«Қайран, Шәмші» аяқталмаған фильм
18.09.2023
79
0

   Шәмшімен таныстық

«Өнерін сыйлаған жұрт өрге шығады, дәстүрін сыйлаған жұрт төрге шығады» деген тәмсіл бар.
Жақын арада республикалық «Қазақ­стан» телеарнасынан Қазақстанның Еңбек Ері, халық әртісі, Мемлекет­тік сыйлықтың иегері, Мемлекет­тік Гимнің авторы, композитор Шәмші Қалдаяқовтың творчествосына арналған үлкен концерт Астана қаласынан көрсетілді. Зәулім сарайда өткен ауқымды шараға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған зиялы қауым өкілдері қатысқанын көрдік. Залда жиналған халық Шәмшінің әр орындалған әніне қуанып, зор ынтызарлықпен қосыла шырқап отырды. Осы бір тамаша көрініске қат­ты тебіренген мен көзіме келген ыстық жасты әрең іркіп отырдым. Міне, жаңа, жаңғырған Қазақстан! Міне, өзінің талант­ты тұлғасын тұғырына қондырған қазақ елі! Мақтануға тұрарлық оқиға…
Есіме осыдан отыз үш жыл бұрын өзім куә болған оқиға еріксіз есіме түсті. 1990 жыл. Шілде. Радиоқабылдағыштан беріліп жатқан сұхбат­ты құлағым шалып қалды. Сұхбат берушінің дауысы қарлығыңқырап шығады. Әңгіме өнер, ән туралы өрбіді. Айтқандары ұнап отыр. «Кім болды екен?» деген қызығушылығым өрши түсті. Журналистің «Шәмші аға…» деп кезекті сұрағын берген кезде, өзімнің бала кезден әнін тыңдап өскен Шәмші Қалдаяқов екенін түсіндім. Сұхбат аяқталды, ал менің ойыма мектепте оқып жүрген кезім орала берді.
ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов «Қаратау тәжі – Кентау» деп сұлулығына тамсанған кеншілер қаласы шынында көркем де, әсем қала. Тау-кен саласында «жылдам бұрғылау» (скоростная проходка) жөнінен әлемдік рекордтарды бірнеше мәрте жаңартқан, экономикалық-әлеумет­тік мәдени жағынан республикада атағы шыққан шағын қалалардың бірі емес, бірегейі болды.
Кәрі Қаратаудың баурайында орналасқан осы шағын қалада менің балалық, балдәурен шағым өт­ті.
Көктемнің жайма-шуақ күндерінің бірінде №2 мектеп интернатындағы сынып жетекшіміз Хасенов деген ағай ән сабағында: «Ал, балақайлар бүгін біз мына бір тамаша әнді үйренеміз», – деді. Қолындағы бір жапырақ қағазда ән мәтіні. «Әннің авторы – сүйікті композиторымыз Шәмші Қалдаяқов» деді де, өзі шырқай жөнелді. «Ана турaлы жыр» әнінің әуені мен тамаша сөзі бәрімізді бірден баурап алды. Шалғай ауылдардан келіп, мектеп-интернат­та оқып жатқан қарадомалақ балалар алыста қалған аналары есіне түсіп, көздеріне жас алды. Сүйемелдеуші аккордеоншы бала – бізден 4-5 сынып жоғары оқитын, ке­йіннен ел таныған талант­ты композитор
Сейдолла Бәйтереков еді…
Міне, менің Шәмші ағамен таныс­тығым осылай басталды.
Радиоқабылдағыштан шырқалған «Бақыт құшағында» әні қалықтап барып басылды. Шәмші аға әңгімені ары қарай жалғастырды.
Япырай, Шәмшіні өзін көрмек түгілі дауысын өз құлағыммен алғаш естуім. Аңыз ағаның көзі тірі екенін, бұл өмірде бар екені мен үшін үлкен жаңалық болды. Ол кезде Алматыдағы «Қазақтелефильм» студиясында тырнақалды туындыларым – «Халимат тағдыры», «Жоқшы»,
Мұстафа Өзтүрік туралы «Барып қайт, балам, ауылға!» фильмдерін телеэкранға шығарған кезім. Қайтсем де Шәмші ағаны тауып алып, киноға түсірсем деген идеяның дәл сол кезде келгені рас.
Жұмысын енді бастаған жас режиссерді ұлы композитор Шәмшімен эфирде кездестіргені үшін жасы жүзден асқан қазақ радиосына рақмет айтамын!
Ақиқатына жүгінсек, өткен ғасырда 90-жылдардың бас кезінде композитор ағамыздың бейнесін, өзімен аралас-құралас үзеңгілес жолдастары болмаса, жалпы халық біле бермейтін еді. Шәмші Қалдаяқовтың тұсында кино, телевидениенің республикамызда дамыған кезі емес пе? Ол кездері теледидарды қоса қалсаң, әншілеріміз ән айтып, ақын-жазушыларымыз өлеңдерін оқып, алдыңғы қатарлы жұмысшы, малшы қауымы, колхозшылар жалынды сөздерімен есте қалатын. Өкінішке қарай, олардың ортасында халқы шын сүйіп қабылдаған Мұқағалиға да, Жұмекенге де, Шәмшіге де және басқа ұлы тұлғаларымызға орын табылмады.

Шәмші неге жылады?

Ұлт мүддесі үшін толағай қызмет еткен қазақтың зиялы өкілдерін дәріптемеу саясаты өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан бастау алып, ол үрдіс еліміз тәуелсіздік алғанға дейін қатаң түрде ашық жалғасын тапты.
1990 жылы Шәмші Қалдаяқовтың 60 жылдығын атап өтудегі кедергілер, қиыншылықтар туралы жазушы Оразбек Бодықовтың «Шәмші туралы жыр» кітабында егжей-тегжейлі жазылған. Орекең Шәмшімен бірге егіз қозыдай болып, композитордың өмірінің соңғы үш жылында жұптары ажырамай бірге жүрді. Жамбыл облысының бірінші хатшысы Хасен Бектұрғанов қала маңыңдағы дүнген ауылынан үй құрылысын жүргізуге жер берген. Сол жерде үйдің іргетасын ғана қалап үлгерген Шәмші ағамыз Х.Бектұрғанов қызмет ауыстырған соң салам деген үйін бітіре алмай, тек гараж салып алған екен. Сол жерде қайран Шәмші аға он жеті жылдай тіршілік кешкен. Бұл жәйт­тер композитор туралы кино түсіріліп біткеннен кейін белгілі болды.
Шәмшінің гаражында Орекең мен Шәкең қоңыр күрең шайдың үстінде таңды атырып, талай әңгіме-дүкен құрады екен. Ұлы композитордың аузынан шыққан әрбір сөзді қалт жібермей, қағазға түсіріп, өзіне қайта оқып беріп, Шәмші ағаның түзетулерімен ризашылығын алып отырған.
Шәмшімен бірге жүрген соңғы үш жылда, ұлы композитордың осы бір жұпыны тұрақ жайына әнші Кенжегүл Сыздықовадан басқа ешкім де іздеп келмегенін өкінішпен айтушы еді жазушы Оразбек Бодықов. Құдайдың құдіретіне қараңызшы, осы оқиғадан мүлдем хабарсыз мен, ұлы композитордың «Ана туралы жыр» әнін Кенжегүл апайдың нақышына келтіре орындаған сәтін фильмі­ме анық білгендей, сезгендей түсіріппін.
Мен Шәмші туралы 1991 жылы композитордың көзі тірісінде «Қазақтелефильм» студиясында «Қайран, Шәмші», 2010 жылы композитордың 80 жылдығы қарсаңында «Қазақфильм» киностудиясында толықметражды «Шәмші», 2012 жылы «Қазақстан» телеарнасына арнап «Шәмші Қалдаяқов» ат­ты үш фильм­ді осылай үш кезеңде түсірдім. Кейінгі түсірілген фильмдерде Шәмші туралы тың деректерді фильмге мүмкіндігімше кіргізуге тырыстым. Бірақ Шәмші әлемі тұңғиық, терең, қанша зерт­тесең де тау­сылмайды.
Композитор өзінің алпыс жылдығын атап өту жайына ерекше мән беріп, алаңдап, мазасыз күй кешкен. Сол кезде жанында жүрген Орекеңнің еңбегі орасан зор болды. Жазушы биліктің талай есігін батыл ашып, Шәмшінің алпысқа толғанын айтып, атаусыз, атақсыз қалмауын өтінді. Сол жылы Шәуілдір ауданының Құрмет­ті азаматы атағы беріліп, сол кездегі аудандық кеңестің төрағасы Мұхамедқасым Шәкіровтің қолдауымен ауданда 60 жылдығы тойланды. Осындай жергілікті жердің көкірегі ояу азамат­тары Шәмшіні қолдарынан келгенше қолдағанымен астанамыз Алматы жақ үнсіз қалды.
1989 жылы мерейтойының қарсаңында алған атағы жайлы жазушы Оразбек Бодықовтың мына әңгімесін беруді жөн көрдім.
«Шәмшінің бұл өмірде тартқан тау­қыметі аз емес-тін. Әйтсе де, оған «Қазақ КСР өнеріне еңбек сіңірген қайраткер» деген атақ берілер ме екен деп күтіп жүрген күндердің сарсылдырған азабын айтып жеткізуге тіл жетпейді.
Бұл – 1989 жылдың жаз айы болатын. Біздер Шымкент­тің түбіндегі Ленинск деген ауылда Темірбеков Райымқұл деген музыкант жігіт­тің үйінде қонақ болып отырғанбыз. Таңертеңгілік газет­ті қарап отырған Шәмшінің дауысы оқыс шықты.
– Мә!, – деді ол маған газет­ті ұсынып. – Мына указды оқы.
Мен қарасам, газет­те Шәмшіге
«Қазақ КСР-не Еңбегі сіңген мәдениет қызметкері» деген атақ берілген жарлық жарияланыпты. Екеуміз бір-бірімізге жалт қарастық. Сағат­тың тықылы тоқтап қалғандай болды. Жүрегімізде жүретін бір әдемі сарын бар еді, ол да сап тиылды… Ал ең бастысы – екеуміздің бар үмітіміз бірден үзілді. Әсіресе Шәмшінікі.
Себебі бар өмірін шығармашылықпен өткізген Шәмшіде не еңбек кітапшасы, не стажы жоқ болатын. Сондықтан да оған зейнетақы тиісті емес-тін. Егер оның композиторлық еңбегі бағаланып, «өнер қайраткері» деген құрмет­ті атақ алса ғана арнайы зейнетақы алатын. Ал «үздік мәдениет қызметкеріне» ондай ерекшелік тиіс емес.
– Ие, бәрі біт­ті… Тынды.., – деді Шәмші терең күрсініп. – «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын», деген екен біреу…
– Апыр-ай, неге бұлай ет­ті? Олардың бұл ісі сізді композитор емес, автоклуб бастығы дегені ғой, – деп қалды
Райым­құл.
Ие, кім десе о десін! Әйтеуір, Шәмшіге зейнетақы жоқ. Бүкіл қазақ халқына отыз бес жыл рухани азық берген Шәмші, енді алпыстан асып, еңкеюге айналған шағында көк тиынсыз қалды деген сөз бұл.
– Дүниеде не нәрсе терең? Қай көл? – деді Шәмші даусы әрең шығып.
– Білмеймін. Мүмкін, Байкал шығар…
– Жоқ, көңіл, – деді Шәмші. – Бірақ сол көлдің өліге айналғаны жаман… Құдайым, Байкал суала көрмесін.
Мен Шәмшіге жалт қараған едім, есіл ер жылап отыр екен. Ол екеуміз үш жыл бірге жүргенде, мен Шәмшінің шын жылағанын көрген емеспін. Жүрегі нәзік, өзі сезімтал Шәмші оп-оңай көңілі босап, көзіне үйірілген қос тамшыны үзіп тастап отырушы еді. Ал бұл жолы шындап жылады. Әлдекімдердің оңдырмай атқан оғына, қолынан бар келгені ғой, көз жасымен жауап берді. Шәмші – бала сияқты қорғансыз, кейуана секілді дәрменсіз еді. Сондай адамды жылату – адам жүрегіне қуаныш егетін әсем әнді жылатқандай боп сезілді маған. Міне, композитордың 60-жылдығы қарсаңындағы болған оқиға».

«Мен тек Құдайға ғана тәуелдімін!»

1990 жылы Шәкең өзінің қойын кітапшасына «Мен қоғамға да, адамдарға да тәуелді емеспін. Мен тек Құдайға ғана тәуелдімін!» деп жазба қалдырыпты.
Бұл, заманға күйлемеген, заманы илемеген, Тәңірден өзгеге бас имеген асқақ рух иесі – Шәмші Қалдаяқовтың бейшара пенделерге берген жауабы болса керек.
«1991 жылдың 25-26 қаңтарында Шәмшінің мерейтойын Алматыда атап өту үшін кірмеген есігіміз де, тесігіміз де қалмады. Бәрі қарсы болды. (Орталық комитет, Мәдениет министрлігі). Бізді қолдамады. Жүрегі нәзік Шәмші үшін бұл – адам көтере алмас ауыр соққылар еді. Талай жерге үмітпен кіріп, дел-сал болып шықтық. Ең соңында жалынып, жалбарынған бізге Мәдениет министрлігінен, Қазфилорманияның шағын залына, абыр-дабыр жасамай, тыныш өткізіңдер деген нұсқау берілді. Салымыз суға кетіп, енді қайт­тік деп жүрген біз үшін мұның өзі той іспет­тес еді» дейді жазушы Оразбек Бодықов.
Бұл – Шәмші Қалдаяқовтың көзі тірісінде сүйікті қала Алматыда өткен ең алғашқы да, ең соңғы концерті болды. Концерт­те сол кездегі қала әкімі Заманбек Нұрқаділовтен басқа бірде-бір лауазымды тұлғалар бой көрсетпеді, елемеді, ескермеді.
Қаңтар айындағы сол концерт алғаш рет киноға толық түсіріліп алынды. Шәмшіні көргенде кірпіше жиырыла қалатын сол кездердегі лауазымды басшылар мына оқиғаны еріксіз есіме түсіреді.
1978 жылы Жүргеновтің 80 жылдығы Алматыдағы партия тарихы институты жертөлесінде өткен. Сонда Ғабит Мүсірепов сол кездегі мәдениет министрі
Еркінбек Жексенбековке қарап:
«Еркінбек, қарағым! Екі «Волгаң» бар екен. Бірақ түк бітірмей отырсың. Түк бітірмегенің сол, мына Жүргенов қайраткерді құлағың естіді. Ат-арбамен, полуторкамен жүріп-ақ, Қазақстанда 4 мыңдай, бір Алматының өзінде 18 мектеп салдырғанын былай қойғанда, опера және балет театры­ның іргетасын өзі қалап кетіп еді. 3 мың адам еркін отыратын опера театры тұрғанда 150 адамдық жертөлеге жинап отырсың. Кең залға халықты жинамадың ба? Еңбегі бар еді ғой!» деген екен ұлы жазушы Ғабең.
1991 жылы қат­ты науқастанып ауруханада жатқан Шәмші Қалдаяқовқа Алматы қаласының сол кездегі әкімі Заманбек Нұрқаділов үлкен азамат­тық танытып, Шәмші Қалдаяқов пен Әсет Бейсеуовке Қазақстанның Халық әртісі деген құрмет­ті атағын алуға септігін тигізді. Бұл атақ берілгеннен кейін Шәмші небәрі 2 ай 10 күн өмір сүріп, дүниеден өт­ті. Он бес жылдан кейін – 2007 жылы «Менің Қазақстаным» әні еліміздің Гимніне айналды. Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты атанды. 2023 жылы «Еңбек Ері» атағы берілді. Бірақ мұның бәрі тым кеш еді. Әрине, ештен кеш жақсы деген, дейтұрғанмен Қадыр Мырза-Әлі ағамыздың:
Қалдырмай ескерусіз бір ісін де,
Талант­ты қадірлеңдер тірісінде!
Кейде біз ондайлардың жасы түгіл
Келеміз қадірлемей ірісін де!, –
деген бір шумақ өлеңі көп нәрсені аңғартқандай.
1991 жылы Шәмші аға туралы фильм­нің алғашқы кадрларын түсірдім. Сонда деймін да, кино, телевидениенің ғарыштап дамыған жетпіс-сексенінші жылдары ұлы композитор Шәмші
Қалдаяқов ескерусіз қала берген екен. Оның әндері радиодан беріліп жат­ты. Бірақ бет-бейнесін халық экраннан көрмеді. Бұл сонда сол кезеңдегі кейбір лауазымды қызметкерлердің іштарлығы мен трайбализм уына шалдыққандардың Шәмшіге деген теріс көзқарасы ма? Жазушы-драматург Оразбек Бодықовтың «Шәмші Қалдаяқов туралы жыр» ат­ты кітабының құндылығы сонда, онда композитордың бізге беймағлұм соңғы үш жылындағы қиын өмірін қаз-қалпында бейнелейді.
«Өнердің жаны – құштарлық, жауы – іштарлық» дегендей Шәмшінің сол кездері шетқақпай болғаны рас.
Бала кезімізден Шәмші әнімен ержеткен мен үшін ағаның образын деректі фильм арқылы өзі сүйген, өзін сүйген халқына жеткізу – негізгі мақсатым болды. «Мұңдасарға кісі жоқ, сөзді ұғарлық» деп Абай атамыз айтқандай, бұл да болса ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың жаралы жанына демеу болар деген үлкен үміт еді. Себебі сол кездері көпшілік халық әндерін жатқа айтқанымен, сүйіп орындағанымен, көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған Шәмшінің бұл өмірде бар-жоғынан бейхабар еді-ау.
Фильм Шәмші ағаның адами қасие­тін, болмысын толық қамтитын болуы керек деп шештім. Керекті материалдар жинамақ болып, архивтерді ақтару үшін кинофото мұрағатында болып, қанша іздесем де Шәмші ағаның бейнесін кино­хроникалардан таба алмадым. Ұлт­тық кітапханадан алпысыншы жылдардың басында шыққан әндерінің ноталарын ғана таптым. Басқа мардымды ақпарат­тар болмай шықты. Бұл мені тығырыққа тіреді. Енді не істеу керек деген ой мазалай берді.
Киносценарий жазу үшін де көп нәрсені зерт­теу керек. Шәкең туралы бірдеңе біледі-ау деген адамдардан сұрастырып едім: «Еее.., Шәмші Алматыны тастағалы қашан. Оны Жамбыл, Шымкент жақтан ізде» деп кеңес берді. Сөйтіп, қат­ты қиналып жүргенімде, Құдай беріп, «Лениншіл жас», «Оңтүстік Қазақстан» газет­терінде жазушы-драматург Оразбек Бодықовтың «Шәмші Қалдаяқов туралы жыр» деген повесінен үзінділер жарияланды, өзіме керекті біраз мағлұмат­тарды сол газет­терден алдым.
Бұл кітап 1994 жылы жарыққа шықты. Фильм түсіріліп біткеннен кейін Шәкең туралы көп мағлұмат­тарды осы кітаптан оқып білдім. Әт­тең, кино түсіріліп жатқанда осынау көп мағлұмат­тан құлағдар болғанымда киноға кіргізер едім-ау деп өкіндім. Бірақ сәті түсіп, 2010 жылы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген «Шәмші» ат­ты толықметражды фильмде осы олқылықтарды түзетуге тырыстым.
Қайран Шәмші, Орекеңе бар сырын ақтарған екен. Басынан өткен оқиғаларын, әңгіме-дүкен, әзілдерін жазушы мұқият қағазға түсіріп отырған. Шәмшінің композиторлығы бір басқа, оның тігісін жатқызып әңгіме айтқанда тыңдармандарын өзіне баурап алатын әңгімешілдігі бір басқа екен. Ал Шәкеңнің тапқыр да, ұтқыр анекдот­тары айналасындағыларды бір жалықтырған емес. Композитор қазақтың халық әндерінің тарихын өте жақсы білген. Әсіресе Ақан Серінің «Шырмауық» әнін тыңдаудан бір жалықпаған.
Ахау, дүние жалған,
Өт­ті-ау арман.
Сұм тағдыр шырмауықтай,
Шырмап алған.
Ақан серінің осы бір өлең шумағы Шәмші тағдырымен үндесіп жатқандай. Ал Естайдың «Қорланын» Шәмшінің өзі орындағанда, қанатын жайған құстай екіленіп, тебіреніп, нақышына келтіре орындайтынын талай жұрт тамсана айт­қанын ест­ідік.

«Сізді танымайтын қазақ қазақ емес»

1991 жылы қаңтар айында Шәмші ағамыздың 60 жылдығы Алматыдағы концерт залында өт­ті дедім ғой. Екі күн қатарынан болған концертке халық көп келді. Сол жолы Шәмші ағамен кездесудің реті келмеді. Айналасында қаумалаған қарапайым халық қошемет­теп-ақ жүр екен. Қуанып қалдым. Бұл жерде әңгімелесудің реті келмес, кейін жеке сөйлесерміз деп шештім. Алайда мұнымның қате екенін кеш түсіндім, себебі тағы да Шәмші ағамызды таба алмай қалдым. Ол кісімен жүздескенімше де тамылжыған тамыз айы келіп жет­ті. Шәкең Шымкент қаласынан менің үйіме телефон шалып, алдағы аптада Алматыға келетінін ескерт­ті де, «барған соң хабарласам» деді. Бұдан бұрын сұхбат­тасып көрмеген адаммен кездесуге іштей дайындалып жүрдім.
Сол екі арада жол түсіп Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласында тұратын
Толс­той ағаның үйінде қонақта болдым (Ол кезде Шәмші ағаның Жамбылда тұратынынан хабарсызбын. Негізі Шәкең өзінің тұрақ жа­йын өзге түгілі жақын жолдастарына да көрсетуге намыстанып жүреді екен). Әңгіме үстінде Шәмші ағаны киноға түсірсем деген ойымды айтқанымда, сол кездері музыка училищесінің мұғалімі болып қызмет атқаратын Ұлдар жеңгем:
– Шәмші Қалдаяқов ағамыз осы үйдің құрмет­ті қонағы болып, мына төрде отырған, – деп жатыр. Оқиға былай болған екен. Ерте көктемде Шәмші аға өзінің «Жигули» маркалы автокөлігіне керекті құрал-саймандар іздеп, Жамбыл облысының «КамАз» орталығында директор болып қызмет істейтін ағаның жұмыс орнына келеді. Жұмыс бөлмесінде бір топ жігіт­тер отырған екен. Жұпыны киінген қарапайым адам есіктен кіріп келгенде алғашында бәрі атақты композиторды тани қоймапты.
– Мен Шәмші ағаларың болам, қарақтарым, тұлпарымның аяғы ақсап, дем жетпей, «емдеу» керек болып тұрғаны, – деп сыпайы ғана бұйымтайын айтады.Сол сәт­те ағай:
– Шәмші аға, Сізді танымайтын қазақ қазақ емес, кешіріңіз, – деп атып тұрып амандасады. Сонда Шәкең табан астында әзіл-қалжыңға бой алдырып былай дейді: – Іші қабысқан бір аш Қасқыр «Жемтік іздеп, ауылға жақындасам болды, ауылдың бір топ ит­тері «әндетіп» алдымнан шыға келеді. Ойпырмай, біреуін де танымаймын, олар мені қайдан танып қояды осы.
Оған апаң да аң-таң, мен де аң-таңмын депті» деп, бәрімізді бір күлдіріп алды.

Тілеген АХМЕТ,
режиссер

(Жалғасы бар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір