ұлт­тық рухани білімін өсіру, идеологиялық жақтан ұдайы тәрбиеленіп, қарулануын қажет етеді. Халық ұлт­тық рухани жақтан азат­тыққа жетсе, болашағын болжап, жаңа Қазақ­стан құру танымын дұрыстап алса, соған Қазақ­станның әрбір адамының қандай қатысы бар екенін, қандай міндет алуы, жауапкершілік арқалауы керек екенін танып жетсе, онда мемлекет­тің ісі халыққа тапсырылған болады. Мемлекет пен халық біртұлғаланады. Халық ие болған жұмыс, әрине, теңдессіз құдірет күш қалыптастырады.
Бұндай келелі мақсат­тарға жету үшін не керек? Осы бағытқа жұмылдырылған түрде, әрине, кітап, газет, журнал, әдебиет-көркемөнер, бүкіл рухани әлем идеологиялық қызмет­ті осыған бет алдырмаса бұларсыз орындау мүмкін емес. Әкімшілік бұйрық, саяси тәрбие бұлардың орнын баса алмайды. Халық кітап, газет-журнал оқуы, кино мен театр көруі т.б. сияқты жақтардан рухани сусынын қандырып, идеологиялық тұрғыда ұлт­тық рухпен тәрбиеленіп қарулануы керек. «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген тәлім бойынша халықтың рухани қажеті қанағат­танбаса, рухани азат­тыққа жете алмайды. Егер біз жалаң түрде экономикалық құрылыспен айналысып, халықты рухани жақтан тәрбиелеуге атүсті қарасақ, халық рухани жақтан жұтаңданады. Өзінің тәуелсіз ұлт­тық мемлекет алдындағы азамат­тық құқықтық міндетін тани алмайды. Көз аясы тарайып, бағдардан адасады. Ел болашағы күңгірт­тенеді. Мұндай халық іс-жүзінде тоталитарлық жүйеден қалған сыңаржақты құлдық тәрбиені ой санасына қалыптастырған, құлдық бодандық идеядан, танымнан арыла алмаған надан халыққа айналады. Надан халық жат ниет­ті жау күштердің азғыруына тез ілеседі. Бұдан туылатын зардап мемлекет­те орнықсыздық, халықта берекесіздік туылады. Бұның зардабын шамалау қиын…
Хакім Абай: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек. Әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі – залымдық деп білесің. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы. Дүниеде ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады. Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан қатарына қосылады» дейді («Абай Құнанбаев» кітабы. 343-бет, 38-қара сөз). Осы тағылымға өзімізді шынайы, адалдық, адамдық ниетпен салыстырып көрейік, объективтік болмысқа, ғылымға, ақиқатқа ешқандай жоғары лауазым, атақ-даңқ қажетсіз. Тек ғылыми позиция мен шынайылық, адал адамдық ниет­тің болуы шарт. Беріле үйренетін батылдық пен табандылықтың қажет­тілігі шындық. Үйрену арқылы идеялық танымымыздағы надандықты, еріншектікті танып жетеміз. Залымдықтан (халыққа қарсы танымды болудан) өзімізді сақтандыра аламыз.
Біз халқымыз бен Үкіметімізді жаңа Қазақ­стан құрудағы идеялық таным бірлігіне келтіреміз десек, билік басындағылар барлық жоба-жоспарларында «қос өркениет­ті қатар дамытуды» шынайы қолға алулары керек. Мысалы: ғылым-білім министрлігі тек оқу құралдарын мектептерге жеткізіп берумен тынбауы керек. Мектептердегі ұлт­тық идеялық, моральдық-мұрат­тық тәрбиені қалай жүргізу керегін, алдымен, ойласуы керек. « Тәрбиесіз берілген білім – адамзат­тың қас жауы», – дейді ұлы ғалым Абу Насыр әл-Фараби. Тек пәни біліммен ғана қаруландыру сыңаржақтылы болады. Оқушыларды ұлт­тық моральдық жақтан дұрыс адамдық мінездемемен тәрбиелеу – ең алғышарт. Олардың не үшін, кім үшін білім алатынын идеологиялық таным жақтан айқындап, миына сіңіріп, жүрегіне ұялату керек. Оларға Отанды сүю, халықты сүю, еңбекті сүю тәрбиесін ұдайы беріп, жүрегіне ұялату керек. Қазір мектептерде бос уақыт­ көп, аптасына бес күн оқып, екі күн демалады. Әр күнгі оқуды жарты күнде аяқтайды. Бір тоқсандағы он күндік, жазғы үш айлық демалыс та бар. Бұл уақыт­та оқушылар істерге жұмыс таппай зерігіп, телефон құшақтап, көз майын тауысады. Интернет­тен бейәдеп хабарлар тыңдайды, көріністер көреді. Дүкендерден азықтанады. Бұның бәрі жас ұрпақты улайды. Мүлде зиянды. Мұның соңы немен тынады? Біз тегі болашақ үшін қандай ұрпақ тәрбиелеп жатқанымызды ойласақ – шошимыз. Оқушы-оқытушылардың осыншалықты бос уақыт­ын қалай пайдалануымыз керек. Оларды ұлт­тық рухпен тәрбиелеу үшін оқытуға зор өзгеріс жасау қажет-ақ. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық – аздырар адам баласын»( Абай) дегендей, азғындап бара жатқан жоқпыз ба? Біз халықты білімдендірудегі бірнеше түйінге тоқталайық.
Бірінші, қазір елімізде кезек күт­тіруге болмайтын бір маңызды мәселе сақталып отыр. Бұл мәселе Сұлтанәлінің мақаласында да дұрыс көтерілген. Қытай Халық Республикасынан Қазақ­станға қоныс аударған қандастарымыздың сауатсыз қалып бара жатқаны. Қазір бұл жан саны бір миллионнан асқаны межеленуде. Балалары мектептен білім алуда десек те, ересектер сауатсыз қалды. Олар ол жақта төте жаузмен оқып білім алған. Ғасырға жауық уақыт қолданылған төте жазу – Қытайдағы қазақтардың ұлт­тық болмысын сақтап, білімдендіріп, мамандыққа жеткізген қордалы ғылым. Ол – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жасампаздығынан жасалған, түрлендіріліп күллі қазақтың көзін ашып көкірегіне ғылым шамын жаққан Алаш ардагерлерінің тұңғыш көтерген ғылыми дара туы. Әлемдік ғалымдар таныған қазақтың еңсесін әлем алдында биіктеткен кесек ғылыми жетістік. Қазір сол жазумен оқып, бұл жаққа қоныс аударған шамамен үш-төрт жүз мың адам сауатсыз. Қазір де қат-қабат қиыншылықтарды жеңіп көшіп келіп жатқандар бар. Олар, еліміздің дамуына жан-жақты орасан зор үлесін қосуда… Сауатсыз халық надандасады, надан халық жат ниет­ті елдің азғыруына тез азғындайды. Демек, надандықтың өзі – халықты жауға айналдыратын қауіп. Сондықтан бұл мәселені мемлекет­тік кеңес қатысты тарауларға сүйене отырып, саясат­тық белгілемелер жасап, түбірінен шешу қажет. Алдымен, баспасөз, ақпарат­тық сала шешілуі тиіс…
Екінші, тарихтан аларлық сабақ жетерлік. Гитлер, пролетариат­тың көсемдері Ленин, Сталиндер пәни білім алмаған ба еді? Алған. Олар, тіпті көп жақтан жет­ік. Бейбіт халықтың қанын бейкүнә судай ағызып, адамзат­тың қас жауына айналды. Бұл олардың ой-санасында қаншалық пәни ғылым болғанымен, тек халық деген дана ұғым болмағанын дау жүрмейтін дәрежеде дәлелдеп отыр. Ол – біздің халықты, халықтың ұрпақтарын тәрбиелейміз де, ұлт­тық тәрбиенің халық алдындағы маңыз-мақсатының қаншылықты ауыр міндет екенін жете түсінуімізге тиісті тарихтың ащы сабағы. Біз осы тарихты еске алсақ, еш уақыт­та да кітап алуға, газет-журналға жазылуға зорлай алмаймыз деген масқара сөз аузымыздан шықпас еді. Осыны айт­қан адам кім болса да, өзінің нағыз топас, тұйық кеуде надандығын осы сөзімен-ақ әшкерелеп тұрған жоқ па?!
Үшінші, идеологиялық қызмет­ті «Қос өркениет­ті қатар дамытуда» алда кезек күт­тірмей шешетін ірі өзекті мәселе – авторлардың қаламақы мәселесі. Бұл мемлекет­тің жоба-жоспарының ең алдыңғы міндетіне алынуы, Үкімет қызметінің басты күн тәртібіне енгізілуі тиіс. Өйткені бұл барлық идеологиялық қызмет ұлт­тың оқығандары бетке ұстар зиялылары арқылы жүргізіледі. Бұл – ақыл-ой еңбегі. Ол ешқашан да дене еңбегінен төмен тұрмауы керек. Бұдан бұрын біз бұл түйінді мүлде керексіз еткенбіз. Ақыл-ой еңбегіне қаламақы бермеу – оларды қанау болып табылады. Біз барлық ақыл-ой еңбегімен шұғылданушылардың еңбегін қанап, тіпті олардың ел үшін қан-терін аямай істеп жатқан барлық идеологиялық игі істерін өзінің, автордың қара басының қамы деген орынға түсіріп қойғанбыз. Бұл барып тұрған санасыздыққа, сауатсыздыққа, надандыққа жатады. Олар – тіпті осы еңбектері үшін қадірленуге тиісті адамдар. Мемлекет идеологиялық кепті меңгермесе, істейтін барлық жұмыстары бағдарсыз, рухани азықсыз, керексіз болып, бұл саланы мықты меңгеретін үкіметке рухани тірек болатын зиялы қауым сынды алып қосыннан қол үзеді. Мұндай мемлекет­тің болашағы – қараңғы, надан мемлекетке айналады. Билік күші тиексіз, тиянақсыз болады. Сіздер ойлаңыздаршы, идеологиялық қызмет­тегі осыншалықты алып күшті зиялылар, оқымыстылар күшін тегін істету әлемнің қай заңында бар… Әлем алдында не дейміз?! Бұл зиялы қосынды қаламақысыз істету, баспасөзді қаржылық тапшылықта ұстау – бәр-бәрі ескі жүйенің бүкіл халқытың идеологиялық жақтан дамуына қарсы жасалған қылмыстық былықпасы. Бұның аяғы барлық оқыған қазақ зиялыларын сыртқа тебуге, олардың сыртқа ағылуына барып соғып отыр. Ал біз жаңа Қазақ­стан құрамыз десек, ескі жүйенің мұндай қылмыстық таптаурын жолынан басқа жаңа жол тауып, бүкіл рухани өркениет саласын шынайы азат етуіміз керек!

 

Дәулетбек Қаңбақ,
жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір