Цифрлық трансформация – инклюзивті білімнің жаңа кезеңі

Лаура БУТАБАЕВА, Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» атты ұстаздардың республикалық тамыз конференциясында еліміздің білім беру жүйесін дамытуға қатысты бірқатар өзекті бастамалар көтерді. Мемлекет басшысы сапалы білім мен тағылымды тәрбие, сондай-ақ цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні жедел енгізу – қазақстандық білім жүйесінің жаһандық өзгерістерге бейімделуінің басты кепілі екенін атап өтті.
Осы орайда Президент білім саласындағы теңсіздікті еңсерудің маңызды тетігі ретінде цифрландыруды атады. Бұл қадам инклюзивті білім берудің негізгі мақсаттарымен толық үндесіп, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың сапалы білім алуына кең жол ашады. Қазіргі таңда елімізде мектепке қабылдау, басқа оқу орнына ауысу сияқты негізгі қызметтердің барлығы дерлік цифрлық форматқа көшіріліп, білім алушыларға қолайлы жағдай жасалуда.
Президенттің «Педагог мәртебесі туралы» заңға ұстаз құқығын қорғау және мәртебесін арттыру жөніндегі өзгерістер енгізу бастамасы – мұғалімдерге деген зор құрметтің айқын көрінісі. Ұстаздық – жай ғана мамандық емес, ұлы миссия екенін Мемлекет басшысы ерекше атап өтіп, қоғамда білім мен ғылымды басты құндылық ретінде орнықтыруға серпін берді.
Хакім Абайдың «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» дегеніндей, озық ойлы шәкірт тәрбиелеу үшін ұстаздар ұдайы ізденіп, білімін жетілдіріп отыруы қажет. Балалардың оқуға ынтасын арттыратын әдіс-тәсілдерді жетік меңгеру және сапалы білім беру – мұғалімнің кәсіби деңгейіне тікелей байланысты. Бүгінгі ұстаз өз пәнін жетік меңгерумен қатар, педагогикалық тәжірибеде заманауи технологияларды тиімді қолдана білуі тиіс. Бұл үшін білім беру мекемелерін заманауи интерактивті құрал-жабдықтармен, қолжетімді цифрлық платформалармен және сарапталған электронды оқулықтармен қамтамасыз ету – уақыт талабы. Сондай-ақ «озық ойлы ұлт» қалыптастыру мақсатында білім беру жүйесіндегі цифрлық трансформацияның қарқынын арттырып, өскелең ұрпақты жасанды интеллект негіздеріне баулу – олардың болашақта бәсекеге қабілетті, кәсіби маман болып қалыптасуына жол ашады.
Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы өз тарапынан бұл бағыттағы цифрлық трансформацияны жеделдетуге, жаңа технологияларды оқу-тәрбие процесіне енгізуге және әр балаға сапалы білім алуға тең мүмкіндік беруге басымдық береді. Осы мақсатта орталық педагогтерге арналған біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастырып, цифрлық оқу ресурстарын әзірлейді, халықаралық тәжірибені зерттеп, инклюзия саласындағы озық технологияларды жергілікті жағдайға бейімдейді. Сонымен қатар, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың әлеуетін толық ашу үшін аймақтық, ұлттық және халықаралық деңгейде серіктестік жобаларды жүзеге асырып, әр оқушыға тең мүмкіндік пен қолжетімді білім беруді қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізеді.