ЖАҺАНДАНУ ЖҰТҚЫНШАҒЫ ЖӘНЕ ЖЕМҚОРЛЫҚ
19.07.2024
66
0

Данышпан Абай заманында: «Кеселді кісі ер келетұғыны несі? Кедей кісінің кер келетұғыны несі?» – деп халыққа сауал тастап, оның жауабын кейбіреулердің кертартпалығынан іздеді. Иә, баяғы қазақ – сол қазақ. Абай айтқан, мінеген, бойға сіңген мінездерімізден әлі де арыла алмай келеміз.

Қазақ өзі қандай халық? Жиындарда, той-тамашаларда «Қазақ деген – жомарт халық. Өзім дегенге өзегін жұлып береді. Тектіміз. Қайырымдымыз. Біреуге қайырымдылық жасағымыз келсе, аянбаймыз», – деп мақтанғанда аспанға лақтырған бөркімізді қайта қағып ала алмай қаламыз. Расында, қазақ жомарт па өзі? Жомарт болса жетімдеріміз неге пана таппай шет елдерде қаңғып жүр? Оларды бауырына басып, қамқорлық көрсететін Атымтай Жомарттар қайда? Тектіміз бе? Онда неге жемқорлық дертіне белшеден батып отырмыз?«Қоғамдық құбылыстардың даму сатыларына қарай адамдардың да мінез-құлықтық, сапалық жағынан өзгеріп отыруы заңды құбылыс», – дейді ғалымдар. Ноосфера (ақыл-ой сферасы) ілімі бойынша да тұлғаның қалыптасуына сол уақыттағы әлеуметтік-мәдени үдерістердің әсері мол. Демек, адамды оның өмір сүрген уақыты мен қоршаған әлеуметтік ортасынан ажыратып қарауға болмайды. Осы тұрғыдан қарастырғанда, бүгінгі қазақ келбеті капиталистік, нарықтық, ақпараттық қоғамның сұранысына қарай ортағасырлық қазақтарға қарағанда анағұрлым өзгерген. Құндылықтар жүйесі өзгергендіктен, мінез-құлықта да өзгерістер жеткілікті.Сіз мына кеңістікті айна деп алып, айналаңыздағы адамдарға сырт көзбен бір сәт үңіліп қараңызшы. Бүгінгілер болмашы нәрсеге итыржың болып таласып жатады. Сәл нәрсеге ит көрген мысықтай баж ете қалады. Әлдене деп көріңізші. Дыз ете түседі. Тіпті әзіліңізді түсінбейтін, көтере алмайтын тобыр пайда болып келеді. Біреулердің бетіне қарасаңыз, ер-тоқымын бауырына алып тулайды. Тызетпе, ашушаң, алақұйын, ұрда-жық, әлденені қырып-жоюға дайын тұратын «ержүректер» шамадан тыс көбейіп келе жатқандай. Тіпті осы аурудың асқынғаны соншалық, туысыңызға жақын барып жағдай айта алмайсыз. Жақыныңа жасқаншақтай қарайтын жағдайға жеттік. Бұл ненің белгісі?Ұлы Абай атамыздың кешегі айтқан «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» дойыр мінезі әлі қалмаған. Қалмаған дейміз-ау, өрши түскен. Біреу­лер мұны «бес асыл іс» қатарына қосып та алған. Оған мысал жеткілікті. Айтайық. Қонақүйлерде, ойынханаларда, мейрамханаларда өзінің бай-қуатты екенін сөзбен дәлелдегісі келген мақтаншақтардың миллиондаған теңгені бекер шаша салуы қазір соншалықты ерсі көрінбейді. Бұған етіміз үйреніп те қалды. Ал енді осы даңғойға барып: «Бір кедейге үй салып беріңізші немесе көмектесіңізші», – деп өтініш жасап көріңізші, бетіңізді тіліп жібермесе де, айтпағанды айтып, қайта келместей етіп жібермесе, маған келіңіз.
Қазақтағы тағы бір кеселді мінез – мансапқорлық, арзан атақ-абыройға ұмтылу. Қазір екінің бірі марапат алуға құмар. Осы жолда өліп кетуге пейіл. Дап-дардай аталарымыз пәлен ауданның құрметті азаматы деген атақты алмаса, бойына ас батпайды. Осы жолда бар байлығын шашуға дайын. Сол атақтан беделі өсіп кетсе мақұл ғой. Қайта сол атақты алғандар өзіне күйе жұқтырып алып жүр.
Міне, шілде айы келді. Оспанхан Әубәкіров ағамыз айтқандай, бала жетектеген ата-аналар көбейді. Олар балаларын оқуға халыққа, мемлекетке қызмет етсін деп түсірмейді. Керісінше, шен-шекпен алсын деп оқытады. Бірақ шен-шекпен алып жатқан балаларды көрмейсіз. Алса сол баяғы бай-бақуатты адамдардың перзенттері алады. Тірегі, қолдаушысы бар талапкерлердің айы оңынан туып тұр. Мұны енді қанша бүркемелесең де, халықтан жасыра алмайсыз.
Тағы бір жасыра алмайтын мініміз – ұлттық құндылықтарды, қазақы қалпымызды қалыпқа келтіруде кетіп жатқан қателіктеріміз. Бұл бізде тіптен көп. Бүгінде комформды тұлғалардың (кез келген уақытта өзіне тиімді жағдайларға тез бейімделетін адамдар) іс-әрекеттері мен мінез-құлықтарындағы ақылға сыймайтын кемшіліктері мен келеңсіздіктерін қалыпты жағдай ретінде қабылдауға бейімделіп барамыз. Туысқандық, жегжаттық қатынастар байырғы құндылықтарын жойып, оның орнына мансабына, дәулетіне, одан қала берді әсер ету қабілетіне қарай адамдарды бағалайтын болдық. Ал бұл адам бойындағы түрлі асыл қасиеттерді жегідей жеп тауыса бастады.
Қазақ қайтсе бір-біріне бауырмал, қамқор, иманды қалыпқа түседі? Қоғамда жемқор, парақор, өзімшіл, өсекші, өтірікші, мақтаншақ сияқты кесірлі кеселдер неге көп? Біз жемқорлықпен, парақорлықпен аяусыз күресудей күресіп келеміз. Жоғарыдағылар, биліктегілер пара алады дейміз. Бірақ төмендегілер ісім жүріп кетсін деп неге пара береді? «Пара бер, пара бермесең бара бер» деген кешегі қазақтың пайымы бүгінгіге жүрмейді. Өйткені бара бергеннен ісі жүріп кеткен адамды тағы көргеніміз жоқ. Жалпы, қазақты парақорлыққа, жемқорлыққа үйірсек еткен босбелбеулігімізден, көнгіштігімізден шығар-ау. Ең кеселді мінез – осы парақорлықтан, жемқорлықтан айырылмай, мемлекетіміз гүлденбейді. Сондықтан, бар қазақ болып осы қатермен күрескен абзал. Оның жолдары бар ма?
Мұның емі бойымыздағы лап ете қалатын ашу-ызаны тиып, нәпсімізді жеңу арқылы қазақы тәрбиенің түп-тамырына қайта оралу болса керек. Қалай дегенде де, рухани тұрғыдағы кеселді кісілер кемімей, мемлекет өркендемейді. Осы тұрғыда байырғы бабаларымыздың бауырмалдық қасиетін қалпына қайта оралтуымыз керек-ақ. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған, кедейін аш қалдырмаған, тентегін тиып ұстаған бабаларымыздың байыпты салт-дәстүрлерін көзіміздің қарашағындай сақтап, ұстана білуіміз керек. Батыстың былшық пен балшық аралас салты мен ғұрпы қазақты құртып, жемқорлық жұтып тынады. Осы жат әрекеттерден ұрпағымызды аман алып қалу үшін, жаһандану деген жалмауыздың көмейіне жұтылып кетпеу үшін қазақ болып қалуымыз керек!

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір