БИ СТИЛЬДІ БІРЕГЕЙ
Құт қонар қазақ ордасының шар шаңырақ құрар алакеуім кезеңінде атақты Қотан жыраудың ұлы Ақжол биге қарата «Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным!..» дейтін әйгілі толғауы иісі Алаштың түңілігін желпілдеткен. Аңызға айналған қыпшақтың ұлы бахадүрі мен сөз ұстаған арғынның ұлы биі арасындағы осы бір өлмес тәмсіл ғасырлар иінінен асып, үзілмес үн болып естіледі. Ұлықты істері ұлы сарын боп құлаққа жетеді.
Әлбетте, сөз сонарын селкеусіз ұстартқан, би қамшысын тізеге салмастан ортаға тастаған, билік кісесін белінен кестірмеген ұлы тұлғалардың жалғасы Қазақ баласында баршылық. Міне, сол тарихи тұлғалардың сарқытын ішкендей болған азаматтар бүгінде арамызда жүр. Олар «менмұндалап» айқайламай-ақ, «ойбауырымдап» байбайламай-ақ қазақтың кіреукесі қалың, оппасы мол қоғамының қойнауында ел-жұрты үшін үндемей жүріп үлекті істерді бітіріп жүр. Хәкім Абай айтқандай анық басса да, шалыс бастың деп шу-шұрқаны шаң көтеретін сот пен от ортасында олар үлкен күш-жігермен талмай еңбек етіп келеді.
Солардың бірі де бірегейі – Нұрсерік Кәрімұлы Шәріпов.
Ол – өз мамандығының кәсіби шебері десек қателесе қоймаспыз. Ұзын аққан Ертіс өңірінің тумасы бала кезінен қағілез болып ержетті. Нағашы атасы мен әжесінің кең қолтық құшағында еркін өскен. Бұландай бұла мінезді болса да, бұлалығын бұзықтыққа айырбастамады. Оған да сол өз ата-бабасынан сүйегіне біткен тектілігі мен нағашы жұртынан жұғысты тәлімді тәрбие сүтпен сіңгені себеп болса керек.
Қажет кезінде қатал бола білетін, қайырым мен мейірімді адамгершілік арына сыната білетін, қайрат көрсетер жерде қабыландай бет қаратпайтын, баяғы Қаз дауысты Қазыбек би бабасындай билік кесер жерде кері шегінбейтін, әділін әріден толғап, беріден бойлап шешім шығаратын азамат. Ұлы билердің ұлы заманалар көшінен керуендей ізбелене, таспиықтың тасындай тізбелене жалғасып келе жатқан Билер институтының стилін берік тұтынған, бабалар алқаған ұлағатты ұл. Биік билікте лауазымды қызметтерді қылаусыз атқарып жүрген би жігіт, білімді де білікті жан. Бірегей болмысты азамат. Ұлттық сот істері саласында аса тәжірибелі, баса тағдырлы тұлға.
Абай бабамыз «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» дегеніндей, талай күрмеуі қиын, белбеу мен белдеу үзілердей күрделі істерді әділетпен шешіп, елі сүйінер де, ері сүйенер де қызмет атқарып келеді. Ол істеген түстіктен терістікке шейінгі, шығыстан батысқа дейінгі іргелі қазақтың ірі өңірлерінде бүгінде «Шәріпов стилі» қалыптасқаны шындық. Оған куә Нұрсерік Кәрімұлындай заңгер азаматтың арналы соқпағы.
* * *
Иә, бұл саналы соқпақ!..Біздің Нұрсерік досымыз заңгер де заңғар азамат. Бүгінде ер-азаматтың талтүсі дейтін жасқа иек артқан атпал юрист соңында саналы соқпағы сүрлеулене көзге түседі. Сонау қиырда жатқан Павлодардың Ертіс қалашығында туған Нұрсерік досым жастық шағынан заңгер болуды қалады. Сол жолда бар күш-қуатын аяған жоқ, білегін сыбанып, терін сыпырып еңбек етті.
Жасөспірім күнінен өзі армандаған ҚазМУ-дің Заң факультетіне құжат тапсырып тұрғаны әлі күнге тайға таңба басқандай көз алдынан елестеп өтеді. Алатаудың зәулім биік құзарларына қарап тұрып, студент болсам деген нәзік үміт жетектеп, көңілін қобалжу билейтін. Сондай сәттерде ұлы таудың маңғаз мұзарттарына қарайтын. Ал олар бойына алапат бір күш беретіндей ерекше жігер құятын.
Бұл туған жерде мұндай ұлы заңғарлар жоқ еді, жып-жылмағай сары жазық, жапан түз көсіліп жататын. Бірақ сол шетсіз-шексіз дархан дала тағдыр соқпағында көк аспандай кеңістігімен бұған азды күн кемшілік емес, кең дария молдығын сыйлап үлгеріпті. Ал ару Алматы аялай кеп ыстық бауырына басыпты.
Арман қала атанған Алматыда білім нәрімен сусындап, қоғамдық іске де белсене араласты. Жоғары оқу орнының студенттері арасында жастар бас болып істейтін істердің басында ұршықша үйірген қыран жігіттің бірі болды. Қолынан да, тілінен де келетін жас бозбала сурыла көрінген, ең алғаш көпшілікпен қоян-қолтық араласып жұмыс істеуге төселді. Ол да бір жастық жігер мен бозбалалық отты күйге еліткен, тұмса тәжірибе жинап жүрген күндер еді.
Осы бақытқа толы бозбала күндердің бірінде еліктің лағындай сүйкімді де сұлу, болашақ сүйікті жары Райханды жолықтырды. Екеуі де тағдыр алдарынан тартқан тұңғиық сүрлеу, жұмбақ соқпаққа қол ұстасып бірге аттанды… Дүниені нұрға бөлеп, балдай тәтті Әсел бүлдіршін келді. Арада жарық жылдарды жаңғыртып келген жүрекжарды тұяқ Әлихан баршамызды қуанышқа бөледі.
Нұрсерік Кәрімұлы мектепті орысша бітіргенімен ана тілінде әлдекімдердей «тұтығусыз», мыңқылдақ мүдіріссіз, шіңкілдек кідіріссіз тілдесуімен кез келген адамды таң-тамаша қалдырады. Тіпті оны он жыл бойы орыс мектебін тәмамдаған деп ешкім ойламайды. Қара сөздің қайығын ағызамын деп жүрген не бір азаматтар досымның шешендігінің қасында жіп есе алмай қалатыны бар. Орыс өлеңдері мен қазақ ақындары жырларын жатқа оқитыны жаны жадыратып қоя береді.
Ол туған Ертіс қаласы шағын болғанымен, әртүрлі ұлттар мекендеген киелі жер. Ресейге қарап кеткен әйгілі Омбы қаласымен шекаралас. Атышулы Тың игеру жылдарында мұнда кімдер «төгілмеді»… Орыс пен немiстiң, украин мен гректiң, шешен мен ұңғыштың балаларымен тай-құлындай тебiсiп, бiрге өстi. Өкінішке қарай қазақ мектептері Арқада түгелге жуық тас жабылған кез. Еріксіз «боқшаңды» көтеріп орыс мектебіне барасың.
Атам қазақ «үй жақсысы ағашынан, ұл жақсысы нағашыдан» деп тегін мәтелдемеген, нағашы атасы мен әжесі тәрбиесіне қаныққан, олардан ана тіліне мейірі қанғанша «оттыққан» Нұрсерік бұл дүниеде екі адамның біріне қарыздар болса, сол нағашы жұртыма дейді. Ұлы қыпшақ жұрты тек-тағайы болып табылатын досым нағашы ағасы Амангелді Құсайынұлына «шатақ» мінезі де айнымай тартқан, бірақ әлемді ісімен де, сұсымен де тітіреткен атажұртының да орны ұлы төрден екеніне қария тарих куәгер. Нұрсерік Кәрімұлын ар мен нар сыналар қызметтерде сол бағзыдан тұнық бастау болып болмысына біткен қыпшақ бабалары рухы қолдап келе жатқанына кәміл сенемін!
…Қаршадай күнінен қарымды іске араласқаны да содан ба деп білем. Университеттi орысша үздік бiтiре сала заң факультетiнiң «Әкiмшiлiк құқық» кафедрасына оқытушы етiп қалдырылды. 1990 жылы тұңғыш рет қазақ бөлiмi ашылған-тын, міне, осы кезде мұның екі тілге бірдей тұлпардай жүйріктігі, қазақ тіліне сімер ұсталығы тағы алдынан көмекке келді. Жалпы, Нұрсерік досым аталмыш кафедрада қазақ тiлiнде студенттердің айызын қандыра дәрiс оқыған алғашқы оқытушы ұстаздардың бiрi болды.
Сонау 1992 жылы, еліміз тәуелсіздігінің алаң-елең кезінде алғаш құрылған органның бірегейі – Қазақстан Республикасы Президентiнiң аппараты болды. Міне, осында бар-жоғы жиырма алты жастағы оны осы құрылымға қызметке шақырды. Онда ол рақымшылық ету және азаматтық iстер жөнiндегi бөлiмнiң референтi, аға референтi лауазымдарын атқарды. Бұл бір ел етек-жеңін жинай алмай жатқан уақыт-ты. Топалаң тигендей тоқсаныншы жылдардың басында Қазақстандағы өзге ұлт өкiлдерi өздерiнiң тарихи отандарына көшiп, есесiне шеттегi қандастарымыз бiртiндеп елге орала бастаған тұс.
Осы кезеңде азаматтық беру мәселесiмен шұғылданды. Рақымшылық етуге байланысты да айналысып жатты, Конституция бойынша қылмыскерлерге тек Мемлекет басшысы ғана кешiрiм бере алады. Сондықтан Нұрсерік Кәрімұлы істеген бөлiм мемлекеттiк рақымшылық ету комиссиясына тиiстi құжаттарды дайындап, ұсынумен, жалпы жағдайды зерттеп, зерделеп, талдау жасаумен айналысқаны белгілі. Жалпы қылмыстардан бөлек «өлiм жазасына кесiлген» сотталушылардың iсi мiндеттi түрде аталмыш бөлiмнiң қарауынан өтетiн.
Сонда қызмет қылып жүріп, мынадай бір іс есінен кетпейді. Жалғызбасты ананың ұлы тура жолдан тайып, қылмыс жасаған. Қылмысы ауыр, бiрақ ананың көзжасы да… Ана перзентiнiң жазасын жеңiлдетуiн өтiнiп, хат жазды. Ондай хатты әлгi жазаланушының өзi де жазған. Президент «Жалғызбасты ананың жалғыз ұлы екен, оның бұл баласынан басқа кiмi бар» деп, жаза мерзiмiн 10 жылға дейiн түсiрген болатын. Осындай жайларды көзімен көріп, жүрегімен сезінген соң да болашақта сот болуым керек деп іштей түбегейлі бел буғаны рас.
Үш жылға жуық осындай жауапты қызмет атқарды. Бұдан әрi қарай мәнсап қуып, әкiм немесе құқық қорғау саласында белді шенеунiк болуға мүмкiндiгi де, қабiлетi де жетерлік еді. Нұрсерік бірақ комиссия жұмысына құжаттарды әзiрлеу барысында небiр қылмыстық iстермен танысқандықтан және заңдарды жан-жақты меңгеруінiң арқасында «сот болсам» деген баяғы бозбала күннен армандаған мұратына бір табан жақындағанын айқын сезінді. Оған білім-білігі де жетіп, тәжірибесі де шыңдала түскені сенімін күшейте түсті.
Ол 1995 жылдың маусым айында Алматы қаласының Медеу аудандық халық сотының судьясы болып сайланды. Өзі сүйіп таңдаған мамандығының майталманы болуға алдынан айқара жол осылай ашылып еді. Халық алдында жанарынан таса болмайтын, жауапкершілігі зор ұят-аятыңмен де, қатаң заң шеңберімен де өлшенетін аса шетін қызметке жегілді де жөнелді… Осы ұлықты істе қамау терін алған құр жорғадай қырық жылға жуық абыроймен тайпалып келеді. Жауапты қызметтен тайсалған жері жоқ.
Алматы қаласындағы Әкімшілік сот төрағасына тастүлек жас маман боп ауысқанда да, одан еліміздің қиыры маң маядай маңғаз Маңғыстау өңіріне басшы болып барғанында да жерінген жері жоқ, әлдекімдей жерсінбеген емес. Оған құс қанаты күйер қазақ даласының қай түкпірі қадірлі, қай шеті де қасиетті.
Төрт жылдан астам уақыт қызмет атқарды. Алдымен, Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы, кейiнiрек Маңғыстау облыстық сотының апелляциялық сот алқасының төрағасы болды. Халықпен көп кездестi. Жаңаөзенде жұртшылықпен жүздесiп, еңбек дауын қараумен айналысты. Жұмысын халық дұрыс қабылдады. «Жалпы, батыс өңiрдегi ағайынға ризамын. Сiздiң iсiңiздi ұнатып, әрекетiңiздi, сөзiңiздi, ойыңызды дұрыс деп тапса, Сiз туралы пiкiрiн ешқашан өзгертпейдi. Сондай мiнез бар. Турашылдықты сүйедi. Әңгiменi алыстан орағытпайды, өтiң жарылып кетсе де бетiңе тiке айтады. Ал Оңтүстiктiң орны мен үшiн алабөтен» – дейді досым.
Әулиелі түбек алқабы, жыл құсындай жылы жаққа қайта лауазымды қызметке жіберілді. Қойнауы қоламтадай ыстық, ақжарма халқы да, жұмақ жер де жайлы Оңтүстік Қазақстан облысының сот төрағасы болды. Онда бір мәрте кезең емес, екі мәрте мезгіл отырды. Қолынан келгенін істеді. Ел алдында абыройлы қызмет атқарды. Игі жақсыларымен игілікті істерді иін қандыра бітірді.
Тәжірибелі Нұрсерік Кәрімұлының сол оңтүстікте жүріп айтқан өз сөзімен тәпсірлесек, «судья өзiнiң iшкi нанымы мен сенiмiне сәйкес, заң тұрғысынан баға бередi. Бұл ретте ол қателесуi мүмкiн. Келесi инстанцияда қараған кезде әлгi дәлелдемелерге басқа судья басқа қырынан баға бередi. Себебi, оның да iшкi нанымы, сенiмi бар. Сол уақытта шешiм не бұзылады, не өзгередi. Бiрақ баға беру тәртiбiмен өзгерiп жатқан шешiмдер, үкiмдер, қаулылар «судьяның жұмысы сын көтермейдi» деуге негiз бола алмайды» деп әділін айтады.
«Ендi азаматтардың сотқа жүгiну санының артуына келсек, бұл көрсеткiш жылдан-жылға ұлғаюда. Дегенмен, бұл тұрғыда ескерер жайт, «тұрғындар сотқа көбiрек жүгiнсiн, бiзге сол қажет» деген мақсат жоқ. Алайда неғұрлым аз жүгiнсе, ол да зиян. Азаматтар қолданыстағы заңнаманы дұрыс түсiнiп, кәдеге асырып, өз мiндеттерi мен жауапкершiлiктерiне ұқыпты қарауы керек. Сондықтан аталмыш көрсеткiш «сотқа жүгiнген азаматтардың құқықтық бiлiмi жоғарылаған. Арызданып бұрынғыдай партияға, әкiмдiкке бармайды. Айқай шығармайды. Өзiнiң заңмен қорғалатынына көзi жетедi. Процессуалдық құқықтары мен мiндеттерiн бiледi» дегендi аңғартады», – деп түйіндейді сот саласының майын ішкен ол.
Қоғамда зар илеп, запар шегіп жүрген жұрт қай кезде де болғаны шындық. Соның көбісі азаматтарымыздың заң саласынан бейхабар болуының салдары. Жалпылама халық өз тіршілігімен күнделікті айналысып жүре береді, бірақ басына кенеттен бір іс түскенде ғана заңмен бетпе-бет келеді. Сонда ғана «сотқа берем, отқа түсем» деп жататыны ақиқат. Оны біреулер «қоғамның азып-тозуы» деп жатады, бірақ олай емес. Құқықтық сауатсыздық біздің қоғамда әлі күнге өте күшті, оны мойындауымыз керек. Тіпті жауапты тұлғалардың өзі көп жайдан мақұрым боп шығады. «…сотқа жүгiнетiндердiң арасында лауазымды тұлғалар да, зиялы қауым өкiлдерi де табылады. Бiрақ мұны мен «қоғамның азуы» деп айта алмаймын. Өйткенi Конституция талабына сәйкес, азаматтардың бекiтiлген құқықтары мен бостандықтары бар. Бұларға нұқсан келсе, сотпен қорғалу мәселесiн ешкiм шектей алмайды» – дейді заңгер, сондықтан «Сотқа жүгiнiп келген әр адамның өз шындығы бар. Әрқайсысы «менiкi дұрыс» деп пайымдайды. Өкiнiшке қарай, адамдар көп жағдайда басқа пiкiр-көзқарастарды елеп-ескере бермейдi. Соттың шешiмi шыққаннан кейiн бiр жақ разы болса, екiншi жақ наразы болады. Бiреу ұтады, бiреу ұтылады. Арыздану, шағымдану, «судьяның бiлiктiлiгi төмен, кәсiби деңгейi нашар, қарсыласыма бүйрегi бұрды, мына тараптың мүддесiн қорғады» деген әңгiмелер содан туындайды. Ол – қалыптасқан қағида, заңды үрдiс. Одан 100 пайыз арыламыз деу қиын. Арылу үшiн бiздiң қоғамдағы азаматтардың құқықтық санасы өте жоғары болуы керек».
Иә, бұл шындық сөз!.. «Құқықтық сана» көтерілмей, қоғам да, қазақ та қинала күн кешері хақ. Өркениетті елдерде екінің бірі заңгер болатыны да содан және олар басқа маман иесі болса да, юрист мамандығын өзі үшін қосымша оқып алатыны қалыптасқан үрдіс.
Тас қайнатқан Қарағанды облысының сот төрағасы лауазымын да басынан өткерді. Өндірісі де мол, ауыл шаруашылығы да аз емес күрделі облыста Нұрсерік досымның құқықтық сана соқпағы сараланып көрінді. Абай атасы айтқандай көп нәрсеге «бой алдырмай», барынша байыппен қызмет атқарды, ел-жұрт алдында абыройлы болды. Өмірлік мол тәжірибесі мен ерік-жігерге толы іскерлігі, заңгерлік білімі мен білігі шыңдалып Астанаға қайтты.
Бүгінде заң саласында бірегей бола білген, байырқалы болмысты азамат республикамыздың Жоғары сотының Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы қызметінде еңбек етіп келеді. Нар жолында жүк қалдырмас атандай азамат ар жолында қылдан таймастан тарта бер, туған ұлтың мен көк тулы мемлекетіңнің мерейін асыра бер.
Асқар АЛТАЙ