Марқаяр ма, менің ғаріп көңілім?!
Мақсат Әлсейтов
Алматы облысы,
Қарасай ауданы,
Жібек жолы ауылы
Топырақ
Топырақ!
Сені басынды-ау жаман табан.
Намысыңды басқылады,
Қорлады!
Қарабайыр болмысыңа көңілі толмады.
Көзге қораш көрінсең де:
Құрсағыңнан өрбіп-өсті,
Бейне тудай желбіресті,
Жердің бүкіл орманы.
Топырағым-ай!
Дөкір табан басқылады арыңды,
Теуіп-теуіп, сындыра алмай сағыңды,
Ақыр саған бағынды,
Ақыр сені жамылды…
Ұлылығыңа Тәңір тәнті боп,
Иығыңа жапты мамырды.
Топырағым – ай,
Дөкір табан сені көзге ілмеді,
Өліге жан енгізетін құдіретіңді білмеді,
Құрсағыңнан қанша көктем бүрледі…
Тұяқтардан күнде таяқ жесең де,
Кек қайтару қаперіңе кірмеді.
Кек орнына бердің қайта барыңды.
Топырақ,
Сенің сақилығыңа басымды иемін!
Топырақ, сенің қарапайымдылығыңды сүйемін!
Шіркін! Сендей мәрт болсам ғой,
мәрт болсам.
Жауыма да ақ пейіліммен ас тартсам,
Досымдай ғып елжіретсем дұшпанды,
Қызарақтатсам үстіме кеп құсқанды,
Арсыз жүзден қызыл сәуле жандырсам.
Қараңғылықты рауандап атқан таң
қылсам…
Топырақ!
Сен – ұлы кітапсың!
Ақ шалмалы пірлеріміз – жаны ізгі,
Сені оқыған тәрізді !?
Бәлкім, сені терең түсініп,
Күпірліктен арылды…
Сен – ұлы кітапсың, иесі – Хақ!
Жұрт сені оқымайтын боп кетті бірақ…
Ашылмай жатып парақтарың жабылды.
Әріп танымас тайраңдаған табандар
ұқсын қалай,
Ұқсын қалай жаныңды !?
Момыным-ай,
кемсітілген,
кім көрінген басынған!
Құдай сүйіп мінезіңді, құпиясын саған
жасырған.
Әлі бала, әлі шала қос аяқты пендеге,
Ес енгенше сақтанарсың
Хақтың сырын ашудан…
Бәрі сенде жазылған!
* * *
Жатыры бір, бір болса да анасы,
Неге суық гүл мен тікен арасы?
Гүл түгілі,
Қырықпышақ бөлінген,
Бір халықтың санасы
Жатырына, тартпай туған тегіне,
У-дан қашқан, будандасқан шөбі де…
Тіл бөлінді екіге,
Дін бөлінді екіге,
Қыз жарылды, ұл жарылды екіге.
Шын гүліме қуыршақ гүл өштесіп,
Өсіп шықты топырағымның бетіне!
Айтпақшы….
Жүзім де – екеу, құбыламын бір баста,
Ажырасқан тілім басқа, діл басқа,
Тілім қашты ділден безіп бір жаққа…
Жетім қалған періштелер жылайды,
Шыр-шыр етіп жүрегімде,
Құндақта!
Ұят
Адамұлы…
Қызылшақа періште боп туады,
Қызылшақа – таңның қызыл пәк
шуағы.
Жүре келе қараңғы түнге кіріп,
Таңдағы тазалықты жоқ қылады.
Жүре келе кешеді күнә-батпақ,
Қисық жолға түседі бұралақтап.
Бірақ кейде…
Қылаң етіп, сезіліп қалады екен,
Таң шапағы жүзінен қызарақтап.
Оқпан
Эһ, Топырақ тән! Топырақ тән!
Қалпыңды қарапайым Хақ ұнатқан.
Несіне түсемін деп әуре болдың,
Әулекі жұрт көзіне – соқыр оқпан.
Оқпанға түспейді ғой күн шуағы,
Ол жерде қараңғылық – жын тұрағы.
Бір түссең – иманыңды, ұятыңды…
Ол «оқпан» бір-ақ жұтып қылғытады!
* * *
Ергенек шаңырақты билеп төстеді,
Есіктің сықырына төр бағынды.
Болашақ, кешіре алсаң, кеш мені!
Төбелер жұтты таудай арманымды.
Етекті кесіп алып жаға қылдым,
Санама басшы қылдым надандықты.
Өсекті, өтірікті баға қылдым,
Өлшейтін бойымдағы адамдықты.
Бөркіме бәтеңке бау доқ көрсетті,
Аяққа мынау алтын бас иілді.
Шөміштен қағып қысым көп көрсетті,
Қонағым билеп алып ас үйімді.
Құйын
Әулекі шолақ құйын – қысқа ғана,
Түруге ел етегін құштар ол, ә?!
Тамырдан ажырап қалған қаңбақтар
тек,
Құйынға құлша елпілдеп жалбақтар
көп.
Құйынның жүгіргені – қарға адым жер,
Десек те, тастап кетер зардабы үлкен…
Бозжусан, ал Тәңірге мінәжат қыл,
Жабысып тамырыңа жан-тәніңмен!
Сексеуіл, шөліңді сүй, бақта нең бар?
Қалампыр, қош иісіңді сақта,
сен де, ал!
Әулекі қортық құйын – қысқа ғана,
Түруге ел етегін құштар ол , ә?!
Жыр қағаны
( Жұматай Жақыпбаевқа )
Қағаны жырдың Жұматай қағанат
құрды теңі жоқ,
Ешкімге бодан болмайтын
еркіндігінің шегі жоқ.
Шырмалмай күйбең тірлікке, даланың
қоңыр желі боп,
Серілер өмір сүрді онда, сезімнің ғана
елі боп.
Астанасы – қара өлең,
халқының тілі – күй тілі,
Періштедей таза билігі.
Марапат, мадақ, атақтың көк тиын
онда құны жоқ,
Махаббат – басты сыйлығы!
Қағанат халқы – тірі сөз, тек ділден
туған біртекті,
Бір күннен ғана таралып, төгілген мың сан нұр текті.
Қасына ерген нөкері періште
көңіл кіл текті,
Қағаны әмір қылғанда: найзағай
ойнап күркіреп,
Селдетіп аспан жыр төкті.
Сусаған барша жүректер сіміріп
жырдың тұнығын,
Ділдерден бүршік бұрқ етті.
Кенежирен атты жас Қаған періден
шебер алдырды,
Өлмейтін сарай салдырды.
Сарайдың ару жүзіне өлмейтін
бояу-нақыш ғып,
Ләйләнің меңін қалдырды.
Даланы аңсау
Кең далаға кетіп қалсам лағып,
Сұрау салып, іздер ме екен мына жұрт?!
Көкірегімнен дәптер-дәптер жыр ағып,
Шер тарқатып қайтсам ба екен…
бір ауық.
Сыйға тартып жібек орамал – жел үнін,
Жұбатар ма қызы келіп перінің.
Мауқын басып қайтқан қыздай
төркіндеп,
Марқаяр ма менің ғаріп көңілім!?
Тасты жарып шыққан гүлдей
тағдырым,
Сағынбайды сөздің жылы жаңбырын.
Мастанбайды марапат пен мақтауға,
Жүз мың батпан мұң көтерген
нар жырым!
Естен шығып күйбең тірлік,
мың шаруа,
Сыр шертсем деп сексеуіл мен жусанға,
Кең даланы аңсайды да тұрады,
Қасқыр жаным көнбей
қойған құрсауға!
«Қыңқ» етпеген ет кессе де санынан,
Ит тірліктен көңілі қалып налыған.
Қасқыр жаным тоят тапсын
қып-қызыл,
Ошақ толы сексеуілдің «қанынан».
Сексеуілдер опат болып өледі,
Сүйектері қирап, «қанға» бөгеді.
Тілгілесін қос жанарым – қос семсер,
Қып-қызыл боп маздап жатқан денені.
Мүйіздерін күн көзіне қураған,
Сүйегімен қосып бірге тураған,
Сексеуілдің маздап жатқан қанына,
Қос жанарды – қос қанжарды суғарам!
Маңдайыма тағып екі қызыл шоқ,
Кең даланы сағынбаған күнім жоқ.
Қасқыр жаным көнбей қойған
құрсауға,
Желден, шөлден жан азығын жүр іздеп!
Сексеуілдің бұғыларша мөңіреген,
Мүйізінен тамған шоққа шөлдеген.
Көзі қанды, жүрегі май бөрідей,
Қаныпезер қарақшымын мен деген!
Менің дұғам
Пайғамбардай жапа шеккен Ұлт едім,
Сары шашақты орамал ғып күн көзін,
Я, Раббым, көз жасымды сүрт Өзің!
Қасапшылар қойдай қырған ұлт едім,
Я, Раббым, аңшылардың ірік оғын!
«Қызыл кітабыңа» енді тірке Өзің!