Қазақстан – балалар әлемінде
Елімізде «Жаңа Адамдар» жастар қозғалысы бар. Көптеген заманауи бастамаларды қолға алып жүрген жастар жуырда өзгеше форматта іс-шара өткізді. Қазақстандағы ең асыл құндылықтар туралы 18 бояумен безендірілген кітапшалар шығарып, балаларды шақырды. 100-ден астам бүлдіршіндер әдемі иллюстрациямен көмкерілген кітаптарды алып, өздері де сурет салды.
«Қазақстанды бірге салайық» – балаларға жақсы қасиеттерді ойын түрінде сіңіруге бағытталған жоба.
«Біз адам бойындағы ең жақсы қасиеттерді таңдап, оларды басты кейіпкерлер – Арман мен Диананың көмегімен кітапшаларымыздағы балалар суреттерінде көрсеттік. 18 иллюстрация бұл – жаңа Қазақстанның болашақ құрылысшыларына бояуға ұсынылған 18 сюжет» делінген баспасөз баянында.
«Қазақстанды бірге салайық» боямағының тұсаукесері Астанадағы «Хан Шатыр» ойын-сауық сауда орталығында өтті. Оған қатысқан «Өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығы» мекемесінің 4-12 жас аралығындағы балалар кітапшаларды алғаш болып көріп, өздері бояп көрді.Президент Тоқаев: «Біздің дана халқымызда «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген мақал бар. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие саласы басымдықта болуы керек», – деп айтқан болатын. Біз балаларға арналған жай ғана бояу кітапшасын дайындаған жоқпыз. Ондағы әрбір сурет балалардың нағыз қазақстандық болып өсуіне көмектесетін адами қасиеттер мен құндылықтарды сипаттайды. Балалар суреттерді бояп отырып, сол құндылықты бойына сіңіріп отырады. Сонымен қатар бұл ата-аналар үшін маңызды дүние – олар еліміздің болашағы туралы балаларымен сөйлесіп, өзара түсіністігін тереңдете түседі», – дейді «Жаңа Адамдар» белсендісі Мирас Ахметов.