ГЕРАЛЬДИКАНЫҢ ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ
19.07.2024
492
0

Патшалық Россия геральдикасы

Орта ғасырда орыс князьдары геральдикалық таңбаларды жекеменшік белгілері ретінде қолданған. XII ғасырда моңғолға дейінгі Московияда (Мәскеу) қалалық гербтер болды. Владимир және Суздаль княздарының астанасы Владимир қаласының гербінде басында тәжі, алдыңғы аяғында төрт ұзын крест бар, артқы аяғымен жүретін арыстан бедерленген. Геральдикалық арыстан – тұлғалықтың, батылдықтың, күштің, мейірімділіктің, жомарттықтың бейнесі. Дегенмен сол уақтағы Владимир қаласының гербіндегі арыстанға қарағанда, Московия қаласының гербіндегі шабандоздың беделі жоғары еді. Московия князі Дмитрий Донской мен Алтын Орда беклербегі Мамай арасында өткен 1380 жылғы Куликово шайқасынан кейін, қара жыланды алтын найзамен түйреп өлтірген шабандоз «Жеңімпаз Георгий» деген айрықша мәртебеге ие болады. «Княздыққа ант беру» («Присяга на княжение») рәсімінде Алтын Орда ханының табаны басылған тақтайшаны сүйіп, ант берген Московия князі II Василий Васильевич (Василий Тёмный. 1415-1462) кезінде гербтегі шабандоз ханзадаға айналады. Келесі бір Московия князі III Иоанн Васильевич (1462-1505) тұсында гербтегі шабандоз қара жыланды ат тұяғының астына салып, найзамен шаншып тұрады. Ал қазіргі Ресей гербіндегі екі басты бүркіт бейнесі (ашамай таңба) б.з.б. XVIII-XII ғғ. кіші Азиядағы Хетт империясының, IV-XV ғғ. Византия империясының, X-XI ғғ. Бұлғар патшалығының, XI-XII ғғ. Селжұқ сұлтандығының, XIII-XIV ғғ. Алтын Орда қағанатының елтаңбасында болған. Сондай-ақ VII-VIII ғғ. Шығыс Түрік қағанатының бас қолбасшысы, «Көктүріктің көк семсері» атанған Күлтегін (Күл Тигин. 684-731) батырдың дулығасында екі басты бүркіт бедерленген.
Московияға екі басты бүркіт бейнесі Московия князі III Иоанн Васильевич Византия императоры XII Константин Палеологтың жиені Софияға үйленген соң ғана пайда болды. XVII ғасырға дейін, Московия бөлек қала-мемлекет болcа да, мемлекеттік гербі болмаған еді. Алғашқыда III Иоанның екі басты бүркіті бар мөрі гербтің рөлін атқарды. Арада үш ғасыр өткеннен кейін, бұл герб Россия империясының мемлекеттік гербіне айналды. Бастары шығыс пен батысқа бағытталған екі басты бүркіт «екі принциптің бірлігін» бейнелейді. Оған Византия империясының гербі ретінде түсініктеме берген орыс тарихшысы Василий Татищев (1686-1750) болды. Московия Византиядан герб қана қабылдап қойған жоқ, сонымен бірге христиан дінін қабылдады. 1667 жылы Московия князі Алексей Михайловичтің жеке өтініші бойынша, қасиетті Рим империясының императоры I Леопольд өзінің гербтік королі, ұлты поляк Лаврентий Куреличті (Хурелевич) Московияға жібереді. Ол князьдың геральдика және генеалогия жөніндегі кеңесшісі міндетін қоса атқара жүріп, 1673 жылы «Орыстың ұлы князьдері мен билеушілерінің генеалогиясы туралы» очеркін жазып шығады. Очеркте: «Екі басты бүркіт − бүкіл Московияның Ұлы егемені, Московия патшалығының Ұлы мәртебелі патшасы, Ұлы герцогы, автократы Алексей Михайловичтің гербі. Гербте бейнеленген үш тәж − Қазанның, Астраханьның, Сібірдің даңқты патшалықтарын білдіреді. Олар Құдай қорғаған Ұлы мәртебелі патшаның ең мейірімді әмірі мен бұйрығына бағынады. Пасонктегі таяқ пен алма ең мейірімді, егеменді, жоғары мәртебелі автократ және иелік иесін көрсетеді», − деп Московия гербіне алғаш ресми сипаттама берді. Ал «қалалық герб» мәртебесінің патшалық жарлықта 1672 жылы Ярославль қаласының гербіне байланысты шыққаны туралы Ұлы мемлекеттік жинақ – «Титулярникте» былайша баяндалады: «Гербте протазан мен аю бейнеленген. Бұл бейне IX-X ғасырларда-ақ Еділ бойына тән ежелгі аю культімен байланысты деп есептеледі. Мүмкін, сурет Ярославтың данышпан аюды балтамен өлтірген жерінде Ярославль қаласының қалануының аңызына сәйкес келеді».
Әйтсе де, Московияның (Мәскеу) нақты құрылған күні белгісіз. Бірақ Ресей жұрты 1147 жылы жазылған Ипатьев монастырының шежіресіне сүйене отырып, қаланың 800 жылдығын 1947 жылы және 850 жылдығын 1997 жылы атап өтті. Қала кейіннен, Московия өзенінің шетінен 40 метр биіктікте қайта салынып, 1156 жылы ағаш палисадалармен қоршалды. 1367 жылы қабырғалары таспен өріліп, 1485-1495 жылдары Кремль бой көтерді, оның қабырғалары кірпіштен қаланды.
Орыс еліне ХVІІ ғасырдың екінші ширегінде Еуропадан ауысқан геральдика термині 1682 жылы I Пётр (1672-1725) патша Московия тағына отырғаннан кейін, бірден мемлекеттік сипат алды. Пётрдың гербтерге, эмблемаларға деген қызығушылығы зор болды. Ол өзінің саясатын насихаттауда және мемлекеттің әскери күшін дәріптеуде гербтердің маңыздылығын өте жақсы түсінді. Оның бұйрығымен 1705 жылы «Гербтер мен эмблемалар» кітабы жарық көрді. 1721 жылы I Пётр Московия атауын Россия деп өзгертіп, өзі император атағын иеленген соң, батыс елдерінің тәжірибесін пайдалана отырып, елде жедел реформалар жүргізді. Сенат, мемлекеттік тергеу, бақылау, т.б. органдарын құрды. Россияны губернияларға бөліп, шіркеу­лерді мемлекетке бағындырды. Жаңа астана – Санкт-Петербург қаласын салды. Үлкен флот құрды. Россия Ғылым академиясын ашып, жаңа әліпби қабылдады. Ал гербтерде патша тәждерінің орнына император тәждері бейнелене бастады. 1722 жылы қалалық және жеке гербтерді тіркеп отыру үшін, Сенат жанынан «Геральдмейстерлік кеңсе» құрып, «Геральдмейстер» лауазымын бекітті. Нәтижесінде, гербтер бір жүйеге келтіріліп, ғасыр соңына таман 500 қалалық герб жасалды. Қалалық герб­терге губерниялық және уездік қамалдарды қосып бейнелеу дәстүрі енгізілді. 1726 жылы Россия Ғылым Академиясы жанынан геральдикалық кафедра ашылды. Гербтерді жинақтап, кітап құрастыру ісі қолға алынды. 1672 жылы жарық көрген «Титулярник» атты жинақта 33 қала гербі берілсе, 1786 жылы шыққан «Барқыт кітап» жинағында дворян әулеттерінің гербтері берілді. Жинақ 1877 жылы «Рангалар жөніндегі табель» деген атпен қайта басылды. Осыдан кейін, сегіз кластық шені барларға герб алу құқығы берілді. І Павел тұсында «Бүкіл Россия империясының дворяндық әулеттерінің гербтері» атты 3-бөлімнен тұратын 20-томдық кітап шықты. 1-бөліміне князьдық, графтық, барондық, дворяндық, әулеттік гербтер енсе, 2-бөліміне дворяндыққа ұсынылған тұлғалардың гербтері, 3-бөліміне дворяндықты  еңбегімен алғандардың гербтері енді.
1731 жылдан бастап, қазақ халқы Россияға бодан болғаннан кейін, елде басқарудың жаңа әкімшілік жүйесі орнады. Ол жүйе патшалық гербтердің дамуына елеу­лі ықпал етті. Қазақ жерінде ең алғашқы патшалық герб – Петропавл қаласының гербі 1842 жылы 7-қыркүйекте пайда болды. 1867-1868-1886-1891 жылдары жеделдете жүргізілген әкімшілік-аумақтық реформалардан соң, губерниялар мен облыстарға бірыңғай үлгідегі патшалық гербтер берілді. Атап айтқанда, Алматы, Орал, Семей, Торғай қалаларының гербтері 1878 жылы 1-шілдеде бекітілді. Бұл гербтер патшалық Россия империясының  отаршыл саясатын бейнелейтін идеологиялық құралға айналды. Қызылжар – Петропавл, Алматы – Верный, Семей – Семипалатинск, Кеңгір-Тұра – Устькаменогорск, Орал (Теке) – Уральск, Атырау (Үйшік) – Гурьев, Ақмешіт – Перовск, Ақмола (Қараөткел) – Целиноград, Шымкент – Цитадель деп аталды.

Советтік геральдика

XV ғасырдан бері Россия империясының патшалық гербінде тұрған тәж бен екі басты бүркітті XX ғасырдың басында советтік гербтегі балға мен орақ алмастырды. Ендігі кезекте патшалық Россия империясының бір бөлшегі болып келген ұлттар мен ұлыстар автоматты түрде советтік Россия империясының бір бөлшегіне айналып, отаршылдық қамытының жаңа үлгісін қайта киді.
Совет өкіметі орнағаннан кейін, коммунизм идеалдарына сүйенген жаңа стильдегі гербтер пайда болды. СССР басшылығы патшалық дәуірдің белгісі саналатын бүкіл белгіден бас тартты. Жаңа стильдің негізгі белгілері ретінде балға мен орақ, қызыл жұлдыз, бидай сабағы, шығып келе жатқан күн таңдалды (жергілікті жердің элементтері де қосылған). Советтік идеология өзге идеологиялардың барлығын терістей отырып, балама пікірлерді түбірімен жойды. Оған қарсы шыққандар мен бойұсынбағандарға «ұлтшыл» деген айып тағылып, өмірінің соңына дейін заңмен қудаланып, жазалау лагерьлеріне тоғытылды. Советтік гербтер таптық, партиялық идеологияға бейімделіп жасалды. Олардың түр-түсін, мазмұны мен сипаттамасын компартия қадағалап, бекітіп отырды. Жалған интернационализмді, езілуші тапты ерекшелейтін, дәріптейтін белгілерге басымдық берілді. Патшалық кезеңдегідей, жергілікті ұлттардың этномәдени болмысы, ұлттық құндылықтары ескерілмеді. Патшалық Россия империясы тұсында қазақ облыстары мен қалаларында бірыңғай патшалық герб үлгісі қолданылып келсе, советтік Ресей империясы кезінде өзге одақтас республикалар сияқты  Қазақ ССР-нің гербі СССР гербінің көшірмесі ретінде жасалынды. Дөңгелек пішінді ҚазССР гербінің ортасында орақ пен балға, екі шетінде бидайдың масағы, төбесінде қызыл жұлдыз, төменгі жағында арайлап атып келе жатқан күн бейнеленген. Орақ пен балға – жұмысшы мен шаруаны, күн – революцияны білдірді. Астында «ҚССР/КССР» деген мемлекет атауы, қос қапталындағы лентада «Барлық елдеpдің пролетарлары, бірігіңдер!» деген ұран екі тілде жазылған. Қызыл жұлдыз коммунистік режимнің басты белгісі саналды. Бастапқыда ортасында соқа мен балғаның, кейіннен орақ пен балғаның суреті салынған қызыл жұлдыз қызыл әскердің бас киіміне, погонына тағатын эмблемасы болды. Ортасына пролетариат көсемі Лениннің бала кезіндегі суреті бар қызыл жұлдызды бастауыш сынып оқушылары кеуделеріне тағып жүрді. Қызыл жұлдыз Одаққа кіретін барлық республиканың туынан, гербінен, кез келген ресми құжаттары мен бланктерінен орын алды. Қызыл жұлдыз – жер бетіндегі бес құрлықты мекендейтін әлемдік пролетариаттың бірлігі, коммунизм идеясының бес құрлықтағы соңғы салтанаты және әлемдік революцияның символы деп түсіндірілді. Қызыл Жұлдыз ордені жоғары наградалардың бірі болды. Көптеген елді мекендерге Қызыл Жұлдыз деген атау берілді. СССР халықтары жаңа жылдық шыршаларды да қызыл жұлдызбен безендіретін еді.
Қазақ ССР-нің мемлекеттік туындағы шағын көк жолақ республиканың белгісі ретінде пайдаланылды (қазір ғой «Совет Одағы» делініп жүргені, ал бұрын «СССР» деген аббревиатура өзгеріссіз жазылып, айтылатын). Осының негізінде, қазақтың ұлттық мүддесін қорғауға мұршасы болмай, әрбіреуі жеке басының қамымен айналысып, орындаушылар рөлін атқарып кетті. Ұлтты бастайтын саяси тұлға қалмады. Еліміз совет өкіметінің кішкене бір бөлшегіне айналды. Алайда тоталитарлық догматикаға қаншалықты қатысты болмасын, советтік (іс жүзінде – орыстық.) геральдиканы зерттеп-зерделеуіміз қажет.

Жалғасы бар 

Айдын РЫСБЕКҰЛЫ,
геральдист 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір