АЙНАЛАМ КҮБІР-КҮБІР ЕТКЕН ДҮНИЕ…
18.10.2023
444
0

Баймаханбет АХМЕТ

Біз айтсақ…

Келіспессіз!
Мейлі, о не бұ деңіз.
Өзімізбен өтірігіңіз – бір, егіз!
Сыбайласып алғанымыз соншама,
Оныменен бірге өмір сүреміз!

Оныменен бет­тесеміз жиі анық,
Біреулердің алдында, рас, тұрамыз
Зәуінде бір бала сынды аңғалсып,
Өтірік айта алмағанымызға «ұялып»!

Отбасының мұң-мұқтажы қандай көп!
Амалсыздан жұрт ұл-қызын алдайды, ох!
Отағасы үй салам деп… айналды
Барып тұрған суайт­қа, әне – жағдай жоқ!

Жақсылық та көрмей жарық жалғаннан,
Өтер ме екен беріліп құр арманға…
Тәрбиелеп жатырмыз бір буынды
Тапшылықтан…
Тит­тейінде-ақ алданған!

Өтірік, өсек әлмисақтан бар қанда,
Біреу үшін айналды ол зор «қалқанға».
Тақуасып, сәждаға бас қойғансып,
Пейілміз ғой Алланы да алдауға!

Мінберлерден сөйлейміз кеп көпіріп!
Онда да бір… қара тұтар жоқ ілік.
Орындалмай қалатын сөз күйінде
Басшы берген уәде де – өтірік.

Сеніп сол құр уәдеге өтірік,
Асқынуда қоғамда індет – «қотыр», ұқ!
Әлденеден үміт еткен қаншама,
Отбасының қалып жатыр оты іріп.

Сол «вирус» жүр әркімнің-ақ қанында.
Жаралдық па беруге емес, алуға…
Үй берем деп, күйбелеңдеп әйтеуір
Шеберміз ғой тек шығарып салуға.

Сөйтумен жүр мынауың һәм анауың…
Әсіре патриот тыймай елді қанауын,
«Өзі жалған», – деп қойысып өмірдің,
Жалғандықтың желбіретуде жалауын!

Елде осындай ойсыз, қамсыз көп ұлық!
Кетер бір күн оларды ар соты ұрып.
Елдің мұңын қалай ұғар ол шіркін,
Өзінің мінін түзей алмай отырып.

Мәні қандай ескі менен жаңаның?
Айыра да алмай халал, харамын.
Пенделік ше біздегі… өсіп, өркендеп,
Азамат­тық аласарып барады.

Өтірік пен шынның бітпес қырқысы,
Қайсысының жыртарсыз сіз жыртысын?
Бір күн күйреп түсер… болашақтың да
Өтірікпен қаланса егер кірпіші.

Шындыққа да секілдіміз біз өгей
(Алдында оның дірілдейді тізе кей)…
Қала тұрар қоғам да сол күйінде
Өзіміздегі өтірікті осы түземей!

Ал ол деген – өрге баспай, өрлемей,
Әлемдегі елге айналу ең кедей.
Ойымыздағы мақсатқа әсте жетпейміз,
Бойымыздағы осынау дерт­ті емдемей!

Жүрегің – Құдай…

Өзіме анық, басқаға – елес
Өмірім менің… діретпе әуен-ді…
Ал ол, қайтерсің, басқаға емес,
Бір күн тоқтап қалатын жүрекке тәуелді!
Жүректі жыр байғұс айналшықтайды,
Оның да аян айтпағы маған.
Сөйлейтін сөзі жалған шықпайды
Жүректің көнсе айт­қанына адам.

Біреуге-біреу Құдай көрініп,
Құрмет­тесе-дағы оның тірек-тамыры…
Адамдар бір-бірін құлай беріліп,
Сүйе ме сүймей ме, ол – жүректің әмірі!
Сан тарам өмір пернесіндегі
Кімнің де күй ғой шерткені өміршең…
Әркім үшін де кеудесіндегі
Жүрегі Құдай өйткені… білсең!

Бағзы күй

Зәуінде ауылға барам ба –
Үйіріле кетер басқа мұң.
Байшыкештеу, қамсыз әрі аңғал
Әй, менің ауылдастарым…

Балалығымның қалған іздері
(Төсінде енді мендік самғар ма ой)
Құба жон, құла түздегі
Байтақты бөлісіп алған ғой!

Тапқандай сонау кез­де ебін,
Жері үшін ағайынмен де араз.
Өз малын жайып, өзгенің
Малына қамшы үйіргенге мәз!

Шешілмей дауы шырғалаңданып,
Шиеленісіп жатқан шақта бұл…
Жер бөлісе алмай, бір қазанда әлі
Бастары піспей жатқаны…

Қазаққа ен тегін дүние «қайт­қан»…
Тек мейір, шафқат шектеулі.
Бағзыда Абай күйіне айт­қан
Жайлармен бетпе-бет келдік!

Ол өмір сүрген ортаның, елдің
Басымызға келіп бар ісі,
Тіккен қосымызды қорқамын енді
Жығар деп замана ағысы!

Несібелерінен біраз қауым қағылды,
Ал байдың бағын байлар кім?
Ісі өрге басты ауылда бүгін
Оразбай, Құнанбайлардың!
Солардыкіне әлде ұқсас па ауылың?
Кімді ұйқы басты, кім ояу?
Бәрі де жүр ғой тұстастарының…
Ал Абай қайда, Құдай-ау!

Күбір

Жымыңдар көк зеңгірде жұлдыз жайнап,
Ұмытылды ән бүгін кешегі.
Түнде де шатыр асты құж-құж қайнап,
Кептерлер күбірлеседі.

Ағын су алқынды мұзбен
Езгілеп жатыр жағаның кірін бес елі.
Салқын түн, салқын жүзің де –
Сүйдім тал түбінде сені…
Жандының бәрі оянған –
жай сұрасаң,
Жатса да мұз ерімей толық.
Ұшып жүр жарқанат­тар қайшыласа
Отқа да түсердей болып.

Шарбақтың аяғы ғой. Кеш, түн еді.
Шалғында шұрқырасып құр ат­тар жүр…
Қолат­тан іргедегі естіледі
Күбірі бұлақтардың.

Уа, бізден айдын-дағы беті жасып,
Көз жасы жұлдыздардың жерге ағады…
Мүлгіген түн қойнында екі ғашық –
Сен және мен ғанамын!

Қар кетіп, қарайған жерді
Көк құшып, өзара, ойхой,
сыбырласады!
Көктемге ғашық дүние талайдан бергі
Сағыныш-мауқын бүгін басады.

…Сен келдің шет­тегі үйден,
Өзіммен-өзім болып отыр едім…
Айналам күбір, күбір еткен дүние,
Бір тылсым сырға алдырып көкірегін…

Құсни хат

Хат жазып (өт­ті-ау бірер күн)…
Көгершіннің қанатына
байлап жібердім.
Хабарыңды терезеге кеп қонған
Аппақ құс уілінен білермін.
Уа, сенсіз мына дүние маған неге жат?
Құшағына алар ма мені келе бақ…
Көгершін құсым (өзің де көгершіндейсің)
Әкелер екен не жауап?
Келемін аңсап тыңдауды салған әніңді әр,
Тәуекел, өмір тағдырымды
менің тағы ырғар…
Құп-құйт­тай құсты мұнары
үстінде қалқытып,
Хатымды саған апарып берер сағымдар!
Біраз жыл елдің шетіне, желдің өтіне
Хабарсыз, хатсыз шығандай
ұзап кетіп ем…
Сенсіз өмір тұл…сәлемімді
менің жеткізген
Көгершін құсты өкпелете көрме,
өтінем!

Баурадың менің жанымды…

Тіл қат­тың көктем жақтан сен,
Мен бүрсең қақтым күзімде.
Ғұмырым – гүрлеп аққан сел,
Не қалды дейсің ізінде?

Аға боп алға түстім бе?
Шашым да тарт­ты-ау буырыл.
Шарпысқан от­ты ұшқын – мен.
Тартысқа толы ғұмырым!
Заулады уақыт-ағынның
Бір күні асып бір күннен!
Баурадың менің жанымды,
Сұлу жүз, сыңғыр күлкіңмен…
Гүлсің ғой жаңа бүр атқан…
Алда не тұрғанын білмессің!
Мен бастан кешкен бірақ та
Бастан кешпесін мұңды ешкім!
Келеді (түстей өңім бұл)
Сен жаққа құстар ұшырғым…
Өзіңсіз, рас бұл өмірдің
Мәні де жоғын түсіндім…
Жанаса бердің ағаңа
Жүзімді шарпып деміңмен…
Мені жаратқан Алла Тағала
Сені жаратпаса не істер едім мен?
Білмеймін онша мұншасын…
Бұл не, әлде, махаббат па екен?
Жастық шағымның көз жасы –
Өзендері қайда ақты екен?
Күн кеше алам ба өзіңсіз?
Иә, өмір көркем сен барда!
Сезімі құрғыр тек…үнсіз…
Ұлғая берер енді арман!

О, кешір, әппақ ардай мұң,
Омырауы  құр  дір-дір еткен…
Мен саған ілесе алмаймын
Жамау да жасқау жүрекпен!
Күймеспін сезім отына,
Сүймеспін ару… алқымы – үр.
Ойымда – дұғам оқыған…
Бойымда жастық жалты жүр!

Таңғы элегия

Түн өт­ті, тағы да таң атып келеді!
Ібілістің уысынан құтылғандай болып
Таңға қарай қанатын қағады өлеңім,
Көкірегі шүп-шүп сезімге толып!
Бір өмір гүлдеп, бір өмір солып…
Шат­тыққа ұласты түнімен түсте көрген мұң…
Арсы да күрсі аққан арнасы лық толып,
Қайран  өмірдің толқыны үстінде тербелдім!
Аспан асты, жер үсті ойраның
Түсімдегі… қара үзіп менен сәл алыстады!
Миымдағы мың-сан оянған ойларым
Жамырай шапқылап барады ене-күнмен табысқалы!

Тараз қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір