ТЕРЕЗЕМДІ АШЫП ҚОЙШЫ, ЗАЙДАХАН…
21.05.2024
92
0

Ардақты Зайда апамыз өмірден өтті. Бұл пәнидегі пешенесіне сексен жеті жас бұйырды. Қазақ әдебиетінің классигі, аса көрнекті ақын Қалижан Бекхожиннің жан жары. Танымал тележурналист, майталман медиаменеджер Ерлан Бекхожиннің аяулы анасы. Қазақтың талай марғасқаларына дастархан жайған қонақжай кейуана. Әдебиеттің әңгімесін бір қаламгердей жетік білетін ойлы оқырман. Ұрпақ тәрбиесін ұдайы қозғап, ұл-қыздың келешегіне үнемі алаңдап отыратын ұлағатты ұстаз, парасатты педагог. Өзіміз де сан рет қолынан дәм таттық. Шуағы мол шаңырағына бар-жоғы бір-екі сағатқа бас сұқсаң да, сол уақыт ішінде сені айналып-толғанып, асты-үстіңе түсіп, туған шешеңнен бетер өбектейді. Мейір мен пейіл деген ұғымның адамдар арасындағы эталонын іздесеңіз, ойланбастан осы Зайда апамызды көрсетер едік. Жүректің сөзін айтып, жадымызға жазуымыз да, жанымызбен жырлауымыз да мүмкін, бірақ оның бедерлі бейнесі мен мәрт мінезі туралы қарағайдың қарсы біткен бұтағы – Қалижан ақыннан асырып кім айта алар?! Шартарапқа мәшһүр шайыр бір кезде былай деп жырлапты:

Тереземді перделеме, Зайдахан,
Күлімдеген жұрттың көзін көрейін,
Тыңдап бақтан бұлбұл даусын сайраған,
Бәйтеректей көтерілісін мерейім.

Әйнегімді бүркемеші, Зайдахан,
Батар күннің шырайына қарайын,
Найзағайдың бұлтты қуып ойнаған,
Жанарыма түсірейін арайын.
Тереземді ашып қойшы, Зайдахан,
Түнде тұрып жұлдыздарды байқайын.
Бір досымның талайына жайнаған,
Жұлдыз көрсем, соны жыр ғып айтайын.

Әйнегімді айқара ашып, Зайдахан,
Шолайыншы шың-құздарды ерте мен.
Самал таудан, толқындасын ой маған,
Биіктесін жырмен өрлеп мәртебем.

Қалижан ақын бұл өлеңді бұдан тура елу жыл бұрын жазған екен. Содан бері терезені ашып қойып, атақты ақынға саф ауа сыйлау зерделі Зайданың дәстүрлі дағдысына айналды. Қалижанның кәусар ауаға құмары қанды-ау дегенде барып, сыртқы әлемге айқара ашық терезені жабатын. Жапқан соң терезенің жақтауын алақанымен аялап, саусағымен саялап тұрар еді. Қалижан көкем дүние салғаннан кейін де бұл дағды үзілмеді. Ол: «Қалекеңнің қайсар рухы қасиетті құтхананың ішінде жүр», – деп санады. Соған өзі шүбәсіз сенді. Сол терезе бүгін сәскеден бері ашық тұр… Мамырдың майда желі жақтауды жұлқығандай болады. Оған терезе бейбақ қыңқ етпейді. Терезе екеш терезеге дейін, «Зайда апам, қайда апам?», – деп қапалы күңіренгендей азалы бір күйге енген. Жарты ғасыр бойы Қалекеңнің әміріне құлдық ұрған тарихи терезеге дейін жетім қалды-ау бүгін…

* * *
Ерлан Қалижанұлы, асыл анаңыздың алдынан жарылқасын!

Бауыржан Омарұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір