ЖҮЙЕДЕГІЛЕРДІҢ ҚАУАШАҒЫН АШЫП КӨРСЕ, ШІРКІН!
06.09.2022
888
0

Үміт Жұбанышева – қазақстандық суретші, безендіруші. Жақында ғана айды аспанға бір-ақ шығарып, «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» атты анимациялық фильмі Токиодағы халықаралық фестивальде үздік анимациясы үшін алтын медаль жеңіп алыпты. Бұл жұмысын Үміт ханым қызы Маржан Жұбанышпен бірігіп, жеке шеберханасында жасап шыққанын да айта кету керек. Біз осы фильмнің сценарийін жазып, өзі қоюшы-суретшісі болған Үміт Жұбанышованы жеңісімен құттықтадық. Суретшінің айтуынша, бұл шығарма оның жеке тағдырымен де байланысты екен.

«Рақмет! Фильм 7 жасар қыз баланың көз қарасымен, түсінігімен айтылады. Үнемі әкесінің «Шаңыр­а­ғымыз­дың иесі жоқ… Оны қайтеміз? Шаңырақтың иесі болғанда жан-жағым жарыққа толып, өмірім ұзарар еді», – деген реніш сөздерін жиі естіген кішкене кенже қызы сол шаңырақтың иесін тауып, әкесін қуантқысы келеді. Ауыл балаларының қатысуымен болған бәйгеге, үйдегі атқа (аттың атын Ою деп қыз қойған) қызды отырғызғанда, көршісінің: «Бәйгеге қыз шаба ма екен?» – деп мұқатуы, әкесінің атқа көтеріліп міне алмай, есекті ерттеуі, көршінің «Жұбеке, енді атқа міне алмайсыз, менің бұзығым мінсін, көршіміз ғой», – деп атты зорлықпен алып кетуі, осының бәрі кішкентай қызға қатты әсер етеді. Шаңырақтың иесін іздеп шығып, жолда талай қиындыққа тап келеді. Фильмде «Шаңырақтың иесінің» рөлін, маңыздылығын түсіндіруге тырыстық. Бұл – менің автобиографиялық өмірім», – деді Үміт Жұбанышева.
Күнделікті өмірде өзімізде шыққан анимациялық фильмдерге деген өкпе-реніш көп айтылады. Бірі суретіне, бірі идеясына енді бірі тіліне тиісіп жатқанын көзіміз шалады. Бірақ анимациялық фильм жасаудың қиындығы үнемі көзден таса қалып қояды. Мысалы, анасы мен қызы осы «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмінді» жарыққа шығару үшін төрт жарым жыл уақытын сарп еткен. Фильм авторлық «Тынжы» студиясында жасалған.
«Иә төрт жарым жыл бойы қызым Маржан (анимация режиссері, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегі) екеуміз осы фильмді жарыққа шығару үшін еңбектендік. Анимациясы қиын сахналарда Арыстан атты аниматорды шақырдық. Оған қаражатты ұлым Мағжан (шетел компаниясының сайт жасаушысы) айлық төлеп отырды. «Тынжы» дегеніміз адамның ішіндегі, маза бермейтін күш. Әкем бұзықтық жасағанда: «Тиіспеңдер! Ішіндегі Тынжы бұны тыныш отырғызбай тұр, түбі менің атымды осы Тынжым шығарады», – дейтін. Сондықтан бас кейіпкер қыздың атын да Тынжы деп қойдық. Шағын кәдесый студиямызды да «Тынжы» деп атадық».
Бұл фильмнің басым бөлігін қызы екеуі құрастырғанын айтты. Өзі атап өткендей Маржан ханым да анасының жолын қуып, осы салада қызмет етіп жүрген кәсіби маман екен. Ғаламтордан Маржан Жұбаныштың «Бәрінен де сен сұлу» мультфильміне көзіміз түсті. Онда да ұлттық колорит, тіпті ауызекі ауыл әңгімесі де жақсы беріліпті. Бір сөзбен айт­қанда осы қоғам мүшесі, әсіресе қаймағы бұзылмаған ауыл тұрғындарының өзін, не біреуді тани алатындай фильм. Анасы мен қызының туындыларының бәрінде дерлік ұлттық көрініс аңқып тұрады. Бұл әдейі солай ойластырылғандықтан ба, әлде шығармашылықта көрініс тапқан бейсаналы түрдегі гендік әсер ме?
«Бұл сценарийдің жазылғанына шамамен он жеті жылдай болды. Үнемі өңделіп, қысқарып, жеткен жері осы. Тіршіліктің соңында жүріп уақыттың қалай өткенін байқамай қалыппын. «Бәрінен де сен сұлу» мультфильмі ауылдағы ауызекі әңгімеден құралған әзіл. Қызымның дипломдық жұмысы. Барлық жұмыстарда ұлттық бояудың болуы – заңдылық. Мен ауылда өстім.Көрген, естіген, түйгендерімді кіргізуге тырысамын».

«Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» интернетте ашық қолданыста болмаған соң толық көре алмадым, бірақ тизерді көзім шалып қалды. Ондағы ұлт­тық колорит­ті былай қойғанда, ғарыштық кеңістік, аспани еркіндік бар секілді. Жалпы сюжет белгілі бір жерге таңылмаған, ашық кеңістікте өрбитіндей. Бұл автордың қолтаңбасы ма әлде арнайы ойластырылған идея ма?
«Ғарыш, аспан – әр баланың арманы, ой-қиялы. Кішкене қыздың арманы әкесіне шаңырақтың иесін тауып қуанту, әкесінің сөзімен айтқанда «Өмірін ұзартып, жан-жағын жарық сәулеге толтыру». Бірақ ол өзі шаңырақтың иесі кім екенін білмейді де», – деді Үміт ханым.
Жаңағы тизерді қайта көріп, кеңістіктегі спиральдарға көзі түседі. Ондағы аспанға қарап еріксіз ойға Ван Гогтың «Жұлдызды аспаны» оралады екен. Жалпы бұл нақ соның көшірмесі деуден аулақпын, керісінше, орта азиялық колорит арқылы көрсетілген Ван Гог секілді әсер етеді. Біз оған өзіміздің көзбен қарай аламыз. Бұл фильмде Ван Гогқа немесе басқа ірі суретшілерге, мифтерге сілтеме бар ма? Үміт ханымның айтуынша, ондағы бейненің бәрі дерлік балалық шақтан қалған әсердің нәтижесі ғана.
«Ауылда кепе қораның үстіне шығып алып, қиялға ерік беретінбіз. Қораның ішінде қой-ешкілер, төбеде біз деп ойлап, кеңістігімізді кеңейткендей боламыз. Тағы бір жерінде кеңістік, космосты пайдалануымыз, әйелдің босанар алдындағы қиналысын көрсеткіміз келді. Адамнан адам шығу өте ауыр, әйел өмір мен өлім табалдырығында тұрады, небір жылт-жылт еткен жарықтар, космостың сан ғажайып көрінісі өтеді көз алдыңнан. Бұл сюжетте әйелдің қиналғаны арқылы ана өмір мен осы өмірдің табалдырығын көрсетуге тырыстық.. Кешірім сұраймыз, Ван Гог ойда болмапты».
Жалпы анимация өзі өте қызық жанр ғой. Балаларға арналған фильм жасау қаншалықты қиын? Балаға арнап шығарма жазу үшін баланың көзімен қарау керек деп жатады. Бұның сырына да қанық болу үшін Үміт ханымнан жауап күттік.
«Мен қызыма: «Ішімде анамнан қалған, өзімнен қосқан көп дүние жатыр. Соны шығаруға көмектес, сосын әрі қарай көрерміз деймін ылғи. Сондықтан әзір тек іштегі дүниелерді шығарып жатырмыз. Ол қай көрерменге арналғанын білмедім. Анимация инемен құдық қазғандай. Ал бұл саланы сүйіп істесең, жаның рахат табады».
Үміт Жұбанышева тек анимациялық фильмдерге сценарий жазып, сурет салудан бөлек, миниатюра салумен айналысады екен. Жеке шығармашылық көрмелері де қойыл­ған. Асқабақ бетіне салынған миниатюралары шығармашылық ортада көп талқыланғанын да БАҚ беттерінде көзіміз шалды. Суреттердің дені шығыстық мотивпен өрнектелген. Бояулары қанық. «Сезім» атты миниа­тюралар желісін де көрдім. Бейнелеу өнеріндегі жеке шығармашылығы туралы сұрап көрдік.
«Иә мен миниатюра саласын жақсы көремін, себебі онда айтылар оқиға, ой бар. Бұрынғы шығыс миниатюраларын көріп, біз олардың не жеп, не кигенін, қалай, қай қарумен соғысқанын көріп білеміз. Менің жұмыстарымда көбіне ауыл оқиғалары бейнеленген. Қауақ бұл бір ғажап өсімдік, бояуы тура менің Қызылордамның түсі секілді. «Айтбай арық жағасында» деп аталатын 40 жылдан асқан жұмысым бар қауаққа салынған. Майлы бояу сол қалпында қалған. Қауаққа сурет салу барлық елде таралған. Қазір тіпті шет елде үлкен фермалардың қасынан студиялар ашылып, көп ауыл адамдары миниа­тюра салумен айналысады. Әрине, әркімнің өз қолтаңбасы бар. «Сезім» сериясы 1996жылдарда басталған. Ол кездегі «Сезім» басқаша еді. Жастық максимализм, пікірмен санаспау, батырлық дегендей, екі адамның қатынасын ашықтау бейнелейтінмін. Бірақ еш оғаш, анайылық жоқ. Маған сол көріністерді бейнелеуде адамдардың сезім сәтіндегі пластикасы, майысуы, әдемі қозғалыстарын салу ұнайды. Қазір есейдік, батылдығым азайды, сезім сериясындағы кейіпкерлерім киіне бастады. Алда өмір болса көрерміз. Және де қосымша кітап безендірушісі болып жұмыс істеп келемін. Комикс салғанды да жаным сүйеді».
Жауыр болған сұрақ болса да қоюға мәжбүр болдым. Анимация маманын көрсек, қазақ анимациясы туралы әңгімені айналып өте алмаспыз. Қазіргі қазақ анимациясының жағдайы қандай? Өткенімен салыстырғанда өзгеріс бар ма? Әлбетте бірді-екілі жарқ етіп, жарыққа шығып жататындары бар. Бірақ біздің елдің мультфильмдерін қазақ балалары қашан жаппай көреді деп ойлайсыз?
«Анимация қазіргі кезде жақсы дамуда. Жастар өте көп, жақында жоғарғы министрлік қаражат бөліп, «Пичинг» байқау ұйымдастырды. Қатысқандардың көбі жастар. Қызым екеуміз қатысып, «Сауға» деген сценариіміз өтті. Бір олқы жері, тіпті жаман жері: шілдеде өткен фильмімізге әлі қаражат бөлінбеді. «Қарашаның он алтысында бітіріп бересіңдер, әйтпесе айыппұл төлейсіңдер», – деген құжатқа қол қойдық. Қоймасқа амал жоқ, бәріне жұмыс керек. 10 минуттық мультфильм шамамен 8 ай істелу керек, ал әлі бастауға ақша түскен жоқ. Қазір, міне, қыркүйек. Үш жарым ай ғана қалды. Сонда не дұрыс дүние жасалады деп ойлайсыз? Сол жүйедегілердің қауашағын ашып көрсе, шіркін! Соның салдарынан дұрыс дүние шықпай жатыр. Бәрінен бұрын жастарға обал. Мультфильм үзбей жасалып, жұмыс болып тұрса қабілет (шеберлік) өседі. Біздің жастардың көзі ашық, өте талантты», – деп сөзін аяқтады Үміт ханым.

P.S. Расында қазіргі қазақ өнері бірте-бірте биікке шығып, әлемдік сахнадан орнын тауып жатыр. Соған кедергі болмай, керісінше, көмек көрсетсе игі еді дейміз. Музыка, кино, анимация, бейнелеу өнері саласында жас әрі талантты, білімді жастар бар, жоқ емес. Басын көтергенін төбесінен салып қалып, озып бара жатқанның аяғынан шалатын жылы орындағылардың құлағына алтын сырға. Қазақта өнер бар, бірақ соны өлтіретін де сол қазақ.

Сұхбаттасқан
Абзал СҮЛЕЙМЕН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір