Тарих пен мәдениет – ел бірлігінің негізі
29.11.2024
154
0

27 қарашада Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде «Бірлігіміз – әралуандықта: тарих, мәдениет, инженерлік технологиялар» атты халық­аралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл ауқымды шараға Қазақстан, Ресей, Түркия, Өзбекстан және Ауғанстан елдерінен 180-нен астам ғалым, оқытушы және мамандар қатысты. Конференция еліміздің экономикалық өркендеуі, мәдени ынтымақтастық және инновациялық технологияларды дамыту сынды маңызды мәселелерді талқылау алаңына айналды. Басқосуда төрт секция бойынша жұмыс жүргізілді.

ҚР ҰҒА академигі Берекет Кәрібаев конференцияда «Қазіргі кезеңдегі отандық тарих ғылымының өзекті мәселелері» тақырыбында баяндама жасап, онда Қазақстан тарихы ғылымының қазіргі беталысын талдап, алда тұрған негізгі мәселелерді атап, оларды шешу жолдарын ұсынды. Тарихи сананы жаңғыртып, бұрмаланған деректерді қайта зерттеп, объективті тарихты қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.

ҚР ҰҒА академигі А.Е.Давлетов инженерлік білім беруді интернационалдандыруға қатысты заманауи сын-қатерлерді талқылады. Инженерлік кадрларды даярлаудың жаһандық стандарттарына сәйкес келетін жаңа әдістерді енгізу мәселелеріне арналды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті Лесхан Әмірханұлы «Озық ойлы ұлт қалыптастыру үдерісіндегі креативті ойлаудың маңызы» тақырыбын қамтыды. Ол әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, креативті ойлауды дамыту арқылы Қазақстанның интеллектуалды қоғам қалыптастыру мүмкіндіктерін атап өтті. Ұсыныстары қызығушылықпен талқыланды.

Қазан Федералдық университетінің профессоры А.М. Галимов «Балалардың мәдени капиталының олардың оқу көзқарастарына әсері» атты баяндамасында тәрбие мен білім беруде мәдени ортаның тигізетін әсерін жаңа қырынан ашты.
Ташкент мемлекеттік техникалық университетінің профессоры Рахбар Халикова Орталық Азиядағы джадидизм қозғалысын зерттеп, оның білім мен діни сенімнің үйлесімділігі арқылы қоғамның дамуына ықпалын тіліне тиек етті.

Түркияның Ван Юзунчу Йыл университетінің профессоры Зеки Таштан баяндамасында Әнұрандар тек мемлекеттік рәміз ғана емес, ұлттың тарихи күресі мен болашаққа деген үмітінің көрінісі екенін дәлелдеді. Қазақстанның «Менің Қазақстаным», Әзербайжанның «Әзербайжан маршы» және Түркияның «Истіклал маршы» Әнұрандарының мәтіндік құрылымы мен идеологиялық мазмұнын терең талдап, олардың бостандық жолындағы күрес пен тәуелсіздікті сақтау мұратымен үйлесетінін нақты дәлелдермен дәйектейді.
Конференцияда инженерлік-техникалық кадрларды даярлау, интеллектуалды қоғамды дамыту және жаңа технологияларды енгізу мәселелерімен қатар, ұлттық тарих пен мәдениеттің елдің бірлігін нығайтудағы маңызы кеңінен талқыланды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір