Интернет арқылы елді алдайтын шетелдіктер көбейген
03.05.2023
227
0

«Алматыда интернет-алаяқтықпен айналысқан бір топ шетелдік қылмыстық топ ұсталды», «СҚО-да бір топ шетелдік интернет арқылы елдің ақшасын тонап келген», «Астанада интернет арқылы елді алдаған қылмыстық топ құрықталды», т.б. Қазір мұндай ақпараттарды жиі еститін болдық. Әсіресе соңғы жылдары шетелдіктер арнайы топ құрып, түрлі әлеуметтік желілер арқылы елдің қалтасын қағуды әдетке айналдырғанын байқауға болады.


Жуырда Астанада өткен арнайы брифингте Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы күрес орталығының басшысы Жандос Сүйінбай Алматыда интернет-алаяқтардың байланыс орталығы әшкереленгенін мәлімдеді. Аз емес, 24 адам ұсталған. Олардың бәрі шетелдіктер, анықтап айтсақ, Грузия азаматтары болып шықты. Қазақ­стандықтарды алдауға шетелдіктер неге құмар деген сұрақ туындамай тұрмайды. Мұндай жағдай былтыр да сан мәрте қайталанған. Әсіресе ресейліктердің саны басым. Олар Астана, Алматы және солтүстік облыс тұрғындарын өздерінің құрған қақпанына тез түсіретінін ақпараттарды ақтарып отырып, байқайсың. Мұның себебі, ірі қалалар мен солтүстік өңірдегі халықтың көбі орысша жақсы сөйлейді. Ал алаяқтарға керегі де сол. Егер кімде-кім әлдебір банктің атынан хабарласқандарға, қазақша жауап берсе, олар бірден тұтқаны қоя салады.
Жандос Сүйінбайдың айтуынша, интернет-алаяқтар арнайы орталық құрып, өздерінің болашақ «клиенттерінің» тізімін жасап, сұрыптап, жоспарлы түрде жұмыс істейді. Топтың әр мүшесінің өздерінің рөлдері бекітіліп, бірі сөйлесуге, екінші бірі сенімге кіру үшін әлдебір банктің менеджері ретінде қайталай қоңырау шалуға, тағы бірі төлем карталарынан ұрланған қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыруға машықтанған.
Интернет-­алақтықпен айна­лы­сатындардың басым бөлігі – IT-технологияларды жетік меңгерген, психология саласында білімдері бар екендігін қаперге алу керек. Олар қарапайым халыққа қоңырау шалу кезінде өте әккі әдіспен сөйлеседі. Өзінің таңдаған адамын алдын ала зерттеп, оларға қалай сөйлеу керек екенін жете меңгерген. Олар негізінен өзінің құрбандарын бұрын сотталған, жұмыссыз жүргендердің арасынан іздеуге бейім. Сондай-ақ балалар үйінің түлектері студенттерді, қарапайым аңқау адамдарды құрыққа іліндіруге барын салады.
Интернет-алаяқтар сіздің атыңыздан өзгелер несие алуға өтініш беріп жатыр деп хабарласуы мүмкін. Өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, онлайн кредиттің алдын алу үшін сізге кеңес беруді көздейді. Сол арқылы сіздің банк картаңыздың барлық ақпаратын алып, сол арқылы өздері несие алады немесе банк картаңыздағы ақшаны өздеріне аударып алады.
Одан сырт, сізге арзан тауар сатамыз деп жарнама ұсынады. Жандос Сүйінбай жуырда 26 алаяқтық іске қатысы бар астаналық тұрғынның ұсталғанын айтты. «Олар Instagram парақшасын ашып, тонды арзан бағамен сату туралы хабарландыру жариялаған. Бүгінгі таңда олардың осыған ұқсас 26 қылмысқа қатысы бар екені анықталды, оның жалпы сомасы 4,2 млн теңгені құрады», – деді Ж. Сүйінбай. Көп адам интернет арқылы арзан тауар сатып алуға әуес екенін, көп жағдайда алақтардың арбауына түсіп, ақшасын алдын ала аударып жіберіп, артынан сан соғып қалатынын мамандар жиі айтып жүр.
Сондай-ақ белгілі бір топ құрып, қаржы жинап, ортақ пайдаға кенелтеміз деген желеумен өзгелерді сан соқтыратын топтар да интернетте өте көп.
Интернет-алаяқтарға жем болмау үшін кез келген жағдайда сізге хабарласушы адамның сенімді екенін тексеру маңызды. Істеп отырған ісі заңға сыйымды ма, әлде заңсыз ба, соны анықтау керек. Егер қандай да бір заңсыз әрекет байқасаңыз, оның ұсынысын қабылдамағаныңыз әрі жақындарыңызға арбауға түспеуді ескерткеніңіз абзал.
Жыл басынан бері интернет-алаяқ­тықтың 64-тен астам эпизоды анықталған. Келтірілген шығын сомасы шамамен 200 млн теңгені құрайды. Мамандар бұл нақты анықталғаны, ал ақшасынан айырылған, алданғандар саны өте көп болуы мүмкін дейді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір