Қытайдың күткені – Ресей ықпалынан кейінгі Орталық Азияның саяси вакуумына егелік ету
14.01.2023
623
0

ШҰАР орталығы Үрімжі қаласында туындаған өрт апатынан кейін қытай билігінің аймаққа байланысты әлеуметтік, экономикалық саясаты біртіндеп толықтырылып, қарқынды өзгеріп жатыр. Әсіресе неше жылдан бері экономикалық әлеуеті әлсіреуге ұшыраған шекара сауда зоналары тыңнан серпін беруде. ШҰАР-дағы өңірлік өзгерістердің серпін беруі біздің елдің ішкі-сыртқы экономикалық мүмкіндіктеріне ықпалын тигізеді. Осы орайда өткен жылдың желтоқсан айынан бері Қытай мен ШҰАР-да нақты қандай өзгерістер орын алып жатқанын бір сараптап көрмекшіміз. Сонымен қатар гео-стратегиялық орны маңызды біздің аймақ үшін Қытайдың сыртқы саясаты қандай тиімді және маңызды гео-экономикалық қадамдар жасауы мүмкін?. Ресейдің саяси һәм экономикалық ықпалындағы Орталық Азия елдеріне Қытайдың ендігі қадамы қалай әсер беруі мүмкін? Біздің аймақтың саяси бейнесі үшін Қытай саяси теңгерімді ұстай ала ма? ШЫҰ мен Иранның аймақтағы қадамы Ресейдің Орталық Азия саясатына қалай әсер беруі мүмкін? Сараптамамызда осы мәселелерге үңіліп, болжам жасап көрдік.
Бірінші, ШҰАР-да карантин шектеулері алынды, барыс-келіс қалпына келді, жол ашылды. Бірақ адамдар біршама жиі қоныстанған аймақтарда тұмаудың таралу жиілігі артып кетті. Орта және жеңіл деңгейде тұмау тарап жатыр, ауырған тұрғындар саны да көп. Бұл карантин шектеулері қайтадан қалпына келеді дегендік емес. Бар болғаны медициналық көмектер мен санитарлық сақтанулар күшейтілді. Үкімет халық толқуларымен белгілі деңгейде санасты. Толқудың саяси түс алуынан алаңдады.
Екінші, биылғы қыстың қатты бол­уына байланысты қар апаты орын алған аудандарға әлеуметтік көмек еселеніп жүргізілді. 2023 жылдан бастап көшпенді аудандарды отырықшы ауылдарға көшіру мәселесі кешенді түрде қолға алынбақшы, малды шаруа қожалықтарында өсіру техникасы қолға алынып жайлау, қыстау және көктеулікке көшіп-қонып жүрген кейбір қазақтар бір ғана орында шаруашылықпен айналысады. Оларға тиесілі жерлер (жайлау, қыстау) уақытша игерілмей тіке үкімет бақылауында болады. Былайша айтқанда алдағы уақытта (ұжымшар) науқаны әрмен қарай кешенді іске асады. Қытай қазақтарын кезең-кезеңі бойынша ұжымдастыру саясаты мына төрт дәуірді басып өтті:
1. 1958-1961 жж
2. 1981-1983 жж
3. 1989-1991 жж
4. 1998-2003 жж
Алғашқы ұжымдастыру кезінде кейбір саяси һәм әлеуметтік қателіктерге жол берілді, есесіне 1961-62 жж қазақтар жаппай ашаршылыққа ұшырады. Тіпті Шәуешек, Қорғас сияқты шекара аймақтардағы елдер Қазақ ССР-ға қоныс аударып кетті. Айта кеткен жөн болар, алғашқы ұжымдастыру кезінде қазақтар біршама жиі қоныстанған кейбір аудандарда шағын тұрпатты халық толқулары мен ұжымдастыруға қарсы көтерілістер орын алды. Одан кейінгі ұжымдастыру кезеңі Қытайда жекешелендіру саясатына тұспа-тұс келді. Сол жылдары (1981-83) қазақ отбасылары бір жағы мал-мүліктерін жекешелендіріп алды сосын ұжымдық шаруа қожалықтарына ұйымдасты. Одан кейінгі ұжымдастыру Қазақстанның тәуелсіздік алуына дөп келді. Қазақтың әлеуметтік тыныс-тіршілігімен бірге саяси танымы мен көзқарасы өзгерді. Соңғы ұжымдастыру Шығыс және Оңтүстік шығыс Азия елдерінің экономикалық дағдарысына тұс келді. Былайша айтқанда нарық келді, сол жылдары Қытай үкіметі әлеуметтік-экономикалық күрделі реформалар жүргізді. Осы төрт үлкен кешенді ұжымдастырудан тыс әр аймақ, аудандарда үлкенді-кішілі ұжымдастыру науқанды тоқтаған емес.
Үшінші, дәл қазіргі таңда үкіметтің дөп келіп отырған ең үлкен мәселесі: Жер мәселесі. Атап айтқанда, жерді пайдалану және жер иеленушінің әлеу­меттік хақы мәселесі. Жалпы қытайда жер иеленуші үш үлкен халық бар. Олар: Тибеттер, Моңғолдар және Қазақтар. Қарапайым қытайлық азаматтардың 1951-56 жж, 1978-83 жж қалыптасқан жер реформасы саясаты бойынша өзіне тиесілі шағын көлемді жер иелігі бар. (Ол 10 соттық жер болуы мүмкін немесе 10 гектар жер болуы мүмкін.) Ал қазақтар сәл басқаша. Қазақтар жайлау, қыстау, көктеу және күзеулік деп ата-бабасынан егелік қылып келе жатқан жердің ең көрікті мекендерін тұтастай иелеп алған еді. Оның сыртында шаппалық (шабынды) жер, егістік жер деп тағы да жүздеген гектар жерлерді заңдастырып алған. Үкімет «автономның жері, облыстың жері, райкомның жері» немесе «туристік аймақтар» деген сылтаулармен кейбір жерлерді үкіметке қаратқаны болмаса «бос» жатқан жер жоқ-тын. Кейін ішкі қытайдан түрлі себептерге байланысты «шекаралық аймақтарды тың игеруге» жүз мыңдаған қытайлар келді. Үкімет оларға жер «үлестірді». Сонымен ЖЕР МӘСЕЛЕСІ дейтін әлеуметтік проблема дүниеге келді. Тіпті кейбір жерлерде этникалық қақтығыстарға дейін апарды. ШҰАР үкіметі жер түйіткілдерін түбегейлі шешу үшін кешенді әлеуметтік реформаларды бірінен соң бірін жүзеге асырды. Бұл реформалар кейбір аймақтарда ұтымды жүзеге асты, ал кейбір аймақтарда, керісінше, жаңа әлеуметтік қайшылықтарды тудырды. Қытайдағы жер саясатының бірі – жерді 49 жылға жалға беру саясаты. Бұл саясат аймақтар мен аудандарда түрлі деңгейде іске асты. Нәтижесінде қытайдағы қазақтардың 1-2 үлкен буында жер иелігі бар, ал 3-4 жас буын ұрпақ (поколения) толығымен жерсіз қалды (яғни жері жоқ). Жерлер біртіндеп үкімет қарамағына өтіп жатыр. Ең қызығы кейбір жер иелері 49 жылдық жалдау мерзімі аяқтаған жерлерін сатуға шығарып (тіпті сатып жіберіп), Қазақстанға қоныс аударған. 2023 жылдан бастап жер мәселесі қытайда жаңа тұрпатта, кешенді қолға алынады. Қазіргі кезде ШҰАР үкіметі мен автономиялы облыс басшылығы жерді пайдалану саясатын әлеуметтік проблемаға айналдырмай, кешенді шешу мәселесін талқылап жатыр. Бірақ жерді пайдалану ісі бойынша кейбір түсініспеушіліктің болатынын өздері де күтуде. Жақынғы жылдан бастап «жерді (әсіресе жайылымдық жерлер) тыңайту, жерді демалдыру» деген саясаттар қолға алынған. Соған байланысты кейбір аудандарда қазақ малшылары жайлауға және қыстауға шыға алмады, оның аяғы үлкен әлеуметтік қиындықтарға дөп келді. Карантин шектеулері кезінде орын алған әлеуметтік проблемалардың пайда болуы осы саясатқа да тіке қатысты.
Төртінші, карантин шектеулері кезінде шекара аудан, қалалардың шекара саудасы тоқтап, ішкі экономикалық шығын жоспардағы тұспалдан еселеп асып кеткен. Карантин шектеуінің алынуына байланысты шекара сауда қызметі қайта жандану алдында тұр. Бұл Қазақстан тарабы үшін үлкен мүмкіндік. Өйткені карантин кезінде шекаралық саудалар тоқтап, екі ел арасында уақытша «экономика вакуумы» қалыптасқан еді. Енді шекара сауда қызметін қытай тарабы қайта жандандырмақ ниетте. Бұл – отандық бизнесмендер үшін жақсы мүмкіндік болмақ. Сонымен бірге санитарлық талаптарға да бақылау күшейтіледі, біздегі отандық бизнесмендер қытайдың санитарлық талаптарын ескерулері және баса назар аударғаны оңды болады. Осыған байланысты қытай тарапы шекара сауда қызметін бірден ашпай оны кезең-кезеңі бойынша жүзеге асырмақшы, яғни алдымен ауыр техникалық тауарлар, одан ауылшаруашылығы өнімдері, содан орта және шағын бизнес қызметі деп біртіндеп орындайды. Яғни осы кезеңдерге қарап 2023 жылдың көктемі мен жаз мезгіліне қарай шекара барыс-келісі толығымен қалпына келеді деп болжап айтуға негіз бар.
Бесінші, Үрімжідегі өрт апаты және халық шеруін ескерген жергілікті атқарушы билік әлеуметтік теңсіздіктің орын алуына алаңдады. Әсіресе әлеуметтік теңсіздікті өршітетін ішкі-сыртқы күштердің ақпараттық шабуылына тосқауылдар қойды. Ішкі әлеуметтік түсініспеушілікті болдырмау үшін «жылымық саясат» қолдануға көшті. Бұның қатарында көші-қон саясаты да бар. Яғни, азаматтарға паспорт жасату және визаға тапсыру еркі белгілі деңгейде жеңілдейді. Бірақ шетелге қоныс аударуға ниетті азаматтар саны күрт артуына байланысты дәл қазір көші-қон мәселесі қатты талқыланып жатыр. Басшылықта жүрген кейбір үкімет кадрлары «көші-қон талаптарын қатайту» туралы ұсыныс пікірлер айтуда. Өйткені ШҰАР-дағы көші-қон «Шынжаң мәселесін» одан сайын күрделендіреді, шетелдің ақпарат­тық және мәдени ықпалы артады деген ұсыныс болжаулар айтылуда. Осы ситуациялар қазақ көші-қонына ықпал етеді. Ең қызығы Қытай билігі (оның ішінде СІМ) шетелдегі ұйымдардың ақпараттық шабуылдарын ескере отырып, кешенді қайтарма «шабуылға» өтті. Қытай СІМ-нің арнайы өкілдері «ақпараттық арандатушы, әлеуметтік теңсіздікті маздатушы» деген атпен жекелеген тұлғалардың есім-сойына дейін анық атап арнайы жауаптар беруде. Қытай билігі оның ішінде СІМ-гі өкілдерінің ақпараттық арандатуға кешенді дайындалуы, алдын ала ұйымдастырылған сценарийге қатты ұқсайды. Бұл үдеріс осылай жалғаса берсе қытайдың халықарадағы имиджі ғана емес, шетелдегі әртүрлі ұйымдардың алпауыт елдер алдындағы «сенімділігі» мәселесіне де сызат түсе бастайды.
Алтыншы, алда қытайда мемлекеттің маңызды жиналыстары күтілуде. Яғни, көктемге қарай аса маңызды жиналыс ұйымдастырылады. Сол кезге дейін және кейін ШҰАР-да кадрлық тағайындаулар жалғаса береді. Үрімжідегі жағдайдан кейін орталық билік ШҰАР-дың жауапты мекемелері және басшы кадрларына өткір сын айтқан. Қытайлық әлеуметтік желілерде ақпарат тез тарап кеткені үшін ШҰАР атқарушы билігі ақпараттық бақылауды күшейтті. Интернет бақылауы қадағаланып, «өсек-аяң» тарату шектелді. Есесіне, кейбір шектеулерге жеңілдік жасалды. Мысалы: аз ұлт басылымдары қалпына келе бастады, кітап және газет-журнал шығаруға цензура азайды, т.б. Бұл жылымық қашанға дейін өз функциясын толық орындайды, анық емес. Бірақ шектеулердің шамалы алынуы немесе аздаған жылымықтың орнауы Қазақстандық мәдени және ақпарат­тық ықпалдың ШҰАР-да қалпына келуіне мүмкіндік жаратуда. Қазірдің өзінде WeChat және TikTok әлеуметтік желісі арқылы Қазақстанның мәдени әсері біртіндеп жоғарылап келеді. Бұл ШҰАР-дағы қазақтардың ақпарат алмасу қабілетін сақтауға көмектесуде.
Жетінші, Үрімжідегі толқудан соң Шыңжаң қауіпсіздігі назарға ерекше түсті. Шекара қызметі күшейтілді, әскери қорғану қызметі арттырылды. Шекара бақылауы тікелей орталық атқарушы биліктен қадағаланып жатыр. Қытай билігі АҚШ және Батыс күштерінің Түркия арқылы орталық азия елдеріне жақындасуынан алаңдайды. 2023 жылы Иранның ШЫҰ-ға (Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы) ресми түрде мүше болуымен бірге ШЫҰ қауіпсіздік құзіретінің жоғарлауын күтуде. Иранның Қытайға қарай жақындауын пайдалана отырып, Тәжікстанда әскери база құру ісін күшейтуі мүмкін. Бұл Иранның да қолдауына ие болады. Сонымен бірге Қытайдың Орталық Азиядағы әскери база құру іс-қимылы Тәжікстан арқылы кезең-кезеңімен жүзеге асуы мүмкін. Соған байланысты Қытай орталық билігі ШҰАР тәжіктеріне және Тәжік автономиялы аудандарына айрықша назар аударуда. Иран жағы да бұл саясат­ты қолдап, ШҰАР аймағына өз мәдени экспансиясын жүргізбекші. ШҰАР-дың тәжіктен бөлек шиттер тұратын Хотан аймағына мешіт-медресе ашты. Сонымен бірге Қытай-Иран арасында білім саласы бойынша оқу алмасулары қолға алынды.
Сегізінші, қытайдың саяси технологтары Украина дағдарысынан кейінгі Ресейдің Орталық Азияға бағытталған саясатын жіті қадағалап жатыр. Сонымен бірге Ресей ықпалынан сақтанушы Орталық
Азиядағы елдердің ішкі саяси, мәдени һәм рухани интеграциясына баса мән беруде. Қытайдың сабырмен күткені Ресей ықпалынан кейінгі Орталық Азияның саяси вакуумына егелік ету. Алда-жалда ресей әлсіреген жағдайда оның аймақтардағы ықпалын ресми Пекин ұстап қалуы керек-мыс. Ресей ықпалынан алаңдаушы Орталық Азиядағы кейбір елдер Қытайды саяси теңгерімді ұстап тұрушы екінші балама күш ретінде қабылдағысы келеді. Бірақ бұған АҚШ пен кейбір Батыс елдерінің өз ұстанымдары бар. Олар бір нәрсені түсінді, яғни Қытайды теңіз аймақтарында құрсаулай беру – оның Орталық Азиядағы саяси массасының артуына әкеледі… Бұл Орталық Азия елдері мүддесі тұрғысында қалай бағалануы керек? Қауіп бе, әлде Ресейдің ықпалын азайтушы екінші параллель күш пе? Оны алдағы саяси тұжырым көрсетеді. Қазірше аймақта Ресейдің ықпал-күші әлі де басым екенін айта кеткен жөн.

Елдес ОРДА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір