ҚҰСАЛЫ ҒҰМЫР КЕШКЕН ТҰЛҒА
04.08.2023
2707
0

    Міне, биыл да оныншы тамызда дәстүрге айналған Абай күнін мемлекеттік деңгейде атап өтеміз. Бірақ қаншама сенгім келмегенімен де: «Абай – ата-анасынан тумаған адам, ол туралы дерек жоқ, демек, оның алғыр боп өсуі, ойының оқымыстылық деңгейге жетуі, шет тілдегі кітаптарды оқуы, надан қоғамда ондай тұлғаның жетілуі мүмкін емес. Ол – қолдан жасалған қуыршақ бейне», – деген З.Батаеваның мақаласы санама инедей қадалып тұрып алды. Онда өзінің ілгерідегі «елітпесін» қорыта келіп: «Существовал ли казахский поэт и философ «Абай Кунанбаев», выучивший русский язык за три месяца в приходской школе, а потом, будучи, как и все его соплеменники, сезонным кочевником, без какого-либо формального образования самостоятельно углубившийся в труды западных мыслителей и русских классиков? Мой ответ: нет, не существовал и не мог существовать (!)», – деп қорытынды жасайды.

Сөйтіп, З.Батаева батыл түрде:
«Біріншіден : «Ибрагим Құнанбай» деген адам ақын болмаған»;
Екіншіден: біз қазір «Абай» деп танитын адамның ол кезде «Абай» деген лақап аты әлі болмаған. «Абай өмір сүрген жоқ»;
Үшіншіден: «Слова назидания» побуждали казахов презирать себя, своих предков, язык и культуру» – Абайдың «Қара сөздері» («Ғақлия сөздері») қазақтардың өздеріне, ата-бабаларына, тілі мен мәдениетіне деген жеккөрінішін оятты», – деп жар салады.
Бұл пікірге қарсы жауап берген не ғалым, не жауапты үкімет адамы жоқ. Сонда, оған тойтарыс бермей, қалай мемлекттік деңгейде аталып өтпек? Сорақылығы сонда, «Сандырақ!» («Жаса Алаш», 2023, 21-26, 06) атты пікірімізге орай жолданған куәлік деректерге қарағанда, оның бұл сандырағына жетекшілік етіп жүрген адам – академик-абайтанушының бірі боп шықты. Енді, қалайда үндемей қалу – ынжықтық болар еді. Сондықтан да мына жайларды З.Батаева мен академик-абайтанушының қаперлеріне «сырға» ретінде құлаққағыс еткім келеді.

АБАЙ – БОЛЫС ТА БОЛҒАН АДАМ

Абай үй-ішімен. 1903 жылдың жазында киіз үйдің ішінде түсірілген. 1-қатарда: Пәкизат (бөрік киіп отырған қыз бала), Тұрағұл, Әубәкір; 2-қатарда – орындықта отырған Абай, Еркежан, Камалия (Әубәкірдің әйелі); 3-қатарда – Мағауия.

Ескерте кететін жәй мынау: тек біздің ғана назарымызға іліккен Құнанбай мен Абай туралы архив деректерінің жалпы көлемі 2 500 беттен асады. Оның барлығын тізіп жатудың қажеті шамалы. Соның ішінде, «Түк жоқ» деп ауызын «жоқпен» сүрткен байбалам иесінің өрекпіген демі басылар деген үмітпен, тек Абайдың тікелей өзі куә ретінде қолхат жазып, қолын қойған, оның өмірінен шешуші орын алған үш оқиғаға қатысты архив істеріне қысқаша шолу жасаумен шектелеміз. Жапон ғалымы Томохико Уяманың:
«Мысалы, ол (З.Батаева) бірқатар мұрағат құжаттарында кездесетін «Волостной управитель» Ибрагим Құнанбаевтың барын білмейтін сияқты», – деген уәжіне тоқталып, дәлел келтіруге көшемін.
Шындығында да, З.Батаева, бірінші, мұрағат деректерін білмейді, өйткені «дым білмеймініне» (өз сөзі) қарағанда, архивтің бетін ашпаған, не тиісті зерттеу еңбектерін оқымаған сияқты, екінші, сондай менменшіл, өктем үкіміне қарағанда, «Ұқпайды өз сөзінен басқа сөзді», – деп Абай айтқандай, өзінің құрғақ қиялындағыдан күткен нәтижеден басқаны білгісі де және ешқандай дерек, құжатқа сенгісі де келмейтін сыңай танытады. Оған салсақ: Абай туды, оқыды-тоқыды, болыс болды, өлең жазды, өлді – деген деректердің барлығын: атын шығару мақсатында немесе құпиялық сақтап, қазақтың даңқын шығару үшін Ә.Бөкейханов немесе «НКВД-ның тапсырмасымен» М.Әуезов, не тағы бір кез келген «тыңшы» қолдан жазып таратуы мүмкін екен.
Дегенмен де, мүмкін, илануына дәнекер болар деген үмітпен, өзіміз танысып, көшіріп, ғылыми айналымға түсірген 1874-1903 жылдардың арасындағы Алматыдағы, Семейдегі және Омбыдағы Орталық мұрағаттардағы мына деректер мен зерттеулерді қаперге ұсынып, ішінара мазмұнымен таныстырып өтемін. Қараңыз:
1. ҚР Орталық Мемлекеттік архив, 374 қор, 1-тізім, 5997 іс; 2. 68. ҚР ОМА, 15 қор, 1-тізбе, 471 іс, Б7-8.; 44 қор. 9014 іс; 44 қор, 1430 іс; 374 қор, тізім -2550. 11-іс; 2. ҚР ОМА, 1. Ф-15,0-2; д. 399. Семиполатинское областное правление секретная часть. Нач: 25 марта 1903г. Окончено – 9 июля 1905 г. Дело о рекационнаго движении мусульманского духовенство. 114 листах; 3. Семипалат облысының бес дуанының барша халқының сайланмыш адамдарының 1885 жылында май айында Шар бойында Қарамола сьезінде жасалмыш Ереже-дүр. Верно: переводчик Асанов. Печатано по распоряжению военного губернатора Семиполатинской области 14 февраля 1886 год. №1546. Казань. Типография императорского университета. 1886; ҚР ОМА, Қор -15, тізім – 1, іс – 246. Временное Положение об управлений вобластях Уральской, Тургайской, Акмолинской и Семиполатинской. 1867 г.// Тип.Акмол. обл.прав; 4. Омбы облыстық Мемлекеттік архиві: 3 қор, 3649 іс; 86 қор, 11-іс, 102 парақ; 5. Бейсенбаев М. Абай және оның заманы. – А.: Жазушы, 1988. 136 б.; 2). Бейсенбаев М. Құнанбай мырза. «Жұлдыз».1989. №11; 6. Байғалиев Б.Абай өмірбаяны архив деректерінде. Монграфия//Алматы: -Арыс, -200. -134 б; 7. Қасымбаев Ж. Старший султан Кунанбай Оскенбаев и его окружение. – А.: Өлке, 1995. 8. Байжанов С. Абай және архив. Деректер жинағы//– А., 1995; 9. . Марғұлан Ә. Абайдың Ленинградтағы қолжазбасы//Әдебиет және искусство: -1957. -№3,-89-91 бб; 10. Марғұлан Ә. Халиуллаға Абайдың жазған хаттары// Қазақ тілі мен әдебиеті: -1959. -№6. -20-24 бб; 11. 25.Киреев Ф.Н. Новые данные к биографии Абая// Казахстан, альманах: 1947. 99-105 бб; 12. Киреев Ф.Н. Последние годы Абая// Казахстан, альманах: 1950. 4-я книга. С. 3-14б.; 13 Жиреншин Ә. Абай және орыстың ұлы революцияшыл демократтары//-А.Қазақ мемлекет баспасы. -1959. -266 б.; 14. Ауэзова Л.М. Историческая основы эпоей «Путь Абая». Монография//Алматы: -Ғылым. -1969; 15. Әуезова Л.М. М.О.Әуезов творчествосында Қазақстан тарихының проблемалары/ Алматы: -Мектеп. -1977 -272 б.; 16. Дулатбеков Н. Құнанбай Өскенбаев ісі – Дело Кунанбая Ускенбаева // -Нұрсұлтан: — Еуразия университеті баспаханасы. 2020 – жә, осы да жетер)
Сонымен, сенімді архивтанушы Б.Байғалиевтің мұрағат құжаттары арқылы анықтауынша, Абай «12 жыл болыс, 6 жыл би (старшын) болған» (6.27-29). Соның ішінде, жоғарыда көрсетілген Орталық архивтегі: 15-қордағы 471 істегі; 44-қордағы 1014 және 1430 істердегі; 374-қордағы 11 және 5997 істердегі деректерде Абайдың болыстық қызметіне тікелей қатысты мағлұматтар қамтылған.
Абайдың болыс болғандығын, сөйтіп, өмірде болған адам екендігін дәлелдейтін бірінші айғақ құжат: Абайдың үстінен 7 жыл бойы арыз жазумен жанталасқан арызқой Үзікбай Бөрібаевтың кейіннен жала жапқаны үшін өзі істі болған сәтте тәубеге келіп, «шын жүректен өкініп» айтуына қарағанда, Абайға:
«Құнанбаевқа қарсылықтың күшеюінің басты себебі: ол өзі болыс боп сайланған соң, барымта атаулының барлығына тиым салыпты, қылмыстыларды қыспаққа алыпты, жазаға тартыпты, қазақ арасындағы дәстүр бойынша бұлар қылмыс болып саналмайды» – екен.
«Соған (Үзікбай Бөрібаевтің арызына – Т.Ж.) орай, Семей уезінің бастығы 1878 жылы 17 март күні болыс басқарушысы Құнанбаев пен старшын Аюбаевтың қылмысты іс-әрекеттері бойынша сот тергеуін жүргізу (нешінші тергеу десеңші! – Т.Ж.) туралы тағы да жарлық шығарды.
Үзікбай Бөрібаевтың арызы бойынша іс жүргізген тергеушінің қойған сұрақтарына бұрынғы болыс Ибрагим Құнанбаев:
«Мен Арқат (бұрыңғы Қоңыр-көкше-тобықты) болысының басқарушысы міндетін көпшіліктің сайлауы бойынша атқардым. Мен Күшік-тобықты (қазіргі Шыңғыс) болысының адамы едім. Алғашында халықтың өтінішімен және арнайы талап етулері бойынша Арқат болысының басқарушысы етіп бұйрықпен тағайындалдым. Сол жылы көпшілік емес, бүкіл ел бір ауыздан мені болыстыққа сайлады. Мен бұл қызметте 1875 жылдан 1878 жылға дейін істедім. Семей облыстық әскери губернаторы қол қойып, бекітті. Үш жылдық мерзімім біткен соң болыстықтан бас тарттым. Көпшіліктің рұқсаты мен ризашылығын алып, қызметтен босадым» (2. 44-қор, 1430 іс), – деп жауап береді.
Абайды «жоққа шығарушының» бұған да күдікпен қарап, Абайды жауапқа тартылған «қылмыскер» атандырмас үшін оның себебін де көрсете кетейік.
Ү.Бөрібаев «Осыдан кейін өзінің жалған жала жапқаны үшін тергеуге алынғанын білгенде, ол: «1883 жылдың 27 көкек күні тергеуші Новоселовтың атына берген тілхатында Бөрібаев: «Болыс Құнанбаевтың үстінен жазылған барлық арыздарым мен таққан айыптарым жалған болатын, сондықтан да сол арызымдағы айтылғандардың түгелін қайтып алдым. Ол үшін ант беруге әзірмін» (Сонда), – дейді.
Іле, бәрібір жауапқа тартылатынын білгенде:
«Ал тергеуші осы өтінішіме сүйеніп, (менің үстімнен) ресми сот ісін қозғамай, тергеуді тоқтатсын. Бұдан кейін: «Менің 1876 жылы 21 қыркүйекте, 1877 жылғы 11 наурызда, 1876 жылғы 23 қарашада және 1879 жылы 28 тамызда Семей уезі бастығының атына, 1877 жылы 10 қазанда, 1878 жылы 14 желтоқсанда Әскери Губернатордың құзырына, сондай-ақ 1877 жылы 9 қаңтарда және 15 желтоқсанда Батыс-Сібір генерал-губернаторының өзіне, ең ақырында 1879 жылы 22 ақпанда Семей уездік сотына жолдаған арыздарымның ішінде айтылғандардың бәрі де шындық…» (Сонда) – деп жалтара жауап береді.
Тергеудің нәтижесін қорыта келе:
«Уездік судья осы жылы 27 тамыз күні облыстық басқарманың атына: «Бұл істі Бөрібаевтың жеке басының Құнанбаев пен Аюбаевқа деген өштігінен туған. Құнанбаевтың қылмысты әрекеттері туралы мәлімдеген Бөрібаевтың арызындағы деректердің барлығы да елдің ауызындағы лақап пен дақпыртқа құрылған, оның өзі көріп, білген бірде бір айғақ жоқ. Бұл іске қатысты тергеу бұдан әрі жалғастырылмай, тоқтатылсын. Қоңыр-көкше-тобықты (қазіргі Шыңғыс) болысының бұрынғы болысы Ибрагим Құнанбаев пен старшын Мұса Аюбаев жауапқа тартылмасын. Бұл шешім оларға Семей уездік бастығы арқылы жариялансын. Тергеу ісі осымен аяқталды деп есептелсін. Облыстық Прокурор мырза Облыстық басқарманың бастығынан бұл шешімді бекіту туралы қатынас жолдасын. Сол үшін қол қоямыз: Төраға, кеңесші – И.Ловицкий. Кеңесші – В.Филипович, Кеңесшінің міндетін атқарушы – Д.Покровский. 1884 жылы 10 қазанда прокурорға тапсырылды» (1-2. 44-қор, 1430-іс), – деп қорытынды жолдады.
Соның негізінде:

Абайдың Ділдәдан туған тұңғыш баласы Ақылбай, Абайдың өзі және Әйгерімнен туған ұлы Тұрағұл. Сурет 1896 жылы Семей қаласында түсірілген.

«Дала генерал-губернаторы кеңсесінің жарлығы. 1-бөлім, ІІ-стол. 1885 жылы. 21 маусым. Омбы қаласы. Болыс басқарушысы Құнанбаев пен ауыл старшыны Аюбаевтың ісін тергеуді тоқтату және жала жапқаны үшін қазақ Бөрібаевты сотқа тарту туралы» (4. 3-қор, 3649-іс; 86-қор, 11-іс, 102-парақ) үкімі шықты.
Абайдың болыс болғанына екінші айғақ құжат: 1885 жылғы шілдеде өткен «Қарамола» сиязында 74 баптан тұратын «Ереже» қабылданды. Губернатордың тікелей ұсынысымен бұл Ережені өзге ел ағалары – билермен ақылдаса отырып Абай жазып шығады. Соңына:
«Ереженің» қазақ рәсімінше таза көңілмен һәм әділетпен уә һәм растығына иландырып мөрін басқан Семей уезінің құрметті қазағы Ибраһим Құнанбаев» – деп, рет саны бойынша 18-боп қол қойған (Қараңыз: 3. Семипалат облысының бес дуанының барша халқының сайланмыш адамдарының 1885-ші жылында май айында Шар бойында Қарамола сьезінде жасалмыш Ереже-дүр. Верно: переводчик Асанов. Печатано по распоряжению военного губернатора Семиполатинской области 14 февраля 1886 год. №1546. Казань. Типография императорского университета. 1886; 4.ҚР ОМА, Қор -15, тізім – 1, іс – 246. Временное Положение об управлений вобластях Уральской, Тургайской, Акмолинской и Семиполатинской. 1867 г.// Тип.Акмол. обл.прав).
«Ережедегі» 2 бап тікелей Абайдың өз ұсынысымен кіргізіліпті. Айтушылардың пікірімен салыстыра келгенде олар:
40-бап: Ұрлыққа жаһат еткен адамдар ұры білан бірдей жаза тартады. Бірақ дүре, абақты – серік болған ауқатты кісілерге бұйыруға көнбесе тиіс – дүр; 46-бап: байы өлген жесір қатын: байының бір туысқан бауырына, яки ағайынына тиеді. Егер де сүймесе – ықтияры өзінде», – деген баптар»
Абайдың болыс болғандығын дәлелдейтін үшінші айғақ: Ал Абайдың болыстық және төбе билік қызметі үшін 1890 жылы 25 тамызда Дала генерал-губернаторының №89 бұйрығы бойынша портупеямен және зерлі қылышпен марапатталған. Семей уезінің бастығы К.С.Навроцкий өзінің 1903 жылы Абайға берген мінездемесінде:
«Ол өте парасатты және ақылды адам, 2 рет үш жылдан болыстыққа сайланған. Ілгеріде Құнанбаев Семей және одан да сырт уездердегі қазақтардың арасында ерекше бедел мен ықпалға ие болған сыйлы адам. Ол бірнеше рет уездаралық дауларды шешіп, берекеге келтіретін, адалдығына сеніммен, құрметпен қарайтын, қазақтардың арасынан сайланып қойылатын ең қадірлі лауазым – Төбе би болып сайланған» (2.ҚР ОМА, 1. Ф-15,0-2; д. 399. Семиполатинское областное правление секретная часть. Нач: 25 марта 1903г. Окончено -9 июля 1905 г. Дело о рекационнаго движении мусульманского духовенство. 114 листах;), – деп жазды.
Абайдың болыс болғандығын дәлелдейтін төртінші айғақ іс:
1903 жылы 21 мамыр күні Омбыдағы Дала генерал-губернаторының кеңсесінен Семей облыстық әскери губернаторына шұғыл телеграмма соғылды. Онда Дала генерал-губернаторының: «Өлкенің бас архиепископының өтініші бойынша, Сізден мынаны анықтап беруіңізді өтінемін. Көкшетау қаласынан Шаймерден Қосшығұловтың атынан Арқат Почта-телеграф кеңсесіне Ибрагим Құнанбаевқа жолданған хатты хат иесі алды ма, жоқ па, соны біліңіз. Хат тапсырылмаса ұсталынып қалынсын» (2. ҚР ОМА, 1. Ф-15,0-2; д. 399. Семиполатинское областное правление секретная часть. Нач: 25 марта 1903г. Окончено -9 июля 1905 г. Дело о рекационнаго движении мусульманского духовенство. 114 листах;), – деген мағынадағы бұйрығы жазылған еді. Діни көсемінің пәрмені өлке ұлығының, облыс ұлығының, ояздың алдынан бір-ақ күнде өтіп, сол күні Арқат бекетіне: «Көкшетаудан Қосшығұловтың атынан Ибрагам Құнанбаевқа жолданған хат Арқат почта кеңсесіне келіп түсті. Қастандық насихаттың тоқтатылуына және Құнанбаевты ақылды, түсінігі мол адам ретінде білетіндігіме байланысты хатты тапсыруды өтінемін. Оны алған кезде ояз бастығы қатысып тұрсын» [Сонда], – деген пәрмен түсті.
Осы ресми қатынастардың негізінде «Мұсылман діншілдерінің реакциялық қозғалысы туралы» қылмыстық іс қозғалады. Көкшетаудан Ш.Қосшығұлов жолдаған бұл хатта:
«1902 жылы 61 пәрмен бойынша Ақмола мекемелерінде жарлыққа сәйкес қазақ молдалары дін ісінен шеттетілді. Егер молдалар пәрменді бұзса қатаң жауапқа тартылып, «Ереженің» 79-тармағы бойынша жазаланады. Крестьян басқармасының бастығы мұны қатаң бақылауға алып, мәлімет беріп отыруға тиіс. Осындай шаралар арқылы істі оңға қойып, жолға түсіріп алған соң миссионерлерді жіберу керек. Олар қазақтардың ұстанған дінінің дұрыс емес екендігін және Иса пайғамбардың жіберуімен келгендігін, сонымен қатар Заң бойынша патша ағзам қандай дінді ұстанса, оның құзырындағылар да сол дінге кіру керек екендігін, ал қазақтардың дінінің бұл дінге… жат екенін дәлелдеуі тиіс. Содан кейін император ағзам бүкіл консульдықтарға: «Менің құзырымдағы қазақтарым ислам дініндегі мүфтиге бағынатын, бірақ та ислам шариғатына қазақтардың бағынғысы келмейді. 68 жылғы Ереженің 97 және 98-тармақтарына сәйкес олар мүфтилік бағынудан алынып, әр болыста діни рәсімді өтеу үшін жеке-жеке молда сайланған болатын. Сонымен бірге молдалардың міндеті – туған балаларды тіркеп, оларға ат қою болатын. Қысқасын айтқанда, шариғаттың барлық заңын орындауға тиіс еді. Алайда қазақтар өзінің молдаларының талаптарын орындамады, оларды көзге ілмеді, өзінің рухани дәстүрін ұстанды, балаларына – Қойлыбай, Жылқыбай, Итаяқ деп ат қойды, кейін өздеріне арнап орыс мектебін ашуды талап етіп, өтініш білдірді. Мектеп ашылды. Енді қазақтар өзінің дінін өзгерткісі келетіні туралы өтініш жасап отыр – деп хабарлау керек» (Сонда), – деген Бүкілресейлік патриархтың жарлығы жазылып тұр еді.
Құпия тергеудің қорытындысы туралы Омбыдағы патриархқа уезд бастығы К.С.Навроцкий:
«Сіздің 1 тамыз күнгі сұрауыңызға орай мәртебелі тақсыр мынаны хабарлаймын: Шыңғыс болысының қазағы Ибраһим Құнанбаев қазір 60 жаста, үш некелі, олардан 20 бала сүйіп отыр, өзгелерге қарағанда ауқатты тұрады (1000 жылқысы мен 2000 қойы бар). Құнанбаев өте ақылды әрі білімдар адам: ол үш жылдан екі мәрте би боп сайланды, үш жылдан үш мәрте Шыңғыс болысының болысы боп қызмет етті. Үкіметтің тағайындауы бойынша үш жыл Мұқыр болысында болыстық етті. Қызмет бабында Құнанбаев өзінің пайымды билігімен, ықтияттылығымен, жігерлілігімен, үкіметке берілгендігімен және діни байсалдылығымен даралана көрінді.
Құнанбаевтың бір ұлы Михайлов артиллериялық училищесін бітіріп, офицерлік шен алды, ол Түркістан округінде қызмет етіп жүргенде қайтыс болды. Құнанбаевтың күйеуге тиген қызы қазақ интернатында оқып арнайы курс бітірген, оның басқа балаларының барлығы орысша жазып, оқи алады. Олардың сауатын ашқан әкесі. Құнанбаев орыс әдебиетін ерекше ынта қойып оқиды, кітаптарды, газеттер мен журналдарды жаздырып алып отырады.
Бұрын ол бұратана дала тұрғындарының арасында ерекше ықпалға ие болған еді, қазіргі беделі ондай емес. Өйткені ол тым тез қартайып, денесі ауырлап кетті, қазақтардың ісіне араласпайды, рубасылардың үздіксіз кеңес сұрап келгеніне қарамастан, ол партия таласына араласпайды.
Жергілікті әкімшіліктің ұлықтарымен әңгімелескенде Құнанбаев өзінің мемлекеттік мүддені толық түсінетіндігін байқатты және Азиялық аймақта жүргізіліп жатқан отанымыздың мәдени миссиясына оң қабақпен қарайтынын көрсетті. Ол мұсылман діншілдерінің үкіметтің көздеген мақсатына қарсы әрекеттерін айыптайды. Оның айтқан пікірінің шындығын оның мінезі дәлелдейді деп ойлаймын.
Осы мәліметтердің өзі-ақ саяси тұрғыдан алғанда Құнанбаевтың ешқандай айыбы жоқ екенін дәлелдейді, сондықтан да сенімді адамның қатарында тізімге алынуы тиіс» (2.ҚР ОМА, 1. Ф-15,0-2, 399-іс. Семиполатинское областное правление секретная часть. Нач: 25 марта 1903г. Окончено -9 июля 1905 г. Дело о рекационнаго движении мусульманского духовенство. 114 листах; 37-38), – деген мінездеме жолдады.
Абайдың өмір сүргеніне кепілдік беретін бесінші айғақ: 1897 жылғы Көшбикедегі оқиғадан соң оның Сенатқа жазған хаты. Қазақ билері Серікбай мен Бегеш айыпкерлерге жазалы құн кеседі. Абай: «Билігіне ризамын. Кесім құнын алмаймын. Бітім-тынымын жігітек пен бөкеншінің өзі табар», – деп екі биге ризалығын білдіреді. Абайдың «бітім жариялағанына қарамастан» оқиға оның еркінен тыс екпін алып, Кәкітайдың ұйымдастыруымен Петербургқа – Сенатқа хат жолданды.
Төтенше оқиғаны Ояз, облыс губернаторы да тергеусіз қалдырмады. Соның барлығы Ояз бастығының Дала генерал-губернаторына (мазмұндалып беріліп отыр):
«1893 жылға дейін Оразбай Аққұлов өзінің руластарымен бірге Шыңғыс болысына қарады, Қазір де сонда тұратын аса ықпалды қазақ Ибрагим Құнанбаев екеуі … қандай да бір өзара есеп айырысудың салдарынан араздасып, жауласып кетеді. Қақтығыстың шиеленісіп, асқынып кеткені сондай, Оразбай Аққұлов соңына ерген елімен бірге Бұғылы болысына ауысып кетеді… Бұл екеуіне тиімді болғанымен, дұшпандықтары басылмады. Құнанбаевты – көкен елінің болысы Нұрғожа Шынғожин, Мұқыр елінің болысы Дүтбай Уандықов, Бұғылы елінің болысы Есентай Төлебаев, ал Аққұловты – Мұқыр болысының қазағы Әбен Бітімбаев және тағы да бірнеше ықпалды адамдар қолдады. Бір жағының қандай да бір әрекетін екінші жағы өтірік-шынын араластыра отырып, жоққа шығарды, жау жағының билеуші адамына жазықты-жазықсыз жала жауып, айып тақты. Олардың арасы 1898 жылы қатты ширықты, бірақ та заманы өтіп, қартая бастаған Құнанбаев пен Аққұловтың арасындағы тартыс бірте-бірте бәсең тартты, ал олардың ұлдары әкелерін татуластыруға бар күшін салып, екі болыстың арасындағы араздықты жоюға тырысып жүр» [6. Байғалиев Б.Абай өмірбаяны архив деректерінде. Монграфия//Алматы: -Арыс, -200. -134 б; 117-118; . 8. Байжанов С. Абай және архив. Деректер жинағы//– А., 1995;], – деген хатымен аяқталып, тергеу ісі тыным табады.
Айтпақшы, осы 1902 жылы тергеуге берген түсініктемесінде және 1898 жылы Сенатқа жазған хатының соңында Абайдың қолы бар. Бұл – Абайдың өмір сүргеніне кепілдік беретін бұлжытпайтын фактор. Бұл мәселе, яғни Абайдың өмір сүргені осымен дәлелденді (О, Алла, мұндайды да көрдік-ау) деп есептеп, енді З.Батаеваның Абайдың білімі мен ақылына, өлеңі мен «Қарасөзіне» келтірген күбірткі күдігіне сәл тоқталамыз.

АБАЙ – ОЙЛАУ ҚАБІЛЕТІ БАР ОҚЫҒАН АДАМ

З.Батаева Абайдың ақыл-қабілетіне соншама күдікпен шошына қарап:
«Сонымен қатар ресми өмірбаянына қарасақ, Абай – ауқатты, өздігінен білім алған қазақ, дала көшпендісінің қиын-қыстау өмірін кешіп жүріп, қуғынға ұшыраған саяси босқындарға пана болып, жеке адамдарға қомақты қаржылай көмек беріп, аймақтық музейлерді қолдап, өз бетімен орыс, парсы және араб тілдерін үйреніп, Патша үкіметінің санақ комитетінің мүшесі болып, Семей болыстығында саяси айдауда жүрген орыс халықшылдарымен (народники) шығыс және батыстың пәлсапасын талқылапты-мыс. Осыны кім шын адамның өмірбаяны деп сене алады?» – деп шыңғыра булығады.
Абайдың ойлау қабілеті бар және сауатты екенін дәлелдейтін бірінші құжаттық айғақ: Біз, З.Батаеаның алдында «өтпес пышақ» екенімізді білеміз, сондықтан да таусыла қазымырланып жатпай, қысқа ғана дерек-дәлелдермен шектелеміз. Бұған, Абайға ешқандай да жанашырлық танытпайтын, қайта үстінен тергеу жүргізген уезд бастығы К.С.Навроцкийдің:
«Ол (Абай Құнанбаев) өте парасатты және ақылды адам, қызмет бабында Құнанбаев өзінің пайымды билігімен, ықтияттылығымен, жігерлілігімен, үкіметке берілгендігімен және діни байсалдылығымен даралана көрінді. Құнанбаевтың бір ұлы Михайлов артиллериялық училищесін бітіріп, офицерлік шен алды, ол Түркістан округінде қызмет етіп жүргенде қайтыс болды. Құнанбаевтың күйеуге тиген қызы қазақ интернатында оқып арнайы курс бітірген, оның басқа балаларының барлығы орысша жазып, оқи алады. Олардың сауатын ашқан әкесі. Құнанбаев орыс әдебиетін ерекше ынта қойып оқиды, кітаптарды, газеттер мен журналдарды жаздырып алып отырады» (2.ҚР ОМА, 1. Ф-15,0-2, 399-іс. Семиполатинское областное правление секретная часть. Нач: 25 марта 1903г. Окончено -9 июля 1905 г. Дело о рекационнаго движении мусульманского духовенство. 114 листах; 37-38)], – деген мінездемесін айғақ ретінде ұсынамыз.
Осы қатынастағы: «Құнанбаев орыс әдебиетін ерекше ынта қойып оқиды, кітаптарды, газеттер мен журналдарды жаздырып алып отырады», – деген баға Абайдың жоғары білім-парасатын анық танытады. Мұндай зиялы ұмтылыс кез келген хат танитын қатардағы сауатты адамның бойынан байқалмайтыны анық.
Абайдың өте білімді болғандығына екінші құжаттық айғақ: Абайдың білім өресіне берілген бұл бағаны мойындамаса, қанағаттанбаса, онда З.Батаеваның өзі: «…аймақтық музейлерді қолдап, өз бетімен орыс, парсы және араб тілдерін үйреніп, Патша үкіметінің санақ комитетінің мүшесі болыпты-мыс», – деп мысқылдап, кекетіп отырған «Семей статистикалық комитеті хатшысының Комитет төрағасына қарата жазған рапортын» назарға ұсынамыз. Мүмкін, Комитет хатшысының:
«Өкінішке орай қазақ тілін білмегендігімнен де, жергілікті қазақ ертегілері мен мифтерін жинайтын бөлімнің (мүмкін, экспедицияның шығар –Т.Ж.) қызметіне көмек көрсете алмаймын. Бұл реттен алғанда, бөлімнің жұмысына Семей уезі Мұқыр болысының болысы (управитель – Т.Ж.), өте сауатты қазақ, оның үстіне орысша қиыстырып жаза алатын Ибрагим Құнанбайұлы Өскенбаевтың зор пайдасы тиюі мүмкін» [1.Байғалиев Б.Абай өмірбаяны архив деректерінде. Монграфия//Алматы: -Арыс, -200. -134 б. 35-бет; 2. ООГА РФ, ф.86,ғ д.11, л:102], – деп жазған түсіндірмесі, мүмкін, З.Батаеваны сендіруге жарап қалар.
Әй, қайдам. Әйтеуір, осындағы «өте сауатты қазақ», «орысша қиыстырып жаза алады» деген тіркестер, Абайдың қандай да бір жоғары талапқа сай білім деңгейі мен шығармашылық қабілетін танытатыны анық.
Абайдың жанашыр адам болғандығына үшінші құжаттық айғақ: Енді, З.Батаеваның:
«Сонымен қатар ресми өмірбаянына қарасақ, Абай … қуғынға ұшыраған саяси босқындарға пана болып … Семей болыстығында саяси айдауда жүрген орыс халықшылдарымен (народники) шығыс және батыстың пәлсапасын талқылапты-мыс. Осыны кім шын адамның өмірбаяны деп сене алады?» – деген күдігіне қатысты.
Егерде бұған қарсы толық дәлел іздейтін болсақ, онда дербес монография жазу керек болады. Ал күдіктің күбірткісінен арылғысы келсе, онда осы тақырып арнайы зерттеліп, қамтылған: 1.Ә.Жиреншиннің «Абай және орыстың ұлы революцияшыл демократтары» (Алматы, Қазақ мемлекет баспасы. -1959. -266 б.), 2-3.Л.М.Ауэзованың «Историческая основы эпоей «Путь Абая» (Монография//Алматы: -Ғылым. -1969) – «М.О.Әуезов творчествосында Қазақстан тарихының проблемалары (Алматы: -Мектеп. -1977 -272 б.) атты монографияларды оқып шығуды ұсынамыз. Онда, жер аударылған халықшылдармен достығы нақты мұрағаттық деректер арқылы көрсетілген. Біз, осының ішінде жоғарыда тағылған айыпта көрсетілген барлық жалаға сай, яғни, «қуғынға ұшыраған саяси босқын», әрі «саяси айдауда жүрген орыс халықшылы (народники)» және Абай «пана болған» дәрігер Нифонт Долгополовқа жасаған Абайдың қамқорлығы туралы мағлұмат беретін генерал-губернатор Цеклинскийдің Семей полицмейстріне қарата жазған:
«Семей қаласында саяси іспен айдалып, полицияның бақылауында жүрген Нифонт Долгополовты осы жылы (1885) 15 августқа дейін, Шыңғыс болысының қырғызы (қазағы) Құнанбай Өскенбаевтың ауылына барып, қымыз ішіп келуге рұқсат еттім және оны сонда жібердім. Осыны жоғарғы дәрежелі мырзам, сіздің есіңізге саламын, сонымен қатар оның барған жеріне тиісті полициялық бақылау қоюыңызды сұраймын. Генерал-лейтенант Цеклинскиий» (1.Семей обл. Архиві, МВД, ф.31, тізім -116, 27-28 беттер; 2. Ә.Жиреншиннің «Абай және орыстың ұлы революцияшыл демократтары» (Алматы, Қазақ мемлекет баспасы. -1959. -266 б., Б197), – деген қызметтік қатынасымен шектелеміз.
Бұл қатынас З.Батаеваның барлық бопсасына толық жауап береді.
Төртінші құжаттық айғақ: «қуғынға ұшыраған саяси босқындарға пана болып, жеке адамдарға қомақты қаржылай көмек беріпті-мыс» – деп сенімсіздік білдірген Абайдың қайырымдылық ісі туралы Тұрағұл Ибраһимов (Абайұлы):
«Жыл сайын бірден, екіден Үркіттен қашқан Кавказдың адамдары келіп, кейде қыстап, кейде бір-екі ай жатып, кісі басы ат мініп кетеді. Осындай ат мініп кеткен адамдар 15 шамалы бар шығар. Осылар секілді қашып жатқан мұсылманға ат беріп жіберетұғын әдет үлкен қажыда да (Құнанбай) көп болса керек», – деп куәлік береді.
Сондай-ақ Долгополов пен Абайдың арасындағы, З.Батаева «шығыс және батыстың пәлсапасын талқылапты-мыс. Осыны кім шын адамның өмірбаяны деп сене алады?» – деп кекеткен әңгімелерді тыңдаған сол Тұрағұл Абайұлы «Әкесі туралы» осы естелігінде:
«Енді Долгополовтың менің әкеме айтқан сынын жазайын. Бұл Долголполов бірінші ме, иә екінші ме, государственный дуиһмаға Одесса қаласынан депутат болып сайланған адам. Докторлық экзамен беріп жатқан жерінде саяси айыбы болып айдалып, Семейге келген жерінде, менің әкеммен танысып, 1885 жылы жаздай біздің ауылда болған. Бір күні әкем сөйлесіп отырып: Менің балаларымды сынашы – депті. Сонда Долгополовтың айтқаны: Сенің балаларыңның адамға қарасы түзу, ерек, жақсы балалар. Бірақ сенің мына сән-салтанатыңды, дәулет-дәуреніңді көріп отырып, жақсы бола алмайды (Әкемнің жазды өлең қылғандағы ауылы осы Долгополовтың біздің ауылды жайлаған (кездегі) өзінің ауылы еді). Ғылымға ет ауыртып, еңбек қылмаса қолға түспейді. Сенің балаларың оншалық етін ауыртып, еңбек қып не қылсын. Еңбексіз-ақ, өзі – хан, өзі – би. Сенің ауылыңның төбесі көрінбестей алысқа кетсе, сонда адам болады, – депті.
Содан соң: «Өзімді сынашы», – депті әкем. Сондағы Долгополовтың айтқан сыны: «Сенің басың алтын адамсың, бірақ үйренген әдет-салтың жаман. Таңертең төсектен тұрасың, біреу әкеліп киімдеріңді киіндіреді, арқаңа шапаныңды жабады, есікті ашып, тысқа шығарады, қайтып келген соң тағы да есікті ашып, үйге енгізіп, алдыңа шылапшынды әкеліп, құманмен суды қолыңа құяды. Ас келсе, шәйіңді құйып береді, етіңді жапырақтап береді. Ұйықтамақ болсаң, төсегіңді салып, өзіңді біреу шешіндіріп жатқызып, шақшаңды бір жағыңа, мұрын орамалыңды бір жағыңа тығып, үстіңе көрпеңді жауып салады. Өзің – өзің үшін не қыласың? Әрнешік ұйықтап көресің, – депті. Осы Долгополовтың аз ғана сөзі менің әкемнің бір қатар әдетін, салтын көрсетер деп жаздым» (Жүрегімнің түбіне терең бойла. Абай туралы естеліктер. Құрастырушы және жауапты шығарушы Б.Байғалиев. Алматы., Жазушы, 1995, 296 б. Б27-28).
Тұрағұлдың өз қолымен жазып қалдырған бұл естелігі туралы күмәнданудың еш жөні жоқ. Мұны, сенімді архивтанушы Б.Байғалиев марқұм біздің көзімізше түпнұсқадан көшіріп жазған болатын.
Енді, З.Батаева бұған сенбесе, жауабымызға қанағаттанбаса, онда еш шарасыз екенімізді мойындаймыз-дағы, қайтеміз.
Сонымен, біз үшін Абай – туған, өмір сүрген, оқыған, тоқыған, «жасында албырт өскен ойдан жырақ, ашуға да, ақылға шырақ жаққан», «ер жеткен соң қарманған», құсалы ғұмыр кешкен тұлға…

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір