МУЛЬТФИЛЬМДЕРДЕГІ ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ОЙРАН
05.08.2023
188
0

Бұл мәселенің төтесіне көшсек, әңгімені әуелі мынадан бастар едік: Қазақстан Рсепубликасы деген мемлекет шынында қазақтікі һәм ешкімге тәуелсіз болса, ендеше мектепте, жоғары оқу орнында оқып жүрген ұрпақты, тіпті, балабақшадағы бүлдіршіндерді ең әуелі қазақ деген өз ұлтын қадірлеп, құрмет тұтуға үйрететін арнайы оқулықтар мен түрлі көрнекі құралдар пайдалануды қолға алуы керек.

Ең әуелі өз ұлтын сүйіп, өз ұлтын құрметтеген адам ғана өзгені сүюді, жалпы адамзатты сүйе білетін болады. Біз осыны естен шығармауымыз керек.Оның орнына біз мектеп оқулықтарын әуелі діні басқа, тілі басқа, өмірге көзқарасы басқа өзге ұлт өкілдерін құрметтеу сияқты тақырыптық жоспарларға, ал жоғары оқу орындарын АҚШ пен Батыс саясаткерлерінің мақалалары мен христиандық діннен басталатын философиясымақтары туралы лекциялық материалдарға толтырдық. Балабақшалар ше? Біздің балабақшалардағы кішкентайларымыз көзі көкпеңбек, шашы сап-сары қуыршақтармен, тісі ақсиған әлдебір мақұлықтармен ойнайды. Олардың қазіргі басты кейіпкерлері – Бэтман – Жарғанат-Адам, Спайдерман – Өрмекші-Адам, Тасбақа – ниндзялардың пластмассадан жасалған, аяқ-қолы бұрамалы бейнелері. Ал теледидардан, DVD бейнемагнитофоннан, компьютер дискілерінен көретіндері ше? Осы тұста олардың қазір ұмыт бола бастаған «Ленин атасы» айтқан «бүкіл өнер атаулының ішінде біз үшін ең маңыздысы – кино» деген тұжырымы тағы да ойға оралады.
Әрине, өзге дін, өзге ұлтпен тату болу, сыйластықты сақтау – біздің мұсылман қауымынан қанымызға әлмисақтан сіңірілген асыл қасиет. Қасиетті Құранның басты қағидаттары да татулық пен сыйластықты насихаттайды. Бүгінде Ленинді де, кеңестік жүйені де қарғап-сілеп отыратындардың өздері де сол жүйенің тәрбиелік мәні терең, адамгершілікке, мейірімділікке, отансүйгіштікке баулитын фильмдерін жамандауға аузы бармайды. Әйтеуір киноның адам санасына кітапқа қарағанда көз бен ми арқылы өте тез әсер ететінін сол Ленин жақсы білген. Оның әлгі «біз үшін ең маңыздысы осы – кино» деген сол тұжырымын берік ұстанған орысшыл Мәскеу басшылары мен бержағындағы жай идеолог орыстарға дейін 70 жыл бойына басқасын былай қойғанда балаларға арналған көркем фильмдерде де, мультфильмдерде де орыс ұлтының басқалардан артықшылығын өзге ұлт балаларының миына сіңірумен келді. Сол кезде Одақ көлемінде жаппай көрсетілетін Илья Муромец, Никита Кожемяка, Добрыня, айдаһарға жер жыртқызып қоятын орыс солдаты, Өлмес Кащейдің өзін күл-талқан қылатын «русский богатырларды» көріп өскен орыс балалары біздерге кәдімгідей үстемдік көрсететін еді. Сол кинолардың бәрінде орыс батырлары басына шошақ бөрік киген, қысық көз, қияқ мұрт, жалпақ бет, әлдебір жабайы далалықтармен, көшпенділермен соғысып, жеңіп шығатын. Оларға қарсы шапқанда да «проклятые басурманы» деп айғай салып шабатын еді. Тіпті, бір орыс жалғыз өзі бүкіл «басурманды» құмырсқа құрлы көрмей қырып салатын, ал Мыстан кемпір немесе басқа бір құбыжық біздің ертектеріміздегідей «мынау үйден адамның исі шығады ғой» демей, «орыс адамының исі шығады ғой» дейтін еді. Қысқасы, сол фильмдердің қайсысында да орыс адамдары ең күшті, ең ержүрек, ең батыр және басқа ұлттардың қамқоршысы болып көрсетілетін. Соларды бір кинотеатрда қатар отырып көрген орыс балалары кино бітіп, сыртқа шыққанда да бізге әкіреңдеп, үстем екенін көрсетіп, тіпті сабап кететін кездері жиі болатын. Біз қанша жерден намысқа тырысып, төбелесуге дейін барсақ та, олардың алдында әлгіндей фильмнен кейін именшектеп, төменшектеп тұратынбыз.
Егер біз осы күні қазақ жасқаншақ, қазақ жалтақ, қазақтар орыстың алдында мүләйімсіп тұрады, орысша сөйлейді деп бір-бірімізді табандап жатсақ, біздің солай болуымызға себепкер болған көп фактордың бірі сол кезде балаларға арнап шығарылған әлгіндей фильмдер екенін ескерер уақыт жетті.
Ол күндер өтті ғой. Ал бүгін ше? Шындығына келсек, біз «бостандық алдық», «дербестік алдық» деп 32 жыл бойы той-тойлап, сауық-сайран салып жүріп, сәбилеріміздің ұлтсызданып бара жатқанын да аңғармадық. АҚШ-ыңыз да, Батысыңыз да, үйдің іргесіндегі орысыңыз да басқасын айтпағанда теледидар, видеотаспалар, Геймбой сияқты қалтафильмдер арқылы-ақ осы 32 жылдың ішінде қазақ сәбилерін ұлтсыздандыру ісін шырқау шегіне жеткізгенін бұдан әрі де жасыруымыз – үлкен күнә. Осының өзі – өз ұрпағымыздың ұлттық санасына өзіміз жасап отырған қылмыс деуге тұрарлық. Балам қандай мультфильмдер көріп жүр, олар қандай ұлт өкілі болып өсіп келеді? Олар қолындағы телефоннан көріп жүргендер ұлтты жоюдың құралына айналған тәрізді ғой дегенді сол 32 жыл бойына қазақтың ешбір басшасы да, кещесі де ойлап көрді ме екен? Қайта кешегі кеңестік кезеңнің соңғы 15-20 жылы қазақтың ұлттық санасына ең бір сәуле түсе бастаған кезең болған сияқты. Жер-жерде қазақ мектептері жаппай жабылып жатқанын көре тұра басшылар мыңқ етпей отырғанда қазақ жазушылары әр жерден үн көтере бастаса, Әмен Хайдар сияқты киногерлер халық ертектерінің желісімен «Қарлығаштың құйрығы неге айыр», «Ақсақ құлан», «Қаңбақ шал» сияқты мультфильмдерді дүниеге әкелді. Сол кезде мұндай фильмдердің жылына кем дегенде бес-алтауы экранға шығатын еді. Бұл фильмдер сол кездегі сәбилерімізді мысқалдап болса да ешкімнің мәдениеті мен өнерінен, ауыз әдебиетінен артық болмаса, кем түспейтін дүниелер қазақта да жеткілікті екенінен хабардар еткеніне де дау жоқ. Ұтыры келгенде айта кетейік, орыстар сол кездегі балаларға арналған фильмдеріне халық ертектері мен аңыздарын арқау ету арқылы-ақ кеңестік-орыстық империяның шовинистерімен бірге өздеріне ең сенімді төбетіндей қызмет ететін, кез келген сәтте ұлттық намысын сатып кететін қазақ жандайшаптарын тәрбиелеп шығарды.
Ал біз қазір дәл олар сияқты болмасақ та ең құрығанда өз ұлты үшін жан алысып, жан беруге қашанда даяр және мына мемлекет те, оның жері мен суы да ең әуелі қазақтікі дейтін ұрпақ тәрбиелеуге көңіл бөлмей келеміз. Ол үшін бүгінгі бүлдіршін тәрбиесінің ең маңызды құралы – ұлттық мультфильмдер неге шығармаймыз? Ал бұл істе қазақтың кез келген халық ертегі, батырлар жыры тұнып тұрған ерлік, ұлтжандылық, отаншылдық тәрбие емес пе?!.
Мысалы, жан-жануарлар, төрт түлік мал, тұрмыс-салт ертектері бойынша мультфильмдер сәбидің ұлттық салт-санасын оятудың, ұлтын, табиғатты, бүкіл жаратылысты сүюдің, әділетті, адамгершілікті қалыптастырудың ең басты құралы десеңіз, ал Естерекұлы Ер Тарғын, Қамбар батыр, Нәрікұлы Шора, Ер Қосай, Ер Көкше туралы эпостар нағыз ертеңгі күні ел қорғайтын ер азаматтықтың мәңгілік үлгісі емес пе?! Тіпті, олармен салыстарғанда «күні кешегі» жоңғарлардан елін қорғау үшін өзі құралпы 15-16 жастағы мың баладан жасақ құрып, Әбілхайыр ханның қолына келіп қосылатын Сартай батыр туралы мультфильм түсірсек, бұл да ұлттығымыздың үлкен бір рәмізінен кем түспес еді ғой. Егер тарихында әлгіндей мың бала, оны бастаған 16 жасар Сартайдай жайнағы болса, орыс та, өзбек те ондай батыр ұрпағын әлдеқашан алты әлемге паш етер еді ғой. Иә, «ат үстінде өлсем арман жоқ» деген 16 жасар Сартай батырлар өмірі ұрпаққа нағыз үлгінің үлкені емес пе?!. Ал біздің бүкіл идеологиямыз екінші дүниежүзілік соғыста Мәскеуді, Орелды, Сталинградты қорғаған, қоршаудан аман шыққан, Курскі доғасындағы шайқасқа қатысқандарды дәріптеуден аса алатын емес.
Адам баласының санасы сәби кезінен қалыптасады. Егер оны сәби кезінен, балабақшалардан бастап ең алдымен өз ұлтын, өз тілін, өз мәдениетін, ата-дәстүрін киелеуге үйретпесек, кейін оның санасы қасаң тартып, өмір бойы өз ұлтына бүйрегі бұрмай, икемге келместен кетуі де мүмкін. Біз қазір осы бір ең басты парызымызды мемлекеттік деңгейде шешуге 32 жыл кешігіп қалдық. Тілі орысша шығып, ұлттық ар-намыстан мақрұм болып, 32-ге келген қазақ ұрпағының ұлттық санасын енді қалпына келтіру үшін тағы да қанша жыл керек боларын кім білсін?!. Егер бізде бүкіл басқа халық атаулының көңілін аулайтын «көңілшек идеология» мызғымай, әлі де жалғаса берсе, ол қалпына келе ме, келмей бұл дүниядан мәңгүрт боп өте ме оны да бір Құдай біледі.
Иә, Қазақстан жұрттың ең соңы болып КСРО-ның ортақ қорасынан шығысымен-ақ Батыс та, АҚШ-та біздің сол кездегі басшылардың саяси психологиясын қатаң бақылауға кірісті. Олар КСРО халықтарының ішінде әсіресе жай қазақтар да, олардың атқамінерлері де құбылмалы, сөзге ергіш, үгітке берілгіш, дінінен де, тілінен де айыруға оңай көнетін ұлттық намыс дегенге көп бас ауырта бермейтін халық екенін бұрыннан зерттеп білгендіктен ең алдымен бізге ауыз салды. Кезінде орыс тарихшылары, мәдениеттанушылары, тіпті тіл мамандарына дейін қазақтың сондай ұлт екенін әбден дәлелдеп жазып кеткен. Ресейдің баспасөз, кино сияқты идеологиялық құралдары қазір Қазақстаннан басқа бірде-бір көршілес елдерде біздегідей емін-еркін ойран салып жүрген жоқ. Олар бірден біздің сәбилеріміздің санасын орыс тіліндегі мультфильмдер арқылы-ақ жаулап алуға кірісіп, онысын Қазақстанда үлкен табыспен орындап та шықты. Қазір сіздің 5-13 жас аралығындағы балаңыз немесе немереңіз атасы мен әжесінен гөрі экранда өтірік жаны қиналып жатқан Шрек деген құбыжық пен оның қасындағы есекке көбірек жаны ашиды. Ал, «Том мен Джерри» деп аталатын бас-аяғы жоқ ұзын-сонар мультфильмде Том деген төбеттей мысық адам баласының ойына келмейтін жауыздықты, жан қинау тәсілін жасайды. Сол сияқты «Өрмекші адам», «Ниндзя-тасбақа» (шпион, барлаушы деген мағынада) фильмдері үрейге, жанталасқа тірі жан иесін қорлауға толы. Осының бәрі аз болса, Қазақстанның бүкіл телеарналары Ресей ТV өнімдерін көрсетеді. Олар сенің балаңды орыстандырмаса қазақтандыратын дүниелерді көрсеткен емес, көрсетпейді де.

Иә, біз тәуелсіздік алған жылы туған ұрпақ бүгінде 32-ге келді. Ендеше солардың ішіндегі ұлтсызданғандарының ұлттық санасын жаңғыртуды қолға алғанның өзінде тағы соншама жылдық тәрбие жұмысы керек болмай ма?
Ал біздің мультфильмдердегі Алдар Көсені, қазақтың қарапайым кемпір-шалдарын көріп отырып, іші-бауырыңды ит тырнағандай болатынын ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Неткен сорлы едік, неткен жетесіз, неткен намыссыз, не ұлтының, не ұрпағының ертеңін ойламайтын қарны тоқтығына мәз болатын неткен қаңсыққұмар едік деген сөз ойыңа еріксіз оралады екен. Алла кешірсін, не желісі, не идеясы, не характері, не тәрбиелік түк мәні жоқ дүниелерді көргенде, өзіңнен-өзің безіп кеткің келеді екен. Біздің ойымызша бұл – қазақтың ұлттық әдебиетін, тіпті салт-дәстүрін қорлау деуге де болатын сияқты. Бір таңдай қаққызып, әттең-ай дегізетін нәрсе – осының бәрін жоғарыдағылар білмей, көрмей отырған жоқ. Дүнияда біле тұра жасаған қателіктен өткен қастандық жоқ. Осының бәрін ойлап, бүгінгі ұрпағыңның түрін көріп, олар бүйте берсе ертең не ұлтына, не тіліне, не ата-баба салтына деген махаббаты жоқ бір малғұн болып кетер ме деп қамыққанда:
Еншісін күтіп ертеңнен,
Тек шоғын үрлеп Үміттің,
Ісінен сөзі көркемдеу –
Ұлымын мен де бір ұлттың.

Өзегім толы өрт ағын,
Өзіме көңілім толмайды.
Данамын деуге қорқамын,
Шаламын деуге болмайды.

Есі жоқ кілең есерден,
«Ел көгертерлік» күйді ұққан.
Жоқ салтты жасап еш елде,
Халқым бар қойдай ұйлыққан.

Ұмыт боп бүгін қоңыр ән,
Сыртына қойған сырнайды.
Дауысы ауру домбырам,
Ағылшын жырын жырлайды.

Не ұғар бұдан кіл мықты,
Дүниеде мендей мұңлық көп.
Ақымақтар Ұраншылдықты –
Мақтайды Отаншылдық деп.

Барамын қайда, кімге енді,
Кімдерден ақыл сұраймын? –
Дедім де ұйқылы күйге ендім.
Мейірімін күтіп Құдайдың, –
деп қолды бір сілтеп, қисая кеткің келеді. Өйтейін десең, қашанда бұл жалған дүние­нің зәмзәмынан зәһары көп екенін біле тұра қазағым, ұлтым деп тар кеудеңді тесіп жіберердей боп атқақтап тұратын жұдырықтай жұмыр ет тағы мұрша бермейді. Сіз бен біздің сол бір бейбақыт күйімізді қолында азды-көпті билігі бар шолақ белсендіден бастап, биліктің ұшар басында жүрген әр қазақ сезінсе ғой! Қазаққа сондай күн бұйыр­ғай да шіркін!

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір