Жат діни ағым ықпалынан қалай сақтанамыз?
04.11.2024
123
0

Кез келген мемлекет­тің тұрақты дамуының негізі -–жастар буыны, ал бұл тікелей жас ұрпақтың білім мен білік сапасына, ойлау санасына және олардың ұмтылысы мен ынтасына байланысты.

Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Түрлі жаңа технологияларды тез меңгеретін, жаңашылдыққа дайын болатын, жаңалықтар мен тың идеяларға серпін беретін қоғамның ең өзекті бөлігі жастар екені даусыз және қоғамның ең иілгіш, сенгіш тобы деп айтсақ та артық емес.
Жастардың діни сауат­тылығы – қазіргі қоғамда күрделі әрі өзекті мәселенің бірі. Анығырақ айт­қанда, тарихын терең білетін, ұлт­тың рухани құндылықтарын бойына сіңірген ұрпақ қана ел болашағын қалыптастыра алады. Адам діни сауат­тылығын арт­тыру арқылы қоғамға, қоршаған ортаға деген көзқарасы қалыптасып, кемелденеді. Көп нәрсе білімсіздіктен туатыны даусыз. Өкінішке қарай, жастарымыздың жат діни ағым жетегіне кетуінің ең басты себебі – діни сауатсыздық. Дінге толық таныммен, біліммен келмей шала сауатпен, эмоционалды сезіммен келіп, өзінің қалай адасқанын аңғармай жатады. Білімсіз адамның өзіне деген сенімсіздігі, дін төңірегіндегі сұрақтар туралы кішкене болса да ақпарат­тың болмауы, ненің ақ, ненің қара екенін ажырата алмауы да қауіпті. Жат ағым жетегінде жүрген азамат­тардың басым көпшілігінің діни сауаты жоқ.
Жастардың теріс діни ағымның жетегінде кетуіне бірнеше факторлар себеп болады.
Бірінші себеп – интернет пен әлеумет­тік желілер. Өкініштісі сол, әлеумет­тік желілер мен интернет бет­терінде тыйым салынған уағызшылардың уағыздары, экстремистік сипат­тағы топтардың әлеумет­тік желілерде адамды қызықтыратын түрлі материалдармен бөлісуі, жастардың ақпарат­тарды дұрыс сүзгіден өткізе алмауы адасуға әкеліп соғып жатыр. Әлеумет­тік желілерде ақпарат­тардың ашық болуы, әр алуан мағлұмат­тардың көптігі жастарымыздың санасының улануына себепкер болуда.
Екінші себеп – отбасындағы тәрбие. Әке-шеше, туған-туыстың діни, рухани беретін тәрбиесінің мардымсыздығы немесе ата-анасы толық емес отбасылардан шыққан балалардың жан жылулығын отбасынан таппай, көшеден іздейтіні тағы бар. Күнкөрістің қамымен жүріп, күйбең тіршіліктің соңына ілесіп, балаға тәрбие беруге келгенде салғырт­тыққа салынып жатырмыз. Әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім – адамзат­тың қас жауы» деген даналық сөзі осыған дәлел. Ұяда дұрыс діни тәрбие ала алмаған бала ұшқанда тағдырдың қатал қатпарларына соғылары анық.
Үшінші себеп – әлеумет­тік жағдайдың тұрақсыздығы және жұмыссыздық. Тұрақты табыс көзі жоқ азамат­тар арам пиғылды дәстүрлі емес діни ағым өкілдерінің құрығына тез ілігеді. Жұмысқа тұрғызу, қаржылай көмек беру, баспанамен қамтамасыз ету секілді тұрмыстың жақсаруына себепкер болатын дүниелерді ұсынып, өздерін жақсы көрсетіп, қарапа­йым халықтың адасқанын түсіндірумен әлек болып жатады. Тұрмыстық тауқымет­тің ауыр кезеңінде қол ұшын берген азамат­тардың қандай да бір өтінішін немесе бұйрығын орындау ол азаматқа түкке тұрғысыз оп-оңай іс болып қалады.
Төртінші себеп – психологиялық күйзеліс. Жас кезінде алған кейбір психологиялық соққы болашағының бұлыңғырлануына себепкер болуы әбден мүмкін. Отбасындағы зорлық-зомбылық, ата-анасының немесе жақын туыстарының ішімдікке, нашақорлыққа әуес болуы, достарының арасында абыройсыздық немесе белгілі бір жағдайларға байланысты өзін жайлы сезіне алмауы, кейбір жағдайларда өзінің жасаған ісінен қат­ты қорқуынан, ұялуынан, ыңғайсыз сезінетінінен психологиялық күйзеліске ұшырап, ауыр соққы алуы әбден мүмкін. Осындай қиын кезеңдерде жанында демеу болатын адамның табылмауына байланысты жат ағым жетегіне еріп жатады. Жақын адамы көрсетпеген жан жылулығын өзгеден табу арқылы өзінің қалай ағым мүшесі болғанын білмей қалған жайт­тар кез­деседі.
Бесінші себеп – өскен ортасы, құрбы-құрдасы, достары және жұмыс орны. Халық даналығындағы «Достарыңды көрсет, мен сенің кім екеніңді айтайын» деген сөз босқа айтылмаса керек. Балалық шақтан бірге өскен ортасы қандай болса, бала сол жаққа бүйрегі бұрып тұратыны анық. Байқасаңыз, иманды, діни ортада өскен бала барынша діни сауат­ты азамат болып өседі, спортқа әуес болған балалар белгілі бір деңгейде спортқа ден қойған, физикалық жағынан мығым болып келеді.
Алтыншы себеп – күмәнді діни оқу орындары. Еліміздегі жастардың санасының улануына шетелде күмәнді діни оқу ордаларында білім алған азамат­тардың тигізген зияны орасан зор. Тәуелсіздіктен ке­йін шекаралар ашылып, шетелде білім алу қолжетімді болған сәт­те, қазақ жастары жапа-тармағай шетелге жөнелді. Ең өкініштісі, ол жақтарда біздің ұлт­тық дәстүріміз бен дінімізге сәйкес келмейтін басқа бір біліммен сусындады. Шетелге барған діни сауаты аз жастар заңсыз хужра­ларда, тіл курстарында сабақ беретін «шейхтардың» улы уағызын бойына сіңіріп, елге қайтады. Елімізге оралған кез­де әр жерлерде қызметке орналасып, жастардың санасының улануына себепкер болды.
Сондықтан жоғарыда көрсетілген діни адасудың түрлі себептерінің шешімін тауып, жастарға жол көрсетіп, жөн сілтеп, дұрыс бағыт-бағдар беру – ата-ана мен аға буынның міндеті. Қоғам арасындағы ең белсенді және әлсіз, сенгіш, өмірді тануға деген қызығушылығы жоғары жастардың тобына сенім білдіріп, қолдау керек. Барлық мәселені жастардың өзі кінәлі дегенге алып келмей, ел болып, жұрт болып бірге атсалысуымыз қажет. Діннің адалдығына еремін деп жат пиғылды теріс діни ағымдардың алдауына түсіп қалмағаны жөн.
Әрбір ата-ана өз перзентін мейіріміне бөлеп өсіреді. Қыздың бой жетуіне, ұлдың азамат болуына көңіл бөледі. Табиғат­тарына тән кәсіпті, мамандықты үйренуіне, игеруіне көмектеседі, өмірдің қиындықтарынан шығатын жолға баулиды. Қызды тұрмыс құруға, ұлды ата-анасына, іні-қарындасына, туыстарына, еліне, халқына қамқоршы болуға баулып, тәрбие­лейді. Ешбір ата-ана баласын діни теріс ағымға еріп кетсін деп ойламайтыны анық. Алайда қазіргі таңда ата-ана бала-шағасына материалдық жағдай жасаймын деп рухани жағынан аса мән бере алмай қалатыны да рас. Психологиялық тұрғыда бала үнемі ата-анасын үлгі тұтып, барлық сұрақтың шешімін ата-анам біледі деп ойлайды. Қанша жерден ата-ана баласын қызғыштай қорғаса да, жоғарыда айтылған факторлар балаға өз әсерін тигізбей қоймайды.
Мысалы, қазіргі таңда ата-ана діннен шошып қалғандықтан баласының діни ғибадат­тар атқаруына қарсы болып, оның қызыққан рухани дүниесінің қажетін өтемей, баласын күшпен қорқыту арқылы тыйып тастайды. Негізінде, ата-ана дінді жоққа шығармайды, өзін мұсылман санайды. Ғибадат­тан баласын тыюының себебі – теріс діни ағымға түсіп кетеді деп ойлауы. Бірақ ол бала кәмелет жасына жеткенде жоғары оқу орнына түседі немесе жұмыс істеп, үлкен өмірге аяқ басады. Солай бұрынғы бала кез­дегі рухани ізденісін өз бетінше жалғастыра бастайды. Алайда бала кезінде діни бағыт-бағдарды ата-анасынан алмағандықтан, жоғарыда айтылған түрлі себептермен деструктивті діни ағымдардың жетегіне еріп кетеді. Тіпті кейбір жағдайларда баласы ата-анасынан теріс айналып, оның пісірген асын харамға шығарып, араласпай кетіп жатады. Мұның себебі «жас кезіңде ата-анаң саған намаз оқытпады, ол кәпір, оған бағынба» деп үйрететін теріс діни ағымды дәріптейтін надан ұстазының бір ауыз сөзі болады.
Сондықтан да теріс діни ағымнан баласын аман алып қаламын деген ата-ана діни сауат­ты болуға қазіргі таңда қаласа да, қаламаса да мұқтаж. Егер діни сауаты болмаса, жергілікті мешіт имамдары мен теологтерге жүгініп, баланың рухани ізденісіне бағыт-бағдар беруі қажет.
Кез келген ата-ана діни қауіпсіздік мақсатында төмендегі ережелерді қатаң ұстанып, дәстүрлі діни бағыт пен (Абу Ханифа мазхабы, еліміздегі ҚМДБ-ға қарасты барлық мешіт­тер осы мазхабты ұстанады. Бұл мазхаб қазақ халқының, тіпті Орталық Азия мұсылмандарының мыңдаған жылдан бері ұстанып келе жатқан Құран сүннет­ті үйрететін жолы болып есептеледі. Сол мыңдаған жылдан бері дәстүрімізге сіңіп кеткендіктен «дәстүрлі діни бағыт» деп аталады) дәстүрлі емес діни бағыт­ты ажырата білуі қажет. Балаңыз теріс діни бағытқа түспесін десеңіз, төмендегі ережелерді қатаң сақтауыңыз керек:
Көшеде кетіп бара жатқанында бейтаныс адаммен діни тақырыпта әңгімелесуден бас тарту;
Діни білім мен құлшылықтарды тек қана жергілікті мешіт имамдары мен ұстаздарынан үйрену;
Әлеумет­тік желіден ҚМДБ ұстаздарының уағызынан басқасын тыңдамау;
Әлеумет­тік желіден Дильмурат, Назар­атулла, Уктам Зауырбеков, Дарын Мубаров, Алтай Беріш сияқты уағызшыларды мүлдем тыңдамау (Уахабилік бағыт­ты қазақ тілінде уағыздаушылар);
Намаз оқу, ораза ұстау сынды ғибадат­тарды базардағы телефон сатушы, таксист немесе тренерден емес, арнайы діни білім алған мешіт имамдарынан үйрену;
Балаңыздың дінге қызығушылығын байқасаңыз, оны тыйып тастамаңыз. Керісінше, рухани ізденісіне бірге жауап іздеп, қолынан ұстап жергілікті мешіт имамымен таныстырыңыз;
Діни кітап сатып аларда міндет­ті түрде жергілікті әкімшіліктің рұқсаты бар дүкеннен алыңыз және кітаптың алғашқы бетінде ҚР Дін істері басқармасының сараптамасынан өткені көрсетілгеніне көз жеткізіңіз;
Теріс діни ағымның негізгі белгісі – сан ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрді жоққа шығару. Мысалы, жеті шелпек пісіру, кісі қайт­қанда үші, жетісі, қырқы, қонақастарын жоққа шығару. Келіннің сәлем салуын терістеу. Құран бағыштап, бет сипауды жоққа шығару. Өмірін ұлтына, елі мен дініне қызметке арнаған әулие аталарымызды жоққа шығару және оларды адасқан деп тану. Мешіт имамдарын адасқанға шығару да теріс діни ағым өкілдерінің негізгі сипат­тарынан болып келеді.
Әрбір ата-ана тым болмаса осы жоғарыда көрсетілген ережелерді біліп, баласының болашағы үшін діни сауат­ты бола алса ғана теріс діни ағымнан ұрпағымызды аман алып қаламыз деп ойлаймын, өйткені дін білгенге – рухани азық, білмегенге – түпсіз тұңғиық.

Шүкіріддін Темірқұлұлы,
«Шапағат» қоғамдық қорының
теологі, Атырау облысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір