Ғылымды дамытудың бірегей мүмкіндігі
Абай университетінде еліміздің үздік университеттеріне әлемдік рейтингтің естелік белгілері мен сертификаттары табыс етілді
2023 жылдың 16 қарашасында Абай университетінде халықаралық QS World University Rankings-2024 рейтингінде жоғары орындарды иеленген еліміздің үздік университеттеріне естелік белгі мен сертификатты табыстау рәсімі өтті.
Салтанатты шараға QS Quacquarelli Symonds президенті әрі негізін қалаушы Нунцио Квакварелли, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің өкілі Фатима Жакыпова, Қазақстандағы жоғары оқу орындарының ректорлары және білім саласының өкілдері қатысты.
Абай университетінің ректоры Болат Тілеп университеттердің халықаралық рейтингтерге қатысуының маңыздылығын атап, еліміздегі тұңғыш университеттің жетістіктеріне тоқталды. Абай университеті үшін халықаралық рейтингтер шетелдік студенттер мен оқытушыларды тарту мүмкіндіктерін кеңейтіп, әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен ғылыми әріптестік байланыстарды дамытатынын, білім беру мен ғылыми зерттеулердің сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
QS Quacquarelli Symonds негізін қалаушы Нунцио Квакварелли QS World University Rankings-2024 рейтингіндегі қазақстандық университеттердің нәтижелерімен таныстырып, әлемдік аренадағы отандық жоғары оқу орындары жетістіктерінің маңыздылығына тоқталды. Әлемдік рейтингтегі жоғары оқу орындарын бағалаудың негізгі көрсеткіштері: академиялық бедел, білім беру ортасы, ғылыми жетістіктер, академиялық ұтқырлық және т.б. көрсеткіштер бойынша нәтижелерді қамтитын талдау жасап, QS World University Rankings әдіснамасы туралы егжей-тегжейлі ақпарат ұсынды.
Іс-шара барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің әлемдік рейтингтердегі жоғары оқу орындарының позицияларын жақсартуға қосқан үлесі мен жүйелі қолдау шаралары атап өтілді. Бұл бағытта университеттер арасындағы ынтымақтастық, тәжірибе алмасу және ғылыми жарияланымдар маңызды рөл атқарады. Ғылыми зерттеулерді қаржыландыру әлемдік мәртебені жақсартуға және ғылымды дамытуға бірегей мүмкіндік береді, адами капиталды арттыруға ықпал етеді. Сондай-ақ өңірлік университеттердің әлемдік рейтингтерге қатысуының айтарлықтай артқаны және олардың жоғары білімді дамытудағы рөлі атап өтілді.
Іс-шара соңында білім беру және ғылыми зерттеу саласындағы үздік жетістіктері үшін QS World University Rankings 2024 қатысушылары — еліміздің 21 жоғары оқу орындарының ректорларына марапаттар табыс етілді.