Мәдениет пен руханияттың орталығы
Түркістан қаласы – қазақ тарихының алтын парақтарына енген, рухани және мәдени орталық. Қала аумағы 116 280 шақырымды құрайды. Түркістанда тарихи және мәдени орындар өте көп. 10 жыл артқа оралып, қазіргі Түркістан мен бұрынғы Түркістанды салыстырсаң, танымай қаласың. Себебі қаланың заманауи дамуы да қарқынды болып тұр. Тарихи ескерткіштердің бірі – Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі де осында орналасқан.
Қожа Ахмет Ясауи – орта ғасырдағы исламның ірі тұлғаларының бірі, сопылық ілімінің дамуында өзіндік үлесі бар ұстаз. Оның ілімі мен шығармашылығы қазақ мәдениетіне аса зор ықпалын тигізді, руханиятымыздың іргетасы болып қаланды.
Мавзолей 1395–1405 жылдары Әмір Темірдің бұйрығымен салынды. Тарихына үңілер болсақ, аталған ғимарат бір дана шегесіз салынған деседі. Бұл – сол кезеңдегі сәулет өнерінің беріктігі мен мықтылығын және тұрақтылығының айқын көрінісі.
Күмбезі 38 метр биіктікте соғылса, сыртқы және ішкі безендірулері мозаикалармен, ою-өрнектермен көмкерілген. Оған қоса ішкі бөлмелерінде ерекше әсемделген көрпелер бар. Ішкі ауласында мешіт, балаларға арналған медресселер мен тағы да басқа тарихи ғимараттар орналасқан. Кіреберістегі зәулім портал мен әшекейге толы колонналар келген туристер мен қала қонақтарын айрықша қызықтырады.
Мавзолей – тек сәулет ескерткіші емес, сонымен қатар мыңдаған зияратшылар үшін қасиетті орын. Ортағасырлық сәулет өнерінің көрнекті үлгісі, ол тек діни орталық қана емес, сонымен қатар қазақ халқының рухани дамуына үлесін қосқан киелі орталық. Мавзолейді көру үшін келген қонақтар дұға тілеп, зиярат етеді. Бүгінде Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген. Түркістан қала әкімдігі тарихи ескерткішті сақтау мен туристік тартымдылығын арттыру бағытында түрлі жұмыстар жүргізуде. Мавзолей жанында мәдени шаралар мен фестивальдер өткізіліп, жастарға Ясауи мұрасын таныстыру мақсатында түрлі бағдарламалар ұйымдастырылады. Түркістанға келген әрбір адам үшін бұл кешен рухани байлық пен тарихи құндылықтың қайнар көзі болып есептеледі.
Болат БЕГАРЫС,
Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТ
университетінің 1 курс студенті