ДЕНІ САУДЫҢ ЖАНЫ САУ
«Бірінші байлық — денсаулық» деп мақалдатқан қазақ халқы ежелден жан саулығы мен тән саулығына зор мән берген. Бұл саладағы оң өзгерістер мен тың жаңалықтар кімді де болсын бей-жай қалдырмайды.
Жуырда Тараз қаласында сәулелік терапияға арналған жоғары технологиялық үдеткішпен, сондай-ақ соңғы КТ және МРТ аппараттарымен, эндоскопиялық және ең аз инвазивті жабдықтармен жабдықталған заманауи онкологиялық орталық ашылып, өз жұмысын бастап кетті.
Орталық халықаралық стандарттарға сәйкес реанимация, анестезиология бөлімшелерімен, операциялық блок құрылғыларымен қамтамасыз етілді.
«Онкологиялық орталықтағы цитостатиктерді орталық сұйылтудың автоматтандырылған кабинеті венаішілік инфузияға арналған химиялық, таргеттік және иммунологиялық-онкологиялық препараттардың ерітінділерін жылдам дайындауға мүмкіндік береді.
Консультациялық-диагностикалық емхана келушілер үшін өте ыңғайлы. Барлық бөлімшелердегі медицина қызметкерлеріне нәтижелі жұмыс үшін барлық жағдайлар қарастырылған», — дейді мамандар.
Сонымен қатар күні кеше Денсаулық сақтау министрлігі онлайн платформа арқылы жастарға психологиялық қолдау көрсету жобасын іске асырды.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы БҰҰ Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) бірлесіп, USuppot интернет-платформасын іске қосуға дайындады, ол арқылы балалар мен жастар білікті мамандардан психологиялық қолдау ала алады.
Қазіргі уақытта жасөспірімдер мен жастардың психикалық дағдарыстармен, мазасыздықпен, депрессиямен, басқа да жағымсыз эмоционалды жағдайлармен жиі бетпе-бет келетіні көпті алаңдатып отыр.
ДДҰ мәліметі бойынша, психикалық бұзылулардың жартысы 14 жастан басталса, 75 пайызы 24 жасқа дейін дамиды екен. Ондай жағдайдың айқын байқалатындары да, бірден сыр бере қоймайтындары да кездеседі. Осыған орай қолға алынып отырған USupport — психикалық денсаулық бойынша онлайн қызметтер көрсету саласындағы әлемдік сарапшылардың озық тәжірибесі негізінде әзірленуде. Бұл платформа арқылы анонимді көмек алуға, бейне, аудио-чаттарға қосылуға мүмкіндік туады. Мұнда ең көп таралған психикалық денсаулық мәселелері мен жас ұрпақтың психоәлеуметтік мәселелері талқыланады.
Жаңа платформа жастарға стигматизациялық факторларсыз қажетті көмек ала отырып, психикалық денсаулық сақтау қызметінің мамандарымен тиімді байланыс орнатуға, тілдесуге, ем қабылдауға тиімді жағдай қалыптастырады.
Жастардың психикалық денсаулығын қолдауға арналған бірлескен жоба, жоспар бойынша, 2023 жылдың соңына дейін іске қосылады.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Ләззат Ералиевамен медицина ғылымын дамыту саласындағы ынтымақтастық мәселесі бойынша кездесу өткізгені де денсаулық саласын одан әрі оңтайландырады деп күтілуде.
Қазіргі уақытта Ұлттық ғылым академиясы форсайттық зерттеу жобасын әзірлеумен айналысады, ол үшін 4 отандық және 4 шетелдік маманды қамтитын сараптамалық топ құрылған. 2023 жылға арналған форсайттық зерттеудің басым бағыттарының бірі — геномдық редакциялау зертханаларын дамыту тұжырымдамасын әзірлеу.
Қазақстанда ядролық медицинаны дамыту, медициналық ҒЗИ, ҰО базасында ғылыми кадрлар даярлау, иммундау мәселелері сияқты маңызды мәселелер көтерілген кездесу соңында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният отандық медицина ғылымын дамыту бойынша бірлесіп жұмыс істеу мақсатында белсенді ынтымақтастыққа дайын екендігін де атап өткен.