КІТАПТАН АЛЫСТАП ҚАЛСАМ, КӨҢІЛІМ ҚҰЛАЗИДЫ
23.07.2023
297
0

Рухани кемелденудің қайнар көзі – кітапты интернет ресурстары да, түрлі әлеумет­тік желілер мен ақпарат­тық порталдар да алмастыра алмайтынын уақыт­тың өзі дәлелдеп келеді. Алайда кітапты оқу мен оны ойға, көңілге тоқып оқудың жөні бөлек. Жас жазушы Есбол Нұрахмет «Талғам-таразы» айдарында өзі оқып жүрген шығармаларға тоқталады.
Әдеби ортада жүрген адам болсын, қарапайым оқырман болсын ешқашан оқуын тоқтатпағаны жөн, болмаса кітаптан алыстап қалады. Мен де шамам келгенше кітаптан қол үзбеуге тырысамын. Қазіргі істеп жүрген жұмысым осы әдебиетке қатысты болған соң да көп оқудың үлкен мүмкіндігі пайда болды десем артық айтқаным емес. Сондықтан көп жағдайда «Әдебиет» порталында жүргізіліп келе жатқан «Мынау көркем дүние» хабарындағы тақырыптарға қажет­ті кітаптарды алдымен оқимын. Оның көбі – әрине, қайталау, дегенмен соның өзінде бұрын байқамаған тың дүниелерді кез­дестіріп, жаның жадырайды. Нақты авторларды атар болсам, Сайын Мұратбековтің әңгімелерін ден қойып оқыдым. Сайынның әңгімелері ең алдымен сондай жатық та жағымды сурет­теуімен, әдемі баяндауымен тартады да, одан әрі қарай негізгі сюжет­тің астарына жасырған ойының тереңдігі, жалқы бір қылықтары ғана көрінетін кейіпкерлерінің тек ойланғанда ғана байқалатын алуан түрлі психологиялық портрет­тері жан дүниеңді толқытады. Сайын сұлу өмірді сүйгізеді, әрқашан үміт сыйлайды, оқырманын баласындай аялайды. Сондықтан оны үнемі оқып тұру керек.
Бұдан өзге, жақында қытай жазушысы Лау Шының «Түйе Шяңзы» деген романын аяқтадым. Бұл – 1920-30 жылдардағы Пекинде өмір сүрген кедей, жаяу арбакештің өмірі туралы кітап екен. Бүгінгі таңдағы әдебиет­тің алуан түрлі бағыт алып, жаңа ағымдардың, стильдердің молайғанына қарамастан, біздің оқырманға да бүгінгі Астана не Алматыдағы қарапайым адамның өмірін толық сурет­тейтін осындай бір реалистік дүние керек секілді көрінді. Ондай кітап оқырманға кең тарап, жақсы оқылады деп ойлаймын. Осымен қатар Мо Янның «Өмір мен өлім азабын» бастадым, Сұлтан Раевтың «Жан жазасын» орталадым, Жақсылық Сәмитұлының «Қаһарлы Алтайын» бұрын кітаптан оқысам да, қазір ара-тұра ютубтағы аудио нұсқасынан тыңдап жүрмін. «Қаһарлы Алтай» романын жалпы өзім оқыған кітаптардың ішінде алдыңғы ондыққа кіреді деп анық атай аламын. Шұрайлы тіл, сұлу сурет, алуан түрлі мінез, терең психологизм, соғыстағы адам бейнесі сынды тақырыптарға қызығатын оқырманның сүйсіне оқитын кітабы деп те «Қаһарлы Алтайды» зор сеніммен ұсынар едім. Кейде осылай бірнеше кітапты қатар қойып оқитын кез­дерім болады. Бірақ бір кітапты басқалармен араластырмай толық оқып шыққанға жетері жоқ, көңіл құрғыр бірде анаған, бірде мынаған тартып, онсыз да қарбалас тіршілікте өстіп бытыстырып алатын сәт­тер өте көп. Өзіміз қатарлас қазіргі жазушыларды толық бір оқып шығуды мақсат етіп жүрмін, алдағы уақыт­та соған ден қоюға мүмкіндік болса деймін.
Не үшін оқу керек десеңіз, мен үшін өмірдің мәні кітап оқумен толыға түсетін секілді. Кей адамдар ойын-сауық арқылы, кей адам қонақ шақырып, достарымен араласып көңіл кеңістігін толтырғысы келеді. Менің құмарым – кітап пен жақсы кино. Бұл екеуінен ұзақ уақыт алыстап қалсам, көңілім құлази бастайды. Әрине, жазушылардың жазу тәсілі, суреткерлігі қалам иесіне көп пайдасын тигізетіні, үлкен ұстаздық қылатыны да бар. Менің кітап оқуымның сыры осы екі себепте жатса керек.

 

Есбол НҰРАХМЕТ,
жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір