ГЕРАЛЬДИКАНЫҢ ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ
12.07.2024
627
0

Есте жоқ ескі замандардан бастап-ақ ежелгі адамдар өздерінің түйсігімен сезгенін, санасымен топшылағанын тастарға бәдіздеген. Алғаш тасқа ойып түсірілген, үңгірлердің қабырғаларына өрнектеп салынған таңбалар палеолит (көнетас ғасыры. Б.з.д. 2,6 млн – XII мыңжылдық) дәуірінің соңғы кезеңіне жатады. Ол дәуірдің жәдігерлерінде адамдардың аң аулау сәт­тері, құрбандық шалу рәсімдері, салт­тық-жоралғылық билері, күнбасты, айбасты адам бейнелері, бөрі, ортеке (таутеке), ілбіс (барыс), бұқа, т.б. белгі-бедерлер молынан кез­деседі.
Палеолит­тен ке­йінгі мезолит (ортатас ғасыры. Б.з.д. XII-V мыңжылдық) дәуірінде адамдар шағын-шағын топтарға бөлініп, жан-жануарларды қолға үйретуді игере бастады. Неолит (жаңатас ғасыры. Б.з.д. V-III мыңжылдық) дәуірінде мал шаруашылығы, егіншілік дамыды. Бұрынғы кішігірім топтар қандас-туысқаннан тұратын руларға айналды. Біртіндеп үйге, малға, еңбек құралдарына, тұрмыстық зат­тарға жеке меншіктік сипат алып, таңбалар басты. Уақыт өте ондай таңбалар руды айғақтайтын рөл атқарды. Рулар тайпаларға бірікті, тайпалар тайпа одақтарын құрды. Энеолит (Тасты-мыс ғасыры. Б.з.д. III-II мыңжылдық) дәуірінің соңы мен қола (б.з.д. II мыңжылдық) дәуірінің басында тайпалық одақтар мемлекет­тік бірлестіктерді қалыптастырды. Мемлекет­тік бірлестіктердің пайда болуымен қатар елтаңбалар (рәміз) тарихы басталды. Азат, егемен ел атанып, елтаңбасын белгілеу – басқа елдермен терезесі тең болды деген ұғымды білдірді. Елтаңба – мемлекет­тіліктің белгісі саналып, бір елді екінші елден ажыратып тұрды. Ең алғашқы елтаңбалар ежелгі мемлекет­тердің мөрлеріндегі, монеталарындағы, медальдарындағы аң-құстар мен жан-жануарлардың бейнелері болды. Шумерде – арыстан басты бүркіт, Аккадта – екі басты бүркіт, Египет­те – жылан, Арменияда – тәж киген арыстан, Афинада – үкі, Родоста – раушан гүлі, Самоста – тауыс құсы, Мирмекиде – құмырсқа, Коринфте – қанат­ты пырақ, Римде – бүркіт. Сол дәуірдің ұлы ойшылдары – Гомер, Плиний, Виргилий жазбаларында жауынгерлердің қалқаны мен дулығасының күрделі бейнелермен безендірілгені жайлы жазылған. Сондай-ақ, Александр Македонскийдің дулығасында – теңіз жылқысы (суын), Ахиллесте – арыстан бедерленгені туралы деректер бар.

Еуропалық геральдика

Орта ғасырлық гербтер – Құдай берген алып күштің бейнесі, жеңілген зұлымдықтың нышаны, корольдік билікке талап етудің белгісі, императорлық биліктің рәмізі саналған.
Әдет­те герб қалқанға салынады. Ертеде қалқанда алып жүрген адамның аты-жөні жазылатын. Ғалымдар қалқанның ең көне үлгілерін б.з. б. I ғасырда сақтар қолданған деп тұжырымдайды. Ал бұдан мың жыл бұрынғы еуропалық (батыс еуропа) рыцарь шайқас кезінде қаруластары мен қарсыластарын ажырату үшін, қалқанына өз таңбасын басатын. Оларға бұл дәстүр «Тәңірінің қамшысы», «Еуропа ғұндарының алтын қыраны» атанған Ұлы ғұн, Батыс ғұн қағанатының Тәңірқұты Атилламен (400-453) барып, ХІ ғасырдың екінші ширегіндегі «крест» жорықтарынан соң, біржола орнықты (Атилланың туында тәжі бар «тұғырыл құсы» бейнеленсе, таңбасында «ашамай таңба» бедерленген. Тұғырыл – Алтайдың ақбас қыраны, қыран ұғымы – ашамай таңбада тұр, ал ашамай таңба деген – Тәңірлік белгі.). Басынан бақайшағына де­йін мұздай темір құрсанған рыцарь жекпе-жек сайысқа қатысуға құқы бар екенін білдіріп, шайқас алдында қалқанға басқан таңбасын жұртқа көрсететін. Ке­йіннен, ол таңбалар әкеден балаға мұрагерлік жолмен берілетін әулет­тік гербтерге айналды («Герб» (төлтаңба, елтаңба) термині латынның «herb» (мұра) сөзінен шыққан). Рыцарьлар қалқаны мен қару-жарағынан бөлек, сырт киімін, тұлпарының жабуын, қамалының қақпасын, қабырғасын, терезесін, үйінің төсек жапқышын, ыдыс-аяғын, қобдишасын, жиһазын, т.б. дүниесін гербтік бейнелермен сәндеп, безендіретін. Оларға еліктеген қолөнершілер де тауарларын өз гербтерімен шығара бастады. Қоғамда әлеумет­тік беделге ие болуға ұмтылған байлар да әулет­тік гербтерін жасатуға жап­пай кірісті. Қалалардың да гербтері пайда болды. Бұл үрдіс ХІІІ-ХІV ғасырларда күшейіп, шіркеу ұйымдарына да кең таралды. Гербке ие болу – зор мәртебе саналып, қоғамда белгілі бір маңызды функцияны атқару құқығы мен жер иелігінің белгісі ретінде қарастырылатын. Герб бойынша ішкі-сыртқы талас-тартыстарды шешудің құқықтық нормативтік ережелері жасалатын. Вассалдық ант қабылдау, корольді таққа отырғызу, т.б. елдік істер – гербсіз өтпейтін. Корольдың қарамағындағылардың гербтерінің қаншалықты көптігі, оның соншалықты күш-қуаты мен абырой-беделінің көрінісі болатын. Гербтер біртіндеп қоғамдық, әлеумет­тік қарым-қатынастарды айқындайтын, бағалайтын, рет­тейтін әмбебап жүйеге айналып, олардың бейнелеріне, құрылымына, сипат­тамаларына үлкен мән берілді. Еуропалық қоғам гербтерді бірінен-бірін ажыратып, талдап, оқи алатын және рыцарлық сайыстардың рәсімдері мен дипломатиялық келіссөздерін жүргізетін маман – «герольдты» қажет ет­ті («Герольд» термині латынның «herоld» (жаршы) сөзінен шыққан). Герольдтар гербтердің кімге тиесілі екенін анықтап, тіркеп, жүйелеп, геральдикалық белгілер мен түрлі бояу түстерін дайындады. Жекпе-жек алдында гербті жарияға шығарып, сипат­тамасын айтып, рыцарьдың ататегі, дәрежесі, лауазымы жайлы мәлімет­термен таныстырды. Шайқас барысын мұқият қадағалап, көмекшілеріне шарт­ты белгілер арқылы тапсырмалар беріп отырды. Герольдтардың міндетіне шайқас мерзімін анықтау, шайқас үстінде қаза тапқандарды, жараланғандарды тану, тұтқындармен алмасу тәртібін рет­теу жұмыстары кірді. Бұл жұмыстар олардың дәрежесіне қарай бөлінді. Герольдтардан өзгеден ерекшеленіп, айрықша сән-салтанатпен киіну және заманына сай, жоғары білім алу талап етілді. Олар Францияда 7 жылдық тәжірибеден өткеннен ке­йін, арнайы рәсім бойынша ант қабылдап, «герольд» атағын алатын. Бірақ ол геральдтардың тек біреуі ғана «гербтік король» (қару-жарақ патшасы) атанып, сарайда қызмет ету құқығын иеленді, ал өзгесі басқа өңірлерді қарады. Бұған қоса, барлық герольдтарға үлкен жауапкершіліктер, зор артықшылықтар беріліп, олар парламентарилердің міндеті мен «гербті жазалау» дәстүрін атқарды. Гербті жазалау деген – қолбасшының бұйрығынсыз шайқас алаңын өз бетінше тастап кеткен, соғыста қорқақтық танытып, сатқындық, опасыздық, тыңшылық жасаған рыцарьды елдің көзінше жазалайтын дәстүр. Айыпталушы рыцарьдың басы төмен қаратылған гербтік қалқанды бағанаға ілініп, өзі ортадағы мінберге шығарылады. Гербтік король айыпталушы туралы сот үкімін оқиды. Үкімнен соң, хор капелласы орындалады. Герольд капелланың әрбір үзіндісінен ке­йін, рыцарьдың сауыт-сайманын біртіндеп, шешіп отырады. Алдымен дулығасын, семсерін, қанжарын, белдігін алып, содан соң гербтік қалқанын шешіп, оны балғамен ұрып, сындырады. Қиратылған қалқанға қара бояу жағады. Сот­талушының басына ыстық су құйып, корольдық сот­тың қолына табыстайды. Сот рыцарьдың ұрпақтарын герб ұстау құқығы мен сайыстарға қатысу құқығынан айыру туралы қатал үкім шығарады. 
ХІІІ ғасырдың басында гербтердің (тұлғалық, топтық, әулет­тік, рулық, тайпалық, хандық, қағандық, өңірлік, мемлекет­тік) сипат­тамалары мен бейнелерінің жинағы – «гербовник» жарық көре бастады. Берлинде басылған немістің эпик-ақыны Конрад Вюрцбургский мен ағылшынның хронист-тарихшысы Матвей Парижскийдің еңбектері алғашқы гербовиктер болды («Гербовник» термині латынның «armа» (қару) сөзінен шыққан). Геральд Матвей Парижскийдің гербовнигінде 75 гербтік қалқан бейнеленді. ХVІ ғасырда бүкіл корольдіктер үшін гербовниктер жасау ісі жолға қойылды. Сондай еңбектердің бірі – «Наварры корольдігінің гербтері» жинағы болды. ХІХ ғасырдың аяғында Лондонда жарияланған англиялық гербовникте 486 гербтік қалқан бейнеленді. XIV ғасырдың бірінші ширегінде италияндық герольд Бартолоди Сассофератоның «Таңбалар мен гербтер туралы» еңбегі, испандық герольд Хуан Мануэльдің «Граф Луканордың кітаптары», сонымен қатар «De Heraudie» ат­ты авторы белгісіз геральдикалық трактат жарық көрді. ХV ғасырдың ортасына қарай, геральдикалық кітаптар типография әдісімен басыла бастады. ХVІІ ғасырдың аяғына таман герольдтар «Геральдия» мекемелеріне біріктірілді. Еуропада сословиелік монархия орнауына байланысты, «Геральдия» мекемелері мемлекет­тік штат алды. ХVІІІ ғасырдың басында Берлин қаласында тұңғыш «Геральдика» кафедрасы ашылды.
Геральдика (лат. heraldica) – гербтерді (төлтаңбалар мен елтаңбалар) зерт­тейтін ғылым. Бұрынғы кез­де тұлғалық, топтық, әулет­тік, рулық, тайпалық, хандық, қағандық елтаңбалар болса, қазіргі кез­де өңірлік төлтаңбалар (ауылдық округ, аудан, қала, облыс, республикалық мәртебеге ие қалалар) мен мемлекет­тік елтаңбалар бар. Геральдика тарих, вексиллология, гимнология, нумизматика, cфрагистика, фалеристика, символизм, палеография, эпистемология, гносеология, генеалогия, геология, этимология, өнертану, хронология, археология, метрология, картография, папирология, палимпсес, эпиграфика, мифология, этнография, пиктография, хронология, лингвистика, айдентика, семиотика, сигнуманистика, ономастика, топонимика, антропонимика, теонимия, этнонимика, космонимика, зоонимика, тинктура, т.б. ғылымдарымен байланысты. Геральдиканың міндетіне гербтерді атрибуциялау, саяси құрылыс пен тарихтағы мәнін айқындау, құрастыру ісінің әдіс-тәсілдер жинағын дайындау, құрамы мен геральдикалық бейнелерін анықтау, геральдикалық белгілер мен геральдикалық бояу түстерінің жүйесін жасау, гербтердің шығу тегін, даму, қалыптасу кезеңін, кімге, қай әулетке, қай елге, қай жерге, қай мемлекетке тиесілі екенін анықтау, тіркеу, рет­теу (жүйелеу), бекіту, қолдану, пайдалану мәселелері кіреді.
Әйткенмен, гербтердің жаппай қолданысқа енуін XII ғасырға ғана теліп, крест жорықтарымен байланыстыратындар соған де­йін қолданылған белгілер геральдикада герб ретінде саналмайтынын алға тартып, өздерінен бұрын өмір сүрген қағанат­тардың, хандықтардың, әмірліктердің қандайда бір айрықша белгілер қолданғанына көңіл аударғылары келмейді (мысалы, сақ, ғұн, түрік, т.б. қағанат­тарында тамға (таңба) болған). Аталмыш герб термині қару-жараққа қатысты шыққан. Гербте гербтік қалқан, тәж немесе дулыға, қалқан ұстау­шы, ұран, тинктура, бурлет, ламбрекин, мантия, т.б. элемент­тер болады. Гербтің негізгі геральдикалық элементі – гербтік қалқан, өзгесі – қосымшалар. Гербті герб деп атау үшін, гербтік қалқанды пайдалану керек (қалқан түрлі пішінде болады). Герб­тің келесі элемент­тері – тәж бен дулыға. Герб кімге тиесілі екеніне байланысты корольдер әулеті тәж қолданса, рыцарлар әулеті дулыға қолданған. Гербтің өзге геральдикалық белгілерден айырмашылығы – ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалуында. Гербте халықтың тарихы мен адамның өмірдерегі бар. Герб кез келген бір халықтың, не адамның өткені мен бүгіні, ертеңі туралы құнды ақпарат­тар бере алады. Сондай-ақ, туыстық қатынастарды, династиялық некелерді, демографиялық үдерістерді, мәдени, экономикалық байланыстарды анықтауға мүмкіндік тудырады. Алайда гербтің мән-мағынасы мен атқарған қызметінің қандай болғанын білу үшін – оның сипат­тамасын айқындау, бейнесі мен сызбаларын оқи білу, сол кезеңде болған оқиғалардағы орнын анықтау, сонымен қатар, басқа гербтерден айырмашылығын, ұқсастығын, ерекшелігін ажырата алу керек.

Жалғасы бар 

Айдын РЫСБЕКҰЛЫ,
геральдист 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір