Қазақ детективінің дегбірі қашып тұр ма?..
Проза жанрының ерекше бір түрі – детектив шынайы өмірді нысана етеді, сол заманның қылмыс әлемін әшкере ету үшін жазылады. Танымдық-тәрбиелік мәні бар, идеялық-эстетикалық әсері орасан күшті өнер әдеби детектив – характерлер қақтығысы, сезімдер шайқасын көрсетіп, аса қатал өмір талаптарын ескере отырып, ерекше көркемдік құрал диалогтар мен монологтар арқылы болмыстың сан алуан шындықтарын ашады, өмір құбылыстарына баға береді, билік айтады.
Күнделікті тұрмыстың әр түрлі құбылыстары детективте жан-жақты бейнеленеді. Сан алуан тартыстар детектив қаһарманын ауыр шайқастарға салып, оның рухани-адамгершілік қуатын сынайды, алға қойған мақсат, белгілі нысана үшін күрес үстінде адамдар мінезінің неше түрлі қырлары ашылады. Уақыт, заман талаптары, әлеуметтік шарттар қалыптастырған нормаларды бұзу, белгіленген шеңберден шығып, шекарадан өту секілді қаһармандар әрекеті тартысты психологиялық ситуациялар неше түрлі қым-қуыт жағдайларды тудырады.
Адам баласына ықылым заманнан бері өз жолында кездескен құпияға құштарлық, белгісізді ашуға ұмтылушылық тән. Осы құпия қаншалықты күрделі, қауіптірек немесе бағалырақ болса, оны шешу тілегі де өткір болады.
Алайда, қазақ прозасында детективтік жанр әлі өзінің орнын таба алмай жүр. Қазіргі таңда детектив жанрының өкілдері кемде-кем. Бұған себеп біріншіден – жас қаламгерлердің көбінде поэзия жанрын таңдауында. Яғни детектив жанрын былай ысырып қойғанда, жалпы прозалық шығармаларды жазатын жас жазушылардың аздығы бұл жанрдың дамуын тоқтатуда. Екіншіден – детективтік жанрға деген көзқарастың жоғары деңгейде болмауы. Детективтік шығармалардың көпшілігін аударма, басқа еңбекті көшіру немесе сюжетін қайталау деп есептейтін қате көзқарастың қалыптасуы. Кез келген қоғамда детектив жанрын қалайтын оқырман болған, болды және болады да. Алайда, қазақ әдебиетінде қоғамға берер мұндай шығармалар жоқтың қасы. Аталмыш жанрда еңбектердің аз болуы қазақ детективі шарттарының толық орнықпағанына әкеліп соғады. Батыста детективтің нақты ережелері мен нұсқаулықтары қалыптасты. Ол шамамен былай болып келеді: детективтік роман сюжетінің негізінде үнемі қылмыс жатты, ол көбіне жеке, даралық сипат иеленеді. Мұраға таласып кісі өлтіру, қызғанышпен немесе адалдықпен кісі өлтіру, банкті, қойманы, байдың үйін тонау мақсатында кісі өлтіру. Ең бастысы – жалпы қоғамға, оның әлеуметтік және экономикалық негізіне қарсы шықпау, осы мақсатта ешқандай саяси астыртын әрекет немесе идеяны сынау болмайды.
Қазақ детективінің көрнекті өкілі Кемел Тоқаевтың шығармаларын да сыншылар толық детектив жанрына жатқызбайды. Көп жағдайда тіпті Кемел Тоқаевтың осы жанрда туындылар жазғанын мүлдем білмейтін де оқырман бар. Ал жас детектив жазушыларына деген көзқарас тіпті қатал. Оларды «шеттетіп», еңбектерінің көбісін «ұрлады» деп есептейді. Бір шетінен бұл жанрдағы еңбектерді әрдайым сыннан өткізіп, олқылықтарын танытып, таза детектив жанрына бағыт-бағдар беретін сыншылар да жоқтың қасы.
Детектив жанрын салмақсыз немесе осал жанр деп қарау мүлдем қате түсінік. Себебі, детектив жанры – күрделі жанр. Оны жазып шығу үшін қаламгердің логикалық, психологиялық және фантазиялық түйсігі мол болуы тиіс. Әйгілі Сэр Артур Конан Дойлдың «Шерлок Холмсының» прототипі Джозеф Белл шын өмірде патша госпиталінде қызмет атқарған әйгілі дәрігер болса, жазушы Артур Конан Дойл да дәрігерлік қызмет атқарып, химия саласын жетік меңгерген. Детектив жанрында шығарма жазу әр саладағы көптеген білімдердің бір жерге түйісуіне әкеліп, керемет туындының пайда болуына ықпал етеді.
Қазақ детектив жанрының кенже қалуы қазақ қоғамындағы психологиялық санаға да байланысты. Оқырмандар бұл жанрдан өзінің бойын аулақ ұстайды. Детектив жанрын ұнататын жас буын оны өзінің айналасындағыларға білдірмеуге тырысады. Себебі, қазақ қоғамындағы түсінік бойынша детективке деген құштарлық шизофрения, паранойя ауруларының алғашқы белгілері болып саналады. Мектеп оқушылары кітапханадан детектив жанрына сай шығарманы үйге оқуға алып келгенде, ата-аналар көбінде айғай-шуға басып, бұдан былай детектив оқымауға жас баладан уәде сөздерін де алып жатады. Мұндай жағдайдың біріне өз басым куәгер де болдым. Ата-ананың ойынша детективке деген қызығушылық – бала психологиясын өзгертеді деп есептейді. Сондықтан да балаларына тек қана қалыптасқан классик жазушыларымыздың еңбектерін оқытуды жөн көреді. Менің ойымша, детективті толыққанды әдебиет деп қабылдауға қоғам әлі сақтықпен қарайды. Мектеп оқушыларына байланысты дұрыс та шығар бұл түсінік. Алайда, 7-8 сыныпта болмаса да 10-11 сыныптағы оқушыларға детективтің кем дегенде бір шығармасымен таныстыру қажет. Ал студенттер мен ересектерге арналған детектив шығармалар әлі де аз. Кез келген кітап дүкеніне кіріп көріңізші, «Шытырман оқиғалар» , «Детектив» бөлімдері шетелдің сан түрлі жазушылары жазған шығармаларға толы. Орыс әдебиетінің бұл жанрдағы жазылған кітаптары қызылды-жасылды мұқабаларымен сөрелердің аузы-мұрнынан шығып жатады. Сатушылардан «Қазақ тіліндегі детективтерді көрсетіп жібересіз бе?» деген сұраққа: «Кешіріңіз, бізде ондай кітаптар жоқ» деген жұтаң әрі таңданған күйдегі жауап аласыз. Детективті сүйіп оқитын қауым амалсыздан орыс тілінде жазылған кітаптарды алады. Өкінішті-ақ…
С.Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу», Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер», М.Әуезовтің «Бүркітші» шығармаларында детектив сарыны кездеседі деп есептелінеді. Ертегі мен батырлар жырында да детектив бар деп қойдық. Өлім құпиясы – құпиялардың ішіндегі ең күрделісі. Бірақ бұл авторға байланысты. Кісі өлтіру құпиясы және жалпы қылмыс барынша елеулі, әлеуметтік және құлықтық мәнге толы. Өлім мен қылмысты ашу процесі қатысқан еңбектерді алып келіп детектив жанрына ұялмастан қоса салдық. Мұнымыз әйтеуір бір элементтерін табудың амалы. Детектив – әдебиеттің басқа жанрлары секілді өзіндік шарттары, ережелері бар, стилистикалық ерекшеліктері болатын жанр. Детективке қалай болсын солай қараудан шыққан бұл қателікті түзеу керек. Шығарма жанрдың талаптарына сай болмаса оны үзіп алып детективке қосудың өзі дұрыс емес.
Детектив жазып бастаған жазушы мүмкін өзі де басқа жанрдың етегінен қалай ұстап кеткенін байқамауы да мүмкін. Оған себеп, нағыз детективтің таза өкілдерінің болмауында, жоғары оқу орындарында әдебиет мамандықтарындағы студенттерге детектив жанрын бір-екі абзацпен ғана түсіндіріп кетуде болып табылады.
Сан алуан көркем, керемет шығармаларға бай әдебиетіміздің осы жанрға келгенде сағы сынуы өкінішті. Детектив жанрының дамуына тек қана әдебиетшілер емес, қоғамның өзі ықпал етуі тиіс. Детектив жазамын деген жас жазушыларға демеу көрсетіп, бұл жанрға әдебиеттің толыққанды жанры деп қарау қажет.
Айгерім Абдраим.
Алматы қаласы.
ПІКІРЛЕР2