Жыл келгендей бір жылы ағын басталды
05.02.2024
1044
0

Әдебиетіміздің алыбы Мұхтар Әуезов өз заманында жас қаламгерлердің бет алысына қуанып: «Жыл келгендей жылылық сеземіз», – деген екен. Бүгінгі қазақ әдебиетінде де жыл келгендей бір жылы ағын басталды.

Алматы қаласының Достық үйінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жас қаламгерлерге Президенттік арнаулы әдеби сыйлықты табыс етті. Іс-шараға белгілі ақындар мен жазушылар, мәдениет қайраткерлері қатысты.
«Әдебиет – ұлттың жаны. Ол әрдайым халықпен бірге үздіксіз дамып отырады. Шығармашыл тұлғаның қаламынан қашалып шыққан туынды қай кезде де әлемдік контекстегі ұлттың ерекшелігін танытатыны сөзсіз. Хәкім Абай, Мұхтар Әуезов, Қасым Аманжолов, Жұмекен Нәжімеденов, Мұқағали Мақатаев сынды әдебиет алыптарының шығармалары өз уақытының көркемдік көкжиегін кеңейтті. Руханияттың осынау ұлы көші өз сапарын тоқтатпай, кеше мен бүгінді, бүгін мен ертеңді жалғап келеді. Сондықтан біз әрдайым жас қаламгерлер шығармашылығын айрықша назарда ұстаймыз», – деді жиын барысында министр.
2023 жылы жас қаламгерлерге мемлекеттік қолдау көрсету, дарынды ақын-жазушылардың жаңа буынын қалыптастыру мақсатында тұңғыш рет Президенттік арнаулы әдеби сыйлық тағайындалған болатын. Әдеби сыйлық 18-35 жасқа дейінгі қаламгерлерге арналған. Байқауға жалпы 53 шығарма келіп түскен. Соның ішінде қара үзіп шыққан Досхан Жылқыбай «Проза» номинациясы бойынша («Квант» әңгімесімен), Еділбек Дүйсенов «Поэзия» номинациясы бойынша («Қалалық құстар» өлеңдер топтамасымен), Айтолкын Ашимова «Драматургия» номинациясы бойынша («Тау көтерген Толағай» драмалық туындысымен), Олжас Қасым «Балалар әдебиеті» номинациясы бойынша («Атың озсын, азамат!» топтамасымен) айтулы сыйлыққа ие болды.
Сонымен жас қаламгерлерге арналған Президенттік сыйлықтың алғашқы лауреаттарымен таныс болыңыздар:
Досхан Жылқыбай – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, филология және әлем тілдері факультетінің түлегі, әдебиеттану ғылымының магистрі.
Әңгімелері республикалық басылымдар мен бірнеше прозалық жинақтарға енген. «18:47» кітабының авторы.
«Жас Алаш» газеті ұйымдастырған «Қазақ пен қала» прозалық байқауының, «Алтын тобылғы», «Жас қалам» республикалық байқауларының жүлдегері.
Еділбек Дүйсенов – Қазақстан Жазушылар одағының және ҚР Журналистер одағының мүшесі. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Филология және әлем тілдері факультетінде білім алған. Ақын, аудармашы.
Еділбек «Жұмбақ сәуле» (2012 жыл) өлеңдер кітабының және «Қалалық құстар» (2021 жыл) өлеңдер мен аудармалар жинағының авторы. Өлеңдері мен аудармалары республикалық баспасөз беттерінде, антологиялық және ұжымдық жинақтарда жарияланып келеді.
Еділбек Дүйсенов латынамерикалық авторлар М.В.Льосаның, Г.Г.Маркестің, М.А.Астуриастың, Х.Л.Борхестің, О.Пастың және И.Бродский, О.Памук, С.Рушди сынды заманауи қаламгерлердің әдеби эсселерін, мақалалары мен сұхбаттарын орыс тілінен қазақ тіліне тәржімалаған. Сонымен қатар француз классигі Ш.Бодлердің, Қытайдың «тұманды поэзия» өкілі Бэй Даоның өлеңдерін қазақ тіліне аударған.
2019 жылы Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігінің «Creative Producers» бағдарламасы аясында «STYQ» жобасы жүзеге асып, жоба аясында Еділбек Дүйсеновтің өлеңдері орыс тілді оқырмандарға жол тартса, 2022 жылы неміс ақыны Озан Закария Кескинкилиштің аудармасымен Еділбектің өлеңдері неміс тіліне тәржімаланып, жинақ болып жарық көрді.
Айтолқын Ашимова – ҚазҰУ-де оқытушы. Драматург. «Кішкентай патшалықтың ханшайымы», яғни орыс және ағылшын тілінде жарық көрген «Принцесса из маленького королевство» кітабының авторы.
Олжас Қасым – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің түлегі. Ақын, журналист, балалар жазушысы, аудармашы. «Бозбеткей», «Жан райы» өлеңдер жинағының авторы. Балалардың ұғымына лайықтап «Оралхан Бөкей кім?» танымдық кітабын жазған. Өлеңдері мен балаларға арналған және сатиралық шығармалары, аудармалары республикалық баспасөз беттерінде, антологиялық және ұжымдық жинақтарда жарияланып келеді. Өлеңдері испан, түрік, әзербайжан, саха, орыс тілдеріне аударылған. Түрік ақыны Жүніс Емре, Өздемир Асаф, әзербайжан шайыры Екбер Гошалының шығармаларын қазақшаға тәржімалаған.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір