Толеранттылықтың бір аты – мәдениет
Құқық дегеніміз – мемлекет орнатқан және оның күшімен қорғалатын, жалпыға бірдей қоғамдық қатынастарды реттейтін тәртіп ережелерінің жиынтығы. Ғылыми анықтама осылай дейді. Ал құқықтық мәдениет дегеніміз не? Толеранттылық – шыдамды болу ғана ма? Қоғамдағы толеранттылықты қалай қалыптастырамыз?
Осынау өзекті сұрақтарды сала мамандарына жолдаған едік. «Жер бетіндегі ең толерантты халық – қазақ» дейді заңгер Советхан Сәкенов.
1) Құқықтық мәдениет дегеніміз не?
Есенай ІҢКӘРБАЕВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті
саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының доценті,
саяси ғылымының кандидаты:
ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРБИЕНІ ТАЛ БЕСІКТЕН БАСТАҒАН ЖӨН
Адамзат өзінің даму барысында заң үстемдігін қамтамасыз етуді асыл арманына айналдырып, бұл міндетті орындауды қоғамның алдына кезек күттірмес мәселе ретінде қойғалы қаншама ықылым заман өтті.
Егемен ел ретінде өркениет көшіне ілескен Қазақстан негізгі заңы – Конституциясында өзін құқықтық мемлекет ретінде айқындаған соң, болашақ даму барысында азаматтарының құқықтық мәдениетін дамытып, жаңа сатыға көтеру жолында қызмет етіп келе жатыр. Адамдардың құқықтық мәдениетін дамытуда құқықтық сананың ойнайтын рөлі ерекше екені белгілі.
Мемлекеттің заң нормалары адамдардың белгілі бір мүдделеріне қатысты тұлғалардың санасы мен еркіне сүйеніп дайындалатыны белгілі. Сол себепті, заң нормаларында көрсетілген талаптар адамдардың саналы әрі ерікті әрекеттері нәтижесінде орындалады. Олай болса, кез келген азаматтың іс-әрекетінде оның құқықтық мәдениеті көрініс табады.
Қазақстан құқықтық мемлекет орнатуды азаматтық қоғам институттарын көптеп құру арқылы жүзеге асыруды көздеп отыр. Мемлекеттегі құқықтық нормалардың дұрыс жұмыс істеуі, олардың мүлтіксіз орындалуы мен іске асырылу деңгейі азаматтардың құқықтық мәдениетінің жоғары болуымен байланыстырылады.
Кез келген сот жүйесін сәтті оңтайландыру, сот процестерін әділ жүргізу, азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету, азаматтық құқықтық дауларды тиімді шешу, осы жағдайларда татуласу келісіміне қол жеткізу, дау-жанжалдарды медиация тәртібімен реттеу, судьялардың белсенді жұмыс жүргізуі, тараптардың өзара келісімге келу мүмкіндігі, адвокаттардың жауаптылығы секілді мәселелердің барлығы олардың құқықтық мәдениетіне тікелей байланысты.
Әлемдегі экономикалық-саяси даму деңгейі мықты елдердің азаматтарының да құқықтық мәдениеті жоғары болып келеді. Себебі олар «Егер, мен заң тәртіптерін сақтап, құрметтесем, барлық құқықтық талаптарды бұлжытпай орындасам, бұл жағдай мемлекетім мен өзім өмір сүретін қоғам үшін пайдалы болмақ» деп түсінеді.
Баз бір мемлекеттердің азаматтарының негізгі бөлігінің заңнан хабарының болмауы, өз елдерінің заңдарын білмеуі және құрметтемеуі, мемлекет тарапынан құқықтық сауаттылық пен тәрбие мәселесінің өз деңгейінде жүргізілмеуі құқықтық нигилизмге әкеп соғып жатады.
Егер біз өз мемлекетімізде демократия құндылықтары салтанат құрғанын қаласақ, қоғамдағы гуманистік қатынастардың дамуын жақтасақ, құқықтық мәдениетіміздің жоғары болуын көздесек, құқықтық тәрбиені тал бесіктен бастағанымыз жөн болар. Ол үшін тұлға болып қалыптасар азаматты құқықтық жағынан тәрбиелеуді отбасынан бастап, одан кейін балабақшада, мектеп қабырғасында әлеуметтендіру арқылы үздіксіз жалғастырғанымыз абзал. Бұл өз кезегінде тұлғаның заңды құрмет тұтатын, отансүйгіш, мемлекетшіл, тәртіпті, білімпаз азамат болып өсіп-жетілуіне зор әсер етпек.
Сондықтан азаматтардың құқықтық мінез-құлқы мен санасын дұрыс қалыптастыру жан-жақты құқықтық білім беру арқылы іске асады. Құқықтық мәдениеті жоғары тұлға әлеуметтік дағдылар мен қабілеттерді де тез меңгереді, олардың өмір сүруге бейімділігі де арта түседі.
Осының бәрін ескере келсек, азаматтардың өз өмірі мен қызмет дағдыларын реттеу үшін басшылыққа алатын құқықтық идеялары мен мұраттары, жоғары құндылықтары, құқықтық сенімдері мен нанымдары, мінез-құлық нормалары олардың құқықтық мәдениеті болып табылмақ.
Советхан СӘКЕНОВ, заңгер:
АДАМ ӨМІРІ ҚҰҚЫҚПЕН БАЙЛАНЫСТЫ
Құқықтық мәдениет дегеніміз – жалпы мәдениеттердің құрамдас бөлігі. Ал мәдениет «әдеп» дегенді білдіреді.
Демек, құқықтық мәдениет – заңға сай жөн-жосықты білу, әдепті болу. Өз құқығыңды білу – заң белгілеп берген шекарадан шықпай, құқықтық негізде өмір сүру һәм заң аясында жауапты болу деген сөз. Ал адам дүниеге келген сәттен бастап, тәні жерде қалғанша заңның кіріспейтін кезі жоқ. Яғни, адамның өмірі құқықпен байланысты. Мәселен, көлік жүргізіп келе жатқанда МАИ қызметкері белгі бергенде зыр етіп өте шықпай, тоқтаудың өзі – мәдениет.
Ләззат АХАТОВА, заңгер:
БІРЕУГЕ АУЫР СӨЗ АЙТУ ДА – ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТСІЗДІК!
Құқықтық мәдениет дегенге ғылымда анықтама бар. Жалпы құқықтық мәдениет-құқықтық сауаттылықтан бастау алу керек шығар. Біздің қоғамда аттап бассаң құқықтық сауатсыздықты көресің. Құқықтық мәдениет, құқықтық сауаттылық тек ауыр қылмыспен (зорлау, өлтіру, т.с.с) өлшенбейді. Біздің түсінік сондай. Ешкімді ұрмасам, соқпасам, тонамасам, зорламасам, өлтірмесем, ешкімнің құқығын бұзып жатқан жоқпын – құқықтың менде не шаруасы бар деп ойлайды.
Ал сөзбен өлтіру ше? Біреудің жеке өміріне араласу, жеке басын келемеждеу, жасын айту, дене бітіміндегі кемшілікті айту, кемсіту, ауыр сөз айту – көп бұның бәрі біреудің конституциялық құқығын өрескел бұзу екенін түсінбейді.
Аттап бассаң желідегі буллингті, көресің. Харрасмент жайлы екі адамның бірінен естисің. Жеке шекара, жеке өмір деген ұғымды ұмытқанбыз. Кімнің кімге үйленіп жатқаны, кімнің кіммен тұратыны немесе болғаны, әйелінің күйеуінен неше жас үлкендігі, біреуінің бұрынғы некесі туралы сөз етіп, сөз етіп қана қоймай, өзінің бес тиынын қыстырып, ақыл айтып, ауыр сөз айтып, жеке басын кемсітіп жататындардың өте көп екенінен түңілесің кейде. «Сонда біздің деңгейіміз осы ма» деп күйінесің. Осының бәрі құқықтық мәдениеттің жоқтығының көрінісі емес пе? Ал адамның жеке өміріне араласуға заңмен тыйым салынған. Кәмелетке толған адам өз тағдырын өзі шешеді. Өз таңдауын өзі жасайды. Әсіресе жеке өміріне қатысты.
Алысқа бармай-ақ, кибербуллингтің өзі – құқықтық мәдениетсіздік, құқықтық сауатсыздық. Ал желідегі кибербуллинг нәтижесінен адамдар өлімі де орын алып жатыр. Жазықсыз жала, нақақтан жағылған күйе, буллинг (әсіресе дүйім ел алдындағы) – адам психикасына сұмдық кері әсер ететін факторлар. Жаны нәзік жандар өмірмен де қош айтысатын жағдайлар болып жатыр ғой.
Әлеужелілердегі кибербуллинг мәселесі марқұм Аягүл Мантай өлімінен кейін өткір қозғалып, нәтижесінде кибербуллингке қатысты Заң да шықты. Алайда аталған Заңда нақты осындай жағдайлар да нақты қандай жаза қолданылатыны көрсетілмеген.
Тілек ЫРЫСБЕК, ақын:
ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТ – ҚОҒАМДЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ ТАЛАП ЕТЕДІ
Құқықтық мәдениетті қалыптастыру – ұзақ мерзімді процесс. Ол тек құқықтық сауатты ілгерілетуді ғана емес, сонымен қатар құқық пен құқықтық мәдениетке деген көзқарасты, құндылықтарды және этикалық, моралдық, қоғамдық жауапкершілікті талап етеді.
Қазақстандағы заң үстемдігін құрметтейтін мәдениет қалыптастыру үшін құқықтық білім беруді, тәуелсіз және әділ сотты, саяси ашықтықты, азаматтық қоғамды, мәдениетаралық байланысты дамыту керек. Осының бәрі қоғамның қатысуынсыз болмайды.
2) Қоғамдағы толерантылықты қалай қалыптастырамыз?
Есенай ІҢКӘРБАЕВ:
ТОЛЕРАНТТЫЛЫҚ – БАҚЫТТЫ ӨМІР СҮРУДІҢ АЛҒЫШАРТЫ
Жаңа мыңжылдықтың есігін айқара ашқан XXI ғасыр аз ғана уақыт ішінде әлемдегі құндылықтар жүйесіне айтарлықтай өзгерістер енгізіп, адамзаттың дүниетанымдық көзқарастары мен саяси-құқықтық мәдениетіне түрліше ықпал етуде.
Өркениеттердің қақтығысы кезеңінде әрі ерекше турбулентті жағдайда өмір сүріп отырған адамдардың санасында жаңғыруға, қоғамда соны саяси серпілістер жасауға ұмтылыс көрініп тұр. Демократиялық саяси құрылыстың жаңа жүйесінің қалыптасуы жағдайында жалпы әлемді танып білуге деген үлкен қызығушылықтың бар екені де анық байқалады.
Сондықтан бүгінгі жаһандану жағдайындағы әлем аренасында қым-қуат қайшылықтар мен шиеленістерге, алапат арпалыстар мен ерегестерге, түрлі өзгерістер мен жаңартуларға куә болып жүрміз. Жаһандану процесінің адамзатқа мол мүмкіндіктер беруімен қатар, орасан жапа шектіріп отырғаны да шындық.
Қазіргі ақпараттық қоғам жаңа технологиялар енгізу арқылы адамдар өмірін жеңілдетіп, адами капитал мен құндылықтарды арттырып, көптеген игілік пен байлыққа қол жеткізіп отырғанымен, жалпы әлемдік түрлі-түрлі қауіп-қатердің бұлты күн сайын қоюлана түсуде. Өркениет көшіне ілескен алып мемлекеттердің өзінің арасында саяси шиеленістер өршіп тұр. Этникалық тұрғыдағы, діни сипаттағы дүрдараздықтар соғыс қаупін сейілтер емес.
Міне, осындай алақұйын кезеңде туындайтын әртүрлі сын-қатерлерге өз деңгейінде лайықты жауап қайтару үшін адамзат баласы ерекше төзімділік танытып, өзара келісімге келіп, толерантылыққа жүгінуге мәжбүр. Мұндай қасиет мемлекеттердің бірі-біріне құрмет көрсетуіне, ізгілікке үндеуіне, өзара сыйластыққа жетелейді.
Татулыққа негізделген толеранттылық барша адамның еркіндігін білдіреді, олардың бостандық сүйгіш қасиеттерін арттыра түсіреді. Бұл, өз кезегінде, қоғамның біртұтастығы мен саяси тұрақтылығына бастар жол. Кез келген төзбеушілік – адамның ең жоғары құндылығы болып есептелетін еркіндігіне соққы болып тиеді, шыдамсыздық саналуан дау-дамай мен жанжал өртінің шығуына себеп болмақ.
Ал жеке адамдардың бойында қалыптасқан төзбеушілік пен шыдамсыздық қоғамдағы жат қылық пен жаман пиғылдардың бастамасы болса, толеранттылық пен төзімділік – бақытты өмір сүрудің басты алғышарттары.
Қазақ халқының бойында ғасырлар бойы қалыптасқан толеранттылық оның рухани құндылықтарының негізі деуге де болады. Туған халқымыздың осы бір керемет қасиеттері бүгінгі Қазақстан қоғамындағы азаматтық татулық пен ұлтаралық келісімнің әрі дінаралық теңдіктің таразысындай болып тұр.
Қазақи тәрбие қашанда ынтымаққа, бірлікке, төзімділікке үндеген. Бұл – біздің халқымыздың ең бір асыл қасиеті. Толерантылыққа шақырғаннан ұтпасақ, ешқашан ұтылмаймыз. Қазақстанда толерантты мәдениет қалыптастырудың алғышарттары да тамаша төзімділік қасиеттерден сусындайтыны шындық.
Бірақ өкінішке қарай, кейінгі кездерде біздің халықтың төзімділігін басқаша түсінетіндердің бар екені де, әрі олардың даусы күн өткен сайын зорайып келе жатқаны да бүгінгі өмір шындығы.
Еліміздің ертеңіне қауіп төндіріп, ұлттық мүддемізге қайшы келетін мұндай мүмкін һәм ықтимал жағдайлардың алдын алу бағытында жұмыс істеп, оған қарсы шара қолданған кезде ғана өзегімізді өртейтін өкініштерге жол бермейміз. Бұл бағыттағы кез келген әрекетті мемлекеттік деңгейде өзара келісіммен, ақылмен, ынтымақпен шешкен абзал.
Бүгінгі аласапыран заман тек біздің елімізді ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығын толеранттылықтың жарқын үлгісін көрсетіп, төзімділіктің шынайы мәні мен маңызын терең түсінуге шақырып отырғандай. Осы бір аксиомаға айналған ақиқатты түсінбей әлем қауіптен арылмайды, қатерден құтылмайды.
Советхан СӘКЕНОВ:
ЖЕР БЕТІНДЕГІ ЕҢ ТОЛЕРАНТтЫ ХАЛЫҚ – ҚАЗАҚ
Толеранттылық дегеннің қазақша баламасы бар. Оның аты – сабыр, шыдам, төзім. Қазақты ешкім де сабырсыз, төзімсіз деп айта алмайды. Керісінше, тарих бетін парақтасақ «Сабыр түбі – сары алтын» дейтін қазақтың шыдамсыздық танытқан жері жоқ.
Сондықтан «Жер бетіндегі ең толерантты халық – қазақ» деп сеніммен айта аламыз. Тіпті біздің толеранттығымыз шектен асып бара жатыр ма деп ойлаймын.
Дұрыс түсінуіміз керек, толеранттылықтың бір аты – мәдениет, сабырлылық болса, екінші аты – ынжықтық. Ондай толеранттылықтың керегі жоқ. Мысалы, әлдеқандай басқа ұлт өкілі қатысқан қылмыс болса, кінәні әуелі қазақтан іздейді. Жоқ, бұл толеранттылық емес! Шыдамды бол, бірақ шыдамның да шегі бар!
Ләззат АХАТОВА:
«Тәртіпсіз ел болмайды»
Ол үшін халықты сауаттандыру керек. Осы мәселе мені де ойландырады. Әр адам жоғарыда өзім атап өткен әрекеттердің біреудің құқығын таптау екенін, құқықбұзушылық екенін ұғына алу керек. Заңға бағыну – құлдық емес, тәртіп екенін ұғыну керек. Ал «тәртіпсіз ел болмайды», Бауыржан атамыз айтпақшы.
Тілек ЫРЫСБЕК:
ТӘУЕЛСІЗ ЖӘНЕ ӘДІЛ СОТ КЕРЕК
«Тәуелсіз және әділ сот – кез келген мемлекет қызметінің өзегі. Онсыз әлемнің бірде-бір елінде қолайлы инвестициялық ахуал да, азаматтардың әл-ауқатының жоғары деңгейі де, қоғамның табысты дамуы да мүмкін емес». Мұны Н.Ә.Назарбаев судьялардың VI съезінде сөйлеген сөзінде айтқан.