ТІЛ ӘЛЕМІНДЕ ТІРШІЛІК КЕШКЕН БІРЕГЕЙ ТҰЛҒА
06.12.2024
104
0

Қазақ тіл білімінің көрнекті өкілі, белгілі түркітанушы ғалым, Ұлт­тық ғылым академиясының академигі Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар есімі қазақ жұртшылығына ғана емес, жалпы түркі дүниесіне ежелден етене жақынды­ғымен қымбат. Саналы ғұмырының жарты ғасырдан астам уақытын тіл білімі саласына арнаған заңғар тұлғаның туғанына биыл 100 жыл толып отыр.

Ана тіліміздің абызы атанған академик ағамыздың жарқын бейнесін жадымызда жаңғыртып, ғылыми шығармашылығы хақында аз-кем ой қозғауымыздың тағы бір себебі – алдағы жылы екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл болмақ. Қайраткер ғалымның мерейтойы тұсында Жеңіс мерекесінің ойға қатар оралуы бекер емес, әрине. Әбдуәли Туғанбайұлы 1942 жылдың мамырында қазақ орта мектебінің 9-сыныбын және он айлық педагогика курсын бітірісімен 17 жасқа толар-толмастан өз еркімен майданға ат­танады. Жиырма жасында жауынгерлік ерлігі үшін орденімен марапат­талады. Бұл туралы ол өзінің бір сұхбатында: «Калинин майданында «Марс» деген операция жүріп жатқан болатын. Сол шайқаста бір рет жараландым, бір рет контузия алдым. Соңғы жарақат алуыма байланысты айтатыным, екі жаққа да бейтарап алаңқайда немістердің бір пулеметі жатыр еді. «Соны кім алып келеді?» деген бұйрық түсті жоғарыдан. Жанымда бір орыс жігіті бар, «Біз алып келейік», – дедім. Еңбектеп барып, пулемет­ті екі дискісімен алып келдік. Сол үшін III дәрежелі «Даңқ» орденімен марапат­тады», – дейді. Одан ке­йін Ленинградты блокададан босатуға атсалысқан. Жданов атындағы Әскери-инженерлік училищеде білім алып, офицер ретінде Беларусь майданына қатысқан. Қайтпас қайсар ерлігі үшін I және II дәрежелі Отан соғысы ордендерімен (1944), екі рет Қызыл Жұлдыз (1945) орденімен және «Жеңіс үшін» медалімен марапат­талған.
Әбдуәли Туғанбайұлы екінші дүниежүзілік соғыстан туған жерге аман-есен оралып, ғылым көгінде де жасындай жарқырап көзге түскен бірден-бір қазақ еді. Соғысқа қатысқан майдангерлердің ішінде КСРО Ғылым академиясының академигі атанған тұлғалар аз болмауы мүмкін, ал Қазақ­стан Ғылым академиясынан ондай биікке өзінің таза еңбегінің арқасында қол жеткізген бір ғана майдангерді білеміз. Ол – осы Әбдуәли ағамыз. Ұстаздың мерейтойы тұсында біз оның осындай өмір жолындағы қайраткерлік келбеті, бойындағы адами қасиет­тері, ғылымдағы жетістіктері туралы ке­йінгі толқынға ұдайы айтып отырудан жалықпауымыз керек. Аяулы сезіміміз бен ыстық лебізімізді асылдарымыздан аяп қалуға хақымыз жоқ.
Соғыс аяқталғаннан ке­йін Ә.Қайдар Қазақ мемлекет­тік университетін, ке­йін Қазақ КСР Ғылым академиясы жанындағы аспирантураны «ұйғыр тілі» мамандығы бойынша ойдағыдай тамамдады. Одан ке­йін ғалымның ғылымдағы бүкіл ғұмыры Қазақ­стан Республикасы Ұлт­тық ғылым академиясының қабырғасында өт­ті, ол ғылыми өсудің барлық кезеңінен – аспирант­тан бастап академикке де­йінгі, кіші ғылыми қызметкерден Ғылым академиясының директорына де­йінгі мехнаты мол соқпақтан сүрінбей өт­ті. Ғалымның жалпы түркологияға, қазақ тіл біліміне және ұйғыртануға қосқан орасан зор үлесі лингвистикалық, теориялық өзекті, практикалық маңызды мәселелер бойынша зерт­теулерді ұсынған 700-ден астам еңбекте (жалпы көлемі – 1000 б.т. астам) бағаланады. Олардың қатарында жеке ғылыми монографиялар, жинақтар, сөздіктер, университет­тер мен мектептерге арналған оқулықтар түрінде жарияланған 52 ірі зерт­теу бар. Академик Ә.Қайдардың еңбектерін талдау ғалымның ғылыми ізденістерінің кең ауқымын, тіл ғылымы саласына қосқан үлесін аңғартады. Атап айтар болсақ, лексикология, диалектология, этнолингвистика, тіл құрылымы, түркология және алтайтану, тіл тарихы, тіл саясаты, қазақ тілі пәнінен мектеп оқулықтарын дайындау, сонымен қатар этимология, ономастика, терминология, семасиология, фразеология және тіл ғылымының басқа да үлкенді-кішілі салалары мен ішкі мәселелерін қамтитын еңбектері баршаға бағалы һәм баға жетпес байлық саналады. Ғалымның еңбектерімен жас лингвистердің бірнеше ұрпағы өсіп жетілді, мыңдаған студент­тер мен мектеп оқушылары тіл туралы заңдылықтарды меңгеріп, ғылыми ой-өрісін кеңейт­ті. Ғалымның айналысқан салаларының тізбесіне көз жүгірте отырып, адам баласы бойындағы қасиет білімі мен білігінен, ұстанымы мен дағдысынан ерекшеленіп тұратынын, аға ұрпақтың рухани қорын жас ұрпақтың санасына сіңдіре білу әрекетімен бағаланатынын пайымдайсыз.
Қазіргі лингвистика үшін Ә.Қайдардың «Тіл – мәдениет­тің айнасы» деген ойы өзекті болып қала береді. Мұнда адамды қоршаған орта мен айналамызда болып жатқан түрлі күрделі де маңызды жағдайлар ғана емес, сонымен бірге халықтың әлеумет­тік өзін-өзі тануы, менталитеті, ұлт­тық сипаты, өмір салты, әдет-ғұрпы, салт-санасы, дәстүр-дағдысы да айқын көрініс табады. Әлемге ұлт­тық тілдің көзімен үңілу үрдісі осылай қалыптасады.
Әбдуәли Туғанбайұлының лингвистика, этнография, фольклористика, археология және мәдениет­тану ғылымдарының тығыз үйлесімде, өзара жақын жымдаса тіршілік кеше алатынына негізделген құнды еңбектерінің өзі – бір төбе. Бұған автордың мынадай ірі еңбектері дәлел: «Қазіргі ұйғыр тіліндегі жұп сөздер» (1958), «Ұйғырша-орысша сөздік» (1961), «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі» (1966. авторлардың бірі), «Қазіргі ұйғыр әдеби тілінің дамуы» (1969), «Қазақша-орыс­ша бір буынды түбірлер сөздігі» (1986), «Қаңлы: тарихи шежіре» (2003), «Халық даналығы» (2004), «Қазақ тіліндегі қос сөздер: зерт­теу және сөздік» (2013), «Ғылымдағы ғұмыр» (2014), «Қазақ тіліндегі еліктеуіш» (2014), «Сөз төркіні, тіл сыры» (2014) т.б. Автор мұнда тарихи және қазіргі тілдік фактілерді этностың рухани мәдениеті призмасы арқылы қарастырып, тіл – мәдениет­тің қазынасы, қоймасы, қорғаны екенін дәйекті түрде дәлелдейді. Ол: «Мәдени құндылықтар сөздікте, грамматикада, идиомаларда, мақал-мәтелдерде, нақыл сөздерде, фоль­клорда, көркем әдебиет­те және ғылыми әдебиет­те, жазбаша және ауызша сөйлеу формаларында сақталады», – дейді. «Тіл –мәдениет­ті ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші күш», – деп таниды.
Оның ғылыми ізденісінің ауқымы сан алуандығымен сүйсінтеді. Ғалымның теориялық ұстанымы тілді халықтың рухымен ұштастыра қарастыруымен қымбат. Шығармаларында халықтың тілі олардың ойлау жүйесімен қатар қамтылады. Ойлы оқырманға тілдің қуаты адамзат­тың рухани дамуымен тығыз астасып жатқанын жеткізеді. «Қай халықтың да мәдениеті тіл құрылымынан көрініс табады», – деген пайымды алға тартады. «Халықтың рухын концептуалды түсіну табиғи тіл арқылы ғана жүзеге асады, өйткені ол (тіл) – ата-бабамыздан мұра болып келе жатқан мәдениет­тің құрамдас бөлігі, халықтың психологиясын бойына сіңіретін негізгі құрал, демек, тіл сөйлеушілердің мәдени және ұлт­тық менталитетін көрсете алады», – дегенді санаға сіңдіреді.
Қазақ этнолингвистикасының негізін салушы академик Ә.Қайдар өз еңбектерінде тілдің танымдық мүмкіндіктерін пайдаланып, қазақ этносының ұлт­тық психологиясының, тарихының, мәдениетінің рухани болмысын, дүниетанымы мен көзқарасының ерекшеліктерін айшықтап көрсетеді. Ғалым шығармаларындағы мақал-мәтелдер, нақыл сөздер, өрнектер ұлт­тық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты, күнделікті мінез-құлық үлгілерін, ұлт­тық болмыс бояуын және ақыл-ойды бағалай білу, туған жерге деген сүйіспеншілік, тарихты, мәдениет­ті сүю, мақтаныш тұту сияқты жалпыадамзат­тық құндылықтарды әспет­тейді.
Қазақ халқының түп-тамырына, ұлт­тық менталитетіне қатысты көптеген сауалдарға жауап ретінде ғалымның «Қазақ қандай халық?» (2008) деген ұлы шығармасы дүниеге келді. «Қазақтар: ана тілі әлемінде» 3 томдық этнолингвистикалық зерт­теуінде семантикасы этностың өмір сүруін, оның мәдени келбетін, ділін көрсететін бірнеше мың тілдік бірлік жинақталып, талданған («Адам» 1 том., «Қоғам» 2 том, «Табиғат» 3 том (2009–2013) еді. Бұл еңбек ғылыми ортаны қызықтырып, тәрбиелік мәнімен тәнті ет­ті. Мұнда тілдік бірліктердің этнолингвистикалық мәні қазақ тұрмысы, материалдық және рухани мәдениеті негізінде табиғат пен қоғам сипат­тарын, өмірдің сан алуан құбылыстарын бейнелі және дерексіз түсіну негізінде ашып көрсетеді. Түрлі-түсті, бейнелі және идиоматикалық-фразеологиялық материалда тарихи, этнографиялық, әлеумет­тік, тұрмыстық, алғашқы ұлт­тық фактілер, көшпелі халықтың ертедегі әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен хабар беретін түрлі мәлімет­тер, сондай-ақ дүниені және қоршаған ортаны шынайы қалпында танып-білудің өзіндік техникасы мен әдістері қамтылған.
Бұл шығармалар – адамның рухани дүниесін бейнелейтін, тарих, этнография, ұлт­тық психология туралы мағлұмат­тарды сақтайтын мәдени мұра іспет­ті асыл қазына. Еңбектің маңызы туралы автордың өзі «Ғылымдағы ғұмыр» (2000) кітабында былай деп жазады: «Мен А.С.Пушкин сияқты: «Мен өзіме қолмен жасалмаған ескерткіш қойдым…» деп мақтанышпен айта алмаймын. Жоқ. Қайтыс болғаннан ке­йінгі атақ-даңқым туралы өзімді алдай алмаймын.
Бірақ мен бір нәрсеге сенімдімін. «Қазақтар: ана тілі әлемінде» ат­ты еңбегім, Алла өмірімді ұзартып, оны аяқтауға мүмкіндік берсе, менің рухани мәдениетімнің ескерткіші болары сөзсіз». Академик Ә.Қайдар қазақ және басқа да түркі тілдерінің моңғол, корей, жапон тілдерімен байланысын зерт­теуге бағыт­талған алтаистика саласына тіл мамандарын дайындауға көп тер төкті әрі осы бағыт­тағы зерт­теу жұмыстарымен танымалдығы арт­ты. Ғалымның алтайтану саласындағы зерт­теулері, негізінен моңғол тілдерінің түркі тілдер тобымен байланысын, олардың генетикалық және тарихи сабақтастығын анықтау­ға арналған. Мысалы, Ә.Қайдардың ғылыми жетекшілігімен Базылхан Бұхатұлы қазақ және моңғол тілдерінің өзара байланысын, ал Еркөл Әзірбаев қазақ және басқа түркі тілдерінің жапон, тунгус-манчжур тілдерімен байланысын зерт­теумен айналысты. Бүгінде ғалымның бастап кеткен сондай іргелі істері, теориялық ғылыми ұстанымдары мен нәтижелері тіл ғылымы дамуына оң ықпалын тигізіп жатқанына марқаямыз.
Ғылыми ойлардың дамуы мен жүзеге асуы, тіл білімінің дәстүрлі салалары шеңберінің кеңеюі, тіл, мәдениет, этнос арасындағы байланыс мәселелері қарастырылатын жаңа пәнаралық бағыт­тарды негіздеу педагогикалық қызмет­тің іргетасы болып есептеледі. Өз ісіне шексіз берілген, шын мәніндегі, таза ғалым дегенде, көз алдымызға, алдымен, Ә.Қайдардың бейнесі тұрақтайды. Оның тұлғалық әдептілігі және тіл құдіретін танып-білуге ​​құштар жандардың бәрін өзіне магнит­тей тартып тұратын шынайы болмысы ұстаз деген ұлағат­ты атқа әбден сай еді. Ол ғылымдағы сабақтастықты өте жоғары бағалады. Ұстазға деген құрмет­тің аса бір әдемі үлгісін, мен осы кісіден көріп, сүйсіндім. Өзінен бұрынғы ғалымдар туралы әңгімелері тыңдаушы жүрегін сағыныш сазындай елжірететін. Ойы байламды, сөзі орнықты кісі еді. Баяндау қисыны қиғаш кетіп қалмайтын. Көпті әсерлі әңгімесімен тез арада баурап әкететін қасиеті ғалымды өз ортасына аса қадірлі, сыйлы ет­ті.
Әбдуәли Туғанбайұлы дәрістерінде ана тіліміздің байлығын, сұлулығын ұлықтады. Оның сабағына қатысқан жанның кеудесі қазынаға толып, қазақ тілінің қасиетіне қанып шығатын. Сол үшін де жұртшылық Ә.Қайдардың тіл жанашыры, қоғам қайраткері, нағыз азамат ретіндегі қалыбын, Қазақ­станның тіл саясатын қалыптастырудағы, қазақ тіліне мемлекет­тік тіл мәртебесін берудегі ұшан-теңіз еңбегін өте жоғары бағалайды. Осы орайда оның ғылыми шығармашылығының бастауында қай кез­де де қазақ тілінің бүгіні мен ертеңі тұрғанын айта кеткен лазым. Ә.Қайдардың бірқатар еңбектері қазақ терминологиясы мен ономастикасының өзекті мәселелері: терминжасамның теориялық негіздері мен қағидаларын танытуға арналған. Бұл бағыт­тағы еңбектер, әсіресе жас тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасу кезеңінде, терминология жасау тұсында және де қалалардың, көшелердің т.б бұрынғы атауларын өзгертуге мүмкіндіктер туа бастаған кез­де көп пайдасын тигізді.
Еліміздің ғылыми, рухани, мәдени, саяси, қоғамдық өміріне қатысты белсенділік пен берік ұстаным Ә.Қайдарды қайраткер, зиялы тұлға, шыншыл ғалым ретінде таныт­ты. Оның ғылыми жетекшілігімен 16 докторлық және 75 кандидат­тық диссертация дайындалып, қорғалды. Оның шәкірт­тері Қазақ­станның барлық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерт­теу институт­тарында, сонымен қатар шетелдерде (Мәскеу, Уфа, Абакан, Нөкіс, Ташкент, Нальчик, Кемеров, Бішкек қалаларында, Қытай, Моңғолия сияқты т.б.елдерде) жұмыс істейді. Жемісті ғылыми, ғылыми-педагогикалық және қоғамдық қызметі үшін Қазақ­стан Республикасы Ұлт­тық ғылым академиясының академигі Әбдуәли Қайдар «Халықтар достығы», «Отан», Түркия­ның «Құрмет Нышаны» ордендерімен, 12 медальмен марапат­талып, дипломдар алған. «Дарынды адам барлық жағынан да талант­ты» дегенге саятын сөз бар емес пе? Әбдуәли Туғанбайұлы, міне, сол қанат­ты қағидаға қай жағынан да лайық еді. Мандолинде ойнайтынын, сурет салатынын әріптестері жақсы білетін. Өмірі өнермен өрілгенде, бәлкім, кім біледі, атақты музыкант, я болмаса талант­ты суретші ретінде тарихта қалар ма еді.
Академик Ә.Т.Қайдар – бірнеше ғылыми мектептің негізін салушы, түркі әлеміне кең танылған белгілі ғалым, көрнекті қоғам қайраткері. Оның шығармашылық мұрасы – қазақ тіл білімі мен жалпы түркітану ғылымының дамуына ғана емес, қазақ халқының руханияты мен мәдениетіне қосылған баға жетпес үлес. Бірегей ғылыми ізденістерді дүниеге әкелген табанды еңбегімен ол – қоғам алдындағы қасиет­ті борышын адал атқарған аздың бірі.

Зейнеп БАЗАРБАЕВА,
ҰҒА академигі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір