Жаны ашып айтқан сөз
«Нұртөре Жүсіп – тәуелсіздік дәуірі тұсауын кескен, қанатты қаламгерлеріміздің қатарын сапалы тұрғыдан молайтқан, толықтырған «төртінші биліктің» талантты өкілі. Ол өміріміздегі өткір проблемалардың қай-қайсысын да қалт жібермейді. Оның қалғу білмейтін қаламы төрткүл дүниеде болып жататын үлкенді-кішілі, ірілі-ұсақты оқиғалар мен өзгеріс, жаңалықтарды тез көріп, тез қорытады. Әрі қысқа, әрі нұсқа жазады. Нұртөре Жүсіптің өзге тұстастарынан ерекшелініп тұратын бір қасиеті – кез келген мәселені көркем ой, кестелі тілмен жеткізе отырып, сол көтерген мәселенің шешімі мен түйіні мынадай-мынадай болады деген нақты ұсыныстар айта білетіндігі дер едім. «Құрғақ қасық ауыз жыртатынын» ол қалам ұстар алдында ойластырып қоятын болса керек. Осы жағынан келгенде журналист-публицист Нұртөре Жүсіптің қатардағы көп жазарманнан ойы да, бойы да биік тұрғанын айту керек. Бұл сөзімізге дәлел іздесеңіз қолыңыздағы кітапты асықпай, аптықпай парақтап көріңіз, зер салып, зейін қойып оқыңыз…».
ҚР Парламенті сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалиннің журналист-жазушы, республикалық «Айқын» газетінің Бас редакторы, Президент сыйлығының лауреаты Нұртөре Жүсіптің «Мың құмырсқа және Біз» атты кітабының беташарындағы «Бүгінгі көсемсөз» деп аталатын алғысөзі осылай басталыпты.
Бірнеше мерзімді баспасөздің тізгінін ұстаған қаламгер-публицистті оқырмандарына таныстырып жатудың өзі артық. Нұртөре Жүсіп – қазақ қоғамының бары мен жоғын жан-жақты қозғап әрі сол мәселелердің шешім табуының түрлі әдіс-тәсілдерін нұсқап беріп жүрген ойшыл қаламгер. Қоғам болмысы мен ұлт келбеті суреттелген публицистикалық жинаққа үңілер болсаңыз – ендігінің сөзін ұстаған қаламгердің қолтаңбасын дәл байқайсыз.Кітаптағы ой-толғамдар мен мақалалардың қай-қайсысы да оқырманға түрткі болуымен, шыншылдығымен құнды.
«Осы күні ұлттық идея туралы жиі айтылады. Қазақ үшін ұлттық идея деген не? – дейді толғана отырып Нұртөре Жүсіп. – Біреулер индустриялық-инновациялық даму дейді. Біреулер ұлттық құндылықтарға негізделген қоғам құру дейді. Біреулер демократиялық азаматтық қоғам орнату деседі… Осының бәрі керек шығар. Алайда, қазақ деген дархан пейіл, ақжүрек ұлтқа бұл заманның бүйрегі бұрып тұрған жоқ. Жан-жақтан еркін ағылған ақпараттар ағыны, мылтықсыз майдан, ұлтты ішінен іріткен індеттер қонақжай қалпыңа, құнды салтыңа, бұрынғы даңқыңа, момақан халқыңа қарап отыр ма?! Біздің қазақ үшін қазіргі ұлттық идея – аман қалу және көбею болса керек».
Иә, экономикалық әлеуетi мықты, жаңа технологиялық мүмкiндiктерi зор, табиғи қазба байлығы, мұнайы мен газы мол елдiң өзi әлемдi елең еткiзерлiк идеяға бас иедi. Ал күллі әлем бас иген идея бір ғана ұлттың бас амандығы мен тыныс-тіршілігін көксесе ше?! Әрине, ондайда әр ұлт өз «ғұмырын ұзартатын» идеяларға «аман болу» идеясына мойын бұратыны рас.
Автор айтқанынан түйгеніміз – біз осы күні ұлттық үнсiздiк дағдарысының куәгерлеріміз. Бұл дағдарыстан шығудың жолы – ұлттың өзгеріп бара жатқан қалпы мен келбетін, мінезін «айна қойып алдына» өзіне көрсету, өзіне білдіру. Қазақтың ең озық ойлары сандаған ғасыр бойы жүрегінен қаны сорғалап отырып ұлттың екіге жарылуы мен екі бөтен мінез танытуының сырын бекерге іздеді деймісіз? Бұл сырды қазақ қаламгерлері әлі де іздеп келеді екен…
Ұлттық құндылықтарымыз бен қазақы қалпымыздан біртіндеп алшақтап бара жатқанымыз да рас. Әсіресе, ұлт амандығы, ел бүтіндігі жолындағы ұлы мақсаттарда бас біріктіре алмау, «шортан көлге, шаян шөлге, аққу көкке» тартатын мінездерден арыла алмай жатқан тұсымызды «кітап – айнаға» үңілгенде байқай алсақ, қане?!
Қазақтың жан амандығы, тәуелсіздігінің беріктігі, жерінің бүтіндігі маңызды болып тұрған бүгінгі күнде, оқырман үшін жол да, жөн де сілтер осындай кітап дер шағында шыққан дүние болар деп есептейміз.
Кітаптағы «Қайран Ыбырай-ай?!», «Тіл үшін күресу – Тәуелсіздік үшін тіресу», «Қазақтың көңіліне кім қарайды?», Үйде үзілетін ұлт», «Азаматсыз ба?», «Біз бәріне сенеміз!», «Абайдың тілін неге алмаймыз?», «Қайтқан қазақтар», «Парақорлық», «Жас бола ма, бас бола ма?» дейтін және тағы басқа мақалалары да тағылымды. Соның бірер мысалдары мынадай:
«Тектілік әдептіліктен басталады. Мәдениетсіз қоғам – мешел қоғам.
Мәдениетсіз мемлекет – мертіккіш мемлекет…
Мәдениет ауылынан алыстаған сайын мәдениетсіз тобыр көбейеді. Мәдениетсіз тобыр – қылмыстық шоғыр құрайды…». («Әдет пен әдеп өзегі – мәдениет»).
«Бір қазақ өлсе, бар қазақ өлгендей қайғыруды қаперден шығардық.
Бар қазақ өлсе, бір қазақтың қайғырғанынан келер пайда не?!
Әр қазақтың өмірі – бір қазаққа, бір қазақтың өмірі – бар қазаққа байланып тұрған жоқ па?! Абай болайықшы, ағайын!». («Бір қазақ – бар қазақ, бар қазақ – бір қазақ»).
«Елмен елдің тілінде сөйлесу керек.
Елдің тілін ел білетін адам табады.
Елдің жайын елдің мүддесін ойлаған адам айтады.
Қазақтың жақсы аты шықса, бәріміз қуанамыз. «Атың шықпаса – жер өрте» дегенді де айтқан бұл қазақ. Өртпен шыққан ат ерте өшеді. Өсекпен шыққан ат та солай.
Абай мінеген қазақ мінезі әлі өзгере қойған жоқ. «Өз мінін білген кісі – екі кісіге төрелік айтады» деген нақыл сөз бар. Қазақтың ендігі ыңғайы елдік, егемендік, мемлекеттік мәселелерді ұлт пайдасына орай шешуде жатыр». («Болсайшы бұл қазақтың бәрі осындай!..»).
«Ұлттан безу – ұяттан безу. Ұяттан безу – аяттан безу.
Ар мен аятты бәрінен жоғары қойған ел едік. Сырттан таңылған, өз ішіміздегі ірілі-ұсақты жалпақбайлардың жалбағай жағымпаздығы мен сатқындығы танылған, басқалардың өмір сүру үдерісіне бағынған жаңа қалыпқа түстік. Мыңды, миллионды сатып алу мүмкін емес, ал бір немесе бірнеше адамды сатып алу оңай». («Дүниенің түбіне дүние жетеді»).
Кітапқа Нұртөре Жүсіптің қоғамның өзекті мәселелері туралы жазған көркем публицистикалық мақалалары мен «Түркістан» газетіне берген сұхбаты топтастырылыпты. Өзiмiз өмiр сүрiп жатқан елдi толық танимыз ба?Мемлекеттің әлеуетін арттыру, интеллектуалды деңгейімізді көтеру жолында өз жүрегімізге қаншалықты терең үңіліп, өзге жүректердің соғысын қаншалықты тыңдай алып жүрміз? Әлемдi жаулаған ғаламдық мәдениеттің ұлтқа әсері қаншалықты? Ғаламдық үрдістерден қашып құтылу еш мүмкін емес десек те, сырттан нені үйреніп, неден жирену керегін қалай елеп-екшеуге болады? Кітапты толық оқып шыққан оқырман осы тақылеттес сұрақтардың жауабын таппақ.
Кітаптың алғысөзін жазған сенатор Нұрлан Мырқасымұлы: «Қаламы жүйрік Нұртөренің «Мың құмырсқа және Біз» деп аталатын бұл публицистикалық жинағы оқыған адамын ойландырмай, толғандырмай қалмайды.
«Мың құмырсқа және Біз» деген кітаптың маңызы мен мәні де тап осы қасиетті де қастерлі ұғымды ұлтымыздың Темірқазығы етіп ұстануында жатыр.
Жаншып айтатын сөздер болады. Жаныңды жасытады. Жаны ашып айтатын сөздер болады. Қаныңды тасытады. Мына кітапта Нұртөре Жүсіптің жаны ашып айтқан сөздері жеткілікті. Кей тұста қатты айтқан, қатты кеткендей болып көрінуі де мүмкін. Әйтсе де, қалғып бара жатқан қоғамдық сананы осылай қайрамаса да болмайды. Зерделі оқырман мұның бәрі ақыл таразысына салып, ойдан ой қуалатып, көңіл түкпіріне тоқып оқитынына кәміл сенімдімін», – депті.
Бар мен жоқты бағамдап, автордың айтарын ақылға салып оқитын оқыр-манға «Мың құмырсқа және Біз» кітабынан оқырманның алары мол.
Айта кетейік, белгілі журналист Асқар Беков басқаратын «Алтай-Media» баспасынан жарық көрген бұл кітаптың жарыққа шығуына «Айқын» газетінің қызметкерлері сеп болған екен.
Қарагөз СЕРІКҚЫЗЫ