ЖҮЗЖЫЛДЫҚҚА АМАН ЖЕТЕЙІК!
Жазушылар одағының құрылғанына 90 жыл толыпты. Он жылы кем бір ғасыр! Осы Одақ құрылған кезде, мен 8 жаста екенмін. Кім білген, уақыт өтеді, мен де бір күні қолыма қалам алып, бірдеңелерді жаза бастаймын деп, сөйтіп, кезі келгенде осы Одақтың бір мүшесі боламын деп.
Осы 90 жылдың ішінде бұл Одақ мүшелерінің басынан не өтпеді? 90 жылдың алғашқы кезінде, осы Одақты құрған белгілі қайраткердің басынан талай-талай топалаң өткенін тарихтан білеміз. Сүлеймен пайғамбардың жүзігіндегі жазудай бәрі өтті, бәрі кетті. «Жаңғыртып жел сарайын сен келгенде, жатармын топырағымды қырда қымтап» деп Қасым Аманжолов айтқандай, әдебиетке 60–70-жылдары келген ұрпақ қана тыныш өмір сүріпті. Осы 90 жыл топалаңға толы болса да, қазақ әдебиетін көкке көтерген толайым шығармалар да дүниеге келіпті.
Кеңестік жүйемен арпалысып жүріп, Жазушылар одағы өзінің басына қатер төніп тұрса да, жазушылардың біразын қорғай білді, сақтай білді. «Бейімбет – жау болса, мен де – жаумын» деген Ғабит Мүсірепов Бейімбеттің өзін сақтай алмаса да, басқаларына қорған бола білді.
Бір кездері «Жазушылар одағының қажеті жоқ» деген кереғар пікір айтылып қалғанын білеміз. Сонда Әнуар Әлімжанов: «Барды жоқ қыларға неге ұмтыласыңдар? Бәрін былай қойғанда, қайтыс болған қаламгерлерді ана дүниеге аттандырып, солар үшін де Одақ керек емес пе?!» – деп шырқырап еді.
Бәрімізге қамқор болатын жалғыз ұйым осы – Одақ емес пе? Қалай болғанда да, Жазушылар одағынан ешкім залал шегіп отырған жоқ. Басымызды қосатын, жылдық қорытындыда жазған шығармаларымызға талдау жасайтын, қажет кезінде мемлекеттік марапатқа ұсынатын да осы – Одақ қой!
Биыл 90 жылдығында Жазушылар одағы қаламгерлер алдында зор абыройға лайық қызмет етіп келе жатыр. Жазушылардың кітаптарын шығару, ол кітаптарды шетелге насихаттау сияқты толып жатқан шараларды Одақ атқарып отыр.
Бүгінгі таңда Жазушылар одағының беделі бұрынғыдан да арта түсті. Соның нәтижесі, Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығын ЮНЕСКО комиссиясында атап өтерде шешуші рөл атқарғаны белгілі. Жеке қаламгерлерге тікелей қолдау көрсетіп отыруды да Одақ өзінің негізгі міндеті деп санайды.
Жазушылар одағы – билік пен қаламгерлер арасындағы асыл көпір. Жазушылар одағының 90 жылдық мерейтойы – бәріміздің ортақ мерекеміз. Ендеше, мереке құтты болсын!
Жазушылар одағының мерейі өз қаламгерлерімен бірге арта түссін. Ал енді осыдан соң Одақтың жүз жылдығын да бүкіл ел болып атап өтуге Алла жазсын!
Дулат Исабеков
Қазақстанның Еңбек Ері