Асылын қайран өмір іздетеді…
Ғайса-Ғали СЕЙТАҚ
Тоғайда туған жыр
Таң атып, тоғайда да кеш кіреді,
Бұл соқпақ жаңа ма еді, ескі ме еді,
Қыстың да бітетінін білдіргендей,
Құстың да сайрағаны естіледі.
Сездірмей мезгіл келіп, ауысқанда,
Жан біткен қыс қызығын
тауысқан ба?
…Басына бір теректің тұрақтамай,
Сақтығын көрсетеді сауысқан да.
Тартады сиқыр күші түздің нендей,
Жемісін кеш болса да үздіргендей.
Оңғанмен ағаш өңі, қайта түлер,
Болады әредікте қыз күлгендей.
Тоғайда бар тіршілік үндескендей,
Жер – ортақ,
тағдырымыз бір дескендей.
Сыбдыры жел тербеген бұталардың,
Шаңғының сырылымен
үндескендей.
Оңаша, орман іші неткен ғажап,
Тұрғандай күміс сәуле көктен тарап.
…Маңдайын Күнге тосып,
бір бусанып,
Жатқандай қар астынан
Көктем қарап!
Бесік
Бұл нәубет ел басына неше келді,
Адамдар ауылынан көше ме енді?!
Кесек мұз аулаларды жайпап өтіп,
Қызыл су басып жатыр көшелерді.
Кетті деп бәрі суға күйінген көп,
Дәл бұлай қабақ тіптен түйілген жоқ.
Айқайлап жанашыр жүр
жанұшырған,
«Ал да шық құжатыңды үйіңнен!» – деп.
Түтіні өше ме енді, пеші құлап,
Артында туған үйдің есігі қап,
Барады жолға шығып жас ана да,
Қолына сәбиі мен бесігін ап.
Баса ма қарғын судың мысы кілең,
Қалғандай тауы қайтып, қысылып ел.
Қыңсылап күшік пенен ит жүгіріп,
Барады біреу көшіп мысығымен.
Дүлей күш кенет солай салады лаң,
Айналып қорқынышқа барады маң.
Бірақ жұрт оралады Отанына,
Ауылды айыра алмас адамынан!
Ешкім де айырылмасын баспанадан,
Ырысын жинай алмас шашқан адам.
…Есігін болашақтың ашамын деп,
Бесігін қазақ осы тастамаған!
Бейітке ауыл көшпегей
Қарсы алатын адам аз бауыр десіп,
Кеткендей ме бейітке ауыл көшіп?!
Бар танысың жатқандай
қыр басында,
Тербегендей көңілді қауым-бесік.
Өтіп дәурен, бәрі де алыстапты-ай,
Жүргендейсің,
жөн сілтер жан ұстатпай.
Өткендерге дұға етіп, жүгінесің,
Тірілердің ішінен таныс таппай.
Ұшқан жандар осында әр ұядан,
Жақсылығын адам жоқ жариялар.
Еміреніп тұрғандай ана біткен,
Бір үмітпен қарай ма қариялар?!
Жиі ауылға белгілі бара алмасың,
Елегізген көңілде алаң басым.
Күлімсіреп құрдасың бір бұрыштан,
Сырын шертіп тұрғандай
замандасың.
Өтті қанша ер жігіт жарын құшқан,
Тіршілікте жақсыға
жаның құштар.
Үлкенді – үлкен, кішіні – кіші демей,
Құшағына алғандай қабірстан.
Тербегендей көңілді қауым-бесік,
Қарсы алатын адам аз бауыр десіп.
…Келген сайын қоштасып,
аттанасың,
Кетпегей деп бейітке ауыл көшіп.
* * *
Осылай, жаз да өтеді, күз де өтеді,
Асылын қайран өмір іздетеді.
Қанша жан көзден бұлбұл
кеткен ұшып,
Аңсаған жастық шақты біз бе, тегі.
Арудай албыраған көктем де өтер,
Қыс мініп қаһарына, өктем жетер.
Өз басын соққан желден
көтере алмай,
Көз жасын жандаймыз ба
төккен бекер?!
Туламас көңіл-тұлпар баяғыдай,
Кәрілік алдан құшақ жаяды ма-ай?!
Шындықты біз ақыры
мойындармыз,
Тірліктің тиіп басқа таяғы ұдай.
Ұмыт боп қалқатаймен
шақ табысқан,
Жеткізбей, қол соза ма
бақ та алыстан.
…Ең соңғы аялдама десе бір күн,
Түсеміз өмір атты автобустан.
Күзде гүлдеген
алма ағашы
Көрдім күзде гүлдеген
алма ағашын,
Табиғатқа кейде осы таңғаласың.
Мизамшуақ бәрін де
маужыратып,
Көктем келіп қалғандай,
алданасың.
Неге, неге беймезгіл гүлдеді екен,
Өтіп енді кете ме күндер бекер,
Жапырағын тонатқан
теректей-ақ,
Шақ келе ме сұп-суық, мүлде бөтен?!
Жүрек сырын бөліспей ешкімменен,
Келер күнге, кім білген,
көштің немен,
Арманың ба бұл әлде қол жетпейтін,
Алма ағашы секілді кеш гүлдеген.
Түсіргенмен сәулесін күндер, мейлі,
Жемісін де беріп ол үлгермейді.
Бұл өмірде бәрі де өзгереді,
Жүрек қана жалғыз-ақ түрленбейді.
Бақтың мынау жұпардай бар ма ауасы,
Табыла ма, білмеймін,
жан дауасы.
…Енді қайтіп жастық шақ оралмасын,
Тұрғандай ма сездіріп алма ағашы?!
Қар басып қалған гүл…
Қар басып қалды гүлді,
Кеткендей сән бұрынғы.
Күзгі күн сияқтанған,
Қайтемін жанды мұңды.
Күлмейді бақ та мына,
Қара бұлт қаптады ма?
Қар жауып қабағынан,
Қыс келе жатқаны ма?!
Күн нұрын төксе жерге,
Қыс әлде кеш келер ме?!
Көрінер көк шөп қайта,
Қар еріп кетсе демде.
Көз байлап тұман кейде,
Көлбеңдеп тұрар бейне,
Күз бен қыс тайталасып,
Құмардан шығам дей ме?!
Күн қанша мұңға ұласқан,
Күркіреп, тынды ма аспан?!
…Қайғыдай жүректі езген
Қар жатыр гүлді басқан.
Желтоқсанда жер қара…
Желтоқсанда жер қара, көңіл алаң,
Жортып түзде,
жүр ме екен бөрі де аман.
Жан жарасы сыздап кіл, жазылмаса,
Жұрт қалайша көңілді көріне алар?!
Жел азынап,
шаң ұшып,
маза қашқан,
Жасын жерге төгер ме азалы аспан.
Жапырақтан терек тұр
жұрдай болып,
Жан секілді өмірде жаза басқан.
Жаумаса қар, мал түгіл, адам да азар,
Жетсе уақыты, бір күні тарар базар.
Жаназаға жан-жақтан
ел жиылып,
Жанашыры қаралы хабар жазар.
Жетімсірер, ағаштың сәні кірмей,
Жақынның да кетер жұрт
халін білмей.
Жүрсе тірі, болғанмен адам бөлек,
Жер қойнына енген соң,
бәрі бірдей.
Жерге ақыры құр сүйек,
тәні барар,
Жұмақта ма, кім білген,
жаны қалар.
…Желтоқсанда бір суық бар әйтеуір,
Жыл соңында жүректі
қарып алар.
* * *
Тоқтамаса адам сөз ұғып,
Қасиет қалмас ғазалдан.
Бейне өзін дарын сезініп,
Көбейсе қайттік жазарман?!
Ұмыттық па екен тобаны,
Шығардық кімді ақын ғып.
Өлеңнің қайда обалы,
Қалмаса құны бақырлық.
Болмаса талант бойыңда,
Алынбас, сірә, қамал бұл.
Төгіліп түспес ойың да,
Киесі қашса қаламның.
Шыққан соң жазып зейнетке,
Қария соған малданар.
Артамыз кімге кейде өкпе,
Қалмады түк те таңданар.
Ақырет, тіпті жақын ба,
Дарынсыз қуар көлем көп.
Артықтау айту ақыл да,
Кітабы бар да, өлең жоқ.
Түседі жазу қаншама,
Өмірдің толар тақтасы.
Өлермен талмай қақса да,
Ашылмас жырдың қақпасы.
Жауһарын жырдың алтын де,
Бесікке оны бөлер кім?!
…Қолжаулық сынды әркімге,
Қор болмай өтсе, Өлең – дүр!